«Волонтер жылы»: бюджеттің де сұрауы бар

9002

2020 жыл Қазақстанда «Волонтер жылы» болып жарияланғаны белгілі. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің дерегінше, қазір Қазақстанда 200-ден астам волонтерлік ұйым тіркелген. 2017 жылы олардың саны 100-ге жетер-жетпес болатын. Бұдан өзге жекелеген бастамашыл топтар да бар. Волонтерлік қозғалысқа 50 мыңнан астам адам тартылған

Фото: pixabay.com

«Волонтер жылының» бюджетіне зерттеу жүргізген сарапшы-экономист, Zertteu Research Institute ұйымының директоры Қуаныш Оңалбаев елімізде волонтерлікті дамытуға мемлекеттік бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлінгенін еске салады. Қаржының басым бөлігі «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» (632 млн теңге) мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің (598 млн) еншісінде.

Сарапшы экономист, ел ішінде волонтерлікті дамытуға бағытталған жобалар мен іс-шаралардың дені бастапқыда конференция, жазғы лагерь, волонтерлік кеңес, семинар өткізуге бағытталған болатын дегенді айтады.«Волонтер жылына» бөлінген қаражат көлемі ауқымды. Оның нақты қайда жұмсалып жатқанына мұқият назар аудару керек. Қаншасы волонтерлерге, қаншасы слетке, форумға немесе конференцияға кететіні сұрақ тудырады», - дейді ол.

Сарапшы «Волонтер жылына» қатысты пандемияға дейінгі бюджетті зерделей келе, бірқатар зерттеулер мен баяндамаларға ауқымды қаржы бөлінгенін байқаған.

- Мысалға, «Қазақстандағы волонтерліктің жағдайы мен даму болашағы» атты баяндама дайындауға мемлекеттік бюджеттен әу баста 22 млн теңгеден астам қаржы жұмсалады деп көзделген. Онда 1400 респонденттен жауап алынып, әлеуметтік зерттеу жүргізіледі, 500 адамнан сараптамалық сауалнама алынады және презентация мен волонтерлік саланы жетілдіруге ұсыныстар әзірленеді деп жоспарланған, - дейді Қуаныш Оңалбаев.

Ол, сондай-ақ «Волонтер жылына» бағытталған тағы бір баяндама дайындауға 17 млн теңгеден астам қаржы бөлінеді деп көзделгенін де алға тартады. Бұл – елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына волонтерлік қызметтің үлесін бағалау туралы баяндама. Оны дайындау барысында халықаралық тәжірибе зерттеліп, сараптамалық сауалнама жүргізіледі, халықаралық сарапшылар тартылып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына волонтерлік қызметтің әсері бағаланады деп жоспарланған болатын.

Бұл тұрғыда сарапшы, әлеуметтік зерттеу жасауға мұндай қаржы бөлу ақталуы тиіс деген пікірде. Себебі әлеуметтік зерттеу, сауалнама жүргізу көп жұмысты талап етеді. «Мұндай зерттеудің грантын Қазақстанның мемлекеттік сатып алулары сайтынан ашық конкурс негізінде кез келген ұйым ұтып ала алады», - дейді ол.

Қуаныш Оңалбаев
Қуаныш Оңалбаев - Zertteu Research Institute ұйымының директоры

Қуаныш Оңалбаев, сондай-ақ өңірлік органдарға бөлінген қаржының көп бөлігі де бастапқыда жиын, конференцияларға жұмсалады деп көзделгенін ескертеді. Мысалға, биылғы қаңтардағы мемлекеттік сатып алулар сайтында өңірлік органдар «Волонтер жылы» үшін 292 млн теңгеге сатып алу жоспарын жариялаған. Бірақ пандемия салдарында ел ішінде төтенше жағдай орнап, бастапқы жоспардағы іс-шаралардың мерзімі кейінге шегерілді. Бөлінген қаржы көлеміне түзету енгізілуі де әбден мүмкін.

«Волонтер жылының» бюджетінде қазақстандық волонтерлердің халықаралық сұхбат алаңына шығуына да қаражат жоспарланған болатын: 35,5 млн теңге. Бұл қаржы халықаралық сарапшылармен кеңес-консультация өткізуге, азаматтық сектор өкілдерінің халықаралық іс-шараларға қатысуына қажет имидждік материалдар дайындауға, сол сияқты Нью-Йоркте, Мәскеуде, Сингапурде, Сеулде, Дубайда өтеді деп жоспарланған ғаламдық форумдарға қатысуға жұмсалуы тиіс-тін. Мақсат – Қазақстанның халықаралық аренадағы абыройын арттыру. Бірақ бұл жоспарларға әлем елдерін түгел шарпыған короновирус пандемиясы түзету енгізді.

Әйтсе де, Қуаныш Оңалбаевтың пікірінше, бұған дейін бөлінген қаржы көлемі өзгере қоймайды. Себебі жекелеген іс-шараның гранты мемлекеттік сатып алу сайтында сатылып, орындаушылармен келісімшарт жасалған. Олай болса, орындалу мерзімі кейінге шегерілді деген сөз. Ал келісімшарты жасалмаған жобалар бойынша, әрине, қаржы көлемі өзгертілуі әбден мүмкін.

Айта кетейік, биыл «Волонтер жылы» аясында жалпыұлттық жеті жоба жоспарланған болатын. Бұл жобаларды «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» жүзеге асыруы тиіс.

2020 жылға жоспарланған Қазақстандағы волонтерлік жобалар ақпан-қараша айларына белгіленген болатын.

Тақырыпқа орай

Рада Хайрушева - «Аялаған алақан» қайырымдылық қорының негізін қалаушы, жетекшісі
Рада Хайрушева - «Аялаған алақан» қайырымдылық қорының негізін қалаушы, жетекшісі

Мемлекет «Волонтер жылына» қанша қаражат бөлсе де, ол ақша волонтерді алаңдатпауы керек. Себебі волонтер бұл жолды «қоғамға қызмет етемін, шын көмектесемін» деген түзу ниетімен өзі таңдайды. Еліміздің түкпір-түкпірінде бой түзеген волонтерлер қауымы қазір қолынан келгенінше қоғамға, қоршаған ортаға көмектесіп жатыр. Биыл сол волонтерлер мен ұйымдар өзара бірігіп, ауқымды іс атқаруы керек. Волонтерлікті ел болып, ұйымдасып қолға алуды ойлаған дұрыс.

Волонтерлер атқарған игі істерді елге жария ету де маңызды. Ол басқаларға үлгі әрі волонтерлерді де ынталандыра түседі. Бір жобада волонтер болып, кейін жоғалып кететіндер де кездеседі. Сондықтан әр азамат волонтерлікті өмір салтына айналдыруы керек. Әрине, ол өмір бойы бір жерде тегін қызмет ету деген сөз емес. Әр адам аптасына 1-2 сағатын игі іске арнаса, соның өзі сауап. Волонтерлік ұйымдарға ақша емес, уақытын арнайтын ерікті жандар қажет.

«Аялаған алақан» қайырымдылық қорының құрамында Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған 5 мыңнан астам волонтер бар. Олардың негізгі қызметі – жетім балаларға, балалар үйлерінің түлектеріне, мүгедектігі бар азаматтарға, көпбалалы және тұрмысы нашар отбасындағы балаларға білім беру; балалар мен аналарды қолөнерге, сурет салуға, тігін тігуге үйрету, сол арқылы жалғызбасты әйелдердің жұмыс істеп, ақша табуына жәрдемдесу. Қазір волонтерлер елде коронавирус індетінің таралуына байланысты маска тігіп, мұқтаж жандарға тегін таратуда. Волонтерлер құрамында студенттерден бастап, табысы тұрақты, әлеуметтік жағдайы жақсы азаматтар бар. Олардың әрқайсысы аптасына 1-2 сағатын волонтерлік жұмысқа арнайды.

Айсұлу Ерниязова - «Волонтерлер лигасы» ҚҚ төрайымы
Айсұлу Ерниязова - «Волонтерлер лигасы» ҚҚ төрайымы

Волонтер болам деген адам маңайындағы жұртқа жақсылық жасап, қол ұшын беруге дайын тұрады. Және де оның түсінігінде бұл ерлік емес, әдеттегідей қатардағы қарапайым жағдай.

Қоғамның дамуына үлес қоссам деген нағыз волонтер бұл еңбегі үшін ақы сұрамайды. Бірақ волонтерді оқу ақысына жеңілдік, саяхатқа жолдама, мәдени шараларға шақыру сынды өзге де тетіктер негізінде ынталандыруға болады. Қайырымды іске араласам деген адамның бойында мықты жігер болуы керек.

«Волонтер жылы» – қазақстандықтар үшін үлкен жауапкершілік әрі мол мүмкіндік. Волонтер ел тіршілігіне белсене араласуы керек. Мысалы,төтенше жағдай енгізілгенде еліміздің түкпір-түкпірінен волонтерлер жиналып, мұқтаж жандарға көмектесуге атсалысты емес пе?..

«Волонтерлер лигасында» 5 мыңнан астам волонтер бар. Лига құрамындағы волонтерлер «Универсиада – 2017», «ЭКСПО – 2017», «Алматының 1000 жылдығына арналған 1000 игі іс», «Өз қалаңның қаһарманы бол» акциясы, Star of Asia, Еуразиялық медиа форум, Almaty Film Festival, Қазақстан-Ресей жастар форумы, Іле-Балқаш фестивалі, Jastar Alany жастар саммиті және басқа да көптеген форумдарға қатысқан.

Автор: Мейірім Бақытжанова

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить