Йонг Мин Чу: Қазақстан мен Корея арасындағы бизнесті қазақ тілі арқылы дамытқым келеді

11684

Оңтүстік кореялық қыз Қазақстанды неге таңдады, қазақ тілін қалай меңгерді

Бұл сауалдарға  Лев Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде докторантура (PhD)  бойынша білім алып жатқан Йонг Мин Чу Forbes.kz  тілшісіне берген сұхбатында жауап береді. 

F: Қазақстанға алғаш қашан және қалай келдіңіз?

- Қазақстанға бірінші рет 2005  жылы,  осыдан 14 жыл бұрын, алғаш Алматыға келген едім. Бұл кезде жәй Қазақстанды көру үшін келдім және тек елмен  танысып қана қомай, бір ай бойы қазақ тілін үйреніп қайтқан болатынмын.  Алайда араға екі жыл салып қазақ жеріне қайта келіп, бұл жолы Қазақ Ұлттық университетінде бір жыл бойы қазақ тілін оқыдым. Кореяда магистратураны оқып болған соң, докорлықты қорғау үшін 2015 жылы Алматыға емес, Астанаға, қазіргі Нұр-Сұлтан қаласына келіп, Еуразия Ұлттық университетіне білім алуға кірістім.

F: Кореяның қай қаласында дүниеге келдіңіз? Қайда білім алдыңыз, қандай оқу орнында оқыдыңыз?

- Мен Сеул қаласында туып өстім, Ханкук  (Hankuk University of Foreign Studies) шетел тілдер университетінде Орталық Азия кафедрасы бар, сонда қазақ немесе өзбек тілін оқуға болады. Мен қазақ тілін таңдадым және оқыдым. Жалпы университетте 3 жыл, Алматыда 1 жыл, ал магистратурада халықаралық қатынастар және аймақтану бойынша Орталық Азия туралы диссертация жаздым. Сол кезде көпұлтты Қазақстан жайында, ассамблея туралы қамтыған болатынмын. Жалпы, Кореяда Орталық Азия елдерін зерттеуге қолдау көрсететін қор бар, олар мамандарға қаржылай қолдау көрсетеді, мен солардың бағдарламасы бойынша келдім, бірақ қазақ тілін, факультетті өзім таңдадым.  

F: Неліктен қазақ тілін таңдадыңыз? Қазақстан несімен қызық болды?

- Шынымды айтсам, алғашқы кезде Қазақстан туралы білген жоқпын, тек жаңа шет тілін меңгергім келді және таңдау қазақ тіліне түсті. Себебі, бұл кезде Қазақстан Корея үшін жаңа мемлекет болатын,  алыс орналасқан, арадағы байланыс онша болған жоқ, қарым-қатынас жаңадан басталып жатты, тіл мамандары тапшы болды, сондықтан алда  жаңа мүмкіндіктерге жол ашылады деген ойда болдым. Әрине, Оңтүстік Корея АҚШ, Қытай, Жапония сынды елдермен  жақсы қатынаста, бірақ мен үшін Қазақстан ерекше болды. Жаңа тілді меңгеру арқылы жаңа байланыс жасап, жаңа достар тапқым келді. Оның үстіне Қазақстан  Орталық Азия бойынша  экономикалық көрсеткіші жағынан дамыған мемлекет ретінде белгілі. Қазақ тілін таңдаумның негізігі себебі осындай.

F: Қазақстанға келген кездегі алғашқы әсер қандай болды? Не ойладыңыз?

- Мен  бұған дейін Қазақстан жайлы интернет арқылы қараған кезде, ондағы суреттерден түрлеріміз ұқсас сияқты көрінді. Бірақ, келген кезде бәрі басқаша болды, мен көргендей, ойлағандай емес екен. Бізде жергілікті тұрғындардың  97%  кәрістер, ал қазақтар болса әртүрлі, бірінің шашы қара, енді бірінікі сары, бірінің көзі қара, енд бірінің көзі көк, адамдардың өзара сөйлесуі, тұрмысы басқаша, бұның бәрі маған өте қызық болып көрінді. Бірақ, қазір бәріне үйрендім.

F: Қазақ тілін үйрену қиын болған жоқ па? Қаншалықты қиын, үйренуге бола ма?

- Кәрістер үшін қазақ тілін үйрену  қиын емес деп ойлаймын. Өйткені, корей тілімен граматика жағынан ұқсастығы бар. Қиындық  үйрену кезінде емес, оқу материалдарының аздығына байланысты туындайды, бізде оларды табу қиын болды. Ағылшын тіліне қатысты әдістемелер интернетте толып тұр, ал қазақ тіліне қатысты материалдар бастапқыда болған жоқ. Маған  басында осы жағдай қиындық туғызды. Кореяда менің профессорым болды, ол Алматыда оқыған, сол кісі Қазақстаннан қажетті оқулықтарды жеткізіп, бізге сабақ берді және тілді сол кітаптардың көшірмесін алу арқылы үйрендім.

F: Ал енді қазақ тілі сіз үшін не береді деп ойлайсыз? Қай бағытта жұмыс істейсіз, жоспарыңыз қандай?

- Менің негізгі мақсатым қазақ тілін меңгеру  ақылы Қазақстанды тану және таныстыру. Өйткені, бұл мемлекетпен жұмыс істеуге ниетті кореялық бизнесмендер Қазақстан туралы көп біле бермейді. Ал бұның бәрі іскерлік салада кері нәтиже беріп жатады, яғни, бір елді білмей жатып келудің салдары уақыт алады,  қаржылай шығынға батырады. Сондықтан, екі жақ бірін-бірі жақсы білуі тиіс, тараптар үшін пайда болу үшін екі жақ бірін-бірі терең әрі жан-жақты тануы тиіс. Қазақстан азаматтарының көбі Корея туралы жақсы біледі, жақсы ақпараттанған, жоқ дегенде кино мен сериалдар арқылы елдің мәдениетін, тұрмысын  біледі, ал кореялықтарды көбі қазақ жері туралы нақты білмейді. Менің басты мақсатым-оларға Қазақстан туралы тиімді әрі қажетті ақпаратты дұрыс жеткізу болып табылады. Әрине, Кореяда орыс тілін білетіндер көп, сіздерде де солай, бірақ Қазақстанда кейінгі кездері мемлекеттік тілді меңгеріп жатқандар көп. Бастысы тілдің  қолдану аясы кеңейіп жатыр және оның болашағы зор. Қазақ тілін таңдауымның басты себебі осы.

F: Ал арадағы шоу-бизнес туралы не ойласыз? Қазақстанда кімдерді тыңдайсыз?

- Ең алдымен Димашты атап өтуге болады. Менің ойымша оны Кореяға кеңінен таныстырса және ол кәрістерге өте ұнайды деп ойлаймын. Әрине, басқа да әншілерді тыңдаймын, олардың ішінде Қайрат Нұрас, «91» тобы, Роза Рымбаева, оның ұлы Әли Оқаповты жақсы білемін. Сонымен қатар, Қазақстан көпұлтты мемлекет, ал кейінгі жылдары Кореяға келіп жатқан шетелдіктер көп. Мысалы, жергілікті теларна олардың басын қосып, әр елден келгендерді жинау арқылы Корея туралы дисскуссия құрады, олардың мемлекетке деген көзқарасын, пікірін біледі. Корея несімен қызықты, несімен ұнайды, қандай проблемалар бар, қалай шешу керек деген мәселелерді  көтереді. Меніңше, Қазақстанда осындай жоба жасаса керемет болар еді, себебі бұл келушілер санын арттырады, туризмді, бизнесті, шоу-бизнесті дамытуға ықпал етеді. Себебі, қазір көбі кітап, газет оқымайды. Сондықтан атақты әншілерді, олар арқылы туристік нысандадры  таныстырудың нәтижесінде арадағы байланысты нығайтуға болады деген ойдамын.

F: Ал Қазақстан  атын әлемге танытқан  Димаш туралы не ойлайсыз?

- Шынымды айтсам, мен Димашты атақты болмай жатып тыңдағанмын және білетін едім. Оның дауысы ерекше, Қазақстан ішінде ғана емес, күллі  әлем алдында мақтануға лайықты әнші.     

F: Жақында Қазақстанға Корея президенті ресми сапармен  келген еді. Екі ел президенті  «Самал жел» аталатын жаңа экономикалық ынтымақтастық келісімдеріне қол қойды. Сіз бұл байланыстан не күтесіз?

- Меніңше екі жақты байланысты нығайтуға мүмкіндік мол деп ойлаймын. Әрине, арадағы байланыс бір кездері  жоғары деңгейде болды, кейбір салаларда нәтижесіз болып жатты. Бірақ, бұл өтпелі кезең болатын және бәрі артта қалды. Қазір Корея Орталық Азия елдері ішінде  Өзбекстанмен жақсы  байланыс орнатқан, сол сияқты Қазақстан арасындағы байланыс жаңа деңгейге көтеріледі деген ойдамын. Қазірде екі елдің ынтымақтастығын одан сайын арттыруға еш кедергі жоқ, оның үстіне тарихи тұрғыдан алғанда екі мемлекеттің арасында алауыздық болған емес, менталитет жағынан жақын, сондықтан барлық бағытта бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік бар.

F: Қазақстан қоғамында, өмірінде, тұрмысында қандай ерекшеліктерді айрықша атап өтер едіңіз?

- Біріншіден,  елдің жері кең, даласы байтақ. Аспаны әрдайым ашық әрі әдемі. Сосын, қаланың айналасында әдемі де көрікті жерлер өте көп. Мысалы, Алматыда биік таулар бар, Қазақстанға келген кәрістер ең алдымен соған таңқалады. Екіншіден, тағамдары дәмді, оның ішінде бесбармақ, бұл тамақ  кәрістерге өте ұнайды және таңқалады деп ойлаймын, себебі дәмінде ұқсастық бар және еті көп. Үшіншіден, қазақ халқы өте қонақжай, әрине, кәрістер де ашық, қонақ көп күтеді,  бірақ қазақтардың қонақжайлылығы ерекше. Адамдардың жан дүниесі өзгеше, адамдармен жақсы әрі жақын араласады. Төртіншіден, мен оқу саласында болғандықтан студенттердің ерекше талпынысын атап өткім келеді. Қазақстан жастары өте қабілетті, білімге құштар, шет тілдерін меңгеруге ынталы.  Ерекше атап өтетін қасиеттері осындай.

F: Тағамдарының дәмі ұқсас дедіңіз. Ал жалпы  Қазақстан мен Корея арасында ұқсастық бар ма?

- Әрине, бар. Қазақстан мен Корея үлкен мемлекеттердің арасында орналасқан. Екі мемлекет көпвекторлы саясатты ұстанады, бәріне жан-жақты қарайды. Адамдарының түрлері әртүрлі болғанымен, ұқсас адамдар өте көп. Меніңше, адамдардың мінезінде, табиғатында ұқсастық бар.     

F: Жуырда оқуыңыз аяқталады екен. Қайда жұмыс істейсіз, Қазақстанда ма, әлде Кореяда ма?   

- Маған Нұр-Сұлтан қаласы өте ұнайды. Қазір ең алдымен диплом алуым керек.  Сондықтан, осы жылы Қазақстанда боламын. Жақын арада Кореяға барып, күзде қайта ораламын. Содан кейінгі қадамымды жоспарлау керек. Қалай болғанда да Кореяға барсам, онда кәрістерге Қазақстанды таныстырумен, оларға қазақ тілін үйретумен, Қазақстанда жұмыс істегісі келетіндерді дайындаумен айналысамын, ал Қазақстанда қалған жағдайда,  қазақ студенттеріне Корея туралы кеңінен айтып, олардың екі ел арасында жұмыс істеуіне, оқуына, арадағы байланысты нығайтуға көмек беретін шығармын.

F: Сіз 1 мамыр қарсаңында өткен ассамблеяның сессиясында ҚР Тұңыш президенті Н. Назарбаевтың алдында сөз сөйледіңіз. Не айттыңыз, қандай әсер алдыңыз?

- Мен үшін бұл күтпеген оқиға болды. Мен Нұрсұлтан Назарбаевты сыртынан көргенмін, бірақ  кездескен жоқпын. Мен бұған дейін ассамблея туралы зерттегенімді айттым, Қазақстандағы ұлттар достығының маңыздылығы туралы жеткіздім және маған осындай мүміндік  берілгені үшін ризашылығымды білдіргім келеді.  Мен үшін бұл күн мағыналы әрі ерекше  болды.  Бұл сәтті ата-анам да көрсеттім және  олар да қатты қуанды. Әрине, олар мені алысқа, Қазақстанға жіберетін кезде қатты уайымдады. Бірақ, әкем қандай да бір салада жақсы маман болу үшін осындай процес қажет екенін айтып, маған рұқсатын берді және жіберді. 

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить