Көне қаланың жаңаруы: Түркістан әлемдік деңгейдегі туристік орталыққа айналады

14358

Шаһар қалай өзгереді, жоба қалай жүзеге асады

Фото: архив пресс-службы

Forbes.kz Түркістан қаласының даму жоспарымен танысты,  статистикалық көрсеткіштерге үңілді, бас жоспар туралы сұрап білді.

Қала қалай өзгереді

 Түркістан облысы баспасөз-қызметі ұсынған мәліметтерге сай  қазірде қаланың шығыс бөлігінен жаңа қалашық салу үшін 670 гектар жер бөлініп отыр. Ондағы әкімшілік-іскерлік орталықтың жалпы аумағы 170 гектар аумақты құрайтын болады. Оның 300 гектарына көп қабатты тұрғын үйлер тұрғызылып, келешекте қалашықта 65 мыңға жуық адам тұратын болады.  Онда облыс әкімдігі, территориалды мекемелер, құқық қорғау органдарының күштік құрылымдары, мәдениет үйлері, көрме орталығы, мектеп, саябақ, демалыс орындары орналасады.   Айта кетерлігі, бүгінде Түркістан қаласындағы халық саны 162 мыңға жуықтайды.  Шаһарда соңғы жылдары тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. 2017 жылы жалпы көлемі 33 368 шаршы метрді құрайтын баспана пайдалануға берілген.

Түркістан туризмінің болашағы қандай

Соңғы деректер бойынша бүгінгі күні рухани қалаға зиярат ету үшін жылына 1 млннан астам адам келеді екен. Оның ішінде 160 мыңдайы шетелдіктер. Болашақта бұл көрсеткіш еселеп артатын болады. Себебі,  облыстың туристік потенциалын толық іске асырылуын қамтамасыз ету мақсатында, Түркістан қаласында халықаралық әуежай мен Түркістан-Шымкент, Түркістан-Ташкент жүрдек поездарын  ашу жоспарланған. Жақын шетелдермен туристік байланысты нығайту үшін халықаралық автовокзал құрылысын бастау қарастырылған. 2018 жылы I тоқсанында  Түркістан қаласына келушілер саны 375 869 адамға жеткен, бұл дегеніміз жоғарыдағы көрсеткіштің  57,2% артқанын көрсетіп отыр.  Жуырда Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев жаңа қаламен бірге «Көне Түркістан» тарихи бөлігін жаңғырту жобасы туралы айтқан болатын.

- Жоба Қ.А.Яссауи кесенесі маңындағы қорғандарды реконструкциялауға бағытталған. «Көне Түркістан» жобасының негізгі идеялық мәнін іске асырудың 2 нұсқасы ұсынылып отыр. Оның біріншісі «Түрксой» ұйымына мүше елдердің мәдени ошақтарын нақты тарихи сипатта, өзіндік сәулеттік нақышта қалыптастыру жөнінде жобалық ұсыныстарын алу және сол елдерге тиісті нысандарды салдыру. Екінші нұсқада түркітілдес елдер тарапынан инвестиция салу мәселесімен қатар отандық немесе басқа да инвесторларды тарту жұмыстары қоса жүргізу қаралған-деп мәлімдеді әкім.

Әкімшлік дерегі бойынша, жалпы жоба 99,6 гектар жер аумақты қамти отырып, үш кезеңде іске асырылатын болады. Бірінші кезеңде Түркия тарапынан салынған мешіттің оңтүстік шығыс бетіндегі  61,8 гектар жер аумағына «Этоносаябақ» салу көзделсе, екінші кезеңде Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің қарсы бетіндегі 12,3 гектар жер аумағында «ТҮРКСОЙ» ұйымына мүше елдердің мәдени ошақтары мен сол елдердің тарихын сипаттайтын нысандардың құрылысын жүргізу. Ал үшінші кезеңде Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің 88,7 гектар аумағындағы бекініс қорғаны мен арбатты және оның  бойындағы ғимараттарды жаңғырту.

Бас жоспар қалай жүзеге асады

Қаланың бас жоспарына халықаралық байқау жарияланғаны белгілі.Өңірде болып қайтқан   ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев Түркістан қаласын дамыту бойынша жасалынатын жаңа бас жоспарды 2 кезең бойынша жүзеге асыруды ұсынған еді.

- Біріншісі түркі әлемінің мәдени рухани орталығы және Түркістан облысының орталығы ретінде Түркістан қаласының бас жоспары тұжырымдамасын үздік нұсқасына халықаралық конкурс ұйымдастырылатынын болады. Сондай-ақ, Астана қаласының салу тәжірибесін ескере отырып, қаланың тұжырымдамасын техникалық тапсырмасы мен бас жоспарын әзірлеу үшін Астана бас жоспарын тартуды немесе Түркістан қаласында филиалын құруды ұсынамын. Екінші кезеңде қабылданған 2050 жылға дейінгі тұжырымдаманы ескере отырып қаланы дамытудың егжей-тегжейлі ұсыныстары қамтылған бас жоспарды әзірлеуге кірісу. Бас жоспарды сәтті әзірлеу үшін облыс орталығы ретінде Түркістан қаласын дамытудың жол картасын әзірленген жобасына сәйкес барлық мүдделі мемлекеттік органдардың белсенді қатысуы қажет, - деді Өскенбаев.

Болашақта Түркістан туризм саласы бойынша Самарқан, Бұхара, Хиуа сияқты қалалармен бәсекелесіп, Түркі әлемінің астанасы және облыс орталығы ретінде әлемдік аренада Қазақстанның беделін биіктете беруі тиіс. Тағы бір айта кетері, Түркістан қаласындағы ЮНЕСКО-ның қорғалу аймағындағы ғимараттар Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің биіктігінен аспайтын болады.  Барлық жерде мавзолей көрініп тұруы қажет. Сондай-ақ, ғимараттар мен баспаналар ортаазиялық стильде салынады және қазақы сәулет өнері мен ою-өрнектер қолданылады. Өңір басшысы бұған дейін онда халықаралық деңгейдегі Ясауи музейін салу жоспарда бар екенін айтқан еді.  Бұл музей әлем туристерін қызықтыратын әрі тарихтан сыр шертетін ғажап орталық болады деп күтілуде. Сонымен қатар, әрбір облыс пен қала Түркістанға бір-бір нысаннан салып береді. Мәселен, Астана қаласының әкімі Әсет Исекешов «Астана» саябағын салу жөнінде ұсыныс білдіріп үлгеріпті. Қаржы, инвестиция көлемі, инвесторлар туралы жуық арада  белгілі болады. Бастысы Түркістанға қаржы салуға қызығушылық танытып отырған компаниялар  көп. 

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить