Түркістан тек туризмнің ғана емес, сол салаға әлемдік деңгейдегі мамандар даярлайтын орталыққа айналуы тиіс

Жаңадан ашылған туризм университеті қаланың және Қазақстанның қызмет көрсету саласына қалай ықпал етпек?

Білім ордасының ерекшелігі неде? Әлемнің жетекші университеттерімен қандай байланыс орнатылған, оқу орны туризм саласындағы қандай үздік бағдарламаларды енгізуде, түлектер үшін қос диплом не үшін қажет? Бұл туралы Forbes.kz тілшісіне сұхбат берген Халықаралық туризм және меймандостық университетінің Басқарма төрайымы-ректоры Майнюра Мурзамадиева айтады.

F: Сіз басқарып отырған Халықаралық туризм және меймандостық университеті қай кезде өз жұмысын бастады? Оның Түркістан қаласында ашылуының мәні неде?

- Халықаралық туризм және меймандостық университеті Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен және Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың тапсырмасымен бастау алып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 20 наурыздағы № 129 қаулысымен «Халықаралық Туризм және меймандостық университеті» Коммерциялық емес акционерлік қоғамы болып құрылды.

Университетті құру 2019-2025 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламасында бекітілген болатын. Халықаралық туризм және меймандостық университеті алғашқы студенттерді 2020 жылдың 1 қыркүйегінен қабылдады, 588 студент туризм, қонақжайлылық және спорт саласындағы ең жақсы әлемдік стандарттар бойынша білім ала бастады. Қазақстан Жібек жолының туристік бағытын ілгерілету және танымал ету бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Университет өзінің тарихи-мәдени мұрасына бай және туристік әлеуеті зор Түркістан қаласында ашылғаны кездейсоқ емес. Бүкіл әлем Түркістанды ғасырлар бойы Орталық Азияның сауда және туристік бағыттардың қиылысқан жері болған Жібек жолының ежелгі қалаларының бірі ретінде біледі. Осындай санаттағы Халықаралық университет ғасырлар бойы жинақталған шығыс қонақжайлылығы тәжірибесін пайдалана отырып, түрлі елдердің ұрпақтары мен мәдениеттерінің байланысын жалғастырады деп санаймыз.

F: Оқу орны қандай мамандықтар бойынша білім береді, олар қаншалықты маңызды, тағы қандай ерекшеліктері бар?

- Жоғарыда айтылғандай, 2020-жылы 1-қыркүйекте университет алғашқы студенттеріне салтанатты түрде есігін ашты. Әлемдегі жағдайға байланысты, ашылу салтанаты қашықтық форматында онлайн өткізілді. Қазіргі уақытта университет 6 білім беру бағдарламалары, яғни «Туризм және қонақжайлылық индустриясын ұйымдастыру», «Халықаралық және ішкі туризм», «Экскурсиялық қызметтерді және жеке турларды ұйымдастыру», «Қонақ үй және мейрамхана бизнесі», «Туристік бағыттарды басқару», «Дене шынықтыру және спорт» бойынша оқу үрдісін жүзеге асырады. Университетіміз еліміздегі туризм және меймандостық саласындағы бірінші профильді ЖОО. Сонымен қатар университетіміздің бірден бір ерекшелігі - бұл Еуропа, орталық және Оңтүстік-Шығыс Азияның үздік жоғары оқу орындарымен қос диплом шеңберінде туризм және спорт саласындағы білім берудің озық әлемдік стандарттары бойынша осы саланың мамандарын мақсатты түрде дайындайтын алғашқы бейінді университет. Біздің университетіміздің бірегейлігі - оқу корпустарында практикалық дәрістерді өткізуге арналған полигондар мен зертханалардың, премиум класс санатындағы мейрамханалардың шоу-румдары, қонақ үй нөмірлері, ұлттық тағамдар зертханасы, қонақжайлылық технологияларының цифрлық зертханасының қызмет көрсетуінде.

F: Университет қандай қаржыға салынды, онда жеке инвестиция тартылды ма, әлде толығымен мемлекет есебінен салынды ма?

- Университет ғимараттары, яғни оқу корпусы-ректорат, спорт мектебі, жатақханадан тұрады. Негізінен, нысандардың құрылысы, реконструкциялау жұмыстары толығымен мемлекет бюджеті есебінен жүргізілді.

F: Білім ордасы қай ауданда орналасқан? Оқу орны қанша корпустан тұрады, студенттерге, оқытушыларға қандай жағдай жасалған?

- Университет Түркістан қаласының ортасында, киелі Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жанында бой көтерді. Қазіргі уақытта университет оқу корпусы-ректорат, спорт мектебі, жатақханадан тұрады. Студенттер мен оқытушылар жатақханамен қамтамасыз етілген. 2020-2021 оқу жылында, пандемия жағдайы және елімізде қабылданған Covid-19 вирусын шектеу шаралары аясында онлайн режимде ұйымдастырылып келеді. Қашықтықтан оқыту тәртібіне сәйкес, оқу үдерісін, емтихандарды алу бойынша студенттерге де, оқытушыларға да карантин талаптарына сәйкес жағдай жасалған.

F: Төрт жылдық білім беру бағдарламасының нәтижесінде түлектерге екі диплом берілетінін айттыңыз. Бұның себебі неде? Қос құжат не үшін қажет?

- Шетелдік тәжірибе алмасу, сонымен қатар түлектердің халықаралық кеңістікте құзіреттіліктерін арттыру мақсатында арнайы «3+1» бағдарламасы құрылды. «3+1» бағдарламасы бойынша Еуропа, Орталық Азия және Оңтүстік-шығыс елдерінің жетекші жоғары оқу орындарымен 4 жылдық бірлескен халықаралық білім беру бағдарламаларын құру университет түлектеріне бірден екі диплом алуға мүмкіндік береді (қазақстандық және шетелдік әріптес жоғары оқу орны, Қазақстанда 3 жыл оқу + серіктес жоғары оқу орнында 1 жыл оқу). Бұл түлектердің еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуын, жұмысқа орналасу және алған кәсіптік білімді іске асыру үшін түлектердің таңдау мүмкіндіктері арта түсуіне ықпал етеді.

F: Туризм факультеттерінен бөлек спорт кафедралары бар екен, онда кімдер дайындалады?

- Факультетте екі кафедра бар соның бірі «Спорт және жалпы білім беру пәндер» кафедрасы. Кафедрада «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша 131 студент білім алуда. Бұл бағдарлама бойынша дене шынықтыру пәні мұғалімдері мен спорт түрлерінің жаттықтырушылары дайындалады. Университетте спорттың көптеген түрлері бойынша Әлем, Азия, Қазақстан республикасының чемпионаттары мен Халықаралық жарыстардың жеңімпаздары, жүлдегерлері білім алуда. Қазіргі таңда: 1 студент Халықаралық дәрежедегі спорт шебері; 8 студент Қазақстан Республикасының спорт шеберлері; 70-тен астам студент Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне үміткерлер. Болашақта жоғары оқу орындары арасында және Әлемдік деңгейде өтетін универсиада сонымен қатар Олимпиадалық жарыстарда Республикамыздың туын желбіретіп, әнұранын шырқататын спортшы студенттерді дайындап шығарамыз деп сенімді түрде айта аламын.

F: Оқытушылар құрамында кімдер бар? Олар қайдан шақырылды? Кімдер сабақ береді? Отандық оқытушылардан бөлек, қосымша шет елден шақырылды ма?

- Қазіргі уақытта еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 35 оқытушы білім беруде. Бұл құрамда 12 профессор, 11 ғылым докторымен ғылым кандитаттары және 4 шетелдік тәжірибеге ие оқытушылар жұмыс істеп жатыр. Оқытушыларымыз Европа, АҚШ, Таяу Шығыс мемлекеттерінде ғылыми жариялымдары бар, өз ісінің мамандары.

F: Оқу орнында біліктілікті арттыру, одан бөлек тілдерді тереңдетіп оқытатын орталықтар ашылатыны айтылған еді. Олар қалай жұмыс істейді, онда кімдер даярланады?

- Біліктілікті арттыру орталығы университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы мен қызметкерлеріне, ғылыми-педагогикалық қызметкерлеріне арнайы курстар ұйымдастырады. Cонымен қатар, туристік индустрия өкілдеріне, мемлекеттік қызметкерлерге, шекара және кеден қызметкерлеріне, теміржол вокзалдары мен аэропорт қызметкерлеріне арналған қысқа мерзімді курстар базасы бар. Ал тілдерді дамыту орталығына келетін болсақ, бәсекеге қабілетті түлек даярлау және білікті маман шығару мақсатында тілдер орталығы құрылды. Орталықта ағылшын, француз, түрік және қытай, араб тілдерін тегін оқу курстары бар. Сонымен қатар, халықаралық IELTS, TOEFL емтихандарына дайындау курстары ашылған. Аталмыш орталықтардың білікті маман даярлау мақсатында ролі орасан зор.

F: Жуырда сіздердің университетпен Франция (University of Angers) университетінің басшылығы онлайн-келісім жасағаны белгілі. Оған кімдер қатысты, бұл шартқа сай алда қандай ынтымақтастық, қандай байланыс орнайды?

- 2020 жылдың 23 қарашасында Қазақстанның Франциядағы Елшілігінің қолдауымен Халықаралық туризм және меймандостық университеті мен Анжэ университеті (Луара Жерлері өңірі, Франция) арасында ынтымақтастық туралы келісімге онлайн қол қою рәсімі өтті. Аталмыш іс-шараға сол кездегі ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Өркен Бисақаев, Француз Республикасының Еуропа және сыртқы істер министрі жанындағы туризм, шетелдегі француз азаматтары мен франкофония мәселелері бойынша Мемлекеттік хатшы Жан-Батист Лемуан, Франциядағы ҚР Елшісі Жан Ғалиев, Луара Жерлері өңірі Префектісінің дипломатиялық кеңесшісі Жан-Ив Ру, Халықаралық туризм және меймандостық университетінің ректоры Майнюра Мурзамадиева, Анжэ университетінің ректоры Кристиан Робледо, сондай-ақ, Анжэ қаласының басшылығы, екі елдің сыртқы саяси ведомстволары (мекемелері) мен Елшіліктерінің қызметкерлері қатысты. Келісім шартқа сай алдағы уақытта студенттермен, профессорлық-оқытушылық құраммен тәжірибе алмасу және зерттеулер жүргізу, сондай-ақ туризм индустриясы мен қонақжайлылықты дамыту мақсатында бірлескен жобалар ұйымдастыру жоспарлануда.

Майнюра Мурзамадиева
Майнюра Мурзамадиева

F: Тағы басқа қандай елдермен, қандай халықаралық байланыс орнатылды, кімдермен ынтымақтастық орнату жоспарда бар? Олардың мақсаты қандай?

- Қазіргі таңда Сингапур университеті, Малайзия, Түркия, Ресей Федерациясы, Австрия, Швейцария мемлекеттерінде ЖОО мен серіктестік байланыс орнатылған. Жақында ОАЭ, Түркия, Беларусь мемлекеттеріне іс-сапар барысында туризм саласындағы үздік оқу орындарымен ынтымақтастық жөніндегі келісім-шартқа қол қойылды. Келісім-шарттың басты мақсаты – студенттер мен профессорлық-оқытушылық құрамның өзара тәжірибе алмасуы, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, ғылыми жобаларды жүзеге асыру және өзекті мәселелер бойынша конференциялар мен семинарлар ұйымдастыру болып келеді.

F: Түлектердің БҰҰ халықаралық туристік ұйымдарында тәжірибеден өтуіне мүмкіндік бар екен. Бұл келісім қалай жасалды, бұл түлектер үшін не береді?

- Біздің университет оқу бағдарламаларының бірыңғай стандарттарын әзірлеуге, студенттер мен оқытушылармен алмасуға, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге мүмкіндік беретін UNWTO академиясын құру бойынша белсенді келіссөздер жүргізуде. TedQual аккредиттеу жүйесі бойынша туристік білім берудің үздік стандарттары біздің білім беру бағдарламаларымызды UNWTO шеңберінде сертификаттауға мүмкіндік береді.

F: Халықаралық университеттің ашылуы Түркістан туризмі үшін, жалпы Қазақстан туризмі үшін не береді? Біз оның нәтижесін қашан көре аламыз?

- Түркістан - Ұлы жібек жолы бойында орналасқан төл тарихымыздың куәсі. Ежелден сауда-экономикалық қатынастардың орталығы болған осы қалаға үкімет 2018 жылы облыс орталығы статусын беріп, оның тарихи, мәдени ролін қайта жандандыратын стратегиялық шешім қабылдады.

«...Біз мұнда көптеген туристтерді тартуымыз керек. Бүкіл түркі әлемі Түркістанды орталық деп санайды....»,- деді Елбасы. Сондықтан осы аймақта Халықаралық туризм және меймандостық университетінің ашылуының мәні өте зор.

Студенттеріміздің білікті маман болып қалыптасуы үшін біз олардың халықаралық туристік объектілерде тәжірибе өтіп, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті білікті маман болуы үшін барлық жағдайды қарастырып жатырмыз.

Түлектеріміз еліміздің басқа да тарихи, мәдени, географиялық өңірлері (Берел, Қатон-Қарағай, Бурабай, Қарқаралы, Алакөл, Балқаш, Ақтау, Баян-ауыл т.б. туристік аймақтарда жұмыс істеп, Отандық туризмді дамытуға үлес қосатыны сөзсіз.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
6331 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:
Загрузка...
10 мая родились
Нуржан Бекшенов
бизнесмен, владелец инвестиционной группы «Позитив»
Есенгали Байменов
бизнесмен, №42 рейтинга «50 самых влиятельных бизнесменов - 2018»
Самые Интересные

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить