Түркияның баспана нарығы: қазақстандық инвесторлар үлесі аз емес

70283

Соңғы жылдары Қазақстаннан Түркияға қоныс аударушылар қатары ұлғая түскен

Түркияның жылжымайтын нарығы қазақстандықтар үшін несімен тартымды? Отандастарымыз қай өңірде тұрақтап, қай салада қызмет етуде? Анталия–Сиде–Эгирдир–Испарта бағытындағы сапар барысында осы және өзге де сұрақтарға жауап іздедік.

Анталья қаласында тұрып жатқан жерлесіміз Салтанат Асанның айтуынша, соңғы жылдары бұл аймаққа деген қазақстандықтардың қызығушылығы арта түскен.

Салтанат Асан
 
Салтанат Асан

«Мен Ақтөбеде туып-өстім. Елде жүргенде әлеуметтік іс-шараларға белсене араластым. Өзімнің бизнесім де болды. 2021 жылдың тамызында Түркияға, оның ішінде Анталия қаласына қоныс аудардым. Оның бір себебі – климаты қолайлы әрі түріктер біз үшін бауырлас халық. Тіліміз, дініміз, мәдениетіміз бір. Түркияның білім беру жүйесі бұрыннан қызықтыратын, лицейлері ұнайтын, олардың тәлім-тәрбиесі көңілге қонымды. Оқу бағдарламасы мүлде басқа. Қазір балам осында білім алады, онымен бірге тағы бес қазақ баласы оқиды. Одан бөлек Сирия, Иран, Ирактың оқушылары бар», - деп әңгімелейді Салтанат Асан.

Анталияның жылжымайтын мүлік нарығындағы сұраныс соңғы бірнеше жылда күрт өскен. Пәтер сатып алуда, әсіресе, Германия азаматтары белсенді, дейді жергілікті тұрғындар. Еуропаның өзге елдері мен ТМД аумағынан көшіп келіп жатқандар да бар. Анталияның баспана нарығына қызығушылық танытып, инвестиция салған қазақстандықтар да аз емес.

«Үйдің бағасы да, жалға беру құны да бұған дейін қолжетімді болатын. Байқаймын, Ресей мен Украина арасынағы қақтығыс аясында Түркияға келушілер көбейе түсті. Соңғы бір айда баға күрт өзгерді. Ал азық-түлік, көкөніс бағалары әзірше бір қалыпта. Өзім PR, СММ саласын меңгергенмін. Қазір бар жұмысты онлайн істеймін... Түркияда медицина саласы жақсы дамыған. Бұрындары АҚШ, Израиль елдерін жағалап кететін жерлестеріміз бүгінде күрделі операциялардың көбін осында жасатады. Сол сияқты, «Болашақ» бағдарламасымен шет елдерде оқитын қазақстандық студентердің біразы қазір Ыстамбұл, Анталия қалаларында білім алуда. Өзім, әрине, Қазақстан азаматымын, азаматтығымнан бас тартпаймын. Мақсатым – біраз тәжірибе жинақтап, оны келешекте ел ішінде қолдану», - дейді Салтанат Асан.

Зәуреш Тұран
 
Зәуреш Тұран

Тағы бір жерлесіміз Зәуреш Тұран төрт жылдан бері Аланияда тұрады. Бір жарым жыл бұрын жылжымайтын мүлік нарығына маманданған «Тұран инвест» компаниясын ашып, осында қазір пәтер сатумен айналысады.

«Меніңше, қазақстандықтарды Алания нарығы қатты қызықтырады. Себебі, табиғаты қолайлы, өмір сапасы жоғары. Мұнда көшіп келгендердің біразы жылжымайтын мүлік сатумен айналысып жүр. Мейрамхана бизнесінде, туризм саласында қазақстандықтар көп», - дейді ол.

Зәуреш Тұранның айтуынша, Аланияда жалға берілетін пәтер құны баспананың жағдайына ғана емес, инфрақұрылымға да байланысты. Бассейні, спорт залы, spa-аймағы болса баға өсе береді:

«Пәтерді жалға берудің бір күндік бағасы 30–100 еуро төңірегінде. Ал айына 200–600 еуроға дейін барады. Пәтер бағасы шаршы метрге емес, үйдің орналасқан жеріне қарай қалыптасады. Теңізге жақындаған сайын баға өсуі мүмкін. Қабаты да ескеріледі – төменгі қабаттар арзандау. Мысалы, бірінші қабаттағы 50 шаршы метр болатын пәтер 50 мың еуро болса, оныншы қабатағысы 75 мыңға жетуі мүмкін. Жағаға жақындары 200 мыңға дейін жетеді».

Кезінде Қазақстанда жұмыс істеген, қазір Түркиядағы жылжымайтын мүлікті бағалау және инвестициялар жөніндегі маман Ахмет Илкая, 2019 жылы Анталияға «25 695 шетелдік азамат көшіп келді» деп отыр. Бұл көрсеткіш жыл санап өсіп келеді екен. Оның үстіне 2 миллионнан астам тұрғыны бар қала халқының саны демалыс маусымында екі есеге артады.

Ахмет Илкая
 
Ахмет Илкая

«Көбі бұл қаланы демалыс үшін таңдайды, өз резиденцияларына келеді. Анталиядан баспана сатып алғысы келетіндер көп, өйткені ол еліміздің оңтүстігінде және Жерорта теңізінің жағасында орналасқан туристік шаһар. Үй сатылымында тұрақты өсу байқалады, себебі қала әр жаз сайын миллиондаған туристерді қабылдайды әрі шетелдік сатып алушылар мен инвесторлардың орталығы болып табылады. Анталия теңізімен ғана емес, тарихи ғимараттарымен де тартымды. Ең көп инвестиция салынатын аудандардың ішінде 10 негізгі аймақ бар. Мысалы, Ширинялы-Фенер ауданы. Бұл қала бойынша ең танымал, ең қымбат аумақ. Лара-Гузелоба, Коньяалты, Кирками, Хұрма, Мейдан Каваги, Кунду-Кемерагзи, Ешилбайыр, Еникей, Дуаджи, Небилер сынды аудандарға да сұраныс басым», - деп әңгімелейді Ахмет Илкая.

Алматыда он жылдай тұрғын кәсіпкер, кейін Түркияға көшіп, соңғы үш жылда жылжымайтын мүлік нарығымен айналысады.

«Алматыда туризм бойынша кеңес беретін өз компаниям болды. Қазір Анталияда кеңсем бар. Қазақстандық бауырларға мұнда да қолымыздан келгенше көмек көрсетіп, кеңес берудеміз. Қазір жерге, жылжымайтын мүлікке инвестиция салатын қазақ азаматтары аз емес. Негізі, Анталья әлемдегі ең қауіпсіз қаланың бірі. Сондықтан, ішкі мигранттар да, шетелден келушілер де осы қалада қоныстанғанды қалайды», - дейді кәсіпкер.

Ашық көздердегі деректерге жүгінсек, 2021 жылы пандемияға қатысты шектеулер біртіндеп алына бастағанда Түркияға ат басын тіреген туристер саны 30 миллионнан сәл асқан, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 42% төмен, бірақ 2020 жылмен салыстырғанда екі есе жоғары көрсеткіш. Еліміздегі ресми ақпараттар бойынша, 2021 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстаннан Түркияға демалуға барған туристер саны 41 мыңның үстіне шыққан.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить