Шарипа Оразбаева: Әлемдік деңгейдегі продюсерлермен бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік алдым

Қазақстанда авторлық кино неге табыс әкелмейді, оған демеуші табу неге қиын

Шарипа Оразбаева
Фото: Архив пресс-службы
Шарипа Оразбаева

Бұл жайында Forbes.kz тілшісіне бірқатар халықаралық фестивальдерде үздік атанып жүрген қазақстандық режиссер Шарипа Оразбаева айтып берді және алда түсіретін жаңа фильмі мен жоспарларына қатысты сұхбат берді.

F: Шарипа, биыл «Берлинале-2018» фестиваліне қатысып қайтқан едіңіз. Еуропалық киногерлер шығармашылығыңызды жоғары бағалап, бірлесіп жұмыс істеуге қызығушылық білдіргенін де айтқан болатынсыз. Бұл бағытта бірлескен жұмыс басталды ма?

- Иә, 2018 жылы мен бірнеше кинофестивальдерде болдым, осы жылы соңғы рет Арменияның бас қаласы Ереван қаласында өткен әлемдегі атақты кинофестивальдердің бірі «Алтын абрикос» аталатын фестивальге қатысып қайттым. Онда «Сілеусін» деген киножобасымен әлемдік продюсерлермен копродакшн, яғни өзге мемлекеттермен бірлесе жұмыс істеуге мүмкіндік алдым. Оған дейін бұл киножоба «А» класындағы Берлин кинофестивалінде үздік ондыққа еніп, Франция, Германия сынды мемлекеттердің продюсерлері үлкен қызығушылық танытып, қаржылық көмек көрсетуге дайын екеніндерін айтты. Бірақ, бір айта кетері олардың талабы бойынша авторлардың белгілі мөлшерде жергілікті қаржысы болуы керек, сондықтан бұл шешімін табуы тиіс алдағы мәселе. Ал, жалпы бұған дейін бірнеше қысқаметражды фильмдер түсірдім, олардың ішінде бірнеше кинофестивальдердің жүлдегері атанғандары болды. Соның бірі «Картоп жегіштер» деп аталатын қысқаметражды фильм 2016 жылы еліміздегі Республикалық «Байқоңыр» кинофестивалінің гран при жүлдесін жеңіп алған еді. Жастарға үлкен мүмкіншіліктерге жол ашатын бұл кинофестиваль 2018 жылдың қыркүйек айында үшінші мәрте өткізілгелі отыр.

F: Берлиналеден кейін сіздің туындыларыңыз Жапонияда көрсетілді. Олардың берген бағасы қандай, қызығушылығы қандай?

 

- «Берлинале-2018» кинофестиваліне қатысу барысында Жапонияның Uno Port Art Films атты киноалаңының өкілдері маған жолығып, Орта Азия фильмдеріне, соның ішінде қазақ киносына деген үлкен қызығушылықтарын танытты. Әсіресе, олар Орталық Азиядағы әйел режиссерлерінің шығармашылығы маңызды екенін жеткізді. Өздеріңіз білесіздер, биылғы жылы Франциядағы атақты Канн фестивалі аясында 80-ге жуық әйел режиссерлер өздерінің бар екенін, кинодағы шығармашылық қолтаңбалары дамып келе жатқанын көрсетіп, шеруге шыққан болатын. Ерлер мамандығы деп саналатын режиссура саласында тайталасу әрине оңай емес, ал біздің ұлттық кино саласында әйел режиссерлері тіпті саусақпен санарлықтай. Сондықтан да Жапонияда осы Uno Port Art Films кинофестивалінде 2018 жылдың тамыз айында Токио және Окайама қаласында Қазақстан атынан менің қысқаметражды фильмдерімнің ретроспективасы, яғни көрсетілімдері өткен болатын. Көрсетілім соңынан жапондық көрермендермен скайп арқылы байланысқа шығып, олар өздерінің жылы лебіздерін білдіріп жатты.

F: Шет мемлекеттер еңбегіңізді жоғары бағалауда екен. Ал Қазақстанда авторлық киноның беталысы қандай? Қалай бағаланады?

- Қазіргі таңда қазақ киносы екі бағытта дамып жатыр десек болады. Ол жалпы көрермендерге арналған бұқаралық фильмдер және авторлық жанрда. Әрине, бұқаралық фильмдердің болғаны да дұрыс, өйткені жалпыхалық онсыз да күйбің тіршіліктен шаршап жүргенде, бас қатырып ойланатын фильмдер көргеннен комедиялық фильмдерді көргенді қалайды. Мұндай туындылармен үлкен қаржы табуға да болады, мұндай жеңіл фильмдерді түсіру үшін демеушілер табу да қиын емес. Ал енді авторлық киномен әуестенетіндер үшін жағдай басқашалау. Олар көбіне қаржыны өз қалтасынан шығарады, әдетте мұндай фильмдер табыс әкеле қоймайтындықтан демеушілер табу қиын. Авторлық кино дегеніміз не? Ол қоғамның рухани айқындаушысы, кино саласын өнер ретінде қалыптастырушы, мұнда бүкпесіз шындықты тура емес, астарлап жеткізу тәсілі бар. Режиссер өзінің шеберлігіне байланысты қандай да бір идеяны немесе философиялық ойды көрермендердің санасына, рухани жан дүниесіне, интелектуалдық дамуына ықпал етеді. Сондықтан да көптеген кинофестивальдерде «режиссерлік шешім үшін» деген арнайы жүлде бар.

F: Демек, бізде оған деген сұраныс төмен бе?

 

- Авторлық кинолар өз бағын тек шет елдік кинофестивальдерде сынайды. Мен айтар едім, біздің еліміздегі авторлық фильмдер түсіріп жүрген режиссерлер әлемдік олимпиадаға қатысатын спортшылар сынды, оларда әлемдік кинофестивальдерде орын алып үздік танылып, Қазақстан мемлекетінің атын шығарып туын желбіретіп жатады. Алайда ең өкініштісі елімізде кино жасаушылардан гөрі спортшылар көбірек бағаланатын сияқты. Оларға барлық жағдай жасалады, жеңіске жетсе, үй беріп, қомақты қаржылай сыйлық береді. Ал режиссерлер кинофестивальдерден орын алып жатса да елімізде олардың есімдері атала бермейді. Мен авторлық фильмдерге байланысты айтып отырмын.

F: Қаржылай қолдаушылар неліктен аз, кімдерге ұсыныс жасадыңыз?

- Шет елге қазақ мәдениеті өте қызық әрі оларға біздің киномыз тылсым дүние. Алайда бізде қанша жерден әлемдегі үздіктер қатарына енуіміз керек деп ұран салғанымызбен шет елге танылуға, ешқандай копродакшн жасауға ниетті емес. Әлі күнге дейін өзара алысып жүрміз. «Бұл жобаны копродакшн жасайық, міне шет ел продюсерлерін таптым, үлкен кинофестивальдерге қатысуға мүмкіндік бар» -деп еліміздегі жалғыз мемлекеттік «Қазақфильм» киностудия басшылығына апарған едім. Нәтижесі қалай болғанын айтқым келмейді, бірақ әлі де үмітімді үзгім келмейді.

F: Алдағы жоспар қандай? Жаңа кино, жаңа жоба қашан басталады, кім қолдайды?

- Ал енді алдағы жоспарыма келетін болсам, 2018 жылы алғашқы толықметражды фильм түсіруге дайындық үстіндеміз. Жаңа айтып кеткенімдей авторлық фильмге демеуші табу қиын, сондықтан да өзіміз бар қаржымызды жинақтап, тегін түсетін, түсіретін қолдаушы достарымның арқасында аз бюджетті фильм түсірсек деген ойдамыз. Бұл фильм «Немере» деп аталады. Негізі маған қырғыздардың фильмдері қатты ұнайды, өйткені олар өз дәстүрін, болмысын, қарапайым әрі шынайы көріністерін алға шығарады, сонымен қатар әрине корейдің Ким Ки Дук, түріктерде Джейлан, ирандық фильмдердің атмосферасы ұнайды. Олардың бәрі өздерінің ұлттық нақыштағы фильмдерімен ерекшеленеді. Сондықтан алдымызда әлемге дәстүрімізді шынайы көрсететін бір дүние жасасақ деген мақсаттамыз бар.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
9728 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:
15 ноября родились
Ельдос Рамазанов
член правления, заместитель председателя правления НПП РК «Атамекен»
Кусаин Омаров
генеральный директор ТОО "АСТ Аренда"
Самые интересные материалы сайта у тебя на почте!
Подпишись на рассылку
Самые Интересные

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить