Жандос Керімқұлов: Егін алқаптарын ғарыштан бақылау шаруалардың шығынын қысқартып, табысын арттырады

10315

Қазақстандық жас ғалым ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыруға бағытталған жобаны қалайша кіріс көзіне айналдырды

Жандос Керімқұлов
Жандос Керімқұлов

Бұл туралы Назарбаев университетінің ғылыми қызметкері, «Egistic» жобасының жетекшісі Жандос Керімқұлов Forbes.kz тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.

F: Жандос, алдымен өзіңіз туралы айтып өтсеңіз, қайда оқыдыңыз, қандай мамандық бойынша білім алдыңыз?

- Мен 1987 жылы Алматы қаласында туылдым. Сол қалада өстім, мектепке бардым, жоғарғы оқу орнына түстім, Қ. Сатпаев атындағы Қазақ Ұлттық Техникалық университетінде IT мамандығын меңгеріп шықтым.  Әр жылдары Англия және Францияның ғарыш саласындағы түрлі мекемелерінде біліктілікті арттыру бағдарламасы аясында 18 ай жұмыс істедім.  Бұл «Airbus» және «Surrey Satellite LTD» компаниялары. Мен бірге істеген инженерлер тобы ғарыштық аппараттардың негізгі бөліктерін зерттеп, оны орбитада іске қосу және әрі қарай падалану тәсілдері мен заңдылықтарын үйрендік.

F: Ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыруға бағытталған идея қалай пайда болды? Егістік жерлерін  ғарыштық суреттер арқылы талдау жөніндегі стартап алдымен қайда ұсынылды, қайда мақұлданды?

- Мен 2015 жылы  Қазақстан ғарыштық бағдарламасының бір бөлігі саналатын, яғни, ғарыштық аппараттарды бағдарламалық басқару инженері ретінде жұмыс істеп жүрген едім. Осы кезде  біздің мекемеге швециялық мамандар келіп, олар екі апта бойы өз тәжірибелерімен бөлісіп, оқу бағдарламасын ұсынған болатын.   Сол кезде мен өзімнің жұмысыма тікелей қатысты жоқ, яғни мен үшін профильді емес бір лекцияға қатысқан болатынмын. Бұл тек өзім үшін,  геоақпараттық жүйелермен жақынырақ танысу үшін керек болды. Содан бұл бағыт маған қатты ұнады, оған қызығушылығым артқаны соншалық, келесі 2 жылды, яғни өзімнің бос уақытымды сол білімді әрі қарай жетілдіруге арнадым. Осылай өз мекемемде жұмыс істеп жүріп,  қосымша бірнеше жоба  жасадым. Бірақ, олар менің жалақыма өзгеріс әкелмеді. Сондықтан, мен бұл компаниядан кету туралы шешім қабылдадым.  Араға уақыт салып Назарбаев Университетіне мұғалім болып орналасып, ондағы пәндердің бірі бойынша сабақ бердім, осылай сол жердің экожүйесімен танысу басталды. Жалпы, менің  ғарыштық суреттерді өңдеу, процесстерді автоматизациялау бойынша білімім бар және бағдарламалар жасау бойынша айтарлықтай тәжірибем болды.  Осының бәрін өзара біріктіріп, өзім еңбек етіп жүрген Назарбаев Университетінің инкубация бағдарламасына қатыстым. Сол жерде өзімнің білімімді тиімді пайдаланып,  монетизация жасауды қолға алдым. Бұл  ауыл шаруашылығына қатысты  жоба болды, мен өз тәжірибемді агро салаға  қолдануды жөн көрдім, оның ішінде егістік жерлерінің тиімділігін арттыруға, егін алқаптарын талдаудың жаңа әдісін ұсындым.  Өйткені, біздің елде пайдаланылатын жерлердің ауқымы өте кең, нақтырақ айтсақ егістік алқаптарының жалпы көлемі 22 млн га болады, бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан әлемде 7-ші орынды иеленеді. Ал  ондай жұмыс Қазақстанда бұрын-соңды жасалмаған.

F: Жоба қалай  аталады, қалай жұмыс істейді, талдау қалай жасалады, оларға қанша уақыт кетеді, оның фермерлерге берер пайдасы мен тиімділігі неде?

- Жобаның қазақша атауы «Егістік» болып шығады, ал егер ағылшынша айтатын болсақ «Egistic», яғни «GIS» дегенміз- геоақпараттық жүйе, «Е» дегеніміз - электронды, қалғаны технологиялық компания екенін білдіреді. Бұл 100 пайыз бұлттық бағдарлама.  Мысалы, егер сіз фермер болсаңыз, онда Egistic.kz сайтына кіріп, онда жеріңіздің кадастрлық номерін енгіземіз, сол жерден егістік алқабын табамыз және  онда 3-5 күн сайын ғарыштық суреттерді жүктеп, оларға спектральді талдау жасалады. Біз өзімігзе керекті  деректерді NASA мен Еуропалық ғарыш агенттіктерінің  ашық базаларынан аламыз, олар түсірген суреттерді қолданамыз. Олар үнемі жаңарып отырады және қолжетімді.     Егер, қарапайым тілмен айтатын болсақ, біздің талдау арқылы жердің қазіргі жағдайын, онда егілген немесе өсіп тұрған өсімдіктің проблемалық аумақтарын, тіпті алқапты жайлауы мүмкін армшөп шоғырланған жерлерге дейін анықтауға болады. Бұл жұмыс небәрі 1-3 сағат аралығында  жасалады. Яғни,  тез арада  сіздің жеріңіздің қазіргі кездегі ахуалын, сапасын  толығымен қарап шығуға мүмкіндік береді, одан басқа техниканың GPS трек бойынша қайда және қандай жұмыстар атқарып жатқанын көрсетеміз, бұл вегетациялық кезең бойынша сізді объективті мәліметтермен қамтамасыз етеді. Бір сөзбен айтқанда шаруалар егістік аумағына барып әуере болмайды, оны айналып жүрмейді, бәрін алдын ала көріп, бақылап отырады және қандай да бір проблемаларды алдын алуға болады. Яғни, олар егін кезінде жерден көп нәрсені байқамауы мүмкін, ал жоғарыдан оның бәрі анық көрінеді. Дәлірек айтсақ, жерді ғарыш арқылы талдау шаруалардың шығынын қысқартып, өнімділігін арттырады, дер кезінде әрекет етуге жол ашады.

F: Сіздің бастамаңызды ҚР Тұңғыш президенті Н. Назарбаевтың айрықша атап өткенін білеміз және Елбасы осы жоба арқылы ауыл шаруашылығының тиімділігін 30-40% арттыруға болатынын айтқан еді. Бұл нәтижеге қалай жетуге болады, бұл болжам қалай жасалады?

 - Бұл тек дұрыс шешім қабылдау нәтижесінде ғана жүзеге асады. Өсімдік те тірі ағза ғой. Мысалы, адам ауырған кезде  МРТ, яғни  томография жасайды, анализдер тапсырады, флюорография және рентгенге түседі.  Сосын дәрігер барлық жиналған мәліметтер негізінде оған диагноз қойып, қажетті дәрі-дәрмектерді тағайындайды. Бізде де сол сияқты,  фермерлерге өсімдіктің қазіргі  жағдайы туралы, вегетациалық индекс жайында, ылғалдылық индексі бойынша, сонымен қатар, азот және хлорофил индекстеріне қатысты кеңінен мәлімет береміз. Ал шарауалар  өз кезегінде ары қарай  осы мәліметтерді пайдаланып, дер кезінде іс- әрекет жасайтын болса, егістік алқаптарын  жақсы күйінде сақтап қалады және өсімдік жағдайын білу үшін басқа жақтарға барудың қажеті жоқ, сол себепті олар жермен бірге уақытын тиімді пайдаланады, үнемдейді.

F: Бүгінгі күні командада кімдер бар, олар кімдер және атқаратын міндеттері қандай?

- Бүгінгі күні бізде тоғыз адам жұмыс істейді, оның ішінде алтауы IT маманы болса, одан бөлек тағы бір маркетолог, дизайнер және агроном бар. Барлығы біздің Назарбаев Университетінің түлектері.

F: Жоба қандай көлемде қаражат талап етті? Ол өзін қай кезде ақтауы ықтимал?

- Егер, осы күнге дейін барлық  жұмсалған қаржыны санайтын болсақ,  жалпы $200 000 шамасында ақша салынды. Бүгінгі күні жоба өзін- өзі ақтайтын дәрежеге шықты, биыл $50 000 шамасында пайда әкелді, оның ішінде экспортың да пайызы бар, бұл Ресей нарығына қатысты. Енді алдағы жылы $150 000  көлемінде табыс табуды мақсат тұтып отырмыз.

F: Қазір бұл жоба бойынша нәтижелі жұмыс істеп жатқан шаруалар бар ма? Қолданушылар  қатары қаншалықты артты? Бұл жобаға аймақтар,  ауыл шаруашылығы министрлігі қаншалықты мүдделі болып отыр?

 - Әрине бар, бүгінгі күні жалпы  500 мың гектар көлеміндегі  жерді қамтып отырмыз.  Жақын арада оны 2 миллионға дейін арттыру жоспарда бар. Бұл біз үшін  толыққанды бірінші жыл болғандықтан салыстыру қиын, бірақ бүгінгі күні платформада мыңнан астам пайдаланушы тіркелген. Ал министрлікпен ешқандай қарым- қатынасымыз жоқ, себебі әзірге арада байланыс  орнамаған.

F: Әрине, бұның бәрі фермерлер үшін өте қолайлы. Ал сіздердің табыстарыңыз қалай  белгіленеді?

- Бізде жылдық төлем гектарына 90 теңге, қазір акция болып жатқандықтан 45 теңгеден ұсынып отырмыз.  Сонымен қатар, кейбір клиенттердің жеке қажеттіліктері туынайды. Соларға қажетті жұмыстарды  жасап береміз.

F: Жалпы әлем елдерінде бұл тәжірибе қаншалықты қолданылып келеді, олардың ішінде қандай мемлекеттер бар, олар қандай нәтижеге қол жеткізіп отыр?

- Бұл өте кең тараған қызмет түрлерінің  бірі. Мысалы, « Syngenta» деген алпауыт бізге ұқсайтын сервисті $20 млнға сатып алған, ал 2020 жылы сәуір айында Рессейде тағы осындай сервиске $10 млн көлемінде инвестиция құйылған. Әрине, бізге бұндай компаниялармен қатарласу қиынға түсуде, сондықтан біз алдағы уақытта бүкіл ауыл шаруашылық саласына әсер ететін қызмет түрлерін жасау үстіндеміз.

F: Қазір бұл салада сіздерге бәсекелестер бар ма? Әлде Қазақстан нарығында тек сіздер ғана қызмет көрсетесіздер ме?

- Әрине бар, бұл Ресейлік, Еуропалық және Америкалық сервистер. Біздің ерекшелігіміз- бізде барлық кадастрлар жүйеде тіркелген, ол пайдаланушылардың  жұмысын жеңілдетеді және бағасы бойынша 5 есе арзан.

F: Жоба жүзеге асқаннан кейін, яғни бір жылдан соң көршілес Ресейден тапсырыс алған екенсіздер. Олар кімдер және қандай қызмет түрін пайдаланды? Жалпы өзге елдердің нарығына шығу ойда бар ма?

- Осы жылы Самара аумағындағы қандастарымыз жоба туралы естіп, біздің қызметімізді пайдаланып жатыр. Сонымен қатар, Ресейдегі үлкен бір компаниямен келісімге келу туралы үлкен жоспармыз бар және оны жасап жатырмыз. Қазір Австралия нарығын да зерттеу үстіндеміз.

F: Қазіргі күні ауыл шаруашылығын цифрландыру қаншалықты маңызды? Бұл бағытта оң өзгерістер бар ма? Әлемдегі тенденция қандай?

- Пандемия ауыл шаруашылығының ешқашан тоқтамайтын сала екендігін көрсетті. Сондықтан, бұл салада әрдайым өнімділікті арттыру маңызды. Бұл егін технологияларымен қатар, цифрландыру үрдісі. Бүгінгі күні KPMG жасаған зерттеу бойынша ауыр шарушылығын цифрландыру құрылыс саласынан кейін ең соңғы орында тұр. Бұған инфрақұрылым, интернеттің болмауы және сол салада жұмыс істейтіндердің компьютерлік біліктілігінің төмендігі кедергі келтіруде. Мысалы,біздің сервиске шаруалар тарапынан қызығушылық жоғары екенін сенімді түрде айта аламыз, ал оны енгізу мәселесіне келсек, көбінде клиенттердің компьютерлері ескірген, жоғарғы сапалы интернет жоқ және бұл өз кезегінде  қызметті падалану, игеруге кері серін тигізіп отыр.

F: Бұған дейін  KazЕОSat 1,  KazЕОSat  2 жер серіктері ұшырылған болатын. Олардың да мақсаты жерге ғарыштан мониторинг жасау,  оның ішінде ауыл шаруашылығына қатысты жобаларды жүзеге асыру  еді.  Сіздер қолға алған жобамен олардың миссияларында қандай айырмашылық бар? Ұлттық ғарыш орталығымен байланыстарыңыз, жоспарлаған жобаларыңыз бар ма?

- Мен өзім осы орталықта 7 жыл жұмыс істедім. Бұл мекемеде жұмыстың бәрі қолмен жасалады және олар тек ауыл шаруашылығы министрлігіне бағытталған. Мысалы, біз  бір егістік алқабы бойынша бір мезгілде  30-40 сурет өндейміз, ал ғарыш агенттігінде тек 5-6 болады. Оның үстіне жасалған жұмыс көпшілікке қолжетімді емес, онда вендорлық бағдарлама қолданғандықтан оның өзіндік бағасы өте жоғары. Сондықтан, бұл орталықпен байланыс орнатылмаған, бірақ қарым-қатынастың болмауына біздің тарап кінәлі емес.  Мен түсінбейтін жағдайлар бар шығар. Сондықтан,   тығыз араласқан емеспіз, егер көмек сұраса беруге әзірміз.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить