Заңгер: Мемлекеттік тілде қызмет алуды талап ету – заңға қайшы әрекет емес...

20857

Биыл қоғам ішінде қызу талқыланған мәселенің бірі – мемлекеттік тілдің тұтыну нарығындағы қолданыс аясы туралы болды

ФОТО: pexels.com/Фотограф: Lum3n

Сарапшылардың айтуынша, отандық нарықта мемлекеттік тілде қызмет алу әлі де қиын, мұның бір себебі – тұтынушы тарапынан тиісті талап, сұраныстың болмауы, екіншіден – елімізде мемлекеттік тіл туралы арнайы заң жоқ.

Тұтыну нарығында мемлекеттік тілде қызмет алу қиын ба? Неге?

Айбар Олжай
Айбар Олжай

«Меніңше, мемлекеттік тілге қатысты мәселе 2022 жылдан бастап жаңа реңк алды. Себебі, ақпан айынан бері осыған қатысты әртүрлі кейс талқыланып, бірқатар дау да көрініс берді. Көрнекі жарнама мәселесі, мейрамханаларда ас мәзірінің қазақша болуы, этикеткалардың қазақша жазылуы талап етілуде. Бұны отандық бизнес өкілдері де түсініп отыр. Қазір тұтыну нарығының қазақша сөйлеуін талап еткен азаматтардың қарасы артып келеді. Бұл, ең алдымен, тұтынушының тікелей өзіне байланысты», - дейді «PR-шы» клубының вице-президенті, коммуникация маманы Айбар Олжай.

«Қазақстанның қазақша сөйлейтін азаматы үшін күнделікті өмірде қазақ тілінде қызмет алу әлі де болса оңай емес, мұның бірнеше себебі бар. Біріншісі әрі маңыздысы – қоғам ішіндегі қалың көпшілік қазақ тілінде қызмет алу құқығы жөнінде әлі де хабарсыз.

Екіншіден, бизнес тарапынан қазақша сөйлейтін тұтынушыға қатысты өзіндік дискриминация бар. Үшіншіден, қазақша сөйлейтін тұтынушының құқығын қорғауға келгенде, мемлекет тарапынан әлі де болса немқұрайлық қатынас басым.

Ия, жылдар бойы тұтынушы қауым қазақ тілінде қызмет алуға аса назар аударған жоқ. Бірақ қазір қоғамдық санада терең трансформация жүріп жатыр, қоғам қазақша қызмет көрсетуді талап етуде және бұл талап пен сұраныстың аясы алдағы уақытта кеңейе түспек, өйткені тұтыну нарығына жаңа буын өкілдері келіп жатыр», - дейді Qazaqsha jaz жобасы авторларының бірі, медиа сарапшы  Жалғас Ертай.

Қажетті ақпаратын ала алмаған тұтынушы не істеу керек?

«Халыққа қызмет көрсетуші ұйымдар ел халқына екі тілде (қазақша және орысша) ақпарат ұсынып, қызмет көрсетуге міндетті. Керісінше жағдайда олардың тарапынан заң бұзу фактісін тіркеп, тұтынушы iOtinish арқылы шағым түсіре алады. Бірақ бұл арада нақты фактіні тіркеу керек.

Тұтынушы ретінде, біз мемлекеттік тілдің нарық ішінде дұрыс қолданылуын өз құқығымызды қорғау арқылы шеше аламыз, яғни заң аясында талап қойып. Ал егер бұл талап орындалмай жатса, онда бізде шағымдану құқы бар. Бірақ көп жағдайда біз шағым жасауға мән бермейміз. Мәселе сонымен қалып қояды», - дейді коммуникация маманы Айбар Олжай.

Жалғас Ертай
Жалғас Ертай

Медиа сарапшы Жалғас Ертайдың пікірінше, мемлекетті тіл төңірегінде түйінді мәселе туындамас үшін еліміз мемлекеттік тіл туралы бөлек заң қабылдауы керек.

«Бізде «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы», «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңдар бар. Осы заңдарға сүйеніп, кез келген ұйым, мекемеде (мейлі мемлекеттік, мейлі мемлекеттік емес) біз қазақ тілінде қызмет көрсетуді сұрап, талап ете аламыз. Және де заң бойынша олар бізге  қазақ тілінде (яғни, мемлекеттік тілде) қызмет көрсетуге міндетті. Бірақ нарық іші бұл талапты толыққанды орындап жүрген жоқ. Меніңше, Қазақстанда «Мемлекеттік тіл туралы» бөлек заң қабылдануы керек, өйткені сонау 1997 жылғы «Тілдер туралы» заң бүгінгі қоғамның мемлекеттік тілге қатысты барлық сұраныс, талабына сай емес», - дейді ол.

Сарапшының айтуынша, мемлекеттік тіл туралы заңда мемлекеттік тілдің қолданыс аясы, қолданыс деңгейі анық та айқын етіп көрсетіліп, заң талабы орындалмаған жағдайда тиісті жаза да ескерілуі керек. «Бұл радикалды ұсыныс емес, - дейді Жалғас Ертай. – бұл әлемдік практика. «Мемлекеттік тіл туралы» заң кешегі посткеңестік елдердің бірқатарында бар, сол елдердің тәжірибесін бізге де алып қарауға болады».

Мобильді қосымшаларды қазақша «сөйлету» қаншалықты қиын?

Бүгінде ел үкіметі цифрлық қызмет көрсетуде «көш ілгеріміз» деп жар салуда. Бірақ күнделікті өмірде ел азаматтары қолданып жүрген мобильді қосымшалар түгел қазақша «сөйлеп» отыр ма? Цифрлық әлем қазақ тіліне тән ереже, талаптарды толық ескеріп жүр ме? Бұл арада қандай қиындықтар бар? Техникалық мәселе ме әлде немқұрайлық па? Бизнес өкілдері тарапынан «мобильді қосымшаны қазақшалау техникалық тұрғыда қиын» деген де уәж айтылуда.

Айболат Құлатай
Айболат Құлатай

Өз кезегінде, Thousand IT компаниясының басшысы Айболат Құлатай бұл «себеппен» келіспейді. Оның айтуынша, уақыт алатын жұмыс болғанымен, мобильді қосымшаны қазақшалаудың еш қиындығы жоқ.

«Жобаны қазақша жазу функционалды тұрғыда аса қиын емес. Әрине, кез келген функционалды енгізу программистердің ресурсын, уақытын алады. Жалпы, тілге аудару процесін «локализация» деп атайды, бұл арада  техникалық маман мен сауатты аудармашының қызметі керек, бары сол ғана.

Бірақ бұл жерде екінші мәселе де бар. Бізде көп жағдайда тұтынушылар банкомат қызметін орыс тілінде таңдап жатады, сол арқылы аналитика жасалып, статистика арқылы сұраныс анықталады. Бизнес жобалар сияқты ІТ жобалар да қай тілде сұраныс көп болса, соған қарай бейімделуге мүдделі. Егер біз жүрген жерімізде қазақ тілін өзіміз қолданып, сұранысты арттырып жатсақ (мысалға, банкомат тілін таңдағанда да), соған сәйкес ІТ нарығы да, бизнес жобалар да қазақша жұмыс істеуге мүдделі болады. Әрине, бұл арада қазақша ақпараттың сауатты етіп жазылуы өте маңызды», - дейді ІТ маман.

Ал Qazaqsha jaz жобасының өкілі Жалғас Ертай: «Бизнес заң талабына ғана сүйенеді. Қазіргі таңда біздің елде Интернет кеңістігін қазақша сөйлеуге міндеттейтін заң жоқ, егер еліміз мемлекеттік тіл туралы бөлек заң қабылдап, онда, мысалға, «интернет дүкендердің қазақ тілінде парақшасы болуы керек» деген талап болса, олар бірден қазақшаланатын еді» деген пікір айтады.

Бизнестің қазақшасын түзетуге көңіл бөлген қандай жоба?

Айта кетейік, Qazaqsha jaz жобасы 2020 жылы Telegram-арна ретінде ашылып, кейін Instagram аккаунты қосылды.

«Бәрі де желідегі белсенділіктен басталды. Алғашында желідегі киім сататын дүкеннің бірінен: «Атауы қазақша болғанымен, неге бірде-бір қазақша жазу жоқ?» деп сұрадық. Кейін олар қазақша жазуы бар киім шығара бастады. Бұл әдістің жұмыс істейтінін көріп, біз Интернетте «балықша жүзетін» жастарды бір чатта біріктірдік. Оларға ортақ жағдай – сол кезде олар нарық ішінде қазақ тілінде толыққанды қызмет ала алмай, қынжылып жүрді. Соңғы бір жарым жылдағы мәліметке сүйенсек, біздің ұсынысымызды елеп, ескерген 250-ге жуық компания әлеуметтік желідегі парақшаларын қазақ тіліне бейімдеп қосты», - дейді Жалғас Ертай.

Қазір аталған жоба өз жұмысын тоқтатпаған, тек жұмыс тәсілін өзгерткен. Себебі, ресми парақшаларға пікір жазу ел бойынша трендке айналып, жобаның ерекшелігі болудан қалған. Бүгінде Qazaqsha jaz белсенділері 2022 жылы кейбір заңнамалық актілерге енгізілген көрнекі ақпаратқа қатысты өзгерістер мен толықтыруларды негізге алып, ресми наразылық хат жазумен айналысады. Олар бүгін тұтыну саласына қарай ығысқан: мемлекеттік тілдің қолданыс аясы тұрғысында заңға қайшы әрекет еткен мекемелерді тіркеп, тұтынушылардың қолын жинап, наразылық хат жолдайды.

Мұндай белсенділік заңға қайшы емес пе?

Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокаты Олег Чернов, қандай жағдайда болмасын, «мемлекеттік тілде қызмет алуды талап ету заңға қайшы әрекет емес» деп отыр.

Олег Чернов
Олег Чернов

«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заң ақпараттың тұтынушыға қазақ тілінде, яғни мемлекеттік тілде және орыс тілінде жеткізілуін реттейді. Ал бұл ақпараттың қалай ұсынылатыны айқындалмаған. Яғни, заң бойынша, ақпаратты жазбаша түрде жеткізуге болады. Тұтынушыға қажет барлық ақпарат, мысалы, буклеттерде немесе дүкен сөрелерінде, айталық, тауардың шыққан жері, оның өндірушісі және қолдану нұсқаулығы сынды ақпарат, сатушы туралы мәлімет қазақша және орысша жазылады. Тұтынушы қай тілде ақпарат алатынын өзі шешеді, сондықтан ақпарат екі тілде ұсынылуы керек.

Сонымен қатар, мемлекеттік тілде ақпарат сұратқанда ескеретін бір жайт бар. Қызмет көрсету саласы қызметкерінің орыс тілінде сөйлеу құқы бар, өйткені ҚР «Тілдер туралы» заңына сәйкес мемлекеттік емес мекемелер мемлекеттік тілді де, орыс тілін де қолдана алады», - дейді Олег Чернов.

Адвокаттың айтуынша, егер тұтынушы қажетті ақпаратты ауызша не жазбаша түрде ала алмаса, оның тұтынушылық құқы бұзылды деген сөз.

«Мұндай жағдайда өз құқықығы бұзылғанын дәлелдеу үшін тұтынушының бейнежазба түсіру құқы бар. Бірақ ақпарат мемлекеттік тілде ауызша емес, жазбаша түрде берілсе, бұл тұтынушы құқығының бұзылғанын білдірмейді», - деп нақтылайды заңгер.

Өз кезегінде, «PR-шы» клубының вице-президенті Айбар Олжай қазақстандық тұтынушылар тілге қатысты қандай да бір мәселені тек заң аясында шешуге тырысу керек дегенді баса айтады.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить