Іскер әйелдердің қайырымдылығы: кең болсаң, кем болмайсың

Қайырымдылық кез келген қоғамның және сол қоғамда өмір сүріп жатқан азаматтардың рухани кемелдігінің белгісі болып саналады. Мемлекеттен қашан қолдау болады екен деп күтпей-ақ, өздері бірігіп, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созып, жауапкершіліктің бір бөлігін өз мойындарына алатын жандар біздің елімізде де аз емес. Солардың бірі «Қазақстан іскер әйелдері» қоғамдық бірлестігінің белсенді мүшесі, кәсіпкер Фарангиз Ахметова ханымды әңгіме тартқан едік

 

Фарангиз Ахметова
Фарангиз Ахметова

F: Фарангиз, жақында сіздер, яғни іскер әйелдер тобы бірігіп, Астанада мүмкіндігі шектеулі жандарға қажетті арнайы медициналық құрал-жабдықтар табыс еттіңіздер. Мұндай қайырымдылық шараларын тұрақты түрде өткізіп тұрасыздар ма? 

- Иә, сіз айтып отырған қайырымдылық шарасы өткен айда Астана қаласындағы Балаларды оңалту ұлттық орталығында өткізілді. Оны біз, яғни «Қазақстанның іскер әйелдері» қоғамдық бірлестігінің мүшелері Қазақстандағы елшілердің жұбайларының клубымен бірлесіп ұйымдастырдық. Аталған медициналық мекемеде сал ауруы, аутизм, Даун ауруы сияқты түрлі ауыр дерттерге шалдығып, оңалту шараларынан өтіп жатқан мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған медициналық құрал-жабдықтар мен түрлі тренажерлар табыс еттік. Бұл біз үшін жауапкершілігі мол, маңызды іс болды.  

F: Бұл өзі көптен бері жоспарланған шара ма еді?

- Ол негізінен былай болды. Өткен жылдың желтоқсан айында Қазақстан Республикасында қызмет етіп жатқан елшілердің жұбайларының клубы қайырымдылық жәрмеңкесін ұйымдастырды. Ұсыныс түскен соң оған іскер әйелдер болып біз де барынша белсенді қатыстық. Яғни, өз тарапымыздан ұтыс және кіру билеттерін басып шығардық, түрлі ұтыс ойындарына 80 түрлі сыйлық әзірлеп, сыйлық сертификаттарын бердік. Сондай-ақ, жәрмеңке барысында түрлі ұлттық тамақтар дайындап, сатуға шығардық та, одан түскен қаражаттың барлығын ортақ шотқа аудардық. Шараны ұйымдастырушылардың мәліметінше, қайырымдылық жәрмеңкесінің нәтижесінде барлығы 44 млн теңгеден астам қаражат жиналды. Соның 1,5 млн. теңгесі біздің қоғамдық бірлестікке бөлініп, оған Балаларды оңалту ұлттық орталығында ем алып жатқан науқас балаларға қажетті медициналық құрал-жабдықтар сатып алуға бағыттау жөнінде шешім қабылданды.     

F: «Қазақстанның іскер әйелдері» қоғамдық бірлестігі туралы аз-кем айтып өтсеңіз. Қашан құрылды? Қандай қызметпен айналысады?

- «Қазақстанның іскер әйелдері» қоғамдық бірлестігі - коммерциялық емес, үкіметтік емес, саяси және діни емес ұйым. Оның негізгі қызметі әйелдердің іскерлік бастамаларына, мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдар тарапынан қолдау жүйесін жетілдіруге, кәсіпкер әйел азаматтардың қаржылық ресурстар мен жаңа озық технологияларға қол жеткізуіне барынша көмек көрсетуге бағытталған. Бизнесті әрі қарай дамыту үшін кәсіпкерлікпен айналысатын барлық нәзік жандылардың күшін біріктіріп, ортақ мақсатқа жұмылдыруды көздейді. Бұл қоғамдық бірлестікте мен қыздарға арналған жастар кәсіпкерлігімен айналысамын. Өздерінің істерін жаңадан бастағалы жатқан жандарға түрлі кеңестер береміз, семинарлар және көшпелі бизнес-турлар ұйымдастырып, түрлі жобаларды бірлесіп іске асырамыз.

F: Сонда сіз өзіңіз бизнестің қандай түрімен айналысасыз? Неден бастадыңыз және қандай жетістіктерге жеттіңіз?  

- Бүгінге таңда өзімнің наубайханам және мейрамханам бар. Яғни, ата-бабамның, ата-анамның бұрыннан айналысқан кәсібін жалғастырып келемін. Мемлекеттік қолдаудың арқасында наубайханамда шығарып жатқан нан өнімдерінің түрлері мен көлемін біршама ұлғайтуға қол жеткіздім. Сосын келушілерге шығыс тағамдарын ұсынатын мейрамхана аштым. Қазіргі уақытта бүкіл Астана қаласы бойынша мектептерге, балабақшаларға, қарттар үйіне, ауруханаларға, университеттерге және тағы да басқа ұйымдар мен кәсіпорындарға өнімдерімізді жеткізіп отырмыз. Болашақта кәсібіміздің көкжиегін кеңейтіп, сыртқы нарыққа, халықаралық деңгейге шығуды жоспарлап отырмыз. Қазақстан туралы және ұлттық тағамдарымыз, ең дәмді нан – бауырсақ туралы бүкіл әлем халқы білсе екен деймін. Жалпы, елімізде кәсіпкерліктің түрлі салаларында жетістікке жеткен жастар аз емес. Өйткені, жастардың кәсіпкерлігін дамыту үшін барынша қолайлы жағдайлар жасалғанын айта кеткім келеді. Соның нақты бір мысалы «Бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс істейтін кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары ашылды.           

F: Халықаралық деңгейге шықсам деп қалдыңыз. Шетелдердегі іскер әйелдер қоғамдастықтарымен байланыс орната алдыңыздар ма?

- Иә, дұрыс айтасыз, халықаралық деңгейдегі қызмет - біз үшін өте маңызды бағыт. «Қазақстанның іскер әйелдері» қоғамдық бірлестігі болып қазірдің өзінде бұл бағытта біршама жұмыстар атқарылды. Атап айтар болсам, Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Әйелдер кеңесімен байланыс орнатып, бірнеше мәрте кездесу ұйымдастырдық. Тәжірибе алмасу мақсатында біз оларға, олар бізге келіп, атқарып жатқан жұмыстарымызбен, жобаларымызбен таныстырдық. Өзара жақсы түсіністікте өткен кездесулерде екі жақты тығыз ынтымақтастық орнатуға келісіп, алдағы жоспарларымызды айқындадық.

Сонымен қатар, осы елдің Шарджа мұрагерлік институты Қазақстанда Араб мәдениеті күндерін, ал Біріккен Араб Әмірліктерінде Қазақстан мәдениеті күндерін өткізуге дайын екенін білдірді. Оған қоса, Өзбекстан, Грузия, Ресей, Қытай, Франция және АҚШ елдеріндегі әйелдердің іскерлік ұйымдармен арада байланысты жолға қойып жатырмыз. Көп ұзамай әлемдік әйелдер қоғамдастығының жоғары деңгейінде өз орнымызды иеленіп, елімізге үлкен пайда әкелеміз деп сенемін.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
7309 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:
21 ноября родились
Джамбулат Сарсенов
специальный представитель генерального секретаря Энергетической хартии
Раимбек Баталов
Собственник и председатель совета директоров Raimbek Group
Самые интересные материалы сайта у тебя на почте!
Подпишись на рассылку
Самые Интересные

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить