Ақпаратпен ойын

Вig Data-мен тәжірибе жасайтын компаниялар нені білуі керек?

ФОТО: © Depositphotos.com/Gorodenkoff

Ақпарат көп нәрсені өзгертті. Енді ең қиын сұрақтың жауабын да есептеп шығаруға болады. Менеджерлерге шешім қабылдау кезінде интуицияға күш салудың қажеті жоқ, қажетті ақпаратты сараптау үшін компьютер пайдаланса жеткілікті. Қазір сан түрлі құрылғылар мен гаджеттер арқылы жасанды интеллектке тұрақты жұмыс тауып беріп отырмыз.

Егер бұрын компанияларға тұтынушылармен жұмыс істеудің ең күрделі әдістерін ойлап табуға тура келсе, қазір клиенттердің қалауын автоматты түрде талдап отыруға болады. 20 жыл бұрын сатып алушыға қандай тағам ұнайтынын білу үшін фокус-топтар ұйымдастырып, клиенттерді сұрақтарға жауап беруге көндіріп, жүздеген адамға жеке-жеке хабарласып отыруға тура келер еді. Ал қазір әлеуметтік желідегі ақпаратты, банк транзакцияларын, іздеу жүйелеріндегі өтінімдерді және дүкендерге бару статистикасын өңдеу жеткілікті. Солай аз ғана уақыт ішінде көпшілік америкалықтардың корейлік барбекюді жақсы көретінін білуге болады.

Иә, қазір адамдар үшін жұмысты алгоритмдер орындайды. Бірақ жасанды интеллект алдындағы қорқынышты жеңіп, мәліметтердің сансыз комбинациясы арасынан негізгі керегін табу әлі де болса қиын. McKinsey Жаһандық институты (MGI) сарапшылары үлкен ақпаратты сараптау саласындағы стартапшыларға сұрақ қойып, пікірлерін білуге тырысты. CrowdAI, SafeGraph, Measurable AI және Orbital Insight компанияларының басшылары жасанды интеллектпен жұмысқа қатысты ойларын білдірді.

Барлығы айқын

Вig data көпшілік сферадағы ойын ережесін өзгертіп жатыр. Олар бұрын шешімі табылмаған мәселелерге жауап тауып қана қоймай, әлемге ашықтық әкелді. Бұл топ-менеджерлер үшін де өте тиімді. Мәселен, трансұлттық корпорация барлық өндіріс тізбегінің үздіксіз жұмыс істегенін қалайды. Бірақ компаниядағы негізгі өнімдердің бірі пальма майын, оның өндірісін бақылап отыру тіпті қиын. Жүз мыңдаған фермерлер майды ондаған елде өндіреді. Топ-менеджерлер мәселені шешумен бас қатырып отырғанда, Orbital Insight стартабы геолокациялық ақпаратты, спутник суреттерін есептеп, метр дәлдікке дейін жеткізу маршрутын анықтауды үйренді.

Мұндай ашықтық – компания үшін үлкен артықшылық. Ол бизнес-процестерді жылдамдатып, менеджментті қайта-қайта жеткізушілерді тексеріп, үнемі асықтырып отыру деген жүктемеден құтқарады.

Адасу оңай

Өңделмеген ақпарат кімді де болсын шатастырады. Сіздің бизнесіңізге көмектесетін ең пайдалы ақпаратты табу – оңай шаруа емес. MGI сауалнама жүргізген мамандар міндетті түрде big data-мен жұмыс істей алатын кәсіпқойларды жалдауға кеңес береді. Олардың айтуынша, ақпаратты сараптауды штаттағы қарапайым ІТ-маманға тапсырудың қажеті жоқ.

Дамыған нарықта белгілі бір саладағы ақпаратты ғана өңдейтін консультанттар пайда болды. Сондай компаниялардың бірі – SafeGraph. Бұл стартап мамандары геокеңістік ақпараты туралы барлығын біледі. Олар дүкендегі жаяу жүргіншілер трафигі, саяхат маршруты, қаладағы жиі жиналатын нүктелер туралы ақпараты жинап, өңдейді. SafeGraph-консультанттарының басты міндеті – топ-менеджмерлер мен маркетологтар саналы, ойластырылған шешім қабылдай алуы үшін ақпаратты ыңғайлы түрге салу.

MGI-ге өз тәжірибелерін бө-ліскен сарапшылардың сөзінше, ірі корпорациялардың көпшілігі (технологиялық компанияларды ескермегенде) ақпаратты сараптаудың бастапқы деңгейінде қалып қойған. Сондықтан өзіңізді өмірден қалып қойдым деп есептеп, асығыс барлық бизнес-процестерді цифрлық рельстерге ауыстыруға тырысудың қажеті жоқ.

Big data нарығында сан түрлі индивидуалды шешімдер пайда болып жатыр, олардың бірі сіздің компанияңызға лайықты болуы мүмкін. Бес жыл бұрын ондай ұсыныстар болмаған да еді. Ақпаратты өңдеу тек таңдаулылардың қолынан келетін. Ал бүгінде сіздің іскерлік жоспарыңызға сай келетін платформаны таңдай аласыз. Ол үшін үлкен құн төлеудің де қажеті жоқ. Ақпараттың және оларды өңдеу түрлері де көбейді. Бұрынғыға қарағанда қолжетімді бағаға сізге көмек беретін консультанттарды таңдай аласыз.

Қожайын бәрін шешеді

Big data сарапшыларының қолынан көп нәрсе келеді, бірақ олар да сиқыршы емес. Сіз үшін ыңғайлы, кез келген математикалық модельді құрастырып бере алады. Ал нақты бизнес-тапсырмалар қажет болса, ондай жұмысты нақты тәжірибесі бар өз қызметкерлеріңізге тапсырғаныңыз абзал. Автоматтандыру бәріне ем болмайды. Жасанды интеллектің жұмысын тәжірибелі қызметкерлер бақылап отыруы қажет.

Егер сіз бизнесті бір елде жүргізіп, ал ақпарат сараптауды шетелдік консультанттарға тапсыратын болсаңыз, қоғамдағы жайтты да ескерген дұрыс. Measurable AI сарапшылары келесідегідей мысал айтады: «қытайлықтардың электронды поштаны қолданғанды онша ұната бермейтінін, ал Индонезияда кредиттік карта кеңінен таралмағанын ескеру керек». Ақпаратпен жұмыс істейтін консультанттар мұндай сәттерді білетін болса да, оларды қайта тексеріп, бизнес-стратегияны өзіңіз анықтағаныңыз абзал.

Инкогнито қалу

Вig data-мен жұмыс істегенде ең басты қауіп – адамдардың жеке өміріне бас сұғу. Кез келген компания ақпарат жинағанда қауіпсіздікті бірінші кезекте ескеруі қажет дейді MGI сарапшылары. Адамдарға тұрғылықты жері, сатылымдары туралы ақпарат беруден бас тарту құқығын да беру керек. Жеке мәліметі туралы адамның өзіне шешім қабылдау мүмкіндігін беру әбден қалыпты.

Big data саласындағы жетекші консультанттар мәліметтерді қорғауға ерекше көңіл бөледі. Measurable AI стартапының өкілдері адамдарға өз ақпаратын бөлісу үшін стимул керек деп санайды. Компанияда өзі туралы ақпарат бөліскендерге сыйақы ретінде криптовалюта береді.

Қауіпсіздік мәселесі технологиялық прогресті шешуге де мүмкіндік береді. Ақпаратты шифрлау саласындағы соңғы жаңалықтар да көңілге үміт ұялатады. Енді жеке мәліметтер үшінші адамдардың қолына кетеді деп қауіптенбей, ақпаратқа талдау жасауға болады. Ал, әзірге, компаниялар клиенттерінің құқығын қорғау туралы өз бетінше шара қабылдаулары керек.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
3585 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:
Загрузка...
28 ноября родились
Тимур Бимагамбетов
экс-директор по операционным добывающим активам АО НК «КазМунайГаз»
Самые Интересные

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить