Волонтер болам десеңіз...

13835

Қазақстанда волонтерлер қызметі туралы заң 2016 жылы қабылданды. Жалпы, елімізде волонтерлер қозғалысының белсенділігін арттыруға бастау болған Қысқы Универсиада мен ЕХРО–2017 көрмесі. Осынау ірі жобаларды ұйымдастыру барысында волонтерлер қызметін реттейтін заң қажеттілігі алға шықты

ФОТО: © Depositphotos.com/AllaSerebrina

Қазақстандағы волонтерлік ұйымдар мен жобалар туралы мәліметтер Qazvolunteer.kz платформасында топтастырылып, шоғырланған. Бұл жобаны жүзеге асыруға атсалысқан Ұлттық волонтерлік желінің мүшесі Дастан Аққожаның айтуынша, аталған платформаға Қазақстанның волонтерлік қозғалысына қосылғысы келетін кез келген азамат тіркеле алады. Бірақ қауіпсіздік мақсатында өзіндік талаптар мен тексерістер де ескерілген: арнайы бекітілген критерийлерге сай деп танылған ұйымдар мен жеке тұлғалар ғана бұл платформада волонтер ретінде сәтті тіркеле алады. Сол сияқты, әртүрлі ұйым, орган, мекемелер өз жобаларына осы платформада тіркелген волонтерді таңдап, шақырумен қатар, волонтердің жұмысына баға бере алады.

Дастан Аққожа 2015 жылы Алматыда өткен Солтүстік дисциплиналар бойынша жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында, TEDxAlmaty 2017-де, алғашқы GoViral фестивалінде, World Press Photo–2018 фотокөрмесінде волонтер болған. Қазір «Ұлттық волонтерлік желінің» мүшесі әрі сарапшысы.

F: Дастан, Қазақстанда волонтерлік қызмет қаншалықты дамыған? Қоғамның көзқарасы қандай?

- Мен 2017 жылдан бері Ұлттық волонтерлік желінің мүшесімін. Біз Qazvolunteers.kz платформасын құрып, үкіметтік емес ұйымдарға арналған әдістеме әзірледік және облыстарда бірқатар тренингтер өткіздік. Онда мектеп оқушыларынан бастап, ересектерге дейін «Волонтер деген кім? Оның қызметі, құқы, міндеті қандай? Олармен қалай жұмыс істеу керек? Волонтердің мотивациясын қалай ынталандыруға болады?» дегендей сұрақтарға жауап іздеп, базалық білім бердік.

Тренингке қатысқандардың волонтерлік қызмет туралы көзқарасын біліп, бақыладым. Көбінде волонтер жайлы түсінік бар, бірақ қате стереотипті ұстанатындар да жоқ емес. Басым бөлігі волонтерлік пен еріктілік бірдей ұғым деп есептейді. Іс жүзінде, еріктілік – волонтерліктің үлкен компонентінің бірі ғана. Волонтер – ерікті түрде қоғам игілігі үшін қайтарымсыз жұмыс істейтін адам. Оған ақы төленбейді, тек сыйақы алуына болады...

F: Волонтер жұмысын көп жағдайда қайырымдылықпен ұштастыру содан болса керек.

- Ия, волонтерлік жобада қызмет ету мен қайырымдылықпен айналысуды теңестірген дұрыс емес. Мысалы, event-волонтерлік Қазақстанда көптеп кездеседі. Бірақ ол қайырымдылық емес. Event-волонтерлік дегеніміз әртүрлі іс-шараларда волонтер болу. Қазақстанда енді дамып келе жатқан бағыт – әлеуметтік волонтерлік. Олардың қоғамға тигізер пайдасы орасан зор. Еліміздегі ең үлкен әлеуметтік волонтерлік жоба «Жеңіс» деп аталады. Осынау жоба аясында волонтерлер Қазақстандағы соғыс және тыл ардагерлеріне қамқор болып, үй шаруасына көмектесіп, дәрі-дәрмек, азық-түлік жеткізіп береді. Волонтерліктің басты қағидасы – қоғамға пайдаң тимейді екен, онда зиян келтірме.

Дастан Аққожа
Дастан Аққожа

F: «Волонтер жылы» қандай мәселе шешілуі керек?

- «Волонтер жылы» шешімін табуы тиіс маңызды мәселенің бірі – отандастарымыздың арасында волонтер туралы дұрыс түсінік қалыптастыру. Әдетте, волонтер десек көпшілік, көшеде қайырымдылыққа ақша жинап, шоколад сатып жүрген қыз-жігіттерді елестетеді. Волонтерлікпен қолы бос, ерігіп жүрген адамдар айналысады деп ойлайды. Мұндай стереотиптер волонтерліктің ұлттық қозғалыс ретінде дамуын тежейді.

F: Волонтерлер жұмысында қай елдің моделін үлгі етер едің?

- Маған Канаданың тәжірибесі ұанайды. Оларда волонтер жұмысында ешкімді жас категориясына қарап бөлмейді. Мейлі 30-да, тіпті 15-те болсаң да, кез келген уақытта волонтерлік ұйымдардың қатарына қосыла аласың. Ешқандай кедергі жоқ. Канадада, сондай-ақ белгілі-бір саладағы кәсіби волонтерлік жақсы дамыған. Біз де соған бейімделсек дұрыс болар еді.

Волонтер болу қарттар не балалар үйіне барумен шектелмейді. Қаласаң, тіпті өзің барғың келген концертте де волонтер жұмысын атқара аласың. «Волонтер жылы» волонтерлер қызметін насихаттауға немесе азаматтардың волонтерлік туралы сауатын ашуға басымдық берген жөн. Бұл жыл аяқталған соң да оны қаржыландырып-қолдауға, институционалдық өзгерістерге негізделген іс-шаралардың саны мен сапасы азаймаса дейміз. Бұл жыл азаматтардың серпін алуына, халыққа тұшымды дерек беруге көмектессе, келешекте волонтерлік қызметті әрі қарай дамыта аламыз.

F: «Волонтер жылына» мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражаттың басым бөлігі әртүрлі конференция, жиын, семинар-тренинг өткізуге, өзің айтқандай насихат, түсіндіру шараларына жұмсалуы қаншалықты дұрыс?

- «Волонтер жылына» жоспарланған барлық конференциялар, форум, жиындар пайдасыз дей алмаймыз. Бұл шаралар қоғамға волонтерлік қызмет туралы мәлімет берумен қатар, ой салады. Олай болса, бөлінген қаражат та ақталады деген сөз. Біз ел азаматтары арасында волонтерлік қызмет туралы дұрыс көзқарас қалыптасса дейміз. Бізде, мысалға, волонтерлерге өз қызметкеріндей қарайтын ұйым, мекемелер бар. Бұл дұрыс емес. Бұл заңды білмеуден туындап жатқан олқылық. Волонтер қоғам игілігі үшін қайтарымсыз жұмыс істейтін адам және ол бұған өз қалауымен, өз түйсігімен жетуі тиіс. Яғни, волонтерлік жұмысқа жұртты мәжбүрлеп апара алмайсыз. Бізде волонтерлік қызмет туралы арнайы заң бар, онда волонтердің құқығы, міндеті толық көрсетілген. Волонтерлік қызметке кіріскенде арнайы келісімшарт жасалуы тиіс. Егер волонтер болам деген азамат бұдан хабарсыз болса, онда бөлінген қаражат далаға кетті деген сөз.

Дастан Аққожа
Дастан Аққожа

МӘЛІМЕТ

Волонтер жылы атқарылуы тиіс Қазақстандағы жалпыұлттық жеті жоба:

«Сабақтастық» жобасы аясында волонтерлер балалар үйі тәрбиеленушілерін қамқорлыққа алады деп көзделген. 

«Саулық» бағыты бойынша медициналық волонтерлікті дамыту, сырқаты бар науқас жандарға жәрдем беру жоспарланған. 

«Таза әлем» жобасы қоршаған ортаны қорғауға бағытталған. 

«Асыл мұра» бағыты волонтерлерді материалдық және рухани, мәдени-тарихи мұраларды сақтау жұмысына тартуы тиіс. 

«Қамқор» бастамасы – волонтерлердің қарттар үйіндегі жұмысы.

«Білім» жобасы ауыл мектептеріндегі жоғары сынып оқушыларын ҰБТ-ға дайындау жұмысына, ағылшын тілін үйретіп, компьютерлік сауатын жетілдіруге көмектеседі. 

«Үміт» жобасы бойынша волонтерлер Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 75 жылдығы аясында отандастарымыздың ерлігін баяндайтын құжаттарды іздестірумен айналысады.

F: Волонтерлік бағдарлама жастарға, студенттерге қандай мүмкіндік береді?

  • Волонтер жұмысы еңбек өтілі болып есептеледі.
  • Волонтер студенттерге қосымша стипендия беріледі не пән кредиттерін жабуға рұқсат етіледі.
  • Осы салада жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдарға қаржылай көмек ескерілген Әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру үшін 400-ден астам шағын грант бөу жоспарланған. Әкімдер жергілікті бюджеттен қосымша грант бөле алады.
  • Еңбегімен ерекшеленген волонтерлер мемлекеттік наградаларға ұсынылады.

Мейiрiм Бақытжанова

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить