Тығырықтан шығар жол: Берч пен Руссельден нұсқаулық

10102

Сән индустриясының премиум сегментінде ақырзаман тықыры сезіле бастаса керек. ХХІ ғасырда бой түзеген ең ірі бөлшек сауда желісінің біріне иелік ететін Тори Берч (Американың self-made саласындағы ең ірі кәсіпкер), пандемия жағдайында тығырықтан шығар жол іздеп, компанияны құтқару шараларын жүзеге қалай асырғанын Forbes басылымына іштей көрсетіп, ашық әңгімелеп берді

Хэмптонстағы қабырғасы қызыл кірпішпен әрленген Тори Берчтің кеңсарайдай оңаша үйінде көркем етіп безендірілген шағын кітапхана бар. Биыл наурызда ұйқысыз, күлкісіз өткен жеті күннен кейін сол кітапхана біржолата әскери штабқа айналды. Tory Burch сауда маркасының бас директоры әрі Торидің жұбайы Пьер-Ив Руссель бүйірдегі жасыл диванға жайғасты, ал оған қарама қарсы – терезе алдындағы үстел басына компанияның директорлар кеңесінің төрайымы Тори Берч өзі орнықты. Үш апта болды – ерлі-зайыптылар бұл бөлмеден аяқ аттап шыққан жоқ.

«Бір күн отырдық, екінші күн, артынша үшінші күн, осылайша күн санап кете берді, енді, міне, апта соңынан апта ауысуда», – деп әңгімелейді Тори Берч. Парк-авенюдегі пәтерінен шағын чемоданмен ғана шыққан ол, Хэмптонсқа 6 наурызда келген-ді. Сол тұста Тори Берч КВИ карантині ұзаққа созылмайды деген сенімде болатын. «Біз бір ай бойы демалыссыз жұмыс істедік. Үрейлі едік: 2008 жылғы дағдарыс бір күннің ішінде біздің бизнесті астан-кестен етті. Алайда биылғы жағдай одан да асып түсті, бұл күйзеліс 2008 жылғыдан да ауыр», – дейді ол.

Люкс дәрежесіндегі сәнді бренд нарығына карантинге дейін де тұрақтылық тән емес-тін. Бірақ бұл жолы коронавирус кесірі бастапқыда болжанған тәуекелдердің бәрінен асып түсті. Шектеу шараларының салдарында бүкіл әлем бойынша дүкендер бірінен соң бірі жабылып жатты. Еуропа мен Солтүстік Америкадағы премиум тауарлар саудасының 30%-ын «жасап беретін» қытайлық туристер өз елінен шыға алмай қалды. J.Crew, Neiman Marcus, Brooks Brothers сынды ірі брендтер өздерін банкрот деп жариялады. Gucci және LVMH брендтерінің бас компаниясы болып табылатын Kering-тің (кезінде Руссель сонда жұмыс істеген) екінші тоқсандағы кірісі 40%-ға дейін төмендеп кетті. Ralph Lauren саудалары үштен екіге омақаса құлады.

Жағдайдың ушыға түскенін жақсы түсінген Берч пен Руссель, санаулы апта ішінде Tory Burch дүкендерінің (әлем бойынша олардың саны 315) бір сыпырасын жабуға мәжбүр болды. Осылайша оларға қызметкерлерінің басым бөлігін ақысыз демалысқа жіберіп, бизнесті кеңейтуге негізделген жобалардан бас тартуға тура келді. Дәл осы кезеңде әріптестерінің бірі COVID-19 дертіне шалдығып, қайтыс болды. Бұл шынында да өте ауыр күндер еді. Ерлі-зайыптылар енді Tory Burch LLC компаниясының жойылуына жол бермеу үшін шұғыл шаралар жоспарын әзірлеуге кірісті.

Бүкіл әлем үшін, бизнес пен бөлшек сауда үшін осынау шешуші сәтте тығырықтан шығар жол іздеген Тори Берч пен Пьер-Ив Руссель компанияда қалыптасқан қиын жағдай туралы Forbes басылымымен ашық әңгімеге келісім берді. Сегіз ай орамында олар көптеген мүмкіндіктерді байқап көрді: тауар жеткізу барысын қайта бөліп, дүкендерді жапты, онлайн саудасын толығымен жаңартты. Тори Берчтің барлық арман, мақсаты өзі ашқан бизнесті барынша сақтап қалу болатын. Қалай дегенмен, 2019 жылы бұл бизнес $1,5 млрд шамасында ақшалай түсім берді емес пе? Ал тапқан пайда, Forbes бағалауынша, 11%-ды құраған-тын.

«Бақылау тізгінін жоғалтып алмас үшін қай бағытта дамыған дұрыс? Белгісіздік жағдайында тиісті шешім қабылдау оңай емес. Сол кезде өзімізді мүлдем шарасыз сезіндік», – деп әңгімелейді Тори Берч. Қоғамдық орындарда инфекция жұқтыру қаупі арта түскен мұндай сәттерде ел-жұрт далаға шығуға жүрексініп, омалып үйде отыруы заңдылық. Тұтас бір сауда инфрақұрылымын белгісіздік шарлаған бұл жағдай біреуге – сабақ, біреуге – қамақ...

Берчтің балалық шағы алаңсыз да шуақты болды. Ол Пенсильвания штаты, Вэлли-Фордж мекеніндегі зәулім сарайда әке-шешісімен бірге тұрды. Анасы – актриса, әкесі – қаржыгер болатын: олар мұнтаздай етіп мінсіз киінудің өзі өнер деп есептейтін. 1988 жылы Тори Пенсильвания Университетін аяқтап, өнер тарихы бойынша бакалавр деңгейін алады. Әке-шешесінің ықпалымен бала кезден бар қиялы сән әлемімен ұштасқан Тори енді Нью-Йоркке жол тартады. Бастапқыда ол кезінде анасы қатты сүйсінген югослав дизайнері Зоранның қол астында, кейін Harper’s Bazaar баспасында және Ralph Lauren, Vera.

Wang компанияларының PR- бөлімдерінде жұмыс істейді. 1996 жылы Тори белгілі инвестор Крис Берчке тұрмысқа шығады. Уақыт өте ерлі-зайыптылар бірлесе жинақтаған инвестициялық қоржын оларға байлық жағдайын арттырумен қатар, Нью-Йорктегі жоғары дәрежелі ауқатты ортада танылып, тұрақтауға мүмкіндік берді. Алғашқы Tory Burch бутигін ерлі-зайыптылар 2004 жылдың ақпанында Манхэттендегі Нолита ауданында ашты. Бренд философиясына Торидің премиум деңгей мен қолжетімділік мүмкіндігін ұштастыру идеясы негіз болады. 2005 жылы Ториді әйгілі Опра Уинфри өзінің шоу бағдарламасына шақырады. Эфир өткеннен кейінгі келесі күні Tory Burch сайтына 8 млн адам кіргені анықталады. Торидің танымалдығы артқан сайын, сауда көрсеткіштері де жоғары өрлеп, ақшалай түсім 17 млн долларды құрайды. Араға екі жыл салып, сауда көрсеткіші $113 млн дейін ұлғаяды. Ал Торидің «Т» әрпі түріндегі алтын түсті логотипі дүние жүзінде танылған люкс дәрежесіндегі брендтердің эксклюзивті тізіміне енгізіледі.

Алайда осы кезеңде ерлі-зайыптылар арасында араздық туындап, 2006 жылы Тори Берч заңгерлерге жүгінеді. Екі жылдан кейін Тори мен Крис ресми түрде ажырасып тынады. Бірақ 2012 жылы заңдық тұрғыда қосымша қиындықтар көрініс береді: Торидің пікірінше, Крис ашқан жаңа C. Wonder жекеменшік фешен-бренді кезінде ерлі-зайыптылар Tory Burch брендін құруға бірлесе әзірлеген идеяларды көптеп қолдана бастаса керек. Әйтсе де 2013 жылы Тори мен Крис өзара бітімдік келісімге келе алды. Сол тұста Tory Burch LLC иелігінде 54 дүкен бар болатын, ал компания айналымы $800 млн құрайтын. Forbes миллиардерлері рейтингіне Берч алғаш рет сол кезде енді. Ал Крис директорлар кеңесіндегі орнын босатып, өзіне тиесілі 28% акцияның басым бөлігін General Atlantic және BDT Capital сынды жаңа миноритар акционерлерге $650 млн сатып жібереді. Тори Берчтің айтуынша, көпшілік алдында мәлім болып, талқыға салынған ажырасу процесі оның өміріндегі ең қиын кезеңдердің бірі еді.

Бір жылдан кейін Тори бүгінгі жұбайы Пьер-Ив Руссельмен кездесе бастайды. Сол кезде LVMH компаниясындағы басшылық қызметте Celine, Givenchy, Kenzo және Marc Jacobs сынды халықаралық брендтерді басқаратын Руссель, LVMH брендінің негізін қалаған миллиардер Бернар Арноның арнайы кеңесшісі болатын. Берч пен Руссель 2012 жылы LVMH Торидің компаниясына инвестиция салу мүмкіндігін қарастырып жатқан тұста танысады. Бұдан кейінгі төрт жылда Руссельге өз өмірін екі құрлықта, яғни Нью-Йорк пен Париж арасында бірдей өткізуге тура келген. 2018 жылдың желтоқсанында Тори Берч және Пьер-Ив Руссель үйленіп, тойын Антигуада – кезінде әйгілі әулеттің мұрагері Банни Меллонға тиесілі болған, бүгінде Берчтің меншігіндегі әсем отауда өткізеді. «Біз бір елде, бір шаңырақта бірге тұрғанды қаладық, сөйтіп, некеге отырдық», – деп әңгімелейді Берч. Ол Руссельге Tory Burch компаниясының директоры болуды ұсынады. Бірақ Руссельді көндіруге ұзақ уақыт кетеді. «Пандемияға дейін де бізге бірлесіп жұмыс істеу оңай соққан жоқ,– дейді Руссель. – Біз екі елдің, екі түрлі әлем мен екі түрлі мәдениеттің, екі құрлықтың өкіліміз». Түптің-түбінде Руссель компанияны басқаруға өз келісімін береді.

«Бастапқыда ол өте көп күмәнданды, мен білемін, – дейді Vogue журналының бас редакторы Анна Винтур (сән индустриясында көптен бері жұмыс істейтін ол Руссельді жақсы таниды). – Әйелімен бірге жұмыс істеу ер азаматқа тіпті де оңай емес, сондықтан да түпкілікті шешім қабылдау үшін оған біраз уақыт керек болды». Үйлену тойынан кейін араға екі апта салып, Тори Берч компанияның бас директоры лауазымына Пьер-Ив Руссель тағайындалғанын жария етті. Руссель жаңа қызметіне 2019 жылдың қаңтарынан бастап кірісті, ал Берч – атқарушы төрайым ретінде шығармашылық бағытқа барынша көңіл бөлетінін мәлімдеді. Екі құрлықтың өкілі құрған бұл серіктестіктің алында әлі де біраз ауыр сынақ бар еді.

COVID-19 аясындағы әлемдік дағдарыс сыр берген тұста Тори Берчтің карьерасы шалықтап, бизнесі дүрілдеп тұрды. 54 жастағы кәсіпкер әйелдің айтуынша, дүние жүзінің 35 елінде дүкен ашып, пайда тапқан компанияның 16 жылдық тарихындағы ең сәтті, ең табысты ай биылғы қаңтар болған. Қаңтардағы табысқа қанаттанған Берч тіпті қыркүйекке белгіленген Нью-Йорктегі сән апталығынан да бас тартқан. Бұл оған миллиондаған долларын үнемдеуге мүмкіндік берді. Анығын айтқанда, фешен-индустрия өкілдерінің бірқатары Сән апталықтарын босқа ақша шашу деп есептейді. Берч оның орнына Манхэттендегі Мерсер-стритте ашылуы тиіс жаңа бутик маңындағы көше бойында кешкі думан жоспарлап, кең ауқымды көрсетілім өткізуді ойлағанды 28 қаңтарда McDonald’s пен Starbucks Қытайдағы бірқатар сауда орындарын тоқтатуға мәжбүр болды. Сол күні Tory Burch LLC құрлық Қытайдағы 29 бутигін жабуға кірісті, оның ішінде Шанхайда 900 шаршы метр алаңды алып жатқан аталған желінің әлем бойынша ең үлкен дүкені де бар еді. Алдымен Азияда, артынша Еуропада енгізілген карантиндер салдарында Tory Burch өнімдерін шығару барысы әп сәтте бәсеңсіп қалды. Бірінші толқын өнім жеткізу тізбегіне соққы берді. «Қажет бөлшектердің кейбіреуі, мысалы, түйме сияқты, Италияда өндіріледі. Италия жабылып қалғанда, біз бір ғана түйме үшін жоспардағы жейдені шығара алмай, әуре болдық», – деп түсіндіреді Берч.

Қажет бөлшектерді жеткізу барысы қиындап кеткен соң, команда мүшелері бастапқы дизайнды өзгертуге не мұндай тауарларды саудадан алып тастауға мәжбүр болды. Бұл тұрғыда алғашқы түйінді мәселе Үндістанда және Шығыс Еуропада тігілетін дайын көйлектер мен Италияда жасалатын аяқ киімдерге қатысты туындады. Әрине, Берчтің командасы тауарды саудадан шығармау үшін қолдан келгеннің бәрін ескерді: кей жағдайда өткен маусымнан қалған маталарды қолданса, енді бірде COVID-19 соққы берген Азия және Еуропадағы өндірісті Бразилияға ауыстыруға екпін берді.

Осы арада сапа мәселесі сыр берді. «Кей өнімдер бойынша ұсынылған үлгілер көңілден шықпады», – дейді Руссель. Сондықтан да оларға бұл тауарларды сауда желісінен біржолата шығаруға не қолда бар бөлшектерді қолдана отырып, дизайнды қайта өзгертуге тура келді. Берч тіпті әшекей бұйымдар бойынша Бразилия бағытындағы тапсырыстан да бас тартты: ондағы өндіріс жоғары сапалы өнім ұсына алмады.

Келесі қадам – дайын өнімдерді сатылу көрсеткіші жоғары елдерге ауыстыру дегенге келіп тірелді. Шынайы жағдай бойынша барлық мәліметті талдап, сатып алушылар сұранысы өшпеген және дүкендер ашу мүмкіндігі бар нарықтарды сарапқа салған Руссель, Азияның бірқатар елдеріндегі тауарларын Қытайға, Еуропадан – Құрама Штаттарға ауыстырып, америкалық дүкендердің біразындағы өнімдерді Атлантада орналасқан онлайн дүкеннің тауар бөлу орталығына жеткізгенді жөн көрді. Руссель, маусымдық өнімдерге деген тапсырысты қысқартып, тұрақты сұранысқа ие – сөмкелер, кроссовкалар сынды тауарларға пәрмен береді.

Өнім желісін сақтап қалу – бұл компаниядағы түйінді мәселелердің әншейін бер жағы ғана еді. Қолдағы өнімді қай нарықта сатқан дұрыс? Сол сәтте бұл өте маңызды әрі қиын сұрақ болатын. Әлем елдері карантинге жабылған сайын Берч меншігіндегі дүкендер де шығынға ұшырап жатты. Наурыздың ортасын ала Берч пен Руссель 315 Tory Burch бутигінің жартысынан астамының жұмысын тоқтатты. Оның ішінде АҚШ-та – 111, Канадада – 6, Еуропада – 13 бутик пен Қытайдағы 38 дүкеннің біразы жабылды. Ақпанның соңында Қытайдағы дүкендердің кейбіреуі қайтадан іске қосылды. Артынша компания АҚШ пен Еуропадағы бөлшек сауда желісіндегі қызметкерлерінің басым бөлігін ақысыз демалысқа жіберді (әлем бойынша 5000 қызметкердің қаншасы екені белгісіз, олар бұл туралы айтқан жоқ), бірақ Америкадағы жұмыскерлеріне әлеуметтік сақтандыру шығындарын төлей алды.

«Өзің құрған компанияны құтқара алмау – өте ауыр сезімдерге жетелейді, эмоция атаулы шектен тыс және бәрі де күрделі де түйінді сезімдер», – деп әңгімелейді Берч биыл қыста орын алған мәжбүрлі шешімдер туралы.

Пандемиядан зардап шеккен миллиондаған кәсіпкерлер секілді ерлі-зайыпты Берч пен Руссель де ауыр сынақ кезеңінде эмоцияға берілмей, сабырлық танытуға тырысып бақты. Бұған дейін Руссельдің компанияны дамыту жоспары Азия нарығына негізделіп құрылған болатын: олар 2022 жылдың соңына дейін Қытайда 20 шақты дүкен ашуды көздеген-ді. Бастапқы жоспардан бас тартқысы келмеген Берч пен Руссель жазға дейін қолдан келген барлық мүмкіндікті елеп-ескерді: жаңа дүкендер ашу мерзімі барынша кейінге қалдырылып, биыл тек екі сауда орны іске қосылды, енді желтоқсанда тағы екі дүкен ашылуы тиіс. «Кеше ғана жұмыс істеп тұрған дүкендер бірінен соң бірі жабылып жатқанда, не істеріңді білмей, әрі-сәрі күйде боласың, бірақ амал қанша? Бұл дүкендер қашан ашылады? Оның жауабын біз өзіміз де білмейміз. Бұл кез келген компания үшін сын сағаты, төзім қайғысы болса керек», – дейді Руссель.

Компания 2021 жылға белгіленген жаңа киім жиынтығы бойынша өз жоспарларын қайта қарауға да мәжбүр болды – ондағы заттар 20%-ға қықарған (Берчтің айтуынша, мұндай шешімге ол пандемияға дейін-ақ келсе керек). Болашақта Tory Burch киімдерінің жиынтығына аяқ киім модельдері (мейлінше көбірек сатылатын үлгілері – Tory Charm лоферлері және Tory кроссовкалары) мен сатып алушылар ұзақ қолданатын тауар не инвестиция деп есептелетін сөмкелерді көбірек қосу ескерілген. Басқа ассортимент бойынша айтарлықтай өзгеріс жоқ: аталған бренд қазірдің өзінде күнделікті және кешкі киім үлгілерімен қатар, спорт киімдерін де кеңінен ұсынып отыр.

Саудадағы бестселлер тауарлар қатарында ашық түсті сандалдар мен титімдей ғана әдемі сөмкелер бар, сонымен қатар, 2015 жылдан шығарыла бастаған Tory Sport спорттық киім жиынтығы да жақсы нәтиже беруде: оларға деген сұраныс әлі де жоғары. Компания бұл тұрғыдағы өнім желісін өз сайтының негізгі бетіне шығарып, оған қатысты жаңа тарау қосты және де бұл тауарлар бойынша көбірек ақпарат таратуда. Пандемия басталғалы Tory Sport тауарларының онлайн саудасы «30%-дан астам жоғары өскен».

Жаңа модельдерге қатысты өз жұмысын аяқтау үшін Берч жүк көлігін алдыртып, тігіп бастаған көйлектерді түгелдей Хэмптонстағы үйіне жеткізеді. Сөйтіп, ас үйін шеберханаға айналдырып, ондағы кілем, жиһаз атаулыны сыртқа шығарып тастайды: олардың орнын киім ілгіштер мен орама маталар басады. Киім кию мәнеріне орай Тори Берч көпшілік үлгі алатын сәнді тұлға ретінде танылғанымен, оның аласа бойы стандартты үлгідегі модельдерді өзіне өлшеп, тігуге мүмкіндік бермейді. Сол себепті Тори жаңа топтамадағы көйлектерін өзінің екі қызметкеріне шақтап тіккенді жөн көрген, Берчтің айтуынша, ол екеуінің «параметр көрсеткіштері киім өлшеуге ыңғайлы модельдерге жақын».

Тори Берч үшін бұл эмоциялық тұрғыда әбден шаршатып, қажытқан, сюрреалистік деп сипаттауға тұратын процесс еді. Оның сыртында, компанияда 14 жыл бірге жұмыс істеген әріптесі әрі жақын досы COVID-19 дертінен қайтыс болды (Берч бұл жайында аса айтқысы келмеді). «Мен үшін бұл өте ауыр әрі қиын кезеңдер еді, жүректегі сызат әлі біраз уақыт басылмайды деп ойлаймын», – дейді ол. Ал осыдан екі ай бұрын ғана жағдай мүлдем басқаша еді...

Мойындау керек, биылғы пандемия бизнес тарихындағы ең ықпалды үдеткіштің бірі болып отыр. Бөлшек сауда өкілдері (ірі желілер де, отбасылық шағын сауда да) барлық процестерді аяқ астынан өзгертіп, бүгінгі жағдайға бейімделуге барынша ден қоюда. Қиындықтарға төтеп бере алғандары онлайн шешімдерді көптеп қолдануда: бұған дейін олар бұл бағытты мүлдем ескерген жоқ-тын.

Tory Burch компаниясы да солардың қатарында. Руссель ресурстардың басым бөлігін электронды сауда мен онлайн жарнама инфрақұрылымына бағыттады: ең алдымен, Қытайда, Таяу Шығыс пен Жапонияда. Пандемияға дейін, әсіресе, премиум деңгейдегі бренд саудасы $31 млрд құраған жапон нарығында онлайн сауда аса елеулі емес-тін. Люкс дәрежесіндегі тауарларды сатып алушылар әдетте төлем жасамас бұрын өздері көксеген тауарды көзбен көріп, қолмен ұстағанды жақсы көреді.

Алайда коронавирус тұтынушылардың әдет-ғұрыпына, қимыл-әрекетіне өзіндік өзгерістер енгізуде: Tory Burch брендінің бірқатар тауарларын Руссель Alibaba сайтындағы бөлшек саудаға арналған Tmall алаңына шығарып, сата бастады. Сонымен қатар, ол Tory Burch сайтының халықаралық желісін жетілдіріп, кеңейткенді дұрыс көрді. Маусым айында Кувейт, Сауд Арабиясы және Біріккен Араб Әмірліктері клиенттеріне арналған араб және ағылшын тіліндегі сайт іске қосылды. Шілде және тамыз айларында сайтты жетілдіріп, толықтыру жұмыстары жүргізілген соң, қызметкерлер аясы ұлғая түсті. Tory Burch компаниясының барлық 12 сайты мобильді құрылғыларға шақтап оңтайландырылып, жасанды санаға негізделген дербестендіру ұсыныстары сервистерімен жасақталды.

Өз кезегінде Берч сайтқа стилистердің виртуалды кеңесін енгізді, енді клиенттер бейне чат арқылы әртүрлі модельдерді барынша дұрыстап көре алады. Ең маңызды деген клиенттер тығыз байланыс мүмкіндігіне ие. Өз брендінің инстаграмдағы жанкүйерлерімен жақын араласып, ұдайы ой бөлісіп отыратын Берч, тамыз айының соңында Zoom-конференция негізінде 35 клиентпен кездесіп, олардың бренд туралы пікір-ойын тыңдауға ден қойды. Компания, сондай-ақ жұмыстан тыс уақытта да жеке кеңес ұсынып, үйде өлшеп киюге болатын үлгілерді таңдауға көмектесетін стилист-консьерж қызметін іске қосты.

Мұның бәрі дер кезінде енгізілген шаралар. Әлем елдеріндегі шектеулер біртіндеп сейіле бастағанда, Берч пен Руссель дүкендерін қайта ашып, ақысыз демалысқа жіберген қызметкерлерінің басым бөлігін қайтадан жұмысқа шақырды. Маусым айының басында 315 дүкен түгелдей өз жұмысын қайта жандандырды, бірақ сатып алушылар қатары әзірше бәрібір сирек. Берчтің айтуынша, пандемияға дейінгі көрсеткішпен салыстырғанда, сатып алушылар саны қазір 45%-ға дейін төмендеп кетсе керек.

Қызметкерлердің бірінің айтуынша, өткен сенбіде Манхэттендегі Митпэкинг ауданындағы Tory Burch дүкеніне бар болғаны үш-ақ адам келген. Әйтсе де Берч, сатып алушылар бәрібір $225 тұратын Tory кроссовкалары мен $700 тұратын жаңа Eleanor сөмкесін сатып алуға ниетті деген сенімде: олардың орта жасы біршама төмен және олар пандемияға дейінге кезеңмен салыстырғанда сауда жасауға дәл қазір бейімді.

«Сын тезінен сүрінбей өтуі тиіс осындай компания құру үшін мен 15 жыл тәулік бойы жұмыс істедім, – дейді Берч. – Біз мықты да күшті болсақ дедік, қиындықтарды дер кезінде еңсеріп, ауыр сыннан сүрінбей өтуді көздедік, бизнесті құтқару үшін қолдан келгеннің бәрін жасап, бағытымызды да өзгерттік, біз – дегенімізге жеттік». Бұл тұрғыда Тори Берчтің тәжірибесі жеткілікті деуге болады. «Берч шығын мәселесіне өте мұқият қарайды, – дейді 2005 жылдан 2016 жылға дейін Tory Burch президенті қызметінде болған Бриджитт Клейн.Осындай тәсілді барынша дамытып, ұстанатын болсаңыз, мұндай шешім дивиденд түрінде нәтиже береді».

Компанияның бүгінгі көрсеткіштеріне бақылап қарасақ, үміт жоқ емес. Бөлшек сауда мен онлайн дүкендердегі кредиттік карталар арқылы өтетін аноним транзакцияларды зерттеп, сарапқа салатын Second Measure мәліметтерінше, Tory Burch компаниясының жағдайы көктемде қиындай түскені анық көрінді: алдыңғы жылмен салыстырғанда АҚШ-та тікелей сатылымдар – биыл сәуірде 67%-ға, мамырда 41%-ға құлап түскен. Бірақ аталған зерттеу көрсеткендей, Берч пен Руссель тізгінді дереу өз қолдарына алып, жағдайды барынша өзгерткен: тамызда былтырғы жылмен салыстырғанда, төмендеу көрсеткіші бар болғаны 4%-ды құраған. Tory Burch LLC өкілінің айтуынша, Second Measure мәліметтері, жалпылай алғанда дұрыс, бірақ онда PayPal не Apple Pay арқылы қолма қол төленген сатылымдар ескерілмеген. Берч пен Руссель, биыл Tory Burch сатылымдарының ауқымы шамамен 20%-ға қысқарып, $1,2 млрд құрауы ықтимал деген болжам айтады. «Әрине, біздің жағдайымыз бұрынғыдай емес, біз оны түсініп отырмыз», – дейді Берч.

Tory Burch әлі де пайда әкелетін компания ма? Бұл жайында ерлі-зайыптылар ештеңе айтқан жоқ: шыққан шығындар туралы да ләм-мим демеді. Руссельдің айтуынша, компания қарыздары «ақылға қонымды шектен аса қойған жоқ». Сауданың қысқаруы мен өзге де ашық саудаға түскен сәнді брендтердің бағалық құнын төмендету аясында Forbes Берчтің 28,3% үлесінің бағасын $500 млн дейін төмендеткенді (2019 жылғы $800 млн) жөн көрді.

Әйтсе де ақшалай қаражат және жылжымайтын мүлік түріндегі активтерін қосқанда ширек миллионға жетіп қалатын Берчтің әл-ауқаты $750 млн тақап қалса керек. Олай болса, Forbes болжамына сай, Тори Берч Американың ең ауқатты self-made келіншектері тізімінде 26 орынға жайғаса алады деген сөз. Forbes жария еткен миллиардерлер рейтингінде Берч 2013 жылдан 2015 жылға дейінгі аралықта болған-ды: биржада сатылатын сәнді брендтердің бағалық құны төмендеген кезде, ол рейтингтен шығып қалды.

Бірақ ол нарық ішінен бәрібір ығысқан жоқ. Жұбайы Руссельмен бірлесе қолға алған биылғы дағдарыс шаралары – олардың бизнесіне ұзаққа негізделген мүмкіндіктерге жол ашуда. Руссельдің айтуынша, бүгінде компания әлі де орын алуы ықтимал тәуекелдерге дайын, қажет болса – өнім жеткізу тізбегін қайтадан өзгертуге де болады. Пандемия аясында киім-кешек нарығындағы тұтынушылар таңдауы күнделікті киім үлгісіне қарай өзгеріп жатыр, соған қарамастан, Берч – ең қиын кезеңдерде де әйелдер қауымы әдемі киінсек деген ұстанымнан бас тартпайды, сауда барысы олар үшін қуаныш әкелуі тиіс деп есептейді.

«Біздің топтамаларда бүгінде аты аңызға айналған, инвестиция деп танылған модельдер де бар, – деп қосады Руссель. – Олар қай кезеңде де сәнді болып қала береді. Дағдарысты еңсеру деген осы болса керек». Бүгінгі жетістіктерін бекітіп алуды көздеген Руссель мен Берч бизнес аясын әрі қарай кеңейтуді қарастыруда: олар жыл соңына дейін Канадада үш дүкен, Австралияда – біреу, Қытайда екі дүкен ашуды жоспарлап отыр. 2021 жылдың басында компания Қытай нарығындағы сатып алушыларға арналған сайт ашып, екінші жарты жылдықта – Гонконг, Сингапур, Австралия, Бразилия бағыттарын қамтымақ.

«2008 не 2009 жылдардағы қар-жылық дағдарыс қарсаңында сіз Goldman Sachs акцияларын сатып алар ма едіңіз? Жоқ, әрине, әсіресе, болашақты бағамдай алатын мүмкіндігіңіз бар болса, – деп пікір қосады Tory Burch компаниясының миноритар акционері болып табылатын BDT Capital Partners инвестициялық және консалтингтік фирмасының негізін қалаған Байрон Тротт. – Бірақ тіпті пандемияға қарамастан, біз компанияға инвестиция салған сегіз жылдың ішінде Торидің бизнесі қаржы-лық тұрғыда айтарлықтай төзімді әрі тұрақты болып шықты».

Бұл тұрақтылыққа енді күйзеліс жағдайындағы шынығып, нығаюды қосыңыз. «Егер дағдарыс одан әрі күшейіп, біз дүкендерді сол қалпы аша алмасақ, онда жағдай мүлдем басқаша өрбитін еді, – деп мойындайды Руссель. – Дегенмен, қиын кезеңді біржолата еңсердік деп айтуға әлі ерте. Алда бізді не күтіп тұрғаны әзірше белгісіз».

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить