Әуе такси: Алматыда әуе серуені өз қызметін бастады

8557

Тікұшақ бағыты қандай болмақ, серуен құны қанша тұрады

Қайсар Шыныбаев
Қайсар Шыныбаев

Бұл туралы Forbes.kz тілшісіне «Astana Business Aviation» компаниясының негізін қалаушы Қайсар Шыныбаев айтып берді. Айта кетерлігі, компания директорының жеке әуе паркі жоқ, бірақ кез келген халықаралық бағытқа бизнес сапарлар ұйымдастыра алады, меншігінде тікұшақтары жоқ, бірақ қала мен шалғайда әуе серуенін ұйымдастырып беруге әзір. Бұл қызметке деген сұраныс қандай, Алматы аспанындағы сапарлар туризм үшін не береді, оның құны Астанадағы әуе таксиден неліктен жоғары, жолаушылар үшін қаншалықты қолжетімді болады, қандай тікұшақұтар қолданылады? Бұл жайында жолаушылар мен авиакомпанияларды тоғыстыру арқылы бизнесті жолға қойған компания директорының сұхбатында.

F: Астанада әуе серуенін жолға қойғандарыңызды білеміз. Алматыдағы жоба қашан басталды?

-Негізінде әуе такси қызметі бүкіл Қазақстан бойынша қызмет көрсетеді. Бірақ, қала үстімен ұшу Астанада ғана бар, енді осы жақын арада Алматыда пайда болды. Негізгі бағытымыз тау үстімен ұшу, тау арасымен серуен жасауды қолға алудамыз. Бұл жобаны біз тамыз айында бастадық. Қазір тест негізінде жұмыс істеу үстінде.

F: Бағыт қандай болмақ? Қайдан ұшасыздар, нақты бағыт қандай?

-Бұл жұмысты бастау үшін біраз рұқсат алу керек болды. Бұған дейін Алматының үстімен ұшуға рұқсат алу үшін өтініш бердік. Ұлттық қауіпсіздік комитеті, ішкі істер органдарымен бірге жұмыс жүргіздік, жобаладық. Қай жермен ұшуға болады, қай жерде болмайды деген мәселелерді шешіп алдық. Қазір бағыт белгілі, әл-Фараби көшесінің бойындағы шаңғышыларға араналған трамплиннен жолаушыларды отырғызып, Медеу,Шымбулақ,Үлкен Алматы көліне дейін жетіп, қайтып келе аламыз. Жалпы серуен уақыты 30 минут болады.

F: Астанада 20 минут сапар үшін адам басына 55 мың теңге болғанын білеміз. Алматыдағы сапар құны қанша болады?

-Құны одан жоғары болайын деп тұр. Себебі, біз тікұшақты Боралдай әуежайынан алдырамыз, ұшу алаңына жеткенше және қайта оралғанша жарты сағат уақыт кетеді, бұл қосымша шығын, сондықтан билет құны қымбаттау болады. Бірақ, дегенмен қазір біз бұл мәселені нақтылаудамыз, субсидия ретінде немесе банктің қолдауымен бағаны қолжетімді етуге тырысамыз, яғни өзге тетіктерді қолдану арқылы баға саясатын қалыптастырамыз деген ойдамыз. Қазіргі қызмет құнына келсек, жалпы, тікұшақты жалға алу 400-500 мың теңгеге дейін болады, ал адам басына орта есеппен 30 минут үшін 80 мыңнан 100 мың теңгеге дейін болады. Бұл негізінен тікұшақ маркасына байланысты. Қазір тест режимінде жұмыс істеп жатырмыз, сондықтан бағасын әлі ретке келтіреміз. Жұмыс жақында басталды.

F: Сұраныс бар ма?

-Сұраныс бар. Бұл негізінен тау үстімен ұшуға қатысты болып отыр. Бірақ, біз тек таумен ғана шектелмейміз, кез келген уақытта және барлық бағытқа ұйымдастыра аламыз. Біздің өз серіктестеріміз бар, тікұшақ компанияларымен тығыз байланыс орнатқанбыз. Олармен өзара келісім-шарттарымыз бар. Бір сөзбен айтқанда олардың ұшақтарын қолдану арқылы жолаушылар тасымалдаумен айналысамыз, біздің мақсат сапарды ұйымдастыру,осылайша жолаушыларға қызмет көрсету,табыс табу. Бұл барлық тарапқа тиімді. Жұмысымыз осылай жүйеленген.

F: Тікұшақ маркалары қандай?

-Қолданылатын тікұшақтарымыз негізінен Eurocopter маркалы техникалар, модельдері 130, 135, 145. МИ-8 әуе кемесімен ұша аламыз, бірақ оны қыста пайдаланатын шығармыз. Себебі, бұл кезде шаңғышылар қатары артады, сол кезде осы техниканы қолданамыз деген жоспарымыз бар. Бұл қысқы туризмге әуестер үшін қызық болады деген сенімдеміз және осы бағытта мақсат қойып, жұмыс істеп жатырмыз.

F: Әуе такси қай елдерде кеңінен дамыған? Шет ел тәжірибесі қандай?

-Әлемдегі барлық дамыған елдерде бар десек болады. Әсіресе,үлкен қалаларда, Дубай, Лондон, Мәскеу, Қытайда, Токиода. Мен олардың тәжірибесін зерттедім, Ресейде болдым,бардым,қызметтерімен таныстым. Бәрінде жолға қойылған, жақсы табыс табады. Бізде дамуға тағы бір қадам жасадық. Алматыдағы қызметіміз туризмге ерекше әсер етеді деген сенімдемін. Бастысы қызмет сапасы жоғары болуы тиіс.

F: Қазақстанда сіздерден өзге компания бар ма? Яғни, бәсеке бар ма?

-Әуе такси бізде тек қала үстімен және өзге аймақтарға ұшады, ондай тасымалмен айналысатын жалғыз компаниямыз. Ал халықаралық тасымалдарда әрине, бар. Себебі, арнайы сапарлар,чартерлік рейстер ұйымдастыратын компаниялар көп. Ең бастысы соған сай болу керек.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить