Динара Садуақасова: Шаxмат - бұл өмірдің шағын моделі болып табылады

10195

Халықаралық гроссмейстер, әлемнің төрт дүркін чемпионы Астана мен Атырауда шахмат Академиясын ашуда

Бұл жайында қазақтан шыққан әлемдік деңгейдегі шахмат шебері Динара Садуақасова Forbes.kz тілшісіне берген сұхбатында кеңінен айтып береді.

F: Динара, жуырда қазақ тіліндегі «Шахмат ойнап үйренейік» атты кітабың жарық көрді. Бұл еңбекті жариялаудағы мақсат қандай?

-Бұл менің алғашқы кітабым емес. 2014 жылы мен шаxмат ойындарымен жаңа ғана танысқандарға арналған, өзімнің ойындарыма негізделген кітабымды жарыққа шығардым. Оқулық орыс тілінде жарық көрді. Бұл жолы мен «бос орынды» толтыру керек екенін түсіндім, себебі қазақ тілінде іс жүзінде шахмат әдебиеті жоқтың қасы. Ал гроссмейстердің өз ойынына негізделіп жазылған оқу- әдістемелік құралдар мүлдем жоқ.

F: Қазақстанда бұндай оқу әдістемелік құрал жоқ екен. Оның ерекшелігі неде? Жалпы бұл еңбек негізінен кімдерге арналған?

-Кітаптың ерекшелігі - ол жаңадан бастаушылар мен кәсіби шахматшыларға, жаттықтырушылар мен мұғалімдерге, тіпті ата-аналарға да арналған. Мұнда мен шахматтың негізін тереңірек қарастырдым. Қосымша бөлімдерді, жаңа ойындарды қостым. Соның ішінде халықаралық жарыстардан, әлем чемпионатындағы ойындар. Сондықтан да, бұл кітап жаңа бастағандарға ғана емес, сонымен қатар шахматты үйреніп жүргендерге де пайдалы болады деп ойлаймын. Қазақ тіліндегі кітапты басып шығару қиындығы - қазақ тіліндегі әдебиет пен терминологияның жоқтығында. Сондықтан кітапты жазған кезде мен терминдердің қазақ тіліне қалай аудара алатынымды ойластырып, филологтардың көмегіне жүгіндім.

F: Шахмат та бизнес сияқты, бұл жерде де тынымсыз күрес керек деген екенсің. Демек, бұл ойынды шебер меңгерген адам кәсіпте де жан-жақты қалыптасып, табысқа жете алады ма?  

-Біріншіден, ойыншының кім болатынына мен кепілдік бере алмаймын. Бірақ шахмат бәріне де көмектесетіні сөзсіз. Шаxмат логикамен қатар мен ойлау қабілетін дамытады, талдау мен зерттеу дағдыларын үйретеді және өмірде пайда болған жағдайларды дұрыс шешуге көмектеседі. Бірнеше рет айтқанымдай, менің ойымша, шаxмат - бұл өмірдің шағын моделі болып табылады.

F: Астана мен Атырауда шахмат академиясын  ашуды жоспарлап отыр екенсің. Саған кімдер қолдау көрсетуде, демеушілер бар ма? Ондағы оқыту ақысы, әдістемесі  қандай болады?

-Астанада біз академияны несие алу арқылы өз күшімізбен ашудамыз, яғни 2018 жылдың 22 желтоқсанында ресми ашылады. Атырауда да солай. Қазір онда жөндеу жұмыстарын аяқтап жатырмыз, ал ашылуы алдағы жылдың қаңтарына жоспарануда. Бізде барлық жастағы адамдарға есік ашық. Балалар немесе ардагерлер болсын, жастар немесе ересектер болсын, бұл маңызды емес. Біздің ұранымыз: «Шахмат - бүкіл адамдар үшін, шаxмат - шектеусіз». Біздің академияда аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға,  сонымен қатар ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған арнайы топтар бар. Әсіресе, Атыраудағы академия үшін арнайы тәжірибелі жаттықтырушыны, гроссмейстерді шақырамыз. Ол Атыраудың балаларына өз әлеуетін ашуға көмектесетініне сенеміз.

F: Дүниежүзілік бәсекелерде талай  жеңімпаз атандың. Жалпы қанша елде болдың,  ең есте қалған қиын да күрделі ойын қай елде және қандай қарсыласпен болды? Әлде шахматта оңай ойын болмай ма?

-Нақты елдердің санын айта алмаймын. Қателеспесем, 50 елден асып кетті.

Кез келген елдегі әрбір турнирдің өзіндік ерекшелігі мен қызығы бар.

Бірақ, 20 жасқа дейінгі Әлем Чемпионатын ерекше атап өткім келеді. Бұл турнир 2016 жылы Үндістандағы Бхубанешвар қаласында өтті. Турнирдің айрықша ерекшелігі, ол 13 турдан тұрды, яғни бұл іс жүзінде ең ұзақ турнирлердің бірі. Ондай турнир әлі болған емес. Сонымен бірге, Үндістанның климаты мен тағамдары біртүрлі болғандықтан, оларға бейімделу қиынға соқты. Сол мекендегі шахматшылардың ерекшелігі - олар өте мықты ойнағанымен, рейтингтері төмен. Өз кестелерінде көрсетілетін рейтингісінен әлдеқайда күшті ойнайды. Сондықтан да Үндістаннан келген қарсыластармен кездесу кезінде бұны ескеріп, білу керек. Үндістаннан кейін барлық жарыстар 11 турдан тұратын болды. Жеңіл турнирлер болмайды. Егер сіз өзіңізге сенімді, ойынға дайын болсаңыз, кез-келген турнир қуаныш әкеледі.

F: Жалпы әлемдік қоғамдастықтың  Қазақстан шахматының дамуына  беретін бағасы қандай?  

-2007 жылы 12 жасқа дейінгі әлем чемпионатында күміс алғанда, барлығы таңқалды. Өйткені Қазақстаннан келген қыздың кенеттен екінші орынның тұғырына көтерілуі күтпеген жаңалық болды. Сол кезде 13 жылдан бері бірде-бір қазақстандық шахматшы әлем чемпионатында жүлделі орынды жеңе алмады. Өзімді мақтағаным емес, бірақ менің жүлдем барша ойыншыларға үлкен күш берді деп ойлаймын. Және біздің балаларымызға жүлделі ойындарға ие бола алатынымызды көрсетті. Сондай-ақ әлемдік қоғамдастық бұл мәселені ескере бастады. Осы медальдан кейін, балалардың нәтижесі әлемдік саxнада әлдеқайда жақсарды. Мысалы, 2012 жылы Олимпиадада біз 12-орынды алсақ, 2014 жылы біз 6-шы орынға ие болдық. Қазіргі таңда біздің әйелдер құрамасы шахмат олимпиадасындағы 135 команданың арасында өзінің лайықты орнына ие. Бұның өзі шахматшылардың дамуының белгісі. Құрамамызды қауіпті команда ретінде қабылдап, бізбен санаса бастады. Әрине, біз ғана емес, ерлер командасы да жақсы нәтижелерге қол жеткізуде. Олар блиц-бақылауларда, жылдам шахматта көптеген медальдарға ие болды. Қазір тіпті балаларымыздың арасында да өз чемпиондарымыз бар.

F: ЮНИСЕФ Елшісі атағына лайық болғаныңды білеміз. Ұйымдағы негізгі миссияң қандай, қандай шаралар қолға алынды?

-ЮНИСЕФ-тің Адал ниетті елшісі ретінде мен еліміздегі балалардың құқықтарын қорғауға тырысудамын. Бұл өте құрметті, жауапты қызмет және бізде шынымен де шешуді қажет ететін көптеген мәселелер бар екенін түсінемін. Мен өзімнің жариялығымның көмегімен осы мәселелерге қоғамның назарын аудара аламын деп үміттенемін. Ең бастысы, балаларға Адал ниетті елші ретінде ғана емес, өз мәселелерімен бөлісе алатын дос болғым келеді. Бұл менің мақсатым. ЮНИСЕФ-пен бірге мен балаларымыздың игілігі үшін одан да жақсы істер жасаймыз деп үміттенемін.

F: Қазір өзңнің ізіңмен келе жатқан ойыншылар бар ма? Болашағынан зор үміт күттіретін балалар бар ма? Олар кімдер?

-Мен барлық балаларға тең қараймын, олардың арасында бір баланы ерекшелеп, бөліп қарағым келмейді. Әрбір бала дарынды. Ал жаттықтырушылар мен ата-аналар осы дарынды дамыту керек. Баланың өзіне сеніп, үлкен биіктерге жетуге көмектесу қажет. Осы мәселелермен біз академиямызда жұмыс істейміз. Және бүгінгі күні өз жеңімпаздарымызды тәрбиелеп үлгердік. Болашақта біздің Академиямыздан шыққан Әлем Чемпиондары болады деп үміттенеміз.

F: Кітапқа қайта оралсақ. Жалпы бұл әдістемеге ұқсас еңбек бізде болмағанын айттың. Ал өзің қалай үйрендің, қандай әдістеме арқылы?

-Менің кезімде қарапайым тілде жазылған шахмат оқулықтары сирек кездесетін. Кішкентай кезімде кешке үйде оқыған Журавлевтің «Шаг за шагом» атты кітабы есімде. Бұл кітаптың мазмұнын түсіну мен сияқты 5-6 жастағы балаларға шынында да қиын болды. Сондықтан, мен өз кітабымды өте қарапайым тілде жаздым. Ол барлық адамдар үшін қолжетімді әрі түсінікті. Шахматпен мүлдем таныс емес ата-аналардың өзі балаларымен шахмат негіздерін оңай меңгеруі мүмкін.

F: Алдағы жоспар қандай? Қазақ елі Динарадан тағы қандай жеңістер, жетістіктер, жаңалықтар күтеді?

-Мен бұл жайында кітаптың тұсаукесерінде айтқан болатынмын. Біз 2019 жылдың қаңтар айында академияның Атыраудағы филиалын ашамыз. Ал жеке өзім туралы айтатын болсам, жақын арада жақсы жаңалықтар болады. Күтіңіздер! 2019 жылдың басында сіздерді ерекше қуантамын деп ойлаймын.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить