Тоқаев үшін «мүмкіндіктер терезесі» қашан және не себепті жабылады?

2851

Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылы кезектен тыс президенттік және 2023 жылы парламенттік сайлауды өткізу туралы шешімі оның Назарбаев құрған саяси жүйенің өнімі ретінде сол жүйені реформаламай, оны өзіне бейімдеуге тырысатынын ғана айғақтайды. «Өзімді сақтап қалу үшін қозғалыс имитациясы болсын» деген президенттің ұранына айналғандай. Алайда бұл Тоқаевтың өзі түсіп қалған легитимділіктің қос қақпанымен байланысты

Досым Сәтбаев
Досым Сәтбаев
ФОТО: © Андрей Лунин

Бір жағынан, Қаңтар қырғынынан кейін ол ынталандыру һәм жазалау әдісі арқылы элита арасында өзінің легитимділігін арттыруға мұқтаж болды. Бұл жерде «жазалау» деп бұрынғы президенттің жақын айналасындағы адамдарды «тазартуды» айтып отырмыз, олардың қаңтар оқиғасына қатысы болуы мүмкін не болмаса болашақта Тоқаевтың өзіне қауіп төндіруі ықтимал еді. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Еуропа Одағына, Түркия және Біріккен Араб Әмірліктеріне аталған елдердің аумағына кірерде қолма-қол шетел валютасын декларацияда көрсеткен Қазақстан резиденттері бойынша (340-қа жуық жеке тұлға) ақпарат беруді сұрап сұратым жолдады. Ал 2022 жылдың маусымында президент жарлығымен құрылған шетелге заңсыз шығарылған қаржыны Қазақстанға қайтару бойынша кешенді жұмыстарды жүргізуге бағытталған ведомствоаралық комиссия елге $900 млн-ға жуық қаржыны қайтаруды көздеп отыр. Бұл ақша ұзақ уақыт бойы Назарбаевпен байланыста болған Қазақстанның саяси және бизнес элитасына тиесілі болып шығатын сияқты. Көлеңкелі капиталды елге қайтару не қайтармау элитаның ішіндегі мәмілелердің нәтижесі де болуы мүмкін деп болжай аламыз. Бұл ұзақ уақыт бойы бірінші президенттің жақын айналасына кірген, сосын президент Тоқаевпен келісе алған кейбір беделді олигарх-бизнесмендерге де қатысты. Мәселен, біразға созылған үзіліс-тен кейін Александр Машкевич, Патох Шодиев және Шухрат Ибрагимовтан (қайтыс болған Алиджан Ибрагимовтың ұлы) тұратын «еуразиялық топтың» (ERG) жұрт алдына қайта шығуы бірден көзге түсті. Тоқаевқа олармен қақтығысқа түсу қауіпті еді, өйткені олар (басқа да бірқатар олигархтар сияқты) мыңдаған адам жұмыс істейтін біртұтас саланы бақылайды, сол үшін президентке осы кәсіпорындардың жұмыс істеп, аталған олигархтардың компаниялары жалақы мен бюджетке салықты төлей бергені, яғни өндірістік аймақтарда әлеуметтік тұрақтылықты сақтағаны маңызды. Айырбас ретінде Тоқаев олигархтардан жаңадан инвестиция құюды әрі өзіне адал болуды талап етеді.

Басқа жағынан алсақ, Тоқаевқа қоғам алдында өзінің легитимділігін арттыру керек болды. Қоғамда өзгерістерге сұраныс өте жоғары. Сол үшін ол «жаңа Қазақстан» мен «құлақ асатын мемлекет» туралы тезистерді, саяси реформалардың төрт пакетін және әлеуметтік-экономикалық өзгерістерді (оның шеңберінде олигархиялық экономикамен күрес басталуы керек) айтуға мәжбүр болды. Алайда мұның барлығы тек саяси технологиялық қадамдар ғана болып қала бермек, өйткені Тоқаевтың саяси ерік-жігері де, осының бәрін жүзеге асыратын реформаторлар командасы да жоқ. Мемлекеттік аппаратта люстрация жасауға құлықсыз Тоқаев «ұжымдық назарбаевқа» сүйенуін жалғастырады, ал оның мақсаты белгілі – саяси status quo-ны сақтап қалу. Бұл жағдайда президент пен номенклатураның қолында бүкіл басқару тетіктері сақталып қалады.

Қазақстан Республикасының Ата заңына түзетулер енгізу бойынша маусымда өткен референдум осыны тек дәлелдей түсті. Бұл «қозғалыс имитациясы» ғана болды, өйткені суперпрезиденттік жүйенің орнына сол жүйенің тек лайт-нұсқасы ғана ұсынылды. Тек маслихат сайлап, мемлекет басшысының өзі екі үміткерді ұсынады дегені болмаса, әкімдерді тағайындау президенттің құзырында қалды. Сенат та жойылмады, президент аз да болса сенаторларды тағайындау құқығын өзінде қалдырды. Сенатты кезінде Назарбаев президент билігін қорғау құралы ретінде құрған болатын. Мысалы, екі палаталы жүйеде импичмент сценариін жүзеге асыру оңай емес. Мәжіліс депутаттарының 1/3-і импичментті бастап кетіп, оны Парламенттің төменгі палатасында көпшілік дауыспен қолдаса да, Сенат импичментке негіз болды ма, жоқ па, осыны анықтау үшін тексеруді ұйымдастыруы керек. Тіптен оң шешім қабылданса да сенаторлар импичментті көпшілік дауыспен қолдауға міндетті. Бұған қоса, жаңа түзетулерге сәйкес Сенат президентке Конституциялық соттың төрағасын, Ұлттық банктің төрағасын, Жоғары сот кеңесінің төрағасын, бас прокурорды және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасын тағайындауға келісімін береді. Мұның барлығы маңызды лауазымдар, десе де осы жолы да кадр мәселесінде президент билігінің үстемдігі сақталып отыр. Жаңа түзетулерге сәйкес президент Сенат келісімімен тек Конституциялық соттың төрағасын ғана емес, сонымен қатар осы Соттың төрағасының орынбасарын да Конституциялық соттың судьяларының арасынан осы Соттың төрағасының ұсынуымен тағайындайды. Бұған қоса президент Конституциялық соттың үш судьясын да лауазымға тағайындайды. Орталық сайлау комиссиясына қатысты да осыны айта аламыз, Қазақстанда бұл комиссия да президенттің белсенді араласуымен қалыптасады, өйткені мемлекет басшысы тек ОСК төрағасын ғана емес, оның екі мүшесін де тағайындайды.

Тоқаевта тәуелсіз бақылаушылар алдындағы қорқыныш 2019 жылы пайда болды, ол кезде олар дауыс беру, дауысты санауда белсенді бақылау жүргізіп, президент сайлауы деген қойылымды әшкерелей жаздаған еді

Шын мәнінде Қазақстандағы саяси әрі құқықтық реформалардың маңызды бөлігі, ең алдымен, билік тармақтарының тежемелер мен теңестірмелерінің ойыншық емес, шынайы жүйесін, атап айт- қанда, тиімді әрі жемқорлыққа былғанбаған сот және құқық қорғау жүйелерін қалыптастырумен байланысты болу керек еді. Аталған мәселе барлық деңгейде ашық сайлау жүйесін қалыптастыру реформалардың іргетасына айналар еді. Адал қызмет ететін Орталық сайлау комиссиясын құру дегеніміз оның басшысын ауыстыра салу ғана деген сөз емес, бұл органның рөлін түбегейлі өзгерту керек дегенді білдіреді. Оны «қалай дауыс бергені емес, қалай санағаны маңызды» қағидасына сай өзіне керек қорытынды алу үшін сандарды бұрмалайтын билік қолындағы құрал функциясынан айырған дұрыс. Бұл түбегейлі өзгерістер бүкіл сайлау жүйесінде жоғарыдан төмен қарай, аумақтық сайлау комиссияларынан учаскеліктеріне дейін жүруге тиіс. Олар да оппозициялық партиялар мен үміткерлерді ойыннан шығаратын қызметінен біржола арылуы керек.

Бізге жергілікті өзін-өзі басқа-ру туралы заң керек. Ол орталық пен аймақтардың арасындағы қарым-қатынасты түбегейлі реформалап, аймақтардың дербестігін арттырып, оны сайлаған халықтың алдында жауапкершілікті көбейтеді. Әлеуметтік-саяси инфрақұрылымды күрделендіру керек, ол көпшілік ойыншылардан тұруы тиіс, бұл тек әлеуметтік лифт қана емес, түрлі коммуникациялық каналдар тұрғысынан да болуы қажет. Мұндай инфрақұрылымның маңызды элементтері – электоралдық, бәсекелес саяси партиялардан жергілікті өзін-өзі басқаруға дейінгі көптеген саяси институттар. Олардың барлығы тәуекелдерді айқындап, талдап, жіктеуге араласады, сонымен қатар белгілі саяси шешімдер қабылданғаннан кейінгі жағдайға мониторинг жүргізіп, саяси тәуекелдерді азайту мақсатында жүргізіліп жатқан саясатқа өзгеріс енгізу амалдарын жасап шығаруға атсалысады. Бірақ Конституцияға енген өзгерістерден мұның ешқайсысы байқалмайды, олар бүкіл елді реформалаймыз деген бос ұранмен тек президенттің билігін ғана нығайтты.

Бұдан бөлек қазіргі тиімсіз мемлекеттік аппарат та қауіп төндіріп отыр, өйткені ол мәселені шешуге бағытталмаған әрі мемлекеттік риск-менеджмент үшін құрылмаған. Бұл жерде әлі күнге дейін «тиімсіздік арқылы бақылау» ережесі басымдыққа ие. Ресурстар мен мемлекеттік аппарат ішінде ықпалды үлестіруге қарағанда нәтижеліліктің маңызы төмен болатын жүйеде басқарудың барлық деңгейіндегі тұрақты сәтсіздіктер аппарат ішіндегі бақылаудың бір бөлшегі болып табылады. Бұл, бір жағынан, танымал ойшыл әрі Массачусетс технологиялық институтындағы тіл білімі профессоры Ноам Хомски тізбектеп берген тобырды басқарудың он әдісінің екіншісіне де ұқсайды. Бұл әдістің мәні – қолдан мәселе туындатып, кейіннен оны шешу жолдарын ұсыну.

Шарль Монтескье: «Тирания көп жағдайда заңдылық панасында, әділеттілік туының астында сөйлейді» деп бекер айтпаған. Бірінші президент осы тұзаққа түскен болатын. Екіншісі де түсейін деп тұр

Осыны ескерсек, маусымдағы референдум Тоқаев пен оның айналасына алдағы президент сайлауына дайындық ретінде керек болды. Жергілікті учаскелік комиссиялардан бастап ОСК-ға дейін бүкіл сайлау механизмі сынақтан өтті, референдум кезінде қазіргі президенттің шынайы рейтингіне қатысты жасырын түрде қоғамдық пікір өлшенді. Референдумнан кейін президент пен оның айналасы кезектен тыс президенттік және парламенттік сайлау өткізу үшін қазіргі рейтинг жарап тұр, ал 2024 пен 2025 жылдары саяси және әлеуметтік-экономикалық ахуал бақылаудан шығып кетуі мүмкін деп есептеген сыңайлы. Бұл нұсқаны маусымда өткен референдум кезінде президенттің жеті жылдық мерзімін енгізу туралы тармақтың болмағанын растай түседі. Бұл тармақ пен кезектен тыс сайлау туралы идея Тоқаевтың қыркүйектегі жолдауында аталды, бұл президенттің абырой-беделіне орасан соққы болды, өйткені оның уәделері жай ғана ойын екеніне көзіміз жетті. Өйткені қаңтар қырғынынан кейін «Хабар» телеарнасының журналисіне берген сұхбатында Тоқаев: «Мен қанша уақыт Қазақстанның президенті болып отыратынымды білмеймін. Алайда, нақты білетінім – Конституцияға сәйкес, екі мерзімнен артық президент болмаймын. Яғни, ешқандай заңды, оның үсіне, Конституцияны өзгертпеймін» деп мәлімдеген болатын.

Тоқаевтың қай сөзіне сенеміз? Қаңтардағы ма әлде қыркүйектегісіне ме?

Шарль Монтескье: «Тирания көп жағдайда заңдылық панасында, әділеттілік туының астында сөйлейді» деп бекер айтпаған. Бірінші президент осы тұзаққа түскен болатын. Екіншісі де түсейін деп тұр. Назарбаев та 1990-жылдардың басында 1995 жылға дейін өзін демократ танытқысы келді ғой. Олай болса, Тоқаев үшін 1995 жылдың баламасы 2022 жылы басталған сияқты.

Бәрін өз пайдасына шешу, жоғарыда атап өтілгендей, Тоқаевтың президент лауазымында қала беруді созудың өз нұсқасын жүзеге асыру қалауымен байланысты болды. Оған 2024 жылы үкімет пен мемлекеттік биліктің барлық құрылымдарының тиімсіздігі әрі жағымсыз сыртқы факторлардың кесірінен елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалдың нашарлап кетуі мүмкін деген қорқыныш та себеп. Атап айтқанда, Владимир Путин Тоқаевқа Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы қысым жасайды. S&P Global Ratings халықаралық рейтинг агенттігінің пікірінше, Қазақстанға әлі күнге дейін Ресей тарапынан КҚК жұмысына араласу қаупі төніп тұр. Себебіне келсек, ресей-украин соғысы айналасындағы белгісіздік күйдегі геосаяси жағдай КҚК осы құбырдан келетін мұнай тұтынушыларына, оның ішінде Еуроодақ елдері де бар, әсер ету тетігі ретінде пайдалануына әкеп соғуы мүмкін. Кейінірек S&P Қазақстан Республикасының тәуелсіз кредит рейтингі бойынша болжамын қайта қарап, «тұрақтыдан» «жағымсызға» өзгертті. Оның себептерінің бірі – Қазақстанның КҚК жұмысындағы үзілістерге қатысты әлсіз болуы.

Бірақ Тоқаев үшін КҚК жұмысының тоқтауының өте үлкен ішкі саяси салдары бар, себебі қаңтар қырғынынан кейін үкіметтің 2022 жылға басты міндеті әлеуметтік-экономикалық және саяси тұрақтылықты сақтау еді. Экономистердің сөзінше, Украинадағы соғыс Ресейден өтетін көлік-логистикалық бағыттардың бұзылуына әкеп соқтырып, импорт қымбаттап, тауар тапшылығын арттырып қана қоймай, инфляцияның қайта өсуіне де түрткі болды, бұл елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың нашарлауына байланысты қосымша маңызды мәселелер тудырды. Мысалы, Украинадағы соғыс басталғаннан кейін экономист Рафаэль Жансұлтанов «инфляцияның қарқынды өсуі импортқа тәуелді ел ретінде Қазақстан үшін өте үлкен қауіп» деген қорытындыға келді, өйткені барлық отандық импорттың 40% үлесі Ресейге тиесілі. Ал кейбір тауарлар бойынша импорт үлесі 80%-дан артады. Экономистің ойынша, Ресейге қарсы санкциялар және ресейлік үкіметтің қарсы жауабы бірінші кезекте инфляциялық қысымға, төлем қабілетінің эрозиясына және қазақстандықтардың өмір сүру деңгейінің төмендеуіне әкеледі.

Әлеуметтік-экономикалық тәуекелдерден бөлек Тоқаевтың және оның айналасындағылардың тағы бір қорқынышы проназарбаевтық күштердің реванш алу ықтималдығымен байланысты. Олардың ойынша, бұл күштер өзіне адал көшбасшылар мен саяси қозғалыстарды қалыптастырып әрі көпшілікке танытып, алдағы 2024 жылы өтетін президент сайлауына және 2025 жылғы парламент сайлауына дайындалып үлгеруі мүмкін. Айт-қандай, кезектен тыс парламент сайлауын өткізу Тоқаевтың заң шығарушы органды «тазартқысы» келетінін көрсетеді, себебі парламент құрамы 2021 жылдың қаңтарында Мәжіліске өзінің бірталай жақтасын өткізіп жіберген Назарбаев пен Байбектің бақылауымен жасақталған еді. Бұл жерде Тоқаевтың саяси әрекеттері саясатты тек саяси технология мен ішкі элиталық тәсімдер деңгейіне дейін құлдыратып, елде толыққанды әрі бәсекеге қабілетті жариялы саясаттың қалыптасуына еш әсер етпейді.

Назарбаев та 1990-жылдардың басында 1995 жылға дейін өзін демократ танытқысы келді ғой. Олай болса, Тоқаев үшін 1995 жылдың баламасы 2022 жылы басталған сияқты

Ал биліктің кейбір әрекеті қазіргі президенттің де Назарбаев сияқты қоғамнан қорқатынын аңғартады. Бұл сайлау туралы заңға өзгерістер енгізу жобасында анық байқалды, енді сайлаудағы тәуелсіз бақылаушылардың қызметін мемлекеттің бақылауы күшейеді, олардың сайлау учаскелеріне тіркеліп, жұмыс істеуі қиындай түсетін болады. Бұл ОСК тәуелсіз ҮЕҰ-ды тіркеу процесі кезінде жасанды фильтрлер жасау арқылы жүзеге асырылады, мәселен, енді олардың жарғысында сайлауда бақылау жүргізеді деген тармақтың болуын талап етпек. Мұны Қазақстан президенті болуға үміткерлердің бәріне қойылатын мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы лауазымда кем дегенде бес жыл жұмыс тәжірибесінің болуы керек деген демократияға қайшы талаппен салыстыруға болады. Тоқаевта тәуелсіз бақылаушылар алдындағы қорқыныш 2019 жылы пайда болды, ол кезде олар дауыс беру, дауысты санауда белсенді бақылау жүргізіп, президент сайлауы деген қойылымды әшкерелей жаздаған еді. 2021 жылы парламент сайлауы кезінде тәуелсіз бақылаушылардың қызметіне шектеу қойылып, тәуелсіз exit poll жүргізуге тыйым салды. Кезектен тыс президент және парламент сайлауы кезінде де билік сайлау процесін толығымен өз бақылауына алып, тәуелсіз бақылауды барынша шектеп, оның жұмысын билікпен тығыз байланысты гонго және парламент сайлауы қарсаңында құрылатын жаңа саяси партиялармен алмастырғысы келеді. Бұл процесс басталып та кетті. Respublica партиясы құрылатынын жариялады, кейінірек танымал журналист Вадим Борейко зерттеу жүргізіп, оның билікпен байланыста болуы мүмкін екенін көрсетті. Парламент сайлауы қарсаңында бәсекелестіктің елесін тудыру үшін осындай «respublica-лардың» көшірмелері көбейе түсуі мүмкін.

Билік өзінің ішкі ауруын сол күйі жеңе алмай, бір-біріне сенімсіздік танытып, керісіп, қайта-қайта екіге жарылып жүрген «ескі оппозицияға» қарағанда тәуелсіз бақылаушылардан кө-бірек қорқатынының өзі қызық жағдай. Қазір билік, бір жағынан, президент сайлауы бәсекелестікте өтті деу үшін «Қосанов-2» сияқты жалған оппозиционерді табуы керек, екінші жақтан, тіптен осындай жалған оппозицияның пайда болуы оның үміткерін наразылық көңіл-күйдің бейнесіне айналдыруы мүмкін, өйткені адамдар «Қосанов-2» деген нұсқаны сол үміткерді қолдау үшін емес, Тоқаевқа қарсы дауыс беру үшін таңдайды. Тәуелсіз бақылаушылар болса сайлаудың кезекті қойылым екенін қайта әшкерелеуі мүмкін. Ал олардың болмауы, керісінше, «Қосанов-2» деген үміткердің бұл сайлауға қатысуын билік тарапынан басқарылатын процеске айналдырады. Бақылаушылардың қызметіне қатысты заң талабын күшейткеннен кейін билік оппозицияның ортақ үміткерінен еш қорықпайды, себебі ол пайда болса да, бүкіл оппозиция атынан шықпайтынын біледі, оның үстіне ол үміткердің сайлауға дайындалатын уақыты, елдегі наразылық көңіл-күйді бір жерге ұйыстыратын мүмкіндігі де болмайды.

Бірақ бұл саяси технологиялық ойындардың бәрі елді тағы да қиын жағдайға әкеп тірейді. Жариялы саясат болмаған жерде қауқарсыз саяси жүйе сақталады, бұл жүйеде ел болашағына қатысты сұрақтың бәрі тек ішкі элиталық қатынастардан аса алмайтын күңкіл саясат бірінші орынға шығады. Нәтижесінде кез келген ішкі элиталық қақтығыс, әсіресе шешім қабылдайтын орталық әлсірегенде немесе аяқ астынан саяси сахнадан кеткенде элиталық топтардың бірі қоғам-дағы наразылық көңіл-күйді өзінің ішкі элиталық күресінде құрал ретінде пайдаланса, тұтас елдегі жағдайды тұрақсыздандырып жіберуі мүмкін.

Отыз жыл бойы жүйені тек өзіне байлаған Назарбаевқа қарағанда Тоқаевтың келесі отыз жылы жоқ

Егер Тоқаев Назарбаев сияқты өзінің қолына үлкен билікті шоғырландырып, барлығы бір адамның айналасында болатын саяси жүйені сақтап қалса, айтып отырғанымыз жүзеге асады да. Ішкі элиталық қақтығыс қоғамдағы наразылықпен бірдей келіп қал-са, біз қаңтарда бақылағаннан да күшті тұрақсыздандыратын әсер тудыруы мүмкін. Ал бұл жарылысты еліміз көтере алмай қалуы ықтимал. Егер белгілі бір бизнес-құрылымда дағдарыс болса, онда компания табыстан қағылады, тұтынушыларынан айырылады, өз тауашасынан кетіп, тіпті банкротқа ұшырайды. Бірақ жалпы жүйе үшін мұның ауыр салдары бола қоймайды. Тіпті Too Big to Fail тізіміндегі компаниялардың құлдырауы да жүйені бір сілкіп алады, бірақ түгелдей жойып жібермейді. Егер мемлекеттік басқаруда коммуникация дағдарысы болса, оның салдары әлдеқайда үлкен. Ол коммуникациялық дағдарыс, сенім дағдарысы және одан туындайтын билік легитимділігі дағдарысынан тұратын «дағдарыс үштігімен» байланысты. Қазіргі билік болса өз әрекеттерімен осы үштіктің туындауын тездетіп жатыр.

Отыз жыл бойы жүйені тек өзіне байлаған Назарбаевқа қарағанда Тоқаевтың келесі отыз жылы жоқ. Халықтың ұзақ уақыт айтқанға көнетін шыдамы да жоқ. Тіпті Тоқаевтың жеті жылын соңына дейін отыратындығы да күмәнді. «Тоқаевқа уақыт беріңдер» деп жиі айтылатын тезистерге қарсы жауап осы. Уақыт тапшылығы – оның алдындағы сын-қатердің бірі. Тағы бір маңызды сын-қатердің бірі, осыған дейін айтылғандай, оның айналасында реформаторлардың болмауы және «ұжымдық назарбаевтан» құтылу үшін мемлекеттік аппаратты нақты тазартуға ниеттің жоқтығы, өйткені Тоқаевтың өзі – сол жүйенің бір бөлігі, билікті сақтап қалудың сол бұрынғы әдістерін пайдаланады. Президенттің саяси технологтары ойлап тапқан «жаңа Қазақстан» немесе «Еститін үкімет» сияқты саяси технологиялық құрылманы алып тастасақ, Тоқаевтың президенттігінің қорытындысы негізгі үш сұраққа жауап беруі тиіс.

Біріншіден, Қазақстанның болашақ басшыларына арнап қандай жаңа саяси дәстүрлердің негізі қаланды? Ертең олар Ата заңға қалағанын илеп алатын балшық, ал қарапайым халыққа бәрін «жұта» салатын people сияқты қарамауы керек қой?

Екіншіден, тежемелер мен теңестірмелер жүйесі негізінде қандай жаңа саяси институттар пайда болды? Билікке келетіндер Конституцияны қайтадан саз балшық көретін ойы болмас үшін де бұл өте маңызды. Айтпақшы, бұл кез келген проназарбаевтық күштердің реванш алуынан да қорғап тұрады.

Үшіншіден, отыз жыл бойы билік пен оның айналасындағы олигархтар өздеріне жасап алған жайлы өмірдің ішінде қанша Қазақстан азаматы өздерін бөтен сезінді?

Бұл жерде саяси технология емес, жаңа адамдары бар жаңа саясат керек. Өздеріне патша жасап, бар күшін оның биліктегі уақытын создыруға жұмсайтын қошеметші нөкерлердің қажеті жоқ. Егер президент өзгерістерден қорқып, «мүмкіндіктер терезесін» жауып тастаса, ерте ме, кеш пе, мұндай нөкерлер Тоқаевтың айналасына жиналатыны анық.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить