Қазақстандық Галина Алимова Оңтүстік Кореяда қалай өз бизнесін ашты

Кәсіпкердің косметикаларына деген сұраныс қандай

Галина Алимова
Галина Алимова

Бұл жайында Forbes.kz тілшісіне Кореядағы «Ана Глобал» компаниясының және «Айналайын» брендінің негізін қалаған Галина Алимова айтып берді.

F: Сіз Қазақстанның қай жерінде туып өстіңіз? Қай өңірден қанат қақтыңыз?

 

- Менің туған жерім Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы, Мерген ауылы болып табылады. Сол ауылда 11 сыныпты тәмамдадым, оқу кезінде білімге, түрлі өнерге құштар болып, бертінде жоғарғы білім алу үшін Алматыға аттандым. Қазақ Ұлттық техникалық университетіне түстім, «программист» мамандыңын меңгердім. Ал, диплом алғаннан кейін Алматыдағы корей компанияларының біріне жұмысқа тұрдым және бір күні оның президенті маған тіл үйрену туралы ұсыныс жасап, көп ұзамай Сеулге аттанып, шет тілдері институтында білім алуға кірістім.

F:  Сеулге алғаш қай кезде бардыңыз? Оқудан кейін немен айналыстыңыз?

- Кореяда тұрып жатқаныма жалпы 20 жыл болды. Алғаш 1999 жылы келіп, білім алып, бірқатар бизнес түрімен айналысқан болатынмын. Алғашында Ресейге ауыр техникаларды, оның ішінде трактор, эксковатор жөнелтіп отырдық, Владивостокқа түрлі көлік түрлерін жібердік. Осылай бизнес саласында жүрге кезде Кореядағы кіші және орта бизнесті басқаратын корпорацияның ТМД елдері бойынша бас директоры болып тағайындалдым. Қарамағымда косметикамен айналысатын бірқатар компаниялар болды, экспортпен айланысатын басқа компаниялар да болды. Бірақ, солардың ішінде маған көңіліме ерекше жақын болғаны косметика бизнесі болды.

F: Кәсіп ашу қиын болған жоқ па? Қазіргі сұраныс қандай? Бренд қалай қалыптасты?

- Косметика бизнесін ашу қиын болмады. Егер жұмысыңды халық үшін істесең қолдайды. Мені үйреткен ұстазым И Сан Хо мырза болатын, қазір ол менімен бірге іс атқарып келе жатыр. «Айналайын» эссенциясына сұраныс көп көп. Өйткені құрамында «24К» аталатын алтын бар. Алтынды барлық ел, жалпы халық жақсы көреді. «Айналайын» атауын өзім қойдым. Себебі, алыста жүрсем де «айналайын» деп еркелеткен халқымның ыстық сөзі құлақтан кеткен емес. Ал компаниямнын атын ақжаулықты асыл жандарға, түн үйқысын төрт бөліп, әрдайым ақылын айтып, батасын берген аналарға арнап «Ана Глобал» деп атадым. Зауытта көптеген косметика түрлерін шығарамыз. Олардың ішінде крем, эссенция, көз әжімдеріне арналған кремдер, шампуньдар, маскалар бар. Әр адам әр қалай бағалап алып жатыр. Өзіне ұнаған косметикаларды өте жақсы деп алып жатқан жандар көп. Айта кетері, кәсіпорында біз тек өз косметикаларымызды ғана шығармаймыз. Қазірде OEM/ODM жүйесі бойынша тапсырыс қабылдаймыз. Өз компаниясының атымен, әлде өз брендімен шығарғысы келген кәсіпкерлерге өнім дайындап береміз. Ал онда шығарушы ретінде біздің компания жазылады. Бір дегенде 20 000-30 000 мың данаға дейін жететін косметика түрлеріне тапсырыс қабылдаймыз. Шығаратын косметикалардың толық түсініктемесін анықтап болған соң, И Сан Хо мырза дизайн жағына кіріседі, қорап, флакондар дизайны толық дайын болған соң, бірден іске кірісеміз.

И Сан Хо
И Сан Хо

F: Кореядағы косметика бизнесінде бәсеке күшті. Ал оларға төтеп беру, танымал болу қалай мүмкін болды?

- Менің шығарып жатқан косметикаларым жоғары нарыққа бағытталған. Өйткені, жақсы білесіз, корей халқы көптеген косметика түрлерін шығарады, елде көптеген компаниялар бар. Ал олардың ішінде өз өнімімді кеңінен таныту үшін жоғарыда айтқандай, олардың құрамының жоғары болуын қаладым. Ал құрамы жоғары әрі қымбат болған сайын кремдер мен маскалардың адамдарға әсері мен пайдасы ерекше болады. Сәйкесінше, бағалары да жоғары.

F: Ал бағалары қандай?

- Косметикалардың бағалары құрамындағы қоспаларға байланысты. Мен тек жақсы қоспаларды ғана қолданамын. Бағалары әрқалай, оны толық жаза алмаймын.

F: Командаңызда кімдер бар, ұжымыңыз кімдерден құралған?

- Қазір осыншама адам жұмыс істейді деп айта алмаймын. Себебі, бұл жерде көптеген азаматтармен, оның ішінде лаборанттар, дизайнерлер, флакон жасаушылар, қорап жасайтын компаниялармен бірлесіп жұмыс істеймін. Сонымен қатар, тек Кореяда емес, Қытайда косметика қораптарын шығаратын шағын зауытым бар. Серіктестерімнің бәрімен жұмыс жақсы жолға қойылған, егер адам жетпесе қосымша жалдайтын кездерім болады.

F: Қазақстанда кәсіп ашу ойда бар ма?

- Иә, Қазақстанда бизнес ашу менің көптен бері келе жатқан арманым. Осында келген сәттен бастап бұл сұрақ көкейден кеткен емес. Білім алып жүргенде көптеген зауыттарды, киім фабрикаларын, ауыр химия өнеркәсібінде, алюминий зауытында, фломастерлер, түрлі қаламдардың өндірісінде, пластика, медициналық қондырғыларды, косметиканы шығаратын кәсіпорындарды, зертханаларды аралап көрдім, басшыларымен, профессорлармен кездестім. Бұл ең алдымен мен үшін де үлкен тәжірибе болды. Болашақта Қазақстанмен бизнес байланыс орнатамын деген ойдамын.

F: Кореяда кәсіпкерлерге қаншалықты жағдай жасалған?

- Бәрі өзіңе байланысты. Бәрі ақылмен, есеппен, бастысы еңбекпен келеді. Маған ешкім көмек, қолдау жасаған жоқ. Құжаттарды рәсімдеумен, толтырумен өзін айналыстым, өзім жүгірдім, түсінбегенімді сұрадым, жергілікті органдар бар кеңестерін берді. Бәрі заңмен реттеледі, әрбір өнімді заңға сай тіркеп отыру керек.

F: Тек косметикамен ған айналысасыз ба? Қосымша кәсбіңіз бар ма?

- Мен бұдан бөлек басқа салаларға араласып жүрмін. Оның бірі- медицина. Елде зоб, асқазан, рак аурулары белең алып отырғанын білемін және осы ауруларды алдын алу үшін, отанға көмегімді тигізу үшін, қоладу жасау үшін осы жердегі көптеген профессорлармен сөйлесіп, оларды Қазақстанға апарғым келеді. Бұл менің ең маңызды әрі бірінші орында тұрған істерімнің бірі.

Сонымен қатар, тіл мәселесімен айналысамын, қытай, корей тілдерін үйрететін бағдарламаларды қолға алдым.

F: Табысыңыз қаншалықты артты? Көңілге қонымды ма?

 -Табысым көңілге толады. Әзірге кішкене зауыт болғанымен халық әрбір косметиканы ризашылықпен алуда.

F: Алдағы жоспарыңыз қандай?

- Ендігі мақсат- Қазақ еліне қолдау жасау. «Жаманнан жирен, жақсыдан үйрен» дегендей, менің жанымда жақсы адамдар жиналғанына көзім жетті. Солардың бірі- И Сан Хо мырза, өз тәжірибесін өзгелермен бөлісіп, бірлесе отырып әрдайым алға ұмтылатын жан. Ол Оңтүстік Корея еліндегі атақты компаниялармен бірге белсене жұмыс істейді. Ендігі жерде Казақстанға қолымнан келгенше көмек берсем деген ниеті бар. Медицина саласында өз білімін қазақ халқына үйретсем, көрсетсем деген Ким Джон Мин деген профессор, хирург бар. Ол бұған дейін Оралға барып, зоб ауруына шалдыққан 4-5 адамға тегін ота жасады. Тағы да осындай жақсы істердің басында болғым келеді, солармен бірлесіп, алдағы уақытта өз еліме қызмет етсем деймін.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
7767 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:
Загрузка...
23 июля родились
Сержан Жумашов
совладелец Capital Partners
Самые Интересные

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить