World Water Race: Жастар жаһандық қозғалыс аясында

13327

Қазақстан жастары елімізде су ресурстарын тиімді пайдалану және басқару мәселелеріне түпкілікті көңіл бөлу керек деп есептейді

ФОТО: © pixabay.com

Ашық көздердегі ресми ақпараттарға жүгінсек, жаһандық деңгейде алғанда адамзаттың су ресурстарына деген қажеттілігі жыл сайын шамамен 1%-ға артып келеді. Бұған Жер бетіндегі халық санының өсуі, тұтыну құрылымының өзгеруі және әлем елдерінің экономикалық даму ерекшеліктері ықпал етуде. Мамандардың болжамынша, алдағы 20 жылда суға деген сұраныс, әсіресе, өнеркәсіп және тұрмыс секторларында өсе түспек. Су ресурстарына деген қажеттілік дамушы елдерде артып, өзекті де түйінді мәселе ретінде қала бермек. Су ресурстарын реттеу мәселесіне адамзат тарапынан тиісті көңіл бөлінбесе, 2050 жылға қарай шамамен 5 млрд адамның ауыз суға қол жеткізу мүмкіндігі шектеулі деңгейде қалмақ. Ал су тасқынынан зардап шегуі мүмкін адам саны бүгінгі 1,2 миллиардтан 1,6 миллиардқа дейін артуы ықтимал: бұл Жер халқы санының шамамен 20%-ы.

ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің деректері бойынша, ғаламдық жылыну салдарында жер бетіндегі табиғи су қоймаларының булану деңгейі одан әрі күшейіп, өзен-сулардың тартылуы кеңінен көрініс беруде. Эколог мамандардың айтуынша, вегетациялық кезеңде өзен ағынының 50%-дайын қамтамасыз ететін сең, мұз ағыны азая түскені қазірдің өзінде байқалуда. Бұл мәселе Қазақстан үшін аса өзекті, өйткені еліміз трансшекаралық су көздеріне тәуелді. Эколог мамандар, бұл тұрғыда, әсіресе, Арал – Сырдария су шаруашылығы бассейнінің жағдайы қиын деп отыр, 2018  жылы жария етілген деректер бойынша, мұнда су ағыны 47%-ға дейін төмендеп кеткен. Сол сияқты, Жайық – Каспий, Шу – Талас, Балқаш – Алакөл сынды су шаруашылығы бассейндерінің жағдайы да мәз емес. Кей деректер бойынша, 2030 жылға қарай елімізде, өзен-сулар еренеуінің қысқаруы, жалпылай алғанда, жылына 72,4 текше км құрауы мүмкін.

Айта кету керек, еліміз үшін өзекті дейтін экологиялық мәселелер қоғамдық ұйымдар мен отандық бизнес өкілдерінің назарынан тыс қалып жатқан жоқ. Бұл тұрғыда ENACTUS Kazakhstan қоры мен «Шеврон» компаниясының Kazakhstan Water Race атты әлеуметтік жобасы Қазақстандағы су ресурстарын тиімді пайдалануға және табиғи су қоймаларының санитарлық жағдайын реттеуге өскелең ұрпақты қатыстыруға бағытталған. Байқау түріндегі бұл жобаға еліміздің 15 өңірінен мектеп оқушылары мен ЖОО студенттері қатысып, нақты бір өңірге тән су мәселесін шешуге негізделген өз бизнес-моделдерін ұсынуда.

«Бұл байқау аясында алдымен жастарға арналған тренингтер өткізіліп, онда командалар жұмысының практикалық мәніне көңіл бөлінді. Яғни, жобаға қатысқан үміткерлер нақты бір өңірдің мәселесін шешуі керек болды. Өздеріңіз де жақсы білесіздер, Қазақстанда ауыз сумен қамту, ауыз судың сапасы деген мәселелер өте өзекті. Бірқатар өңірлерде жергілікті су көздері болмауы себепті, ауыз суды әлі күнге дейін тасып жеткізеді. Кей өңірлерде су көздері болғанымен, оларды тазарту қондырғылары қымбатқа түседі. Тозығы жеткен су құбырлары деген проблема тағы бар, ол ірі қалалар үшін де мейлінше өзекті. Kazakhstan Water Race жобасы сапалы ауыз суға қол жеткізудің шешімін табуға бағытталған, оның басты құндылығы да осында», - дейді UNESCO өкілі, жобаның тәуелсіз сарапшысы әрі менторы Сәуле Зейнолла.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқауға қатысушар ұсынған жобалар әр өңірдің мәселесіне қарай әртүрлі. Бірақ жастар ұсынған технологиялар макеті – қолдануға ыңғайлы әрі шығыны аз деген ұстанымға негізделген. Мысалға, Қазақстан-Британ техникалық университетінің командасы ұсынған BioSu жобасы Қазақстанның ауылдары мен шағын қалаларында су тапшылығы мәселесін ағын суларды тазарту негізінде шешуге бағытталған. Студенттік жобаның басты ерекшелігі – оның шығыны аз, бірақ тиімділігі өте зор.

Сол сияқты, Орал қаласындағы физика-математика бағытындағы НЗМ оқушылары Батыс Қазақстан облысының ауыл тұрғындары үшін арзан ауыз суға қол жеткізу мүмкіндігін беретін сүзгі прототипін әзірлеп ұсынған. Бұл сүзгі ауыз суды тазартудың әртүрлі тиімді әрі сапалы әдістерінің жиынтығынан тұрады, мысалға, мембраналық ион алмасу, суды озондау және шунгитпен тазарту деген сияқты. Ал Семей қаласындағы физика-математикалық НЗМ командасы ұсынған әлеуметтік желі түріндегі WaterNet жобасы өзінің әлеуетті қолданушыларын су ресурстарына қатысты ақпараттармен, соңғы жаңалықтармен таныстырумен қатар, геймофикация тетіктерін қолдану мүмкіндігін береді.

Жалпылай алғанда байқауға ұсынылған 127 жобаның 41-і наурыз айындағы іріктеудің бірінші кезеңінен өткен. Байқау қорытындысы бойынша: ауыз суға қол жеткізу және оны жабдықтау мәселелеріне, су ресурстарын сақтау, өндіру немесе тазарту шешімдеріне негізделген ұсыныстар мен су көздерін тиімді және қайыра пайдалану технологияларын қаржыландыру көзделген.

«Финал 12 мамырда өтеді, бірақ біз жеңіске қазірден-ақ қол жеткіздік деп айта аламыз, өйткені жобаның басты мақсаты – жас ұрпақты экологиялық мәселелерді шешуге жұмылдыру болатын: ойымыз жүзеге асты. Енді біздің жастар табиғатқа ұқыппен қарап, қоршаған ортаның түйінді мәселелерін айналып өтпейді деген үміттеміз. Шағын жобаларды қолға алған олар, әлеуметтік-кәсіпкерлік, экологиялық жобаларды жүзеге асыруға қадам жасауда. Және де осындай әрекеттері арқылы әлем көрінісін жаңаша қабылдап, жаһандық мәселелердің маңыздылығын түсінеді, қоршаған ортаға қамқоршы болуды үйренеді», - дейді ENACTUS Kazakhstan президенті Альбина Ержанова.

Бұл пікірмен ментор Сәуле Зейнолла да келіседі. «Жастардың ұсынысы құр әңгімемен шектелмейді.  Олар өздері тұрып жатқан облыс, қала, ауылдарға тән мәселелерді көтеріп, олардың шешімін макет түрінде ұсынуда. Қазірден-ақ байқап отырмыз, біздің үміткерлер алған білімдерін саналы түрде пайдаланумен қатар, өз идеяларын әрі қарай дамытып, ілгері жылжытуға да мән беруде. Осындай сауатты да білімді жеткіншектерді көргенде, өз басым, ел үміті сөнбейді, елдің болашағы бар деп анық айта аламын», - дейді ол.

Эколог мамандардың болжамынша, Орталық Азиядағы су тапшылығы халық санының өсуіне қарай одан әрі қиындай түспек. Қазір бұл аумақта 75 миллиондай адам тұрады, ал 2050 жылға қарай мұндағы адам саны 100–120 миллионнан асуы мүмкін. Су ресурстары тапшылығы жағдайында су қауіпсіздігі мәселесі елімізде ұлттық қауіпсіздіктің құрамдас бөлігі ретінде қарастырылуы қажет. Сонау 2003 жылдан бері талқыланып келе жатқан осынау өзекті мәселенің шешімін табу Қазақстан үшін кезек күттірмес мәселелер қатарына шығуы тиіс.

Айдана Оразаева

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить