Тарихи жеңіс: Мөлдір Мекенбаева джиу-джитсудан қалай әлем чемпионы атанды, кімдермен келісім- шарт жасады

15389

Назарбаев университетінің студенті білім мен спортты және кино саласын қалай қатар алып жүр

Бұл туралы Forbes.kz тілшісіне сұхбат берген Мөлдір Мекенбаева айтып береді.

F: Мөлдір, 2019 жылдың қарашасында  Абу-Дабиде өткен әлем чемпионатында  алтын алып,  баршаны қуантқан едің. Бұл қандай чемпионат болды?  Тұғырға көтерілгенде қандай сезімде болдың?

- Әрине, бұл күні мен үшін үлкен қуаныш болды. Жалпы тұғырға көтерілген кезде, біздің әнұранымыз ойнағанда  ерекше көңіл күйде болдым, ерекше сезімге бөлендім. Бұл сәтті сөзбен жеткізу қиын.  Жалпы, Абу-Дабиде джиу-джитсудан өткен әлем чемпионаты үш бөлімнен тұрды.  Олар: неваза, файтинг және доу-систем. Мен неваза-систем бөлімінде бақ сынадым, ол негізінен партердегі күрес. Айта кететін жәйт, мен 2016 жылы бразилиялық джиу-джитсудан әлем чемпионы атанған болатынмын, ал Абу-Дабиде өткен  жарыс, яғни  не-ваза ережелері бір-біріне жақын болып келеді. Осы жылы мен неваза бойынша бірінші орын алдым, бұл бойынша Қазақстан  тарихында, қыздар арасында ешкім чемпион болып көрген жоқ.  Оның алдында Колумбияда мен екінші орын алған едім.

F: Бұл жалпы қандай турнир, қанша елден қатысты, оған қанша уақыт дайындалдың? Жаттықтырушың қандай міндет қойды?

- Жалпы, бұл жарысқа 70 астам мемлекет қатысты, 1 жарым мыңнан астам спортшы келді. Чемпионат  жоғары деңгейде өтті. Жаттықытрушым айтпақшы, кез келген жарысқа  дайын болу керек, сондықтан мен бұл бәсекеге дайын болдым. Әрине, қобалжу болды, сонымен қатар жарысқа деген дайындық талабы қатал болды.

F: Жарыс емтихан кезінде болған екен. Оларға қалай үлгердің,  оқуға кедергісін келтірмеді ме? Чемпион үшін жеңілдік берілмеді ме?

- Иә, жарыс емтихан кезінде болды. Мен олардың жартысын тапсырып, жарысқа ұшып кеттім. Қиындау болды, себебі, үнемі жаттығу мен сабақтың арасында жүрдім. Біраз уақыт бойы ұйқы дегенді ұмытуға тура келді.  Чемпионатқа барады екен деп жеңілдік бермейді, себебі біздің ұстаздарымыздың бәрі шет елден келгендер, талап басқа. Шыны керек, кейбірі менің жарысқа кеткенімді білген де жоқ, кейбірі менің спортпен айналысатынымнан бейхабар. Әрине, бізде  белгілі себептермен сұрануға болады, ал емтиханды артынан тапсыруға мүмкіндік береді. Менде солай болды. Жеңіске жетіп, чемпион атанғаннан кейін ерекше көңіл күймен елге оралып, қалған емтихандарымды тапсырып шықтым. Бәрі ойдағыдай. Жалпы Назарбаев университетінде сабақ өте қиын. Бәрі ағылшын тілінде, барлық сабақты терең оқытады. Әрине, бұның бәрі өзіме ұнайды, себебі мен оның алдында Алматыдағы Жәутіков атындағы республикалық физика-математика мектебін алтын белгімен бітірдім, математикаға деген қызығушылығым өте жоғары болды, бірқатар олимпиадаларға қатыстым. Менің ойымша, математика, логика, спорт бір-бірімен тығыз байланысты. 

 

F: Сені кім жаттықтырады? Жаттығуларың қайда өтеді.

- Менің жеке жаттықтырушым бар. Оның есімі Бек- Әли Ержан. Мен өзім Алматы қаласында жаттығамын, Checkmate деген команда бар. Сонда жатығамын және астанада тұрып жатқандықтан осында екі зал бар, бірі-Invictus Fitness, онда физикалық және төзімділікті қалыптастыру бойынша жаттығуларымды жасаймын.  Сонымен қатар, достарымның  залы бар, Сicero Costha деген, сонда қатар шыңдаламын. Ал техниканың бәрін Алматыда, өзімнің бапкерімнен үйренемін және екінші жаттықтырушым бар. Оның есімі Болат Дүйсембиев, ол Маңғыстау облысының бас бапкері.

F: Алматыдағы физика-математика мектебінде оқыдың, астанадағы Назарбаев университетінде білім алудасың, ал жарысқа Маңғыстау атынан шықтың. Ақтаумен қандай байланысың бар?

- Мен өзім Алматы қаласында дүниеге келдім. Алматыда тұрып, кейін астанаға көшіп, бакалаврға оқуға түстім, қазір осында төртінші жыл тұрып жатырмын. Ал, менің анам Ақтау қаласында дүниеге келген, нағашыларымның барлығы сонда тұрған, өзім Каспий жағасына жыл сайын барып тұрамын, сондықтан Маңғыстау маған өте жақын. Оның үстіне екінші жаттықтырушым маңғыстаулық Болат Дүйсенбиевты бұрынан білемін және сонымен қатар бұл өңірдің маған деген қолдауы ерекше, сол себептен жарыстарға Ақтау  атынан шыға бастадым.

F: Жалпы спорттағы қазіргі көрсеткішің қандай?  Осы күнге дейін қандай бәсекелерге қатысып, олардан қандай жүлде алдың, қандай сатыға көтерілдің?   

- Жалпы, осы жылы жақсы көрсеткіштерге қол жеткіздім. Мәскеуде өткен «Grand Slam» жарысында бірінші орын алдым,  Нұр-Сұлтан гранпри  жарысында өз салмағым бойынша және абсолюттік салмақта 2 алтын алдым. Азия чемпионатында екінші орын алдым, Кореяда өткен әлемдік ойындарда тағы екінші орын иелендім және Қазақстанда өткен чемпионатта бірінші орын алдым. Жалпы осы жылы әлемдік рейтингте бірінші болып тұрмын.  

F: Қарсыластарың кімдер болды? Қай елдің спортшыларымен күш сынастың? Олардың мүмкіндігі қандай, қалай бағалар едің?

 

- Абу-Дабидегі Әлем чемпионатында бірінші айналым бос болды, негізі төрт айналым болуы керек еді. Ал екінші айналымда мен канадалық спортшы Джесика Мишельмен  шықтым. Ол 55 кг салмақ дәрежесі бойынша  2017 жылдың  чемпионы, сол қызды жеңдім, келесі айналымдағы қарсыласым Линда Линдстроум деген Швеция елінің өкілі болды, ол менімен шығар алдында Польша елінің спортшысымен күш сынасты. Ал, Польша өкілі болса 2017 жылы 49 кг салмақта әлем чемпионы атанды, мен бұл кезде екінші орын алып қалған едім және ол биылғы WW аталатын әлем чемпионатында бірінші орын алған еді. Ал Швеция спортшысы оны жеңіп, менімен кездесті, ал мен өз кезегінде намысты қолдан бермеуге тырысып, нәтижесінде оны тізе бүктіріп,  финалға шықтым. Ал, ақтық сында Полина Крупская деген Ресей спортшысмымен кездестім және оны қылқындыру әдісімен жеңіп, бірінші орынды иелендім.  Әлем чемпионаты болған соң, онда тек мықтылардың мықтысы ғана келді. Негізі біздің салмақта 5 фаворит қыз болды, оның төртеуі менің кестеме енді, ал ресейлік спортшының жағы жеңілдеу болды. Әрине, басында қобалжу болды, бірақ менің өз мақсатым, жоспарым болды, сондықтан Құдайға шүкір, бәрі ойдайғыдай болды, бәрін жеңдім.

F: Джиу-джитсудағы белбеу мәртебесі қандай? Олардың қайсысын иелендің?

- Бразилиялық джиу-джитсуды алсақ, осы жылы алғаш қоңыр белбеуді тақтым. Қазірде Қазақстан бойынша  қыздар арасында осы белбеуге қол жеткізген жалғыз спортшымын. Алдағы уақыттағы жоспар қара белбеу иегері атанып,  үлкен жарыстарға қатысып, жақсы көрсеткіштерге қол жеткізуді, қазақтың атын одан сайын асқақтата беруді ойлаймын. 

F: Сенің  спорттан бөлек, кино өнеріне қатысың барын білеміз. Алда қандай туынды күтіп тұр? Қандай фильмдерге шақыруда?                               

- Иә, мен үш киноға түсіп үлгердім. Олар: «Путещественник», «Любовь по наследсву» және «Батырлар». Алдыңғылары  кинотеатрларға шығып үлгерді. Ал  режиссер Асқар Ұзабаевтың «Батырлар» атты тарихы туындысы жақында көрерменге жол тартады. Мен онда басты кейіпкерді сомдадым, батырдың жары болып ойнадым. Жалпы, киноға қатысты ұсыныстар көп болып жатыр, бірақ қазір менің жоспарым кішкене  басқаша. Ең алдымен оқуымды жақсы оқу, бакалавриятты  сәтті тәмамдау, себебі Назарбаев университетінде білім алу оңай емес. Ал, одан кейін жаттығуларымды  жалғастырып, халықаралық деңгейге  көтерілу үшін күш саламын. Тек содан кейін ғана  уақыт болып жатса, жақсы ұсыныстар болса, киноға түсуге қарсы емеспін.  

F: Джиу-джитсу, кино және Назарбаев университеті. Бұның бәріне қалай үлгересің? Күн тәртібің қандай?

- Жалпы, кез келген адам өзі қалаған іспен айналысқысы келсе, оған міндетті түрде уақыт тауып, барынша тырысып,  бәріне үлгереді деп ойлаймын. Әрине, сөзбен айту оңай шығар. Себебі, кейде өзіме де қиынға соғып жатады. Кейде түнімен отырып, етиханға дайындаламын, кейде жаттығудан қалуға тура келеді, жарысқа барған кезде сабақтан қаламын. Бірақ, артынан оның бәрінің орнын толтырамын, сабақты, жаттығуды қайта пысықтап, бәрінен қалмауға тырысамын. Бәрі жоспарлы, бәрі алдын ала жасалады, өзімнің бір аптаға, бір айға және бір жылға дайындайтын жоспарым бар. Бұның бәрі маған өте қатты көмектеседі. 

F: Жарнамада белсенді екеніңді білеміз. Бұл сала сен үшін қаншалықты табысты?

- 2016 жылдан бастап мені әлемге танымал «Progress»-джиу-джитсу аталатын Ұлыбританияның брендімен бірге істеп келемін. Олар негізінен джиу-джитсуға арналған киімдер мен киманоларды шығарады. Сол компаниямен келісім-шартқа отырдым, әрине бұл өте қуантады, себебі джиу-джитсу бойынша әлемдік брендтен  ұсыныс алған және бірге жұмыс істеп келе жатқан бірінші  спортшы қыз боламын.

F: Қазір қолдаушыларың бар ма? Келісім-шарт ұсынғандар, бірге жұмыс істеу туралы ұсыныс жасаған компаниялар болды ма?

- Иә, осыдан кейін ұсыныстар өте көп болды және де қазір Reebok  -Қазақстан компаниясымен келісім-шартқа отырдық, ол әлемге өте танымал, бұл брендті   әрбір адам таниды, жақсы біледі. Сонымен қатар, «Beyond» деген Қазақстандағы тұңғыш компания, олар  спорттық тағамдар шығарады.    Әрине, өзіміздің қазақстандық бренд болғандықтан қолдағым келді, олармен де келісім-шарт жасалған. Жалпы, менің демеушілерімнің бәрі әлемге кеңінен танымал және мен олармен келісімге келерде бәрін қадағалаймын. Мен үшін ең бастысы сапа болып табылады.   

F: Жалпы джиу-джитусда жүлде қоры бар ма? Болса қандай? Көлемі бегілі ме? Сенің жүлделерің қандай болды? Мемлекет қалай бағалады?

- Сыйақы мәселесіне келсек, олимпиадаға кірмеген ойын түрлеріне нақты ақша, белгілі көлемдегі сыйақы бар. Маған оларды бөлді, тағайындалған сыйақыларды жаңа жылға қарсы алатын боламыз. Шыны керек, біздегі жалақы, сыйақы өзге спорт түрлерінен қарағанда төмендеу. Бірақ Құдайға шүкір, кейінгі кездері джиу-джитсуға барынша көңіл бөлініп келеді, қолдау жасалып жатыр. Алайда, мен негізінен бұл спорт түрімен табыс үшін айналысып жүрген жоқпын. Ең алдымен бұл спорт түрі өзіме ерекше ұнайды, сонымен қатар негізгі мақсат- халықаралық деңгейге көтеріліп, Қазақстанның атын кеңінен таныту.

F: Назарбаев университетіндегі оқуыңды аяқтаған соң қандай саланы қолға алуды ойлайсың? Қай бағытта жұмыс істеу жоспарда бар?

- Университетті бітірген соң, өз салам бойынша 1-2 жыл жұмыс істеу туралы немесе магистратураға түсемін деген жоспарым бар. Қалай боғанда да джиу-джистуды бірге алып жүремін және халықаралық аренада  жеңіс шыңынан көрініп, еліміздің атын шығару үшін күш сала беремін.   

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить