World championships: «Бастау» тобы Голливудта өткен байқауда алтын жүлдені жеңіп алды

Алпамыс Шаримов бастаған домбырашылар жуырда Лос-Анджелестің әйгілі студияларымен жұмыс істейтін болады

Қазақ өнерпаздары әлемді қалай таңқалдырды, World championships байқауына қандай елдер қатысты, әйгілі студиялар қазақстандықтарға  қандай ұсыныс жасады? Forbes.kz  «Бастау» тобының продюсері Алпамыс Шаримовтан сұхбат алды.

F: Алпамыс, бұған дейін Ригадағы жеңістерің туралы және Голливудтқа жолдама алғандарың жайында жазған болатынбыз. Ал бұл байқаудың ерекшелігі неде, қай кезден бастап өтеді, ұйымастырушылар кімдер? 

-Бұл байқау World championships, яғни әлем чемпиондары деген үлкен байқау. Биыл өз тарихында 22-ші рет өтіп отыр. Лос-Анджелес, Голливуд төрінде, үлкен сахнада өтетін ауқымды жоба. Ұйымдастырушылар осы жердегі голливудтық продюсерлік компания. Көптеген жұлдыздарға мүмкіндік беретін, оларға жол ашатын алып орталық.  Ал байқаудың ерекшелігі кәдігмі спорт олимпиадасы сияқты өнер олимпиадасы, әлемдік дәрежеге шығуға мүмкіндік беретін жоба. Өкінішке орай, бізде бұл байқау туралы ешкім білмеді,  танымалдылығы жоғары емес.  Евровидениені  бәрі біледі, бірақ  бұл шара туралы білмейміз.  Ал бұл байқауда әр мемлекет өз өнерпаздарына қолдау көрсетіп, арнайы киімдерін тігіп, командамен жібереді.  Мәселен, біз аспапта орындау жанры бойынша қатысқан болсақ, бұдан өзге ән, вокал, бишілер,  модель, актерлік шеберлік, цирк өнері сияқты түрлі жанр бойынша жарысқа түседі және телеарна арқылы көрсетілетін гранд-финалға шығады.  Ал  жарыс  көптеген елдерге тікелей эфир арқылы тарайды. Мәселен, Филипинде бұл шара мемлекет деңгейіндегі  үлкен жарыс саналады, Франция, Оңтүстік Африка оған кәдімгідей ұзақ дайындалады.

F: Қатысушылар қанша елден келді, қандай елдерден қатысты? Жалпы, бұған дейін бұл шараға Қазақстаннан қатысқандар болды ма?

 -Биыл 72 мемлекет қатысты. Әлемнің барлық аймағынан деуге болады. Мәселен, Кальмар, Палау сияқты шағын аралдардан бастап Австралия, Қытай, Еуропа, Канада, АҚШ, Азия мемлекеттері, Африканың көптеген елдері келді. Қазақстан алғаш қатысуда. Менің ойымша бұл жобаның Қазақстандағы танымалдылығын арттыру керек, байланысын нығайту қажет. Себебі, бұл біздің өнерпаздарды әлемге танытудың бірден бір жолы. Ашылу рәсімі спорттық олипмиададан еш кем емес, жоғарғы дәрежеде, әр мемлекет өз туын желбіретіп, өздерінің өнерін таныстырады. Голливуд өнердің шыңы болса, біз сол шыңға шығуымыз керек, жетуіміз керек. Келесі жылы бізге үлкен мүмкіндік туып отыр. Себебі, мұнда әр елдің ұлттық директоры, ұлттық бапкері болады екен. Бізге  ұйымдастырушылар тарапынан ұсыныс түсті, алдағы жылы  маған тек домбырашылармен ғана емес, өзге өнерпаздармен қатысуға ресми түрде рұқсат берілді.

F: «Бастау» тобы  бұл байқауға қалай дайындалды? Онда қандай туындылар ұсынды?

-Білесіздер, Бастау тобы бұл байқауға Латвиядағы  жеңістен  кейін дайындала бастады. Жігіттер  домбыраларын қолдарынан тастаған жоқ. Біз Латвиядан кейін Израильге бардық, Иерусалим қаласында  «Әлем музыкасы» байқауында бас жүлдені жеңіп  алған болатынбыз.  Ол жерде де мықты мамандар жігіттердің техникалық, кәсіби орындауына жоғары баға берген еді. Сол жерде Нью-Йорктағы метрополитеннің солисі,өзі класикалық жанрдағы әнші, былай деген еді: «Мен ұлттық аспаптарды ұнатпаймын, себебі ол  бір ғана бір ғана ұлттың дыбысын беретін сияқты сезінемін, ал бұл жерде, яғни жігіттердің домбырамен шебер орындағаны соншалық, мен  тіпті скрипкадан керемет деңгейде дүниені  естідім, сондықтан бас жүлде бердім» деген еді. Ал Голливудта біз  бірінші турда  қазақтың күйлерінен  попури ойнадық, екінші турда Олжас Сүлейменовтың «Еуразия» шығармасын, Темірлан Олжабайдың «Бастау» шығармасын орындады, ал гранд-финалда  Нұрғиса Тілендиевтың «Баламишка» туындысы және кез келген қазақтың делебесін қоздыратын Құрманғазының «Адай» күйін орындалды.     

F: Яғни, іріктеу кезеңінен бәрі бірдей өте бермейді ғой...

-Иә, үш тур болады, бұл кезеңнен өткендері ғана тікелей эфирде көрсетілетін финалға шығады. Біз үшін алтын емес, осының бәрінен өткеннің өзі жеңіс болды,  себебі,   бірінші турдан кейін-ақ бізге көптеген елдердің өкілдері келіп, мынау қандай аспап, қалай аталады, ұстап көруге болма  деп таңқалып сұрап жатқандар өте көп болды. Сондықтан, осының бәрі біз үшін  жеңістен артық болды, өйткені жеңіс деген  бір дәреже, ал бастысы көрерменнің қабылдауы, ұлттық өнерді жеткізе білу деп ойлаймын. Ал  алтын жүлдеге жету бұл бір керемет, бақ пен баптың қатар келгені болса керек.

F: Әділқазылар кімдерден құралған?

-Әділқазылар өте танымал адамдар. Байқау қатысушыларын 10 адам бағалады. Көбі Эмми, Грэмми сыйлығын алғандар, өз саласының  хас шеберлері. Әр әлден  келген, көбі Голливудтың танымал продюсерлері. Бір сөзбен айтқанда әлемнің атақтылары.   

F: Сендерге кімдер қолдау көрсетті? Демеушілер болды ма?

-Жалпы, біз үшін ең басты қолдау осы байқаудың алдында президенттің шілденің бірінші демалысын «Ұлттық домбыра күні» деп  жариялауы болды. Қолымызға ұстаған аспабымыздың өз мерекесінің, өз күні болуы жігіттер үшін де, мен үшін  де мотивация болды. Бұл ең үлкен қолдау. Одан кейін бізге қай кезде болмасын қолдау көрсетіп жүретін Қазақ Ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаеваға алғыс айтамыз. Жігіттеріміз де осы білім ордасында білім алады. Ал ол кісі нағыз өнер жанашыры, өнерге құлшыныс білдіргендерге әрдайым қолдау көрсетуге әзір.

F: Голливуд тарапынан бірлесіп жұмыс істеу туралы ұсыныстар болды ма? Болса қандай?

-Иә, рас, сіздерге алғаш болып жеткізгім келіп отыр. Домбыраның керемет үніне қызығып ұсыныс  жасаған көптеген продюсерлер болды.  Жеңістен кейін бірқатар  студиялар өздерінің аспаптарына домбыраның үнін қосып көрсек қалай болар еді деген сияқты бастамалар көтерді. Бір күнде көптеген ұсыныстар түсті, бұл енді  алдағы уақыттың еншісіндегі мәселе. Жеңістің буы басылған соң көреміз. Нақты кімдермен жұмыс істейтінімізді әлі анықтаған жоқпыз. Ал мен «Бастау» тобын қолдаушыларына,фан-клубына, шет елдегі қолдаушыларына алғыс білдіргім келеді. Олар қазір өте көп, Қазақстанда, әлем елдерінде.     

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
3846 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:
16 октября родились
Именинников сегодня нет
Самые интересные материалы сайта у тебя на почте!
Подпишись на рассылку
Самые Интересные

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить