ІТ-сала маманы: Мұнай дәуірінен соң, жаңа технологиялар заманы келеді

Елімізде IT-маман тапшылығы жоқ емес. Бірақ шет елдерден маман тартуды ниет еткен Қазақстан бұдан не ұтады?

ФОТО: © Depositphotos/Nomadsoul1

2022 жылдың 1 қыркүйегінде ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, сұранысқа ие мамандықтар тапшылығын азайту мақсатында: «...Ғылым, денсаулық сақтау, өндіріс, IT-салаларының білікті мамандарына жеңілдік жасалады. Мемлекет оларға елімізде тұрақты тұру үшін виза береді. Шетел кәсіпкерлері он жылға виза рәсімдеп, Қазақстанда тұруға мүмкіндік алады. Бірақ олар экономикамызға 300 мың доллардан астам инвестиция салуы қажет...» деп көрсетті. 

«Сұраныс әлі де өсе береді»

6 жылдан бері «Thousand» IT-компаниясын басқарып, екі ай бұрын «Aqyl Battle» қосымшасының негізін салған Айболат Құлатайдың айтуынша, қазір дамушы елдер экономикалық болашақ ІТ-да екенін түсініп, батыл қадамдарға баруда.

Айболат Құлатай, Thousand IT-компаниясының басшысы, Aqyl Battle қосымшасының негізін қалаушы
Айболат Құлатай, Thousand IT-компаниясының басшысы, Aqyl Battle қосымшасының негізін қалаушы

«IT мамандарға деген сұраныс тек Қазақстанда ғана емес, жалпы әлем бойынша өте жоғары. Бұл көптеген мемлекеттерге тән тенденция. Қазір технологияның заманы. Еуропада, АҚШ-та IT сонау 90-шы жылдары дамып, қазір шарықтау шегіне жеткен. Ал дамушы елдер, мысалы, біз сияқты, болашақта экономиканы алға жетелейтін осы IT екендігін енді түсініе бастады.Әйтсе де бұдан 10–20 жыл бұрынғы ұстаным мен қазіргі көзқарасты салыстыру мүмкін емес. Тас дәуірі аяқталған соң қайтадан тас дәуірі орнаған жоқ. Себебі, ол кезде қола, алтын, темір дегендей басқа металдар пайда болды. Сәйкесінше, бүгінгі мұнай заманы, пайдалы қазбалар заманы аяқталған соң жаңа технологиялар дәуірі орнайды», - дейді ол.

Сарапшы маман, ІТ саласында қазір «сұраныс өзгеріп жатыр, біз тапшылықты өтегеннің өзінде, оған деген сұраныс бәрібір өсе береді» деп отыр.

«ІТ деген тек ІТ саласы емес. ІТ барлық сала үшін өзекті: медицина, биология, агросектор, мұнай өндіру, ұлттық қауіпсіздік, құқық қорғау, т.т. Қазір ақпараттық қауіпсіздік мәселесі алға шықты. Президент жақында «2025 жылға дейін 100 мың ІТ маманы керек» деді. Бұл өте амбициялы мақсат. 100 мың маман әзірлеуге болады, бірақ «2025 жылға дейін» деген күмәнді. Осы уақытқа дейін біз бұдан да көп, яғни 100 мың, 200 мың ІТ кадр оқыттық, бірақ олар қазір осы мамандықта қалды ма? Бізде ІТ салаға бейімделіп, арнайы маман әзірлейтін университеттер де, өңірлік көпсалалы университеттер де бар. Бірақ ІТ маманы 4 жылдық біліммен шектелмейді. Мысалы, кезінде біз оқыған технологиялар қазір нарықта өзекті емес. IOS, Android деген мобильді қосымшалар жасайтын бағыттар бар. ІОS-ты жазатын swift деген программалық тілдің өзі жыл сайын жаңарып отырады. Жаңа Iphone шыққан сияқты бағдарламалық тілдердің де жаңа версиялары шығып, өзгеріске ұшырап жатады. ІТ маманы әрқашан дамып, жаңа талаптарға икемделіп, бағдарламалық жаңа тілді меңгеруі керек, әйтпесе сұранысқа ие болмайды», - дейді ІТ компаниясының басшысы.

«Шетелдіктер бізден артық емес»

Айболат Құлатайдың пікірінше, қазақстандық мамандар шетелдік мамандармен тиісті деңгейде бәсекелесе алады, себебі, қазір Интернет заманы.

«Еуропалықтар басқа технологияны, біз басқа технологияны қолданамыз» деген жоқ. Екі жақтың да мүмкіндігі бірдей. Кодты сақтайтын мықты кеңістікті ашып, зерттеп көруге болады. Барлық әлемдік технологиялар бірдей дамып жатыр. Сондықтан «олар бізден артық біледі» деген ұғым жоқ. Біздің жасағанымызды Кувейтте де, Бангладеште де, АҚШ-та да, Британияда да жазуы мүмкін. Барлығында IOS болса, ол swift-пен қолданады. Android болса kotlin қолданады. Барлығы бір деңгейде. Тек жақсы не нашар маман бар», - дейді ол.

Сарапшы, сондай-ақ: «Интернет барлық мүмкіндікті теңдей қылып тастады. Бұрындары «ауыл баласымен қаланың баласының білім деңгейі әртүрлі» дейтінбіз. Қазір ІТ мамандығын ауылда онлайн оқып, не мектепте меңгеріп, жұмыс істеуге де болады. Себебі Интернетте неше түрлі курстар бар. Барлығы ізденушінің қабілетіне, уақытына, мотивациясына байланысты. Кейбір адамдар бағдарламалауды 3 ай оқып меңгеріп жатады, енді бірі 1 жылды аздық етіп, 2 жыл оқиды», - дейді.

Айболат Құлатай, біздегі ІТ маман тапшылығының түп-төркіні «тереңде жатыр» деп отыр, оның пікірінше, мектептерде Информатикадан бөлек бағдарламалау сабағы керек, бірақ мұнда да кадр тапшылығы мәселесі алға шығады.

«Оқытушыларға базалық білім керек. Себебі, орта мектепте бағдарламалауды оқымаған соң, университетте оны бірден алып кету оңай емес. Ал дарынды балаларға арналған мектеп түлектері еш қиналмайды. Мектеп оқытушылары үшін практикалық білім беретін курстар ашу керек. Біздің мемлекет өз бағытын шындап ІТ-ға бұрса, алғашқы қадамды осыдан бастағаны дұрыс. Мектептерді компьютерлендіріп, кадрларға назар аудару қажет.

Өз басым білім министрлігі мен индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ортақ шешіміне риза болдым: ІТ техникалық мамандық болғандықтан, оған педагогикалық бағыт ашып бергендері дұрыс болды. Ал магистратураны техникалық бағытта бітірген мамандар мектептерде білім бере алмайды, бұл үшін оларға қалайда педагогикалық білім керек. Ертең техниктер, әзірлеушілер, бағдарламашылар мектептерге барып, сабақ беруі керек. Жеке компаниялармен келісімге келіп, семинарлар, мастер кластар өткізуді ескеру қажет. Барлық баланы ІТ маман етіп шығару міндет емес, олардың ішінен қабілетті, дарынды дегендерін іріктеп алуға болады. Әрине, бұл арада ІТ білім беруге ниетті педагог мамандардың әлеуметтік мәселесін де ұмытпау керек, сонда «техниктер» арасынан мықты мұғалімдер шығып, мектептерге бара бастайды», - дейді Айболат Құлатай.

«Біздің мамандар да сыртта жүр»

ІТ салаға қызығушылық танытқан жастарға, сарапшы маман, әу бастан жұмысқа кірісіп, тәжірибе жинақтау жөнінде кеңес береді.

«Көптеген салаларда дипломнан бұрын, жұмыс өтілі маңызды. «Оқуымды бітіріп алайын, сосын жұмыс іздеймін» деген дұрыс емес. Бүгінгі тенденцияларды жақсы түсінген студенттер 2-ші, 3-ші курстан-ақ жұмысқа кірісіп жатады. Әрине, теориялық білім өте маңызды, бірақ, мүмкіндігінше, егер ЖОО-да жұмыс болса, содан бастап, кейін тәжірибе жинақтауға мүмкіндік беретін жұмыстан бас тартпаған жөн. Сонда, диплом алған тұста ол тәжирбиелі маман болып шығады, ірі компаниялардың оған деген сұранысы артады», - дейді «Thousand» IT басшысы.

Ол, сондай-ақ ІТ нарығындағы бүгінгі жағдайға жаһандық деңгейдегі соңғы оқиғалар да септік етіп, бұл салада да елеулі өзгерістер болып жатқанын ескертеді: «Пандемия, оның артынан геосаяси деңгейдегі санкциялар. Әрбір қоғамда, саясатта болып жатқан саяси-экономикалық, әлеуметтік өзгерістер жұмыс режиміне, жұмыс жағдайына әсер етпей қоймайды. Соңғы үш жылдағы жағдай қатты өзгерді».

Десе де, Айболат Құлатайдың айтуынша, отандық ІТ мамандардың алғашқы легі жақсы нәтиже көрсетуде.

«Төменгі жалақы 200 мыңнан басталады, бірақ бұл салада даму қарқынды жүреді. Орта деңгейге жеткен мамандарды компаниялар таласып алып кетеді, себебі сұраныс өте жоғары, ал маман тапшы. Пандемияға дейін банк саласындағы ІТ мамандардың жағдайы жақсы болатын. Ал карантиннен кейін қашықтан жұмыс істеу мүмкіндігін ескерген мамандар енді Еуропадан, Америкадан жұмыс істей бастады. Оларға шетелдік компаниялар барлық жағдайды жасап, сұраған жалақысын береді. Бізге жетпей жатқан отандық мамандардың біразы қазір сыртта жұмыс істейді», - дейді сарапшы.

Ал ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шетелден маман тарту туралы ұсынысын Айболат Құлатай түсіністікпен қабылдағанын айтады.

«Шетелдік мамандардың келуінен ішкі нарық ұтпаса, ұтылмайды, бұдан ел ішінде бәсекелестік орта дами түседі. Соңғы санкциялар аясында Қазақстанға Ресейден, Беларусь елінен көптеген маман қоныс аударып, отандық компанияларда жұмыс істеуде. Бірақ ең мықты кадрлар қазір Еуропада, осыны да ескерген жөн. Кадрлардан бөлек шетелдік компаниялардың келгені де жақсы. Ірі компаниялар Қазақстанда өз кеңселерін ашса, бізде үлкен серпіліс болып – сапа да түзелмек, бәсеке де артпақ», - дейді қазақстандық ІТ компанияның басшысы.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
24973 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить