Тіс бүлінді дегенше, іш бүлінді десеңшi: ҚР стоматология саласының жағдайы

Қазақстанның денсаулық сақтау саласында стоматология алғашқылардың бірі болып бәсекелестікке ортаға берілді. Тиісінше қазіргі уақытта еліміздегі тіс емдейтін мекемелердің көпшілігі жеке меншікте. Және олардың саны жыл өткен сайын артып келеді

Ал сапасы қандай? Жалпы, елімізде стоматология саласы қаншалықты дамып жатыр? Жетістіктері мен проблемалары қандай? Осы тақырып жөнінде «Стоматологтардың Бірыңғай Қазақстандық Ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Сәуле Серікқызы Есембаеваны әңгіме тартқан едік.

F: Сәуле Серікқызы, алдымен өзіңіз басқарып отырған қоғамдық бірлестіктің қызметі жөнінде айтып өтсеңіз. Қашан құрылды? Мақсат-міндеттері қандай?

- «Стоматологтардың Бірыңғай Қазақстандық Ассоциациясы» қоғамдық бірлестігі 2013 жылы маусымда құрылды. Алдымызға халық үшін стоматологиялық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, пациент пен стоматолог-дәрігерлерді құқықтық жағынан қорғау, нормативтік-құқықтық актілер әзірлеу, біліктілікті арттыру, салаға инновациялар ендіру үшін халықаралық іс-шараларға қатысу сияқты мақсаттар қойдық. Өткен 5 жылдың ішінде 10 елеулі халықаралық конгресс, оның ішінде Бүкіләлемдік және Еуропа стоматологтары федерациясының қатысуымен ТМД стоматологтарының XI съездін өткіздік. «Стоматология Казахстана» журналын шығарып жатырмыз. Облыстарда өткізілетін экспедициялық-зерттеу жұмыстарына қатысамыз. Стоматология саласына қатысты ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрықтарын әзірлеуге ат салыстық. 2016 жылы Ассоциация Бүкіләлімдік стоматологтар федерациясының ресми мүшесі атанды. 2020 жылы Алматыда Еуропаның стоматологтары федерациясының Бас сессиясын өткізуді жоспарлап отырған жайымыз бар.     

  Бүгінгі таңда қауымдастықтың қанша мүшесі бар?

- Қазіргі уақытта бүкіл Қазақстан бойынша 3278 стоматолог-дәрігер болса, олардың 2003-і біздің Ассоциацияға мүше. Жамбыл облысынан өзге республиканың барлық өңірінде филиалдарымыз жұмыс істеп жатыр.  

F: Елімізде денсаулық сақтау саласы бойынша стоматология алғашқылардың бірі болып бәсекелестікке ортаға берілді. Бұл шешім саланың дамуына қаншалықты ықпал етті?

- Өткен ғасырдың 90-жылдары елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай өзгеріп, дәрігерлер «өзін-өзі ақтау», «ақылы қызмет» деген сияқты сөздерді алғаш рет естіді. Қалалық және облыстық клиникалар жекешелендіріліп, шаруашылық есеп жүргізу бөлімдері ашылды. Әрине, кез келген үлкен өзгерістің екі жағы болатыны белгілі ғой. Бір жағынан стоматолог-дәрігерлер мемлекеттік жалақыдан айырылып, «енді қалай өмір сүреміз?» деген сұраққа тап болды. Сосын жан-жақтарына қарап, шетелдерге барып, жаңа жағдайда қалай жұмыс істеу керектігін үйрене бастады. Озық аппараттарды, зертханаларды, жаңа материалдарды көріп, танысты. Содан «мұндай клиникаларды өзімізде ашу үшін ақшаны қайдан аламыз?» деген сауал туындады. Ол кезде менеджмент, маркетинг дегенді әркім біле бермейтін. Кредит алудан да қорқатын. Біраз маман мамандығы бойынша жұмысын  тастап, базарларға шығып кетті. Дегенмен, тәуекелге бел буып, іске кіріскендер де болды. Басында оңай болмағанымен, біртіндеп бейімделіп, жаңа жағдайда жұмыс істеуге үйреніп кетті. Содан бергі 25 жылда сала дамып, жетістіктерге қол жеткізді. Қазір елімізде әлемдегі бар стоматологиялық қызметтердің барлық түрі көрсетіледі. Цифрлық стоматология белсенді түрде енгізіле бастады. Мамандарымыздың абырой-беделі артып, өзге елдер де мойындай бастады. 

F: Қазақстанда стоматология денсаулық сақтау саласындағы ең пайдасы мол бағыттың бірі дегенді оқыдым. Расында солай ма?

- Ол ақпаратты мен де оқып, таңғалдым. Негізінде еліміздегі тіс емханаларының 70% - жекеменшік. Тиісінше, олардың қызмет нәтижелері өздеріне ғана белгілі. Әйтеуір статистика бойынша стоматологиялық клиникалардың шамамен 7-10%-ның бағалары қымбат екенін нақты білем. Әлгі айтылған мәлімет соларға қатысты болса керек. Біздің сала дәрігерлерінің басым бөлігі қарапайым ғана өмір сүріп жатыр. Жеке клиникасын ашуға әрқайсында бірдей мүмкіндік жоқ. Ал ауылдық жерлерде және мемлекеттік емханаларды жұмыс істейтін әріптестеріміздің жалақысы 60-80 мың теңге. Әрі балалар стоматологтары мен стоматолог-хирургтарға зияндылық үшін берілетін қосымша ақы да алынып тасталды. Бұл мәселені де жақында көтерсек деп отырмыз. Жалпы болашақта ауылдарда жекеменшік клиникалар ашуға ынталандырудың тетіктерін қарастырған жөн. Ол үшін әкімдіктер баспана, жәрдемақы беру сияқты жағдайлар жасауы тиіс.

F: Қазақстанда бұл салаға инвестиция салатындар көп пе?

- Иә, елімізде, әсіресе Алматы мен Астана қалаларында стоматологиялық клиникалар саны артып келеді. Менің есебімше, бұл қалаларда жыл сайын 12-15 жаңа тіс емханасы ашылады. Бірақ, біразы көп ұзамай жабылып қалады. Неге десеңіз, оларды стоматологтар емес, биснесмендер ашады. Салған қаражатын 5-7 жылдан кейін ғана қайтара алатынын және бұл іске үнемі қаржы құйып тұру керектігін түсінген соң бұл кәсіптен бас тартып жатады. Неге екенін кім білсін, біраз адам «ақша болса, стоматологиялық клиника ашу керек, табыстың астында қаласың» деп ойлайды. Бұл, әрине, жаңсақ пікір.

18 жасқа дейінгі балаларға, жүкті әйелдерге және өткір тіс ауруымен барған әлеуметтік аз қорғалған топқа жататын науқасқа мемлекеттік көмек тегін көрсетіледі. Және мемлекеттік тапсырысты орындауға жекеменшік тіс емханалары да тартылады. Бірақ, тариф тым төмен болғандықтан, ол пайда былай тұрсын, клиниканың шығынын да жаппайды. Қазір стоматологиялық қызметті дамытудың жол картасы әзірленіп жатыр. Сонда осы мәселе де қамтылуы тиіс.

F: Еліміздің стоматология саласында шетелдіктер көп қызмет ете ме?

- Қазақстанда мен білетін «ДАРИС ТТЕ» деген Қазақстан-Америка бірлескен кәсіпорны бар. Бұл өзі – аталған салада 20 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан беделі зор ұйым. Басқалары жөнінде естімеппін. Осы орайда мына мәселені айтқым келеді. Елімізге түрлі себептермен әріптестеріміз арқылы шетелдіктер келіп, мамандарымызды оқытып, адамдарға ота жасайды да, кетіп қалады. Содан кейін ғана «олар өзі кім еді» деп іздеп жатады. Жалпы, мамандарды дипломнан кейінгі оқыту мәселесін қайта қарастырмаса болмайды. Білімді әркім әрқалай жұмсауы мүмкін ғой. Оқытпай жатып, түрлі құжаттар беру соңы жақсылыққа апармайды. Сол себепті біз біліктілікті арттыратын, түрлі семинарлар мен шеберлік сабақтарын өткізетін ұйымдарды міндетті түрде аккредиттеу жөнінде ұсыныс жасаймыз. Шетелдерден кімді шақыру керектігін нақты білуіміз керек. Ең бастысы ол салаға белгілі, абыройлы маман болуы тиіс. Ешкім білмейтін, бейтаныс адамдарды әкелудің қажеті қанша?    

F: Жалпы Қазақстанда бұл салада мамандар жеткілікті ме?

- Өкінішке қарай, елімізде стоматологтар негізінен Алматы мен Астана сияқты ірі қалаларда шоғырланған, 10 мың адамға 4,5 маманнан келеді. Ал ауылдық жерлерде тапшылық бар, осыншама тұрғынға онда небәрі 2,2 дәрігерден келеді. Әсіресе, балалар стоматологы, бет-жақ хирургтарының тапшылығы - өзекті мәселе. Дегенмен, үміт те жоқ емес. Елімізде алғаш рет стоматологиялық бейіндегі кадрларды даярлаудың кәсіби стандарты әзірленіп жатыр. Біз өз ұсынысымызды жеткіздік. Мәселе оң шешімін табады деп сенемін.

F: Саланың дамуына кедергі келтіріп отырған жайттар бар ма?     

- Ең басты кедергі қоғамның бізге деген қатынасы дер едім. Неге екенін қайдам, көпшілік «тістен ешкім өлген жоқ» деп ойлайды. Екінші бір қате пікір - «стоматологтарға рахат, жеке клиникаларын ашып қойып, тісті жұлып тастайды да, шалқып өмір сүреді» деген түсінік. Біздің әріптестеріміз күн сайын ауруы жанына батып, шырылдап келген балаларды, босанар алдында тісі ауырған жүкті әйелдерді, неше түрлі науқастарды көреді. Барынша көмектеседі. Алдына келген науқастардан қаншама қатерлі ауру белгілерін байқап, ерте анықтауға көмектеседі.

Заңдық тұрғыдан да мәселелер жеткілікті. Мысалы, бүкіл әлемде рентген аппараттар стоматологиялық қондырғыға орнатылған. Сканерлер, радиовизиографтар қолданылады. Ал бізде ол - проблема. Науқасқа рентген зерттеу жүргізу үшін стоматолог көп құжат жинап, ақша төлейді. Аллергиялық реакциялардың профилактикасы үшін жасалатын тері сынамасына да қатысты түсініксіз жағдайлар көп.

Дегенмен жақсы үрдістер де бар. Мысалы, өз-өздерін реттейтін кәсіби қауымдастықтар құру, олар үшін міндетті бірегей стандарттар дайындау, мемлекеттің бақылау және реттеу құзыреттерін бәсекелестік ортаға беру сияқты жұмыстарды айтуға болады. Стоматологиялық клиникалардың материалдық-техникалық жарақтандырылуы, мамандар даярлау, штаттық кесте сияқты бағыттары бойынша қазіргі нормативтерге өзгерістер енгізу жайы қарастырылып жатыр. Бір сөзбен айтқанда, жұмыс көп. Көмек сұрап келген науқасқа сапалы да қауіпсіз қызмет көрсетуді мақсат ететін бұл бағыттағы жұмыстарды әрі қарай да жалғастыра береміз.          

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
5095 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:
Загрузка...
15 сентября родились
Анастасия Новикова
главный редактор портала Forbes.kz
Булат Абилов
экс-председатель демократической партии "Азат"
Самые Интересные

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить