Шымкент-Түркістан: Алғашқы көшті қабылдаған көне қала қалай жаңарады

9653

Көш жоспары қалай белгіленген, қаржы және инвестициялық климат қалай өзгереді

Forbes.kz тілшісі облыс орталығының қазіргі жағдайы мен келешегіне қатысты шолу әзірледі.

Түркістан облысы баспасөз қызметінің мәліметінше қазіргі күні орталыққа мыңға жуық мемлекеттік қызметкер келіп қоныстанды және мемлекеттік органдарды көшіру жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Қазіргі күні 27 жергілікті атқарушы органның 22 басқармасы ауысты, сонымен қатар 14 аумақтық орган өкілдері бүгінде Түркістанда қызмет көрсетуде. 2018 жылы жылы барлық ведомстволарды көшіру жұмыстарын аяқтау жоспарланған: облыс әкімдігі, 24 салалық басқарма, мәслихат аппараты, тексеру комиссиясы. Бұдан өзге, 9 бюджеттік ұйым көшіріледі. Бірінші кезеңде 842 адам ауысады, қалада олар орналасатын ғимараттар анықталған, қажетті коммуникациямен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тұрғын үйі жоқ мемлекеттік қызметкерлерге жатақханалардан орындар дайындалған.

-Бас жоспар бекітілген соң соған сәйкес Түркістан қаласында жаңа әуежай, теміржол вокзалы, автовокзал, көптеген әкімшілік ғимараттар мен мәдениет ошақтары салынады. Мұнан бөлек 65 мың тұрғынға арналған жаңа қалашық бой көтереді деп жоспарлауда. Демек, алдағы жылдары Түркістан қаласы үлкен құрылыс алаңына айналады деген сөз. Қарқынды құрылыс қалаға инвестиция құйылуына, көптеген жаңа жұмыс орындарының пайда болуына, кәсіпкерліктің қанатын кеңге жайып, экономиканың дамуына әсер етеді-деп мәлімдеген болатын облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Түркістанға көшкен сәтте.

Тұрғын үй

Облыс әкімі көшіп жатқан мемлекеттік қызметкерлерді баспанамен қамтамасыз ету мәселесіне жан-жақты айтқан еді. Қазір қызметкерлерге 67 жекеменшік пәтер жалдауға ұсынылған. Орта есеппен, мұндай баспана айына 50–80 000 теңге болады. Сонымен қатар, Түркістанда уақытша орналастыру үшін жатақханаларда 305 орын, 14 қонақ үй; Кентауда — 275 орындық жатақхана мен 7 тұрғын үй әзірленген. Түркістанда 1200 пәтерлік 20 көпқабатты үйдің, Кентауда 420 пәтерлік 7 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Нысандар құрылысын аяқтау және пайдалануға беру 2019 ж. жоспарланған.

Қаржы және қазына

Өңір басшысы 2018–2019 жылдарға арналған облыстық бюджеттің жоспарланған көлемі қайта қаралып, бекітіленін айтқан еді. Осы жылдағы облыстық бюджет 621,6 млрд теңгені құрады, ал Шымкенттің бюджетін бөлгеннен кейін облыстық бюджет 552,5 млрд теңгеге бағаланды. Ұлттық экономика және қаржы министрліктеріне Шымкент қаласының алдағы екі жылдың шығындарын жабуға өтінім берілді. Шымкентте орналасқан облыстық нысандарды (167 өңірлік мекеме) қалалық меншікке беру жұмыстары жүргізілуде. Қала теңгеріміне 29,5 млрд теңге активімен 55 кәсіпорын берілді. Түркістан облысын 2024 жылға дейін әлеуметтік-экономикалық дамытудың бас жоспарының жобасы әзірленді. Кешенді жоспар 188 шарадан тұрады. Бес жыл ішіндегі қажетті қаражат көлемі — 1,3 трлн теңгені құрайды.

Құрылыс жоспары

2018 жылдың тамызында Түркістанға Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев барып қайтқан болатын. Премьер-министр Президентің тапсырмасына сәйкес, қаланы дамытудың бас жоспарының тұжырымдамасын дамыту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өткен еді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы қойып отырған басты мақсат - қысқа мерзім ішінде жаңа ғимараттар құрылысын бастау екенін жеткізді. . Премьер-Министр облыста құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуі тиіс екенін баса айтты. Бұдан өзге, Түркістанның дамуына бизнес өкілдерін тарту қажеттігі айтылды. Бүгінгі таңда бизнестен әлеуметтік нысандарды, қонақүйлер мен басқа да маңызды ғимараттарды салу бойынша ұсыныстар түсіп жатыр. Сондай-ақ облыстың дамуына «Самұрық Қазына» ҰӘҚ өз үлесін қосуды көздеп отырғаны белгілі.

Білім және әлеумет

Облыс дерегі бойынша биыл республикалық бюджет есебінен 4,4 млрд теңге сомасына 16 білім беру нысанының құрылысын жүргізу, сондай-ақ, жатақханалар құрылысы мен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік есебінен колледждерді жарақтандыру шаралары қарастырылған.

Бұдан өзге, сегіз жергілікті атқарушы органдар көшірілген бұрынғы «Әмина» клиникасының ғимараттары және бес мемлекеттік органға арналған «Версаль» ойын-сауық кешені тексерілді. Бүгінде аймақта 96 емдеу және 263 амбулаторлық-емханалық ұйымдары медициналық көмек көрсететінін айтты. Сондай-ақ, жаңа денсаулық сақтау нысандарын салу жұмыстары жүргізіліп жатыр: «100 мектеп, 100 аурухана» жобасы бойынша үш нысан дайын, «350 дәрігер амбулаториясы, фельдшерлік-акушерлік пунктілер және емханалар» жобасы бойынша 4,8 млрд теңге сомасына 57 нысан салынды.

Бас жоспар байқауы

Баспасөз қызметінің хабарлауынша Түркістанды түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамытудың үздік тұжырымдамасына ашық халықаралық байқау жариялан болатын. Оны ұйымдастыру мен өткізу мақсатында үкіметтік комиссия құрылып, жұмыс істеп жатыр. 11 шілдеден бастап оған Түркияның, Оңтүстік Кореяның, Өзбекстанның қала құрылысшылары мен 35 отандық, 7 шетелдік сәулетшілер қатысты. Ұсынылған жобалар көрмесі Түркістанда тамыз айында өткен болатын. Жуық арада комиссия мүшелері бас жоспардың ең үздік тұжырымдамасын анықтауы тиіс.

Экономика және инвестиция

Айта кетейік, бүгінде облыс ауданы 116 280 км² (ел аумағының 4,3%). Солтүстік және оңтүстік учаскелері арасындағы алшақтық — 600 шақырым. Өңірдің өнеркәсіп өнімдері өндірісінің көлемі қаңтар–шілде айларында 250,7 млрд теңгені құрады. Негізгі капиталға салынған инвестициялар — 118,5 млрд теңге, бұл 2017 жылғы тиісті кезеңге қарағанда 5,1% артық.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить