Тәуелсіз БАҚ-тың даму сценариі қалай өрбиді?

1993 жылы БҰҰ Бас ассамблеясы мамырдың 3-ін «Дүниежүзілік баспасөз еркіндігі күні» деп жариялап, сөз бостандығы мен оған төнетін қауіпқатерге назар аударуға шақырды

ФОТО: © READY-STEADY

«Шекарасыз репортер» (RSF) ұйымы Адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясының 19-бабында жазылған сөз бостандығына кедергі келтірген, баспасөзге тісі батқан президенттер мен үкімет жетекшілерінің тізімін жасауды дәстүрге айналдырған. Бұл тізімге 2010 жылы Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев та кірген.

Шекарасыз репортер» дерегіне сүйенсек, биыл әлем бойынша 24 журналист пен БАҚ саласындағы 2 көмекші өлтірілген, 365 журналист, 93 азаматтық журналист, БАҚ саласындағы 19 көмекші бас бостандығынан айырылған. Мұндай жағдай сөз бостандығын мойындамайтын елдерге тән. Қазақстан екі ұйым рейтингінде де «қызыл сызықта» тұр.

Тәуелсіз медиа – либерал идеология дискурсы

Журналистика тәуелсіз медиа қалыптасқан елде өркендейді. Ал тәуелсіз медиа қалай пайда болады? Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті қауымдастырылған профессоры Молдияр Ергебеков бұл сұрақтың жауабын былайша тарқатты:

«Тәуелсіз медианың расында да тәуелсіз бола алуы үшін ең маңызды шарт, өте қысқаша айтқанда, медиа органының бар білетін ісінің журналистика болуы және жүз пайыз оқырман/көрермен тарапынан қаржыландырылуы керек екенінде жатыр. Аудиторияның қаржыландыруынан кенде қалған медиа, кім немесе қай ұйым тарапынан қаржыландырылса да, яғни қаржыландырушы жеке кәсіпкер болса да, жарнама беруші болса да, үкімет болса да немесе әлемдегі ең демократия- лық елдің гранттық немесе басқалай қолдауы болса да, журналист те, медиа да тәуелсіз бола алмайды. Өйткені қаржылай қолдаушылар әрдайым журналистің аузына қақпақ болып, қолына кісен салады. Мұның демократы да солай, тоталитары да солай. Өкініштісі, елімізде мемлекеттік медиа да, өзіне «тәуелсіз медиа» деп ат берген жекеменшік медиа да көбінесе агитация және пропагандамен айналысып отыр».

Соңғы жылдары интернет медиасы арқылы альтернативті медиа, тіпті нағыз тәуелсіз медианың қалыптасуы мүмкін екенін сүйіншілеген көптеген ғылыми/ғылыми емес зерттеулер жарық көрді. Алайда уақыт өте келе интернет-медианың да жарнама алуға ұмтылып, жарнамадан түсетін табысқа тәуелді болғанына баршамыз куә болып жүрміз. Олай болса не істеу керек?
Сарапшы қойған сұрақтың жауабын түйінсөзде жазамыз. Оған дейін еліміздегі ақпарат құралдарының даму бағытын бағалап көрсек.

Мемлекеттік ақпарат саясатының логикасы өзгеруі керек

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ресми сайтындағы ашық дереккөзде Қазақстанда 1743 газет, 2099 журнал, 346 ақпарат агенттігі (сайттар), 213 интернет басылым, 191 отандық арна, 276 шетелдік арна, 84 радио, 3076 шетелдік мерзімді баспасөз басылымы тіркелгені туралы мәлімет бар. Мыңдаған ақпарат құралы тіркелгенімен, оның барлығы тәуелсіз емес. Ендеше тәуелсіз БАҚ-тың болашағын қалай болжаймыз?

«Журналистика жағдайы екіүш жыл бұрынғыдан жақсырақ, бірақ зор үміт артудың қажеті жоқ. Жақында жаңа интернет-басылымдар пайда болады, сол кезде санға емес, сапаға мән беру керек. Бірақ ол БАҚ-тар белгілі бір топтардың, саяси күштердің, кландардың пікірін білдіреді. Оларды «тәуелсіз баспасөз» деп атауға бола ма? Бұл адамның осы терминге қалай қарайтынына байланысты. Мен үшін ақпарат құралы неғұрлым көп болса, соғұрлым жақсы. Бірақ, өкінішке қарай, нағыз журналистік зерттеу («тапсырыс» емес), батыл мақала мен жақсы аналитика өте аз болады», – дейді Elmedia арнасының редакторы Мирас Нұрмұханбетов.

Оның пікірінше, қысқа мерзімді перспективаға арналған пессимистік сценарий бірқатар ішкі саяси жағдайлар мен геосаясатқа байланысты өрбиді. Қысқасы, қалыптасқан режимде бірдеңе дұрыс болмай қалса, қоғам алаңдап, наразылық танытса, билік әдеттегідей «бұранданы» қатайтады. Бірінші кезекте нысанаға азаматтық белсенділер мен журналистер ілігеді. Ол кезде олардың «тәуелсіз» немесе тәуелсіз еместігі маңызды болмай қалады. Сарапшы айтқан оптимистік сценарий: көп нәрсе сіз бен бізге – журналистерге, азаматтық қоғамға байланысты.

Ал қоғам еркін ойлы журналистерді, тәуелсіз масс-медианы қолдауға дайын ба? Журналистика институты жұмыс істеуі үшін билік қандай алғышарттар жасай алады? The Center for Policy Solutions зерттеу орталығының директоры, саясаттанушы Шалқар Нұрсейітовтің пікірінше, әділ сайлау өтіп, билікке демократия құндылығын қолдайтын, дамытатын, саяси шешімдер мен заңдар қабылдайтын партиялар мен президент келуі керек.

«Қазақстанның қазіргі жағдайында бұл мүмкін емес. Сонымен бірге билікке лоялды медиаресурстардың ақпараттық саясатын қайта қарап, мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізудің логикасы өзгеруі керек. Ол үшін президент әкімшілігі, сала министрлігі, жергілікті ішкі саясат басқармалары ақпараттық тапсырысты ағартушылық, ақпараттық, танымдық бағыттағы медиаконтент дайындауға беріп, мемлекеттік саясатты насихаттау сияқты желеумен БАҚ-тардың лоялды саясатын сатып алуды доғаруы қажет», – дейді.

Саясаттанушының ойынша, қазіргі саяси режим жаңа саяси партиялардың тіркелуіне кедергі келтірмеуі керек. Жаңа саяси партиялар тіркелген соң жаңа медиаресурстар пайда болады, саяси бәсеке бар жерде баспасөз бостандығы мәселесі де жиі көтеріледі әрі жаңа масс-медиалар жаңа нарық қалыптастыруға кәсіби тұрғыда кіріседі. Ал Ақпарат және қоғамды дамыту министрлігі мен жергілікті ішкі саясат басқармалары толықтай жабылуы керек.

ФОТО: © READY-STEADY

«Бізге медианы толықтай қадағалайтын, цензураны жүзеге асыратын құрылымның қажеті жоқ. Ішкі саясат басқармаларының орнына коммуникация басқармасын құрып, ол басқарма жергілікті әкімдіктің қабылдаған шешімін хабарлаумен айналыса алады», – дейді саясаттанушы.

БАҚ-тың бағын мемтапсырыс байлап тұр

Naryk.kz сайтының негізін қалаушы Бауыржан Мұқанов бүкіл масс-медианы саяси партиялардың басқаруына беруді ұсынады.

«Айқын», «Литер» газеттері мен сайттары – «Аманат» партиясының органы. Atameken Business Channel – бизнесмендер медиасы, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы партияға айналса, масс-медиасы дайын. «Ақ жол» партиясы да – бизнесмендер партиясы. «Ауыл» партиясы үшін өңірлердегі ақпарат құралдары бар. Меншігіне емес, түрлі спорт федерациялары секілді қажет кезде ақшалай көмек беру үшін қамқорлығына алады. Сонда биліктен тәуелсіз БАҚ-тар пайда болады. Журналистикада экономикадан гөрі саясаттың элементі көбірек. Сондықтан БАҚ-тарды мемлекеттік қаржыландырудан босатып, саяси партияларға беруіміз керек», – дейді.

Мемлекеттік ақпараттық тапсырыстың тәуелсіз БАҚ-тың аяғына тұсау екенін Masa Media жобасының негізін қалаушы, журналист Әсем Жәпишева да мәлімдеп отыр.

«Тәуелсіз ақпарат құралын ашып жұмыс істеуде кездесетін ең үлкен кедергі, ол – мемлекеттік тапсырыс. Мемлекеттік тапсырыстың салдарынан журналистер ақпарат іздеу, зерттеу жүргізуді доғарды. Тұрақты түсетін ақша барда оқырманға жұмыс істеу кейінге ысырылды. Есесіне олар маркетинг, кликбейтке, әлеуметтік желілерді дамытуға мол қаржы жұмсайды. Жаңалықтар қыз- метіне ғана 20–30 адам жалдайды. Бұл оларға қосымша жарнама берушілерді әкеледі. Тәуелсіз масс-медиада ондай мүмкіндік жоқ», – дейді.

Мемлекеттік БАҚ өкілінің бұл пікірлермен келісетін және келіспейтін тұстары бар. «Айқын» респуб- ликалық қоғамдық-саяси газетінің құрылтайшысы – «Айқын-Литер» ЖШС, ол биліктегі «Аманат» партия- сына қарасты «Нұр-медиа» холдингінің құрамына кіреді. Газеттің бас редакторы Амангелді Құрмет «Айқын» партия органы болғанымен, журналистиканың ақпарат тарату, мейлінше бейтарап қалу сияқты базалық принциптерін сақтайтынын айтады.

«Әлбетте партия органы болған соң, партия тарапынан берілетін белгілі бір тапсырмаларға, партияның саяси бағытына сәйкес, олардың көзқарасы тұрғысынан ақпараттар мен мақалалар жариялауға да мәжбүрміз және бұл қалыпты құбылыс деп санаймын. Партия басылымы болған соң құрылтайшының ұстанымын қолдағанның ағаттығы жоқ. Қазақстандық ақпарат құралдарының журналистиканың базалық принциптеріне қайшы келетін тұсы сирек деп санаймын», – дейді ол.

Амангелді Құрметтің сөзінше, БАҚ-тың мемлекеттік тапсырыс алуына да себеп бар.

«Медианарықтағы тіл факторын да ескеру керек, өкінішке қарай, Қазақстанда тілге қатысты әлі де проблема бар. Қазақ тілінде ақпарат тарататын масс-медиаға сұраныс орыс тіліндегі медиадағыдай жоғары емес. Оның үстіне қаржылық топтар, ірі компаниялар өзін орыстілді БАҚ-та жарналамауға құштар. Сол себепті қазақтілді БАҚ-тар азды-көпті мемтапсырысқа сүйенуге мәж- бүр», – дейді спикер.

Екіншіден, мемлекеттің жасаған есеп беру үшін мемлекеттік тапсырыс арқылы БАҚ-ты пайдаланады.

«Мемтапсырыс дегеннің өзі мемлекеттің ақпараттық саясатын жүргізуге бағытталғандықтан, бұл шеңберден шығып кете алмаймыз. Биліктегі қуатты партияның басылымы ретінде партия мен мемлекеттің бағытын қолдауға және соны бұқараға түсіндіруге тиіспіз. Сондықтан Қазақстан жағдайында бұдан қандай да бір оғаш әрекет көріп тұрғаным жоқ. Мемтапсырысты алып тастаса, БАҚ бәсекеге қабілетті бола қояды деуге сену қиын. Түрлі реформалар жасалып, түрлі партиялар құрылып, қаржы-экономикалық топтар БАҚтың қажеттілігін сезінген жағдайда мемтапсырыссыз өмір сүретін масс-медиа пайда болатын шығар. Қазақстан нарығының тым шағын екенін ескерсек, ондай күнге алдағы 10–15 жылда жетеміз дегенге күмәнім бар», – деді ол.

Осы тұста Қазақстанда БАҚ-ты мемлекеттік қаржыландыру, осыдан бірер жыл бұрынғыдай, мемлекеттік сатып алу жүйесі емес, арнайы комиссия арқылы жүзеге асып жатқанын айтумыз керек.

«Мемлекеттік тапсырысты алу үшін енді БАҚ өз өтінімін Ақпарат министрлігіне немесе осы байқауды өткізетін кез келген органға конверт арқылы жібереді. Өтініштер негізінде осы органдардың әрқайсында құрылған арнайы комиссия кімге және қанша ақша беру керегін шешеді. Ал комиссия құрамы құпия. Кім ұтқанын, қанша ақша алғанын да біле алмаймыз. Электронды формат деген балама бар 21 ғасырда осындай ескі тәсілді енгізу күлкілі әрі күдікті», – дейді «Құқықтық медиаорталық» қоғамдық қорының заңгері Гүлмира Біржанова.

Бұл жүйе екі-үш жыл бұрын Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде болса, қазір бүкіл Қазақстанға таралды. Демократиялық қоғам үшін бұл – азаматтардың бюджет қаражатының жұмсалуы туралы ақпаратқа қол жеткізу, есеп берушілік және үкімет қызметінің ашықтығы сияқты құндылыққа нұқсан келтіру. Салық төлеушілер ақшасы туралы мәлімет ашық болуы керек деген қағидаға қайшы.

Министрліктің заң жобасы өзгеріс әкеле ме?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жолдауында БАҚ туралы заңды қайта қарауды тапсырды. Негізі бұл заңға түзетулер мен толықтырулар енгізу былтыр күзде басталып қойған. Биыл аталған заң жобасын қоғам болып талқылаймыз, ал 2023 жылы парламентке тапсыру жоспарланған.

«Министрлік әзірлеген және парламентте бекітілген ешбір нұсқа сөз бостандығын қорғамайды – ол қашанда БАҚ-ты бақылауды бірінші орынға қояды, мұны кейбір ойдан шығарылған қоғамдық мүдделермен және кибербуллиңмен негіздейді. Сондықтан заң шығару процесін БАҚ саласында жұмыс істейтін сарапшылар, құқық қорғаушылар мен үкіметтік емес ұйымдардың, журналистер мен азаматтық сектор өкілдерінің еркіне тапсыру керек», – дейді Мирас Нұрмұханбетов.

ФОТО: © READY-STEADY

«Ойдан шығарылған қоғамдық мүдделермен және кибербуллиңмен негіздейді» деген сарапшы сөзі биыл қызу талқыланған «Сарым–Зәкиева түзетулері» екенін еске саламыз. Мәжіліс мақұлдаған бұл норманы Сенат кері қайтарған-ды. MediaNet/ Factcheck.kz халықаралық журналистика орталығының директоры Әділ Жәлілов бұл норма қабылданса, «Сарым–Зәкиева түзетулері» журналистиканың дамуына кері әсерін тигізетінін айтады.

«Бүгінгі таңда әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді Қазақстан заңнамасы реттемейді. Сондықтан сіз бен біз сөз бостандығын сезініп жүрміз. Көптеген тәуелсіз медиажобалар әлеуметтік желілерде пайда болып жатыр. Ал «Сарым–Зәкиева түзетулерінен» соң танымал Youtube-арналар («За нами уже выехали», «Гиперборей» және т.б.), Instagram (Protenge және т.б.) мен Telegram-дағы жобалар жойылып кетуі мүмкін», – дейді Әділ Жәлілов.

Түйінсөз

Сарапшы Молдияр Ергебеков «тәуелсіз медиа» сынды іске асуы мүмкін емес ұғымдармен «сөз бостандығын», «баспасөз бостандығын» талап етудің орнына этикаға сәйкес журналистикамен айналысып, ойымызды осы тарапқа бағыттауымыз керек деген пікір білдірді.

«Екіншіден, журналистиканың этикаға жат болуына үлкен «үлес» қосып жүрген мемлекеттік тендерлер алынып тасталып, тендер ұтып алу талаптары рационалды түрде қайта тәртіптелуі тиіс. Мысалы, тендерді аудиториясы көп медиаға емес, контенті сапалы медиаға беруді қарастырған жөн. Үшіншіден, еліміздегі журналистердің синдикат құрып, өз құқықтарын рационал түрде қорғауға ұмтылуы да өте маңызды. Төртіншіден, аудитория, яғни масс-медиа ақпаратын тұтынушылар, сапалы медиаконтент үшін қаржылай көмек көрсетуді әдетке айналдыруы керек. Бесіншіден, қоғамның жалпы мүшелері журналистерге бағытталған саяси, экономикалық, басқа да қысымдарға қарсы тұрарлықтай саяси сауаттануы керек», – дейді Молдияр Ергебеков.

Түптеп келгенде, тәуелсіз БАҚтың даму сценариін жазатын, сөз бостандығын қамтамасыз ететін сауатты аудитория, азаматтық белсенді қоғам болмақ.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
7123 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить