Онлайн сауда белсенді

8221

Отандық электронды коммерцияның 72%-ы Алматының еншісінде

ФОТО: pixabay.com

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті келтірген мәліметтерге жүгінсек, 2019 жылы ел ішінде жүргізілген электронды коммерция ауқымы 436 млрд теңгеге жеткен. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда, былтыр онлайн сауда көлемі 10,24% жоғары болды деген сөз. Рекорд деуге тұратын осынау көрсеткішті таратып талдасақ, жалпы ауқымның 47,3%-ы бөлшек сауданың еншісінде, 27,8%-ы қызмет көрсету саудасының, 24,9%-ы көтерме сауданың үлесінде. Бөлшек сауда сегменті былтыр 42,6%-ға өскен, ал қызмет көрсету және көтерме сауда сегменттерінде төмендеу көрініс берген: сәйкесінше 11%-ға және 5,4%-ға дейін.

Бүгінде онлайн нарықта бөлшек сауданы таңдаған тұтынушылардың талғамы әртүрлі. Мысалға, 2019 жылы ең көп сатылған тауар түрлеріне косметикалық өнімдер мен дәретхана керек-жарақтарын жатқызуға болады. Саудаға шығарылған барлық тауар ішінде бұлардың үлесі былтыр 24,7%-ды құраған немесе 56,7 млрд теңгенің тауары сатылған. Ал 2016 жылы сатып алушылар тарапынан құрылыс заттарына деген сұраныс жоғары болған: жалпы ауқымның 18,1%-ы немесе 13,7 млрд теңгенің өнімі сатылған.

Былтырғы онлайн сауда көрсеткіштері бойынша екінші орында мобильді телефондар тұр, бұлардың үлесі 11% немесе 22,6 млрд теңге (2016 жылы: косметикалық өнімдер және дәретхана керек-жарақтары – 15,8% не 11,9 млрд теңгені құраған). Үшінші орынға автокөлікке қажет бөлшектер мен керек-жарақтар орналасқан. Сауда көрсеткішіндегі үлесі 9,1% немесе 18,7 млрд теңге (2016 жылы: тұрмыстық электротехника – 10,9% немесе 8,3 млрд теңге).

Интернет арқылы сатылған қызмет түрлері арасында транспорт билеттеріне (әуе, темір жол, т.т.) сұраныс біршама жоғары болған – 46,1% немесе 55,8 млрд теңге. Бұл сұраныс соңғы үш жылда 90,4%-ға дейін өскен (2016 жылы 36,5% не 29,3 млрд теңге). Сол сияқты, брондау және орналасу орындары қызметіне төлем жасау 10,5% немесе 5,2 млрд теңге шамасында. Жарнама қызметінің көрсеткіші – 9,4% не 11,4 млрд теңге.

Аймақ бойынша сараласақ, ғаламтордағы сауда-саттық және қызмет үлесі бойынша Алматы қаласы бірінші орында – 72% немесе мұнда 314 млрд теңгеге электронды сауда жасалған. Екінші орында Нұр-Сұлтан – 9,9% не 43 млрд теңге және Шымкент қалалары тұр – 5,5% немесе 23,8 млрд теңге.

E-commerce және пандемия

Негізі, COVID-19 биыл электронды коммерция нарығына барынша ықпал етті, тіпті пандемия дүрбелеңі e-commerce нарығының буырқана өсуіне дем берді деуге тұрарлық. Әлем бойынша дәстүрлі дүкендер жабылып, күнделікті тұрмысқа қажетті тұтыну тауарларына сұраныс артқан сайын, интернет дүкендердің жұмысы жандана түсті. еMarketer компаниясының сарапшылары келтірген мәліметтерге көңіл бөлсек, жаһандық электронды сауда ауқымы 2020 жылы 3,914 трлн АҚШ долларын құрауы тиіс. Биыл ондаған елдерде интернет сауда көрсеткіштері 20% деңгейінде өсім берген. Олардың ішінде коронавирустан зардап шеккен Филиппин, Малайзия, Испания сынды елдер де бар.

Сарапшылардың болжамынша, биыл Батыс Еуропада ретейл сауда айналымы жалпылай алғанда 9,9%-ға дейін төмендеп, онлайн сауда айналымы жыл соңына дейін 16,9%-ға ақшалай негізде алғанда $498,32 млрд дейін өсуі ықтимал. Пандемияға дейінгі болжам бойынша, өсім 8,8% шамасында делінгенді.

Әрине, онлайн сауда нарығында жетекші позиция Қытайдың еншісінде қалмақ. Қытайдың бұл тұрғыдағы мүмкіндігін ескере отырып, сарапшылар, e-commerce нарығында Азия және Тынық мұхит аймағы әлем бойынша жалпы ауқымның 62,6%-ын иеленеді деген болжам айтады. Ал Солтүстік Америка мен Батыс Еуропаның үлестерін, сәйкесінше 19,1% және 12,7% деп болжайды. еМarketer сарапшылары, Құрама Штаттардағы электронды коммерция айналымының 60%-дан астамы Amazon, eBay, Apple, Walmart, The Home Depot сынды он шақты ірі интернет ретейлдер еншісінде қалады деп отыр.

Онлайн сауда нарығында тұтынушылар үлесі биыл Қазақстанда да арта түскен. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі деректерінде, 2020 жылы қазақстандықтар цифрлық сервистерді белсене қолданып, бірінші жарты жылдықта интернет дүкендердегі сауда-саттық көрсеткіштері екі есе өскені туралы айтылады. Онлайн тұтынушылар тарапынан әсіресе азық-түлікке, балаларға арналған тауарларға, дәрі-дәрмекке деген сұраныс жоғары болған. Отандық e-commerce нарығының өкілдері, мемлекеттік орындар алдағы уақытта бұл нарықтағы логистикалық және төлем инфрақұрылымын дамытуға басты мән беруі тиіс деп отыр.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить
ЧТО НЕ ТАК С СУДОМ НАД БИШИМБАЕВЫМ Смотреть на Youtube