Лос-Анджелесте бүркітші Айшолпан Нұрғайыпқызы туралы кітаптың тұсаукесері өтеді

16908

Әлемге әйгілі болған қазақ қызы алдағы уақытта Америкада білім алуды жоспарлап отыр

Айшолпан Нұрғайыпқызы - Моңғолияның батысындағы Баян-Өлгей аймағының, Алтынсөгц сұмынында туып өскен. 13 жасында 79 саятшы қатысқан бүркітшілер сайысында рекорд жаңартып тарихта тұңғыш рет жеңімпаз атанған ару. Ол туралы режиссер Отто Белл «The Eagle Huntress» атты фильм түсірген. Фильм әлемнің 30 мемлекетінде, оның ішінде  Лондон, Нью-Иорк, Дубай, Токио, Сидней қалаларда көрсетілді. «The Eagle Huntress» фильмі 2015 жылы «Оскар» сыйлығының шорт листіне дейін жетті. Ал, 2017 жылы Айшолпан  Нью-Йорк қаласында «Asia Game Changer» сыйлығын иеленді. Бұл сыйлық Азияның ең таңдаулы тұлғаларына табысталады. Бұған дейін, бұл марапатқа Джек Ма, Мэнни Пакяо, Дью Пател секілді жұлдыздар лайық деп танылған. Қазір бүркітші қыз білімге қарай бет бұрып, Астанадағы «Spectrum» халықаралық  мектебінде оқу үстінде. Оның болашақ жоспары қандай? Астанаға қалай келді? Бұл жайында Айшолпан Forbes.kz сайтына берген сұхбатында айтып береді.

Мектеп. Жатақхана. Кітапхана. Қазіргі өмірімнің негізгі мәні осы үш сөзбен тікелей байланысты. «Spectrum» халықаралық мектебінде талап қатал. Грант берді. Ол - үлкен жауапкершілік. Мен жалғыз емеспін. Артымнан ерген Сәйгүлік деген сіңілім де осында оқиды. Оның да жауапкершілігі менің мойнымда. Ағылшын тіліне ерекше күш салып жатырмын. Қазақша жазу, оқу оңайға түсіп жатқан жоқ. Өйткені, мен Бай-Өлкеде моңғолша білім алып едім. Сол себепті, қазір қайтадан қазақша жазуды үйреніп жүрмін. Ал, Астананың адамдары «жұмысбасты» сияқты көрінді. Асыққан адамдар. Арасында, кейбір адамдар танып суретке түсіп жатады. Өткенде бір такси жүргізушісі «Сен Айшолпансың ғой» деп тегін жеткізіп тастады. Қуанып қалады екенсің. Әзірге, Астана маған өте  ұнайды. Ал қалғанын кейін  көре жатармыз-дейді Айшолпан.

Айшолпан алдағы уақытта Америкада білім алуды жоспарап отыр. Қазір Лос-Анджелесте оған арналып жеке кітап жазылып жатыр. Ағымдағы жылы тұсауы кесілуі тиіс.

- Мені әлем жұрты «Бүркітші қыз» ретінде таныды. Енді, «білімді Айшолпан» ретінде таныса деймін. Америкада оқимын деп шештім. Дәл қай университет екенін әлі таңдамадым. Бұған дейін  Гарвард, Оксфорд университеттері грант ұсынған  болатын.  Бірақ, әлі соңғы таңдауымды жасаған жоқпын.  Ал кітаптың тұсауы осы жылдың соңында Лос-Анджелес қаласында кесіледі. Оны америкалық жазушы Лиуза  Уэлш жазып жатыр. Кітаптың атауы «The Eagle Huntress». Луиза қазіргі уақытта Малала туралы кітапты жазып, аяқтау үстінде. Осындай бір жаңалығым бар.

Айшолпанды іздеп барып, арнайы фильм түсірген шет елдік журналистердің де, онымен кездесуге барған туристердің де қарасы көп болды. Мәселен, 2018 жылы    Моңғолияға 30 астам елдің саяхатшылары барған  болса, соның 40% жуығы  Айшолпанды көру үшін аттаныпты. Ал, 2018 жылдың соңында бүркітші қызға «Qazaqstan» арнасының журналисті  Ғабит Бөкенбай арнайы барып, оның алғаш  Қазақстанға келуіне себепкер болған еді.

- Айшолпанды сыртынан білетінмін. Бірақ, оның өнеріне қатты мән бермейтінмін. Журналист болған соң тақырып іздейсің. Бірде кешкі аста  өмірлік жарым «Айшолпан деген бүркітші қыз «Азияның батыр қызы» деген атаққа ие болыпты ғой»-деді. Сол қыз туралы неге түсірмейсің деді.  Ертеңі жұмысқа келе сала ойымды айттым. Дүйсенбі болатын. Ұсынысты «Қазақстан» РТРК»  АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Қарин қолдап, сапарға шұғыл аттануымызды тапсырды . Сәрсенбі күні біз отырған ұшақ Бай-Өлкеге келіп қонды. Айшолпанның күнделікті өмірі туралы репортаж сәтті шықты. 12 минуттық материалды «Фейсбук» желісінде 1 млн.нан астам адам көрді. Бұл қазақ тілді контент үшін үлкен  көрсеткіш-дейді Ғабит.   

Айшолпан осылайша Қазақстанға алғаш келді. Астананы аралады, журналистермен кездесті.     

- Қазақстанға былтыр қыркүйек айында алғаш келдім. Әртүрлі сезім болды. Қуандым. Ал, қазір Астанада жүргенім бірінші Алланың қалауы. Екінші, Ғабит Бөкенбай деген журналист ағамның еңбегі. Ол кісі 2018 жылы хабарласып, мен туралы репортаж әзірлеу үшін Моңғолияға ұшып келетінін айтты. Оператор екеуі желтоқсанда келді. 7 күн жүріп түсірді. Кететін кезінде  «Қазақстанды көрсетем» -деген еді. Сөзінде тұрды. Демеуші тапты. Алғашында, Қазақстанды көріп, кері кету үшін келген едім. Осында келген соң «Білім инновация қоры» грант берді-дейді Айшолпан.

Бүркітші қыз 2018 жылы Моңғолия президенті Халтмаагийн Баттулганың жарлығына сай «Алтын жұлдыз»  орденімен марапатталды. Ал 2019 жылың басында президент Нұрсұлтан Назарбаевпен жүздесті. 

- «Жастар жылының» ашылуында да айттым, қазірде қайталаймын. Қазақтың Президентімен кезігу менің арманым еді. Мақтанғаным емес, осы күнге дейін әлемнің талай жұлдыздарымен кезіктім. Олармен араласып көрдім. Бірақ, Елбасының бойынан бұған дейін ешкімнен көрмеген күш-қуатты байқадым. Энергиясын сездім.  Қанша дайындалып барсам да, Президентті көрген кезде қобалжып, қанша күн дайындалған сөзімнің бәрін ұмытып қалдым. Нәтижесі қалай болғанын бүкіл Қазақстан көрді-дейді Айшолпан.

Иә, осылайша әлем мойындаған Айшолпанды Қазақстан жұрты кеңінен таныды, ал Айшолпан Қазақстанмен жақын танысты. Ал, ол үшін Астанаға келу, осында оқуға түсу күтпеген әрі айтулы оқиға болды.

Қаршадай қыздың тағдырын, ерлігін, көшпелі өркениеттің, қазақи тәрбиені көрсеткім келді. Қазақ деген «Борат» емес, салт-дәстүріне берік халық екенін дүниеге көрсете білген Айшолпанға өзім іштей риза болдым. Қазіргі адамдардың көбі батысқа көзсіз еліктейді. Ал, Айшолпан қарапайымдылығы мен қажыр-қайратының арқасында батыс елдеріне өзін мойындатты-деп түйіндеді Ғабит Бөкенбай.

Айшолпан  30-дан астам  мемлекетте болып қайтты. Әлемнің ірі қалаларының барлығын дерлік аралады. Соның ішінде өзіне Дубай қатты ұнайды екен. Ең қызығы, ол  Қазақстан азаматын алғаш сонда кездестіріпті.

Мен күні кешеге дейін қазақ деген ұлт тек Бай-Өлгейде тұрады деп ойлайтынмын.  Себебі, білмедім. Мен «Алтынсөгц» деген шағын ауылда тудым. Әке-шешем «Біз Қазақпыз» дейтін. Бай-Өлгейде бәрі қазақша сөйлейді. Моңғолдардың өзі таза қазақша сөйлейді. Ал, Қазақстан туралы ешкім ештеңе айтпаған еді. 2015 жылы Дубайда бір қазақ қызы келіп орысша сөйледі. Түрі қазақ. Бірақ, тілін түсінбедім. Кейін, ағылшынша тілдестік. Ол қыз «Қазақстанға кел» -деді. Кейін «Goоgle» арқылы  Қазақстан деген үлкен мемлекеттің бар екенін білдім. Оның әдемі Астанасы бар екенін білдім- деді бүркітші.

Айшолпан әлемнің көптеген дамыған елдеріне болды.  Бірақ, оған туған жерінің топырағы, табиғаты, кішкентайынан құс салған қиялары мен қыраттары қымбат.

Мен өзім қарапайыммын. Мыңдаған қазақ қызының бірімін. Құдай менің тағдырыма осындай танымал болуды жазған екен. Тағдырыма ризамын. Негізінен, қаладан гөрі даланы ұнатамын. Таза ауа. Биік таулар. Өр Алтайдың тап-таза бұлақтары түсіме жиі кіреді. Сағынамын. Шешемді сағынамын-дейді Айшолпан.

Бүркітші қыздың сіңілісі қасында болғанымен, ата-анасы Моңғолияда қалды. Ал, олардың әзірге Қазақстанға көшу туралы жоспарлары жоқ екен.

Әкемнің аты- Нұрғайып. Атам- Рыс деген кісі еді. Жеті атамнан бері бүркітшіміз. Анамның есімі -Алмагүл. Қарапайым адамдар. Көшіп-қонып жүреді. Ағам бар. Есімі – Самарқан. Үйленген. Таңшолпан есімді сүйкімді қызы бар. Сіңілім – Сәйгүлік. Осында оқитынын жоғарыда айтттым, ал інім – Дінислам, мектеп оқушысы. Ата жолымен көшпенді өмір сүреміз.

Ата-анам да, мен де Моңғолияның азаматымыз. Атамекеніміз - Қазақстан. Ал, туған жеріміз - Моңғолия. Әзірге, «қызыл» паспортты «көк» паспортқа ауыстыру  ойымызда жоқ. Сапалы білім алу үшін  осында келдік. Ертең, қалай болатынын әзірге айта алмаймын-деп қорытындылады Айшолпан.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить