Соғыс қашан аяқталады?

7633

Бұл жазба – Ресей мен Украина арасындағы соғыс жайлы. Мәтінде «Ресей» деген сөз бар болғанмен, автор Ресей мен Путинді теңестірмейді. Ресей – өзіндік орны бар ел. Қазір оның басына зұлмат орнады. Егер іс насырға шаппаса, қара түнді қуып, жарқырап таң атар.

Украинада қан төгіліп жатыр, есі дұрыс адам соғыстың тезірек біткенін қалайды. Бірақ оның қай кезде аяқталатынын Кремль шешеді. Қазіргі жағдайға қарасақ, ондағы басшылар соғысты жеңіске жеткенше дейін жалғастыра беретін сияқты.

Бір жағынан олардың позиция- сы түсінікті, егер соғыс жеңіспен аяқталмаса, ресейліктер: «Не үшін азап шегудеміз?», «Ұлдарымыз не үшін өлді?» деген орынды сұрақтар қоя бастайды. Путиннің данышпандығына қатысты күмән туып, оның билігі теңселе бастайды. Тіпті ешқандай пропаганда да көмектеспейді.

Ал екінші жағынан алсақ, жеңістің не екенін ешкім, тіпті Кремльдегілердің өздері де түсініп отырған жоқ. Трагедия да осы болып отыр. Жеңістің нақты бейнесі жоқ. Тек «денацификация», «қарусыз- дандыру» сияқты астары бұлыңғыр ұрандар ғана бар. Олардың шын мәнін ешкім түсіндіріп бере алмайды.

Егер жеңістің нақты бейнесі болмаса, онда «жеңіске жеткенше дейін» жүретін соғыс ұшы-қиыры жоқ соғысқа айналады. Бұл – абсурд, оны Кремль де түсінеді, сондықтан олар қазір жеңістің нақты бейнесі мен бейбіт туралы келісімнің өздеріне қолайлы шарттарын іздестіріп жатыр.

Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров «Россия 24» телеарнасына берген сұхбатында соғыстың мақсатын: «Арнайы әскери операциямыз АҚШ-тың және олардың қарамағындағы өзге де батыс елдерінің халықаралық аренадағы тым еркін кеңеюіне әрі толық үстемдікке ие болу курсын тоқтатуға бағытталған», – деп анықтауға тырысты. Бұл пікір АҚШ пен НАТО белгілі бір мәселеде кері қарай шегіну керек, сонда ғана Ресей Украинамен бейбіт келісімге келеді дегенді меңзейді. Мұның қандай шегінім екені де түсінікті: НАТО-ға жаңа мүше қабылдамау және Ресеймен шекара маңайына қысқа және орта қашықтықтағы зымырандарды орналастырмау. Бірақ мұндай келіссөздерді тек бейбіт кезде ғана жүргізуге болады. Ресей Украинаға шабуылдағаннан кейін енді ешкім Путинмен бұл тақырыпта сөйлеспейді. Ресей басқа елдердің қауіпсіздігіне де қатер төндірді. Тіпті Финляндияның НАТО-ға кіруі туралы әңгіме бекер қозғалмады. Швед саясаткерлері егер Финляндия НАТО-ға қосылса, Швеция да тура солай жасайды деп мәлімдеді. Ресей Украинаға шабуыл жасаған соң, Кремль діттегеніне қарама-қайшы жағдайға – НАТО-ның кеңеюіне түрткі болды.

Ресеймен шекараның маңында НАТО-ның зымырандарын орналастырып, әскери тобын көбейту бойынша да жағдай осы. НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенберг Солтүстік атлантикалық блок шығыс шебіндегі әскери тобын күшейтеті- нін мәлімдеді.

Путин Украинаға агрессия көрсетіп, Ресейдің қауіпсіздігін нығайтқан жоқ, қайта өзіне төнетін ықтимал қатерді одан сайын арттырды. Мұндай жағдайда бәрін кері қайтарып алғың келеді. Путин АҚШ пен оның одақтастарының кем дегенде санкциялар бойынша әрі Ресей шекарасындағы әскердің орналасуына қатысты ұстанымын жұмсарта алса, мұның өзін Ресей басшысының жеңісі деп есептеуге болар еді. Бұлай болса, пропаганда «АҚШ сескеніп, кері шегінді» дегенді халыққа өткізіп жібере алады.

Алайда бұл – қолжетпес арман. Біріншіден, батыстың саясаткерлері сайлаушыларымен санасады. Олар болса ресейліктер қылмыс жасаған Буча, Бородянкадан кейін Путинмен компромиске баруға қарсы. Уақыт өте келе сайлаушылардың көңілкүйі өзгеретін шығар, бірақ қазір оның Путинге қарсы екені анық.

Екіншіден, Ресейдің қарулы күштері соғысқа жарамдылығының төмен екенін көрсетті. Ал сенің қарсыласың жеңіліп жатқанда шегінудің мәні қанша?

Жеңістің Лавров ұсынған жаңа бейнесі жарамсыз болып шықты. Ресей басқасын таппаса, соғыс солтүстіктегі көршінің толық жеңілісіне дейін жалғасады немесе Путин жаһандық ядролық соғысты бастайды. Бірінші жағдайда соғыс ұзаққа созылады, тіпті биыл аяқталмауы да мүмкін. Ал екінші жағдай туралы ойлағың да келмейді, бірақ оған дайындала берсек артық емес сияқты.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить