Kids Go Free ішкі туризмді дамытуға қалай үлес қоспақ?

77477

Биылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда 2–17 жасқа дейінгі балалар ұшақпен тегін ұша алады, бірақ ол үшін ішкі туризмге негізделген лицензиясы бар туроператордан саяхатқа жолдама сатып алу керек

ФОТО: pixabay.com/vincentvan

Kids Go Free – Қазақстанда отбасылық туризмді дамытуға арналған бағдарлама. Ол ел ішінде саяхаттайтын балалардың әуе билетін тегін алуға мүмкіндік береді. Мұндай мүмкіндікті қолдану үшін ішкі туристерге арнайы талап қойылған: еліміздің қай өңіріне саяхаттаса да, отандық туристік оператордан турпакет сатып алуы керек. Осы арада туындайтын басты сауал – турпакет құрамы қандай болуы керек және оны кім жасақтайды?

Limon.kz туристік компаниясының директоры Алмас Маратұлының айтуынша, туристерге арналған толық пакет құрамын туроператорлар өздері бекітеді: «Туристік пакетке трансфер, өзге қалаға барып-келудің жол ақысы, қонақ үй шығыны, туристік маршруттар және сақтандыру жарнасы кіреді. Ал Kids Go Free бағдарламасы бойынша турпакетке енгізілетін басты қызметтер: авиабилет құны мен қонақ үй шығыны. Туристік маршрутты туроператор саяхатқа шыққан туристің сұранысы бойынша жасақтайды. Себебі туристің қаражатына қарай, пакет құрамынан алып тастайтын қызметтер де болады».

Жоғарыда айтып өткеніміздей, Kids Go Free мүмкіндігін тек 2–17 жас аралығындағы Қазақстан азаматтары қолдана алады. Ұлттық статистика бюросы мәліметтеріне жүгінсек, бүгінде еліміздегі 0-17 жастағы кәмелетке толмағандар саны 6 миллионнан асады. Ресми ақпаратта айтылғандай, жаңа бағдарлама аясында саяхаттайтын ересек адам мен балалар санына шектеу жоқ. Әрине, ересек адамның әуе шығыны өз есебінен. Егер кішкентай саяхаттаушы жолға туысымен не жақын танысымен шыққан болса, онда нотариалды түрде бекітілген ата-анасының сенімхаты және туу туралы куәлігі немесе жеке куәлігі болуы міндетті.

Ескеретін жайт – туроператордан сатып алынған жолдама ақысына балаға алынған билет құны қосылмайды. Оны туроператор өз бюджеті есебінен төлеуге тиіс. Туроператор бұл төлемді кейін мемлекеттен қайтарып алады, бұл үшін туристердің демалу мерзімі аяқталғаннан кейін субсидия алу жөніндегі өтінімі мен өзге де арнайы құжаттарын жинап, Kazakh Tourism ұлттық компаниясына жіберуі тиіс. Құжаттар толық ұсынылған жағдайда, ұлттық компания бұл өтінімді 10 жұмыс күні ішінде қарап, төлемді қайтару немесе қайтармау туралы шешім шығарады. Төлем туроператордың шотына 45 күннің ішінде аударылады. 

Десек те, отбасылық туризмді дамытуға негізделген жаңа бағдарламаға туроператорлардың жарыса қатысуына кедергі келтіріп отырған дәл осы талап көрінеді. Олардың біразы авиабилет құнын алдын ала төлеуге келіскісі жоқ. «Туроператор ретінде мұндай тәуекелге барғым келмейді. Себебі авиабилетті өз қаржыма сатып алып, кейін оны «Kazakh Tourism қашан қайтарады» деп бірнеше ай күте алмаймын. Ал егер субсидияға бөлінген қаржы таусылып қалса ше? Онда кім кепілдік береді? Туроператорды ішінара алдын-ала төлеммен ынталандыру неге қарастырылмаған?» - деп сауалдайды Explore Kazakhstan туроператорының өкілі.

Kids Go Free жобасын талқылауға қатысқан Сенат депутаты Нариман Төреғалиевтың айтуынша, отандық туроператорлардың күдікке беріліп, бұлайша үрейленуіне еш негіз жоқ. «Бұл жоба бойынша үкімет кепілдік береді. Қазақстанда 100-ге жуық туроператор бар. Мемлекет оның бәріне алдын ала төлем жасай алмайды. Туристердің қай туроператорға жүгінетінін де алдын ала болжай алмайды. Ал адын ала төлем кейін түрлі заңсыздыққа жол беруі мүмкін», - дейді ол. Сенатор Төреғалиев, сондай-ақ, осылайша ел үкіметі ішкі туризмді дамытумен қатар, азаматтарға саяхатқа жұмсаған бюджетінен 20–30% үнемдеуге мүмкіндік беріп отыр, дейді.

Туристік компания директоры Алмас Маратұлы, турпакетті туроператордың өзі жасақтайды, оның ішінде туристік маршрутты да дегенді айтады. Олай болса, саяхат барысында қай әуе компаниясының билетін сатып алуға болатынын туроператор өзі шешеді деген сөз. Бірақ еліміздің туристік саласын дамыту жөніндегі 2019–2025 жж. арналған мемлекеттік бағдарламада Kids Go Free ТОП-10 туристік объектіні дамыту аясында іске асырылатын жоба деп көрсетілген.

«Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қайрат Сәдуақасов атап көрсеткен ТОП-10 туристік объекті құрамында: Балқаш, Алакөл, Маңғыстау облысы, Түркістан қаласы, Баянауыл, Солтүстік Қазақстандағы Имантау-Шалқар курорттық аймағы және ел ішіндегі ұлттық парктер бар. Ұлттық компания мәліметінше, Kids Go Free бағдарламасына қатысуға нақты бір әуе компаниясы таңдалмаған: туроператорлар әуе билетін кез келген компаниядан сатып ала алады.

Дегенмен, туризмді дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламада авиабилеттің құнын арзандату мақсатында AirAstana базасында FlyArystan лоукостері құрылғаны жазылған. Тағы бір маңызды мәлімет – биыл SCAT, Qazaq Air және «Южное небо» әуе компанияларының ішкі рейстеріндегі 23 маршрутқа 5,7 млрд теңге субсидия бөлінген.

Сенатор Нариман Төреғалиев, отандық әуе компанияларына 12 жасқа дейінгі балаларды тегін тасу туралы ұсыныс бұған дейін де жасалғанын айтады. «Kids Go Free жобасына дейін де, біз әуе билеттерінің қымбат екенін айтып, оларға бірнеше рет ұсыныс жасадық. Бірақ авиакомпаниялар нарық талабына байланысты, барлық билетті арзандатуға келіспеді», - дейді ол.

Айта кету керек, Kids Go Free халықаралық тәжірибеде де танымал бағдарлама. Катарда (Qatar Airways), Тайитиде (Air Tahiti Nui), Ұлыбританияда (British Airways), сондай-ақ Скандинавия елдерінің бірқатарында (Skandinavian Airlines) 15 жасқа дейінгі балалар тегін ұша алады. Олардың шығынын белгіленген авиакомпаниялар өздері көтереді. Туризмді дамыту жөніндегі 2019–2025 жж. қазақстандық бағдарламада отандық әуе компаниялары мұндай шығынды өтеуге әлі де дайын емес екендігі айтылады. Сол себепті де саяхаттайтын балалардың жол ақысын бастапқыда республикалық бюджет есебінен төлеу ұсынылған. Қазақстанның Kids Go Free бағдарламасында авиабилеттерді субсидиялауды іске асыратын уәкілетті орган ретінде «Kazakh Tourism ҰК» АҚ бекітілді.  Соңғы мәліметтер бойынша, Kids Go Free бағдарламасын жүзеге асыруға бюджеттен 350 млн теңге бөлініп отыр.

Туроператор Алмас Маратұлының айтуынша, бұл бағдарлама, әсіресе, алыс өңірлерде тұратын балаларға көп мүмкіндік бермек. «Біздің маршруттарымыз Алматы қаласы мен облысына негізделген. Бұл өңірлер батыс аймақтағы ағайын үшін мейлінше тартымды. Бірақ жол ұзақ: пойызбен 2–3 күн кетеді, ал әуе билеті қымбат. Меніңше, олар үшін Kids Go Free тиімді шешім. Қазір біз еліміздің батысындағы саяхаттаушылар үшін арнайы пакеттер әзірлеп, ұсынып жатырмыз. Қазақстан жер аумағы бойынша 9-орында дейміз. Балалар еліміздің кең байтақ екенін өз көзімен көргені дұрыс, осылайша патриоттық сезімдері оянады. Өскеменнің баласын Ақтөбеге, Алматының баласын Ақтауға апарып, өз елі, өз жері екенін сездіруіміз керек», - дейді ол. Өз кезегінде, сенатор Нариман Төреғалиев жаңа бағдарламаның іске асу барысы әлі де жіті бақыланатынын және кемшілігі болса, түзетілетінін ескертеді.

Бүгінге дейін Kids Go Free бағдарламасына қатысуға 10-нан астам туристік компания өтініш білдірген: оның жетеуі Алматыдан, біреуі Атырау облысынан, екеуі Шығыс Қазақстаннан, біреуі Жамбыл және Маңғыстау облыстарынан...

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить
ЧТО НЕ ТАК С СУДОМ НАД БИШИМБАЕВЫМ Смотреть на Youtube