Тағдырдың еркесі Тентек Джаред

8447

Бой сергітудегі Джаред Айзекманның басты ермегі – МиГ зымыранын тізгіндеп, әуе кеңістігін басқару дегенге саяды. Бірақ бұл жолы ол ойламаған жерден кезекті ессіз қадамға жол беріп, маңайындағы жұртты дүр сілкіндірді: клиенттер қауымы қиын кезеңдерді бастан кешіп жатқанда, Айзекман, мейрамханалар мен қонақ үйлердің төлемдерін өңдеумен айналысатын қол астындағы компаниясын бұқаралық деп жария етті

Джаред Айзекман, әр нәрсенің «өз пайдалылық мерзімі бар» дегенді жиі айтады. Сөзбе-сөз мағынада, бұл – зымыран ұшақ жарамсыз деп танылғанға дейін ұшуға рұқсат берілген сағат уақытын білдіреді. Ал Айзекманның пікірінше, осынау метафоралық ұғым: өз өміріңді қалай өткізген дұрыс деген тұспалды сұрақтың жауабын беретін өзіндік ескерту іспетті.

Монтанадағы үйіне қайтардан бір күн бұрын Джаред Айзекман өзінің Shift4 Payments компаниясының (Нью-Джерси штатындағы Аллентаундағы төлем операторы) кеңсесінен кешкі құрымда телефон шалып: «Әркімнің ұшуға негізделген өз сағат қоры бар. Ұшу мерзімі ұзаққа созылмауы да мүмкін, сондықтан біз өзімізге берілген уақытты барынша тиімді әрі пайдалы етіп қолданғанымыз дұрыс», – деп түсіндірді бастапқыда айтқан ойын. Ал оның ағасы Майкл Айзекман: «Джаред, біздің әрқайсымыздың қызмет мерзіміміз шектеулі деген сенімде, сондықтан, жер басып жүргенде жақсылық әрекеттер жасаудан шаршамайық», – деп қосты.

37 жасар Айзекман өзіне тиесілі уақытты барынша пайдалануға жан салуда. Алғашқы бизнесін ол 15 жасында, мектепті тастап кетерден бір жыл бұрын ашқан болатын: ата-анасымен бірге тұрып жатқан үйдің жертөлесінде отырып, банк картасынан төлем қабылдайтын терминал сата бастаған. Арада уақыт өте – 28 жасында кезекті компанияның негізін қалап, оған Draken International деген атау береді. Кейіннен бұл компания жекеменшік ең ірі әскери әуе күшінің біріне айналды – сегіз жылдан кейін Айзекман оны Blackstone компаниясына тоғыз таңбалы сомаға сатып жібереді. Ал 2020 жылдың маусымында ол мейрамханалар мен қонақ үйлердің төлемдерін өңдеумен айналысатын компаниясын биржаға шығарып, миллиардер атанды.

Танымал миллиардер Джеки Дорсиге тиесілі Square сервисі шағын кофеханалар сатып алуды енді ойластыра бастаса, Айзекманның Shift4 Payments компаниясы Құрама Штаттардағы мейрамханалар мен қонақ үйлердің үштен бірінде 200 млрд АҚШ долларынан астам төлемдерді өңдеуден өткізуде: олардың арасында Hilton, Four Seasons, KFC және Arby’s сынды алыптар да бар. Бұл компаниялар Айзекман құрған төлем операторына өз иеліктеріндегі жүздеген мекемелердің кешендік төлем транзакцияларын жүргізуді сеніп тапсырған. Тіпті, карантин салдарында бүкіл Америка бойынша мейрамханалар күйзеліске ұшырап, ІРО шарасына аса қажет роуд-шоу өткізуді кейінге қалдыруға тура келсе де, Айзекман бастапқы жоспарынан бас тартқан жоқ. «Жұртқа бәрібір азық керек қой» деп есептейді ол.

Айзекманның дәулет байлығы қазір 1,4 млрд долларды құрайды: бұл – Shift4 Payments түріндегі активтің оған тиесілі 38%-ы. Бизнесменнің Draken компаниясында ептеген үлесі және МиГ зымыраны мен өзге де тоғыз ұшағы бар. Қарбаласқа толы апта ішіндегі 80 сағаттық жұмыстан демалып, көңіл көтеру үшін Айзекман МиГ зымыранымен аспан астына самғап, тау шыңдарын бағындыруды әдет еткен. Жаңа жылды ол Антарктикада: Оңтүстік полюстен 500 км қашықтықта орналасқан, биіктігі 5000 метрді құрайтын мұздақ қар басқан Винсон тауына өрмелей жүріп, қарсы алған.

Джаред Айзекман бала кезінен адреналин қуалап, іздеумен әуес. Ол Фар-Хиллз қаласының (Нью-Джерси штаты) тыныш аудандарының бірінде жоғары сыныпта оқып жүргенде, ағасы Майкл (аралары 8 жас) өзінің алғашқы үйін сатып алып жатты. Айзекмандар отбасындағы төрт баланың екі үлкені – Тиффани мен Марк ол кезде 27-де және 30-да болатын: олар жұмыс істеп жатты. Үйдің кенжесі Джаред ата-анасымен тұратын, бірақ бар арманы үйден кетіп, жаңа өмірге араласу еді: «Мен де апа-ағаларым сынды өз бетіммен өмір сүргім келді, ал мектепке баруға аса құлықты емес едім», – деп еске алады ол.

Бұл баршамыз үшін шешуші сәт еді. Жұрт кеңселерге қайтып орала ма? Қайтып оралғанда бұл орындар сол қалпында қала ма? Осы және өзге де маңызды сұрақтар бірінен соң бірі ой қуалап жатты

1998 жылы Айзекман досы Брендан Лаубермен (өзінен екі жас үлкен) бірге жергілікті кәсіпкерлерге сайт әзірлеп беретін шағын компания ашып, оны Decho Systems деп атады. Алғашқы клиенттердің бірі көрші Нью-Провиденстегі (Нью-Джерси) төлем операторы Merchant Services Inc. (MSI) болатын. Сайт әзірлеуге тапысырыс берген бұл фирма компьютерлік қауіпсіздік көмегін де қажет етті. Айзекман оларға кеңесші ретінде өз қызметін ұсынды. Уақытша жұмыс тұрақты негіздегі ұсынысқа ұласқанда, Айзекман, ойланбастан мектепті тастап, MSI шақыруын қабыл алды. Ол жалпы білім туралы сертификат куәлігімен шектелгенді жөн көрді.

MSI фирмасының негізгі бағыты – кредит карталарындағы магнитті жолақтағы мәліметтерді оқи алатын терминалдарды сату болатын. Өз клиенттеріне кредит картасын ашып берген банктер, орта бизнес оларды банк көмегінсіз де төлемге алады деп, төлем жүргізу жұмыстарын MSI сынды үшінші тұлғаларға аутсорсингке берген-тін. IT-департаментінде жүрген Айзекман бұл процестің қаншалықты ауқымды, күрделі әрі қымбат екенін өз көзімен көрген. Егер жергілікті пиццахана төлем операциясын карта арқылы өткізуге ниет етсе, ол бұл үшін алдымен екі аптадай күтіп, тонналап құжат толтырып, ауқымды жарна төлеуге міндетті болған. «21 жыл бұрын картамен төлем қабылдау дегеніміз – жылжымайтын мүлікті кепілдікке қойып, кредит алумен пара-пар, қағаз толтыру жұмысы көп, қиын да күрделі, мардымсыз шаруа болатын», – дейді Айзекман.

MSI фирмасында алты айдай жұмыс істеген ол, бұл процесті жеңілдетіп, жылдамдатумен қатар, оның құнын арзандату жолдары туралы іздене бастайды. Сол себепті де жұмыстан шығып, әке-шешесі тұрып жатқан үйдің жертөлесінде United Bank Card деп аталатын компания ашады, былайша айтқанда, бүгінгі Shift4 компаниясының іргетасы іспетті. Джаред жұмысқа алған бірінші жалдамалы қызметкер – оның әкесі Дон болатын, кейін ол қауіпсіздік жүйелерін шығарушы компанияның бірінде сауда бойынша вице-президент қызметін тастап кетті. MSI кезінен орнатылған таныстық байланыстары мен атасынан қарызға алған 10 мың долларды қолдана отырып, Айзекман өзіне терминал сатуға қажет сәйкестендіру нөмірін тағайындауға банктегілердің көзін жеткізе алды. Артынша ол Decho бойынша серіктесі әрі досы Лауберді жұмысқа алады: жаңа кәсіпті дамытуға құлшына кіріскен ол, Рочестер технологиялық институтындағы оқуын тастап келген еді. «Ешкім де менің қолымды бұрап, қинаған жоқ, – деп күледі, бүгінде Harbortouch тачскриндері үшін программалық қамтамасыз ету бағытын басқарып отырған Лаубер. – Көріпкел болмасам да, мен бұл жігіттің ептілік қасиетіне ешқашан күмән келтірген емеспін».

Айта кету керек, осы кезеңде Құрама Штаттарда интернет дүмпуінің алғашқы кезеңі көрініс беріп жатты. Сол сәтте екі дос терминал алу және банк карталарын төлемге қабылдау барысын жеңілдетуге арналған веб қосымшасын әзірлеп, іске қосты. Ал Дон болса, сауда саласынан жинақтаған барлық дағды-тәжірибесін қолдана отырып, жүргізуші куәлігін алу құқына енді жеткен бозбала жігіттің басқаруындағы жаңа компанияға сенім артуға жергілікті кәсіпкерлерді үгіттеп, шақырумен болды. «Мен ол кезде жұрттың алдына аса шыға қоймайтынмын, өз жасым туралы да шешіліп айта қоймадым. Көбіне жертөледе тығылып, жұмыс істейтінмін», – деп әңгімелейді Айзекман.

2003 жылға аяқ басқан кезде де Джаред ішімдікке рұқсат берілетін жасқа келе қоймаған-ды. Бірақ сол кездің өзінде ол елеулі пайда тауып, атасынан алған қарызды қайтара алды. Мұнымен қоймай, өз бизнесін Нью-Джерси шегінен шығарып, кеңейтуге де шамасы жетті: мыңдаған клиенттер ұдайы қызығып, сенім артқан төрт жылдық стартап енді Аризонада өз бөлімшесін ашты.
2008 жылы компания төлемге банк карталарын қабылдаушы терминал мен кассалық аппараттың қосындысы түріндегі «болашақтан қол бұлғаған тачскрин» деуге тұратын Harbortouch сервисін енгізді. «Бұл Square пайда болғанға дейін бірнеше жыл бұрынғы оқиға, – дейді Айзекман. – Біз әрқашан өзгелерден бірнеше қадам алда жүрдік. Біздің модель өте тартымды болатын».

Жылдар бойы компанияны дамытумен айналысқан Айзекман, күндердің күнінде өзі қызығып, әуестене алатындай дүние, хобби туралы ойлана бастайды. Нәтижесінде – авиацияны таңдайды. Айзекман алдымен бұрандалы ұшақтармен ұшудан бастаған, бірақ арада екі жылдай өткенде өзге де ұшақ түрлеріне аңсары ауады. Реактивті әуе кемелерін басқаруға рұқсат алу үшін, ол жүздеген сағат бойы ұшу жаттығуларына қатысқан. 2009 жылы – 26 жастағы Айзекман реактивті жеңіл ұшақпен өміріндегі ең жылдам әуе саяхатын өз бетімен орындай алды: Нью-Джерси штатындағы Морристаун қаласынан ұшып шыққан ол, Азор аралдары мен Алясканы айналып өтіп, қайта оралды. Бұл оның екінші әрекеті болатын, ұшу уақыты 61 сағат, 51 минутқа ұласты, яғни алдыңғы көрсеткіштен 21 сағат жылдам еді. Осынау екі бірдей әуе саяхаты аясында ол Make-A-Wish қоры үшін 100 мың доллардан астам қаржы жинай алды.

Бірде ол әскери ұшақтарды азаматтық тұлғалар да басқара алатынын естиді, бұл үшін, әрине, белгілі бір уақыт орамын қамтыған ұшу көрсеткіші болу керек және Азаматтық авиацияны федералдық басқару мекемесінің біліктілік емтиханын тапсыру қажет. Айзекман еш кідірместен, зымыран ұшақтарды игеруге кіріседі. 2010 жылы Шон Густафсонмен танысқан соң, экстремалдық деңгейі арта түскен қызығушылық әуесін Джаред жартылай қамтылған жұмыс күні деп қабылдай бастайды. Шон ол кезде АҚШ әскери әуе күштерінің әуеде өнер көрсетуші әйгілі Thunderbirds (Дауылпаз) эскадрильясының мүшесі еді. Оның әуедегі лақап аты Stroker болатын, ал Айзекман өзін – Rook (rooki) деп «шақыруды» қалады. Олар бірлесіп Black Diamond Jet Team өнер көрсету эскадрильясын құрып, оның құрамына отставкаға кеткен кәсіби ұшқыштар мен азаматтық мәртебедегі әуесқой ұшқыштарды қабылдады. Бұл топ қазірде де NFL ойындарында және Indy 500 жарысында әуе өнерін көрсетіп жүр. «Азаматтық тұлға бола тұра, әскери зымыран басқару мүмкіндігіне ие болғандар әлем бойынша некен-саяқ. Ал Азаматтық авиацияны федералдық басқару мекемесінің сертификатын алғандар мүлдем сирек, – деп әңгімелейді Густафсон. – Бұл оның өмірге деген құштарлығының бір көрінісі болса керек».

Бір жылдан кейін серіктестер әскери әуе күштеріне тікелей қатысы бар жаңа тартымды жобаны өзара талқылауға кіріседі. Қаржы дағдарысы қылаң бере берген тұста Құрама Штаттарда әскери күштер шығындарды қысқарту режиміне көшуге мәжбүр болды. Осы кезде АҚШ әскери әуе күштерінің жүрегі саналатын Лас-Вегас маңындағы Неллис базасында, жас ұшқыштарды виртуалды жауды жеңуге негізделген компьютерлік әскери ойындар негізінде оқытуға әскерилер миллиардтаған доллар шашып жатқаны белгілі болады. Себеп: жаңадан келген ұшқыштарды үйретіп, жаттықтыру үшін тәжірибелі ұшқыштарды қауіпті аймақтардан шақыртып алу мүмкіндігі барған сайын қиындай түскен.

Ойластыра келе, екі дос бұл арадан да тиімді мүмкіндікті байқай алған. Егер олар әскерилерді жаттықтыру барысын аутсорсингке беруге көндіре алса – әскери күштер миллиардтаған доллар үнемдей алады. Бұл арада: біріншіден, жаттықтыру барысында шетелдік одақтастардың ұшақтарын пайдалануға болады – бұларға қызмет көрсету арзанға түседі; екіншіден, жаңадан келген ұшқыштарды – тәжірибелі әскери ұшқыштар үйретіп, жаттықтырады (бұрынғы болса да, әскери дағдысы бар әрі әскери күштерден жалақы сұрамайды); үшіншіден, қауіпті аймақтарда әскери борышын өтеп жүрген әскери ұшқыштарды қайтару қажеттілігі болмайды. Осылайша олар өздері құрған ұшқыштар тобындағы әріптестерінің біразымен бірігіп, Draken International компаниясының негізін қалайды. Екі ұшқыштың көздеген мақсатын осы компания жүзеге асыруы тиіс-тін.

Айзекман әлем елдерінен таңдай отырып, сатып алған ондаған реактивті зымыранға өз қаражатын жұмсайды: достары мен бұрынғы әріптестері ептеген ғана ақша қосқан. Douglas A-4 Skyhawk – Жаңа Зеландиядан. Atlas Cheetah – Оңтүстік Африкадан. Aero L-159 – Чехиядан. Дүние жүзін шарлай келе, компания, жалпылай алғанда, 100 шақты ұшақ сатып алған. Сөйтіп, бұл компания ең ірі жекеменшік әскери әуе флоты деңгейіне шыққан.

Айтқандай, мұндай жоба әскери теңіз флотында да бар, бірақ қашаннан жабық саналатын әскери әуе күштерімен келісімге келу Айзекман үшін оңай соққан жоқ: алғашқы келісімшартқа қол қою үшін Draken төрт жылын сарп еткен (2015 жылы), алайда бұл қадам бастапқы идеяның өміршеңдігін бәрібір бекітіп бере алған жоқ. Неллис базасында сынақшы ұшқыш ретінде жеті жылдай жұмыс істеген Скотт «Балақай» Потит, Draken компаниясына қосылып, бизнесті дамыту бағытын басқара бастағанға дейін бұл идеяға күдікпен қарағанын жасырмайды: «Мен бұл ойды әу бастан тәуекелі көп жоба деп есептедім... Бірақ Айзекман бұл жобаны аса қажет деп таныды. Ал қызмет көрсетуге мүмкіндік алып, іске кіріскенде, әскерилер оның қызметіне сусап отырғанын анық байқадық».

Әлем елдерін аралап, ұшақ сатып алумен қатар, авиашоу шараларында өнер көрсетіп жүрген Айзекман төлемдерді өңдеумен айналысатын компаниясын басқарудан да бас тартқан жоқ. Тәулігіне 16 сағат жұмыс істеуді әдет еткен ол, оның 15%-ын Draken компаниясына арнады. «Draken бойынша, мен, өзгелердің алдын орап, зымыран ұшақтарын көбірек сатып алуға мән бердім, – деп әңгімелейді бизнесмен. – Ал қалған уақытым түгелдей Shift4 мәселесіне арналады».

2014 жылы ол алдынан шыққан тағы бір жаңа мүмкіндікті тиімді пайдалануға мән берді: Айзекманның бұрынғы жұмыс берушісі MSI өзін сатып алушы инвестор іздей бастады. Өз компаниясын 15 жыл бойы дамытып келген Айзекман, төлем сервисінің 53,5%-ын жекеменшік Prospect Capital инвестициялық фирмасына акциялар және облигациялар түрінде 279 млн долларға сатып, түскен ақшаның шамамен 250 млн долларын MSI компаниясын сатып алуға пайдаланды.

Бұл Айзекман сатып алған жеті активтің біріншісі болатын. 2017 жылы Prospect оның компаниясындағы үлесін Нью-Йоркте орналасқан Searchlight жекеменшік инвестициялық қорына 328 млн долларға сатып жіберді. Араға бір жыл салып, Айзекман да компания сатып алуға қызу кірісіп кетті. Ол мейрамханаларға арналған программалық қамтамасыз ету бағдарламасын әзірлеуші үш бәсекелесін сатып алып, оларға тиесілі 100 мыңдай клиентті өзіне тартты: олардың арасында ел ішінде кең тараған желілерімен танымал Outback Steakhouse және Denny’s сынды компаниялар да бар еді. 2017 жылдың қарашасында Айзекман бүгінгі таңдағы ең ірі активі – Shift4 Payments компаниясын сатып алды (бас кеңсесі Лас-Вегаста орналасқан). Ол компанияның атауын өз бизнесі үшін қолданып, құрамында Caesars Palace және PGA Tour сынды компаниялар бар клиенттерді өз тізім базасына енгізді.

Азаматтық тұлға бола тұра, зымыран басқару мүмкіндігіне ие болғандар әлем бойынша некен-саяқ. Бұл оның өмірге деген құштарлығының бір көрінісі болса керек

Shift4 компаниясын сатып алғаннан кейін, өңдеуден өткізілетін төлем ауқымы 2 еседен астам өсіп, жылына 100 млрд долларға дейін жетті. Бұл салада маржиналдық көрсеткіш төмен саналады, өйткені төлем операторлары әрбір өңделген доллардан бар болғаны бірнеше цент қана пайда табуда. Программалық қамтамасыз етуге негізделген жүздеген жоба мен төлем өңдеу құрылғыларын өз компаниясында тоғыстыра білген Айзекман, енді пайда көрсеткіші жоғары ірі клиенттерге бет бұра бастады. «Бұл актив біздің қызметімізді барынша өзгертуге үлес қосумен қатар, компанияның нарықтағы үлесін арттыруға да мүмкіндік берді», – дейді Айзекман Shift4 туралы.

Draken компаниясы ірі келісімге қол жеткізген тұста, Айзекман биік жетістіктерден көріне білген ел ішіндегі танымал бизнесменнің бірі болатын. Shift4 компаниясымен келісімге келген соң, төрт айдан кейін ол Неллис базасындағы ұшқыштарды оқытып, үйрету жөнінде әскери әуе күштерімен бірінші келісімшартқа қол қойды. Бес жылға негізделген келісім сомасы 280 млн долларды құрады. Бұны естігенде тіпті оның досы Лаубер де аң-таң болған. «Джаред өз ісінің шебері, мұны ол кез келген салада көрсетіп, дәлелдей алды, – деп әңгімелейді Лаубер. – Оның тұлғалық қасиетін: «Мен көрдім, жеңдім, үздік болдым» деп сипаттаған дұрыс».

2020 жылды Айзекман тоғыз таңбалы сомаға жеткен дәулет байлығымен және ІРО шарасына қатысты кең ауқымды жоспарларымен бастады. Шығын көрсеткіштері жоғары болғанына қарамастан, компания рекордтық деңгейде пайда тапқанын мәлім етті: 731 млн АҚШ доллары көлемінде. Алайда, бұдан кейін әлем бойынша ешкім күтпеген орасан зор өзгерістер орын ала бастады. 18 наурызда Айзекман Shift4 компаниясының Аллентаундағы бас кеңсесінде басшылықпен жабық жиын өткізіп жатты. Бұдан екі күн бұрын S&P500 индексі 1987 жылдан бергі ең төмен көрсеткішке жақындап, бір аптаның ішінде үшінші мәрте сауданың тоқтауына алып келді. Shift4 жоспарындағы инвесторларға арналған роуд-шоу алдағы аптаға белгіленген болатын, бірақ енді бұл шараны өткізу мүмкіндігі алыстай берді. Компания қызметкерлерін біртіндеп қашықтан жұмыс істеуге көшіру туралы мәселе көтерілгенде, соңғы ақпараттар да келіп жетті: Пенсильвания штатының губернаторы Том Вульф үйде қалып, оқшаулану режимін одан әрі күшейту жөніндегі бұйрыққа қол қойғалы жатты, ал бұл – Shift4 кеңселері жабылады дегенді жағымсыз жаңалық еді.

«Бұл баршамыз үшін шешуші сәт болатын. Жұрт кеңселерге қайтып орала ма? Қайтып оралғанда бұл орындар сол қалпында қала ма? Осы және өзге де маңызды сұрақтар бірінен соң бірі ой қуалап жатты», – деп еске алады Джаред Айзекман. Наурыздың соңғы аптасының басын ала, Shift4 қызмет көрсететін 125 мың мейрамхананың транзакциялар ауқымы ақпанның алғашқы аптасымен салыстырғандағы көрсеткіштен 74%-ға бірақ құлады, ал отельдер бойынша сәйкес көрсеткіш 86%-ға құлдырады.

Сөйтіп, Айзекманнан өзге қызметкерлер түгелдей үйлеріне аттанды. 7500 шаршы метрдей алаңды алып жатқан Shift4 бас кеңсесіндегі босап қалған бөлмеде Айзекман таңертеңгі тоғыздан кешкі беске дейін 16 сағат бойы жұмыс істеді. Пандемияның ауыр соққысынан күйреп қалған клиенттеріне көмек ретінде ол, үш айға үстеме комиссиядан бас тартты. Сондай-ақ, компания сайтында сатып алушыларға сыйлық картасын ұсынды: бұл карталардың номиналына Shift4 өз қаражатынан 5% қосып отырды. Айзекман QR-код қолдана отырып, тікелей байланыспай-ақ төлем жасауға мүмкіндік беретін технологияны іске қосты. Осылайша ол өз аудиториясына жаңа сервис ұсынып, мейрамханалардың онлайн тапсырыс қабылдауға икемделуіне де септік етті.

Арада едәуір уақыт өткенде, Shift4 бастапқы жұмыс деңгейіне қайта оралды. Мамыр айына қарай мейрамханалардың транзакциялары наурыздағы ең төменгі көрсеткішпен салыстырғанда 45%-ға өсті. Бірақ қонақ үйлердің көрсеткіштері әлі де сол қалпында. Маусымда компания өз акцияларын Нью-Йорк қор биржасына шығарды. Ал 2020 жылдың шілде айында компания өз тарихындағы ең нәтижелі көрсеткішке қол жеткізді: 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25% жоғары төлем ауқымы өңдеуден өткізілді.

IPO аясында Айзекманның жұмыс күні ұзара түсті. Пандемия салдарында орын алған екінші тоқсандағы 75 млн доллар таза шығынға қарамастан (сауда көрсеткіші 67 млн доллар), Shift4 қазір біртіндеп өзінің клиенттік базасын қайтадан кеңейтуге кірісті. Биыл шілдеде компания NFL Vegas Raiders командасымен және оның жаңа Allegiant Stadium стадионымен келісімшартқа қол қойды. Elavon және FreedomPay үстеме комиссияларымен салыстырғанда Shift4 ұсынысы бүгінде айтарлықтай тартымды: шығындарын қысқарту мүмкіндігін іздеп, шарқ ұрған мейрамханалар мен отельдер мұны елемей отырған жоқ. Айзекман болса, шетелдік экспансияға негізделген жаңа жоспарларын әзірлеп, өзі жақсы таныған қонақжайлық индустриясын Құрама Штаттар ернеуінен шығарып, әрі қарай жылжытуға дайындық үстінде.

...16 сағатқа созылған жұмыс кестесінен шаршап-шалдыққан Джаред Айзекман Монтанадағы үйіне қарай жол тартты: онда оны өзі ерекше қастерлейтін МиГ зымыраны күтіп тұр. Ол Shift4 деген жазуы бар жеңіл жейдесін ұшуға ыңғайлы комбинизонмен ауыстырып, зымыранға қонған бойда, көкке қарай самғап ұшты да, ақша бұлттарды артқа тастап, аспан астында көрінбей кетті.
«Мен үшін бұл өзіндік ерекше терапия, – дейді Джаред Айзекман. – Қиындықтарға дес бермеудің бір жолы».

Коронавирус пандемиясының жаңа толқындары қай бизнеске болса да жаңа түзетулер енгізуі әлі де әбден мүмкін, дегенмен, Айзекман жайбарақат: «Әлем бәрібір бұрынғы қалыпты өміріне, қайлыпты жағдайына қайтып оралады», – дейді ол.

Мәтін: Джакомо Тоньини

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить