Цифрландыру: Арманға апарар жаңа тренд

20053

Физика-математика ғылымдарының докторы (PhD), A&M University (Texas, US) профессоры Диас Нұрмағамбетов бес жылдан бері отбасымен АҚШ-та тұрып жатыр. Ол қазір deep learning, яғни «тереңдетіп оқыту» және жасанды интеллект саласына негізделген ІТ компанияның (Data Science, AI) тең құрылтайшысы. Отандасымыздың айтуынша, бүгінгі адамның барлық жұмысын жеңілдетіп, одан әрі тиімді ететін басты тренд – цифрлық трансформация

Диас Нұрмағамбетов
Диас Нұрмағамбетов

Бүгінде біз көптеген әрекетті онлайн орындап, уақыт үнемдеу тетігін тиімді қолдана аламыз. Цифрлық трансформация – бизнестің көптеген құрылымдарын дамытуға жаңа серпіліс беруде, - дейді ол. - Қазір, тіпті, шет елдерге шығып, білім алу мәселесі де аса өзекті емес. Гарвард университеті не Массачусет технологиялық университеті (МІТ) өз лекцияларын ашық көздерде жария етуде. Яғни, кез келген адам бұл курстарға, лекциялар мен кітаптарға оңай қол жеткізе алады, егер, әрине, оқимын-тоқимын деген ұстанымы болса.

F: Кей мәліметтер бойынша, жыл сайын Қазақстаннан шет елдерге жүз мыңдай студент білім алуға аттанады...

- Шетелде білім алу айтарлықтай қымбат, мысалы, Құрама Штаттарда жоғары білім студентке жылына 10–12 мың долларға түседі. Ол дәл сондай дипломды қазір онлайн да ала алады және де біршама арзанға. Ал қазақстандық студент жолдың және тұратын орнының шығынын, басқа да қажеттіліктерді ескеруі қажет. Меніңше, өз үйіңде отырып, онлайн білім алу айтарлықтай тиімді.

F: Шетелдік диплом – табыс кепілі, оның сыртында тіл меңгеру, дамыған елде жұмысқа орналасу дегендей мүмкіндіктер бар...

- Жүз жылдай бұрын білім алу, білімді болу – адамды элита деңгейіне шығарып, оның өмірін, статусын өзгертетін өзіндік мүмкіндік, ерекше тетік болатын. ХХ ғасырдың соңын ала «маңызды тетік» білім емес, диплом дегенге келіп тірелді, яғни адамның білім деңгейі емес, алған дипломы маңызды саналды. Ал қазір табысты болу үшін міндетті түрде танымал университетке оқуға түсу керек дегендей классикалық ұстаным жоқ, ең бастысы жан-жақты әрі терең білім алу. Бүгінгі адам диплом үшін емес, білім, тәлім үшін оқуға түсуге мүдделі, өйткені жоғары жалақы беретін жұмыс өлшемі осындай: білім мен тәжірибе бір-бірімен ұштасатын деңгейде болуы тиіс. Америкада мемлекеттік органда жұмыс істеу үшін жоғары білімді болу керек деген талап алынып тасталған, бұл осы бағытта жоғары білім алам дегендердің санын күрт төмендетіп жіберді...

F: Бірақ, мысалға, Сіз кезінде АҚШ-қа көшкенді дұрыс санадыңыз?

- Ия, мен мұндай шешімге бес жыл бұрын келгенмін, қазір анық айта аламын – ыңғайлы орта іздеу, қоныс аудару дегендей ұстанымдар ХХ ғасырдың адамына тән логика. Қазір әлем өзгерген. Цифрландыру аясындағы басты ерекшелік – ескі жүйеге телміреп қарап отырғанша, онлайн тетіктердің мүмкіндігін игеріп, өз өміріңе икемдеуді үйрен дегенге саяды. Өзің таңдаған салада көшбасшы бол, жетекші бол, танымал бол, мысалы, Грэмми иегері атанған Иманбек сияқты. Бұл үшін міндетті түрде қоныс аудару қажеттілігі жоқ. Айтқандай, таяуда біздің компания алматылық бірнеше қазақ жігітін жұмысқа алды. Яғни, американдық компания Қазақстанда тұратын программистермен байланыс орнатты. Оларға ұсынылған жалақы да айтарлықтай тартымды. Шартты түрде алғанда, Жетісайда отырып та айына 7-10 мың доллар табыс табуға болады, бірақ бұл үшін нақты білім және тәжірибе керек.

F: Білімнің маңызы бәрібір өзекті ғой?

- Әлбетте! Қазір бұл тұрғыда «кәсіби субмәдениет» деген ұстаным қалыптасуда, бұл бүгінгі білімге, бүгінгі білімнің деңгейіне тән талап іспетті. Айталық, программистерге арналған өзіндік байсалды «біліми субмәдениет» бар. Онда өз саласына сай бағалау жүйесі, оқыту жүйесі ескерілген, өз «кәсіби клубтары» құрылған. Бұл субмәдениет аясында жұмыс беруші программистің дипломынан бұрын, оның білім деңгейіне (мүмкін, тіпті өз бетімен қол жеткізген), кәсіби біліктілігіне, жұмыс тәжірибесіне, жобаларды жүзеге асыру көрсеткішіне мән береді. Айтқандай, университеттерде білім алып жатқан американдық жастардың біразы өз таңдауын білім алу қажеттілігімен емес, өз ортасындағы адамдармен әлеуметтік байланыстарды дамыту ұстанымымен (нетворкинг) түсіндіреді.

F: Жоғары білімнің маңыздылығын тым төмендетіп жібергендейсіз?..

- Бұл бүгінгі күннің шындығы, қазіргі таңда әлемдік деңгейдегі компаниялар үшін маманның қай елде не ЖОО-да білім алғаны емес, қай салада, қай компанияда жұмыс істегені, оның тәлім-тәжірибесі, кретивтік ойлау қабілеті сынды көрсеткіштер маңызды. Мысалы, мен ҚазМУ-дың түлегімін, докторлық дәрежемді Қазақстанда қорғап шықтым. АҚШ-та жұмысқа орналасарда, жұмыс берушім менің дипломымнан бұрын зерттеу жүргізу тәжірибеме, зерттеушілік қабілетіме қызығушылық танытты.

F: Яғни, студенттер жоғары білім алумен қатар, жұмыс істеп, тәжірибе жинақтау мүмкіндігін де ескергені дұрыс қой?

- Цифрлық мүмкіндіктер кезеңінде бұл соншалықты қиын емес, әсіресе, бүгінгі жастар үшін. Интернет технологиялар қазіргі әлемді, әлем ішіндегі мүмкіндіктерді кез келген адам үшін қол жетімді етіп отыр. Қалауың болса, бүгін, жер жаһанның әр түпкірінен жұмыс таба аласың, өз өміріңді, өмірлік ұстанымыңды өзгерте аласың. Ескеретін жайт – мүмкіндіктер тек бір сен үшін ғана емес, барша әлем жұрты үшін, яғни қалыс қалма, талпын. Мысалы, Google сынды ғаламдық корпорацияда кез келген қызмет позициясына бәсеке зор. Бәсекелестік артқан заманда тұғырдан көріну үшін, біліктілік деңгейіңді ғана емес, қолыңнан нақты не келеді, өзгелерден озық тұсың қайсысы – осыларды да көрсете білу маңызды. Меніңше, қазақстандықтар цифрлық тетіктерді игеруде аса қиналып жатқан жоқ, негізі, қай елде болмасын, біздің отандастарымыз бәсекеге барынша қабілетті: әдетте, базалық білімі өте мықты әрі креативті ойлау қабілеті зор. Өзім куә болған бір оқиғаны айта кетейін. Біздің жерлесіміз, жас шамасы елулерден асқан әйел АҚШ-қа қоныс аударып, біраз уақыт өзіне лайықты жұмыс таба алмады. Ол кез келген шаруаға білек сыбана кірісетін, тіпті Интернет арқылы торт пісіріп, тоқаш сатумен де айналысты. Сөйтіп жүріп, онлайн негізде тестілеуші мамандығын игеріп алды. Сонда оған бірден төрт компания жұмыс ұсынды. Негізі, Америкада, мысалы, азиялықтардың математикаға деген қабілеті жоғары, үнділер барынша шыдамды, орнықты, ал ТМД аумағынан шыққандар білімді адамдар деп есептеледі.

F: Цифрлық білім, цифрлық әрекет аясында балаларды ІТ саласына, программалауға бейімдеген дұрыс дейсіз ғой?

- ІТ сала мамандарына, программистерге деген сұраныс әлі де артады, әрине. Бұл мамандықтар дәл қазір нарық ішіне аса қажет. Бірақ, мен шығармашылық тұрғыда тәлім беруге де шындап мән берер едім, мысалы, баланың суретшілік қабілетін, музыкадағы талантын ашу үшін. Меніңше, алдағы бес жылда программистер саны күрт өсіп, сапалы контент әзірлеу қажеттілігі алға шығады. Қазір, мысалы, әлеуметтік желілер ақпарат жеткізу функциясын атқарып отыр, бірақ онда сапалы контент жоқ. Ал сапалы контент өндіру үшін шығармашылық қабілет, креативті ізденіс керек...

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить