Ішкі туризмнің әлеуеті мол

5823

Cоңғы он жылда барлық елдердің туризм саласындағы табысы мен шығынына, туризмнің ел экономикасына тигізетін ықпалына толыққанды зерттеулер жасалған

ФОТО: pixabay.com

Туристік шығындар мен экономикалық өсудің негізгі себептерін, өзара байланысын зерттеп білу әр елдің саяси басшылығы үшін өте қажет. Дүниежүзілік саяхат және туризм кеңесінің (WTTC) мәліметіне жүгінсек, 2019 жылы туризм әлемдік ішкі өнімнің (GDP) 10,4%-ын иеленіп, 8 триллион АҚШ долларына жеткен, 334 миллион жұмыс орнын іске қосқан. Алайда, былтыр басталған COVID-19 пандемиясына байланысты халықаралық туризм құлдырауға тап болды. 2020 жылғы ақпарат бойынша, 62 миллион адам жұмыссыз қалып, ішкі өнім (GDP) – 4,9%-ға құлдыраған.

Қазақстанда туризм экономиканың басым бағыттарының бірі болып саналады. Ол байланыс, құрылыс, ауыл шаруашылығы және басқа да ішкі тауар өндірісіне аса маңызды демеуші болып табылады.

Қазақстан туризмінің цифрлік көрсеткіштеріне келсек, 2019 жылы одан түсетін табыс экономиканың 5,2%-ын құрап, 3,393 миллиард теңгеге жетті, 429 000 адамды жұмыспен қамтыды (еліміздегі барлық жұмысшының 4,9%-ы), сырттан келген туристердің экономикаға енгізген кірісі жалпы экспорттың 4,1%-ын иеленді.

Дүниежүзілік туризм ұйымының межелеуі бойынша, Қазақстан – Орталық Азиядағы турист қабылдау әлеуеті ең жоғары елге айналу мүмкіндігі зор мемлекет.

Туризм өндірісін қарқынды дамыту үшін ұшақ рейстерінің саны мен бағасын реттеп, елімізге келуге ниеттенген туристерді қолжетімді бағамен тасымалдау мүмкіндігін қамтамсыз ету қажет. Халықара-лық стандартқа сай қызмет көрсететін қонақ үйлердің санын арттырып, қызмет көрсету сапасын көтеру керек. Жұмыс күшін нығайтып, оны кәсіби мамандардан жасақтап, customer satisfaction, яғни тұтынушының көңілінен шығатын талаптарға сай етуге тиіс.

Бұл ретте, Ұлы Даланың көрікті жерлеріне сүйене отырып ұлттық нақыштағы турпакеттерін көбірек ұсынған жөн. Қазақтың ұлттық салт-дәстүрін жаңғыртып, әрбір турпакетке енгізу, қазақы үйлермен глемпинг жасау, табиғатпен, ас мәзірімен, ұлттық өнермен және көшпенділер салтымен айшықталған қазақы код болғаны, яғни қазаққа ғана тән турпакеттерін ұсынған абзал.

Зерттеулерге жүгінсек, жалпы туристік кірістің 70 пайызын ішкі туризм береді. Ішкі туризмді дамыту үшін еліміздің үшінші және төртінші деңгейдегі қалаларына, аудандарға және ұлттық табиғи қорықтар мен тарихи орындарға жеткізетін арзан көлік-тасымал желісін қамтамасыз етуді ірі мемлекеттік жобалар арқылы жүргізсек, өңірдің туристік аумақтарына қонақ үйлер мен демалыс кешендерін, туристік глемпинг және ресторан, аттракциондарды кәсіпкерлердің бизнес жобаларымен іске асыру өте қолайлы.

COVID-19 кесірінен сыртқа шығуға шектеулер қойылуы ішкі туризмнің дамуына өте ыңғайлы жағдай туғызуда. Отандастарымыз еліміздің көрікті жерлеріне және адам аяғы сирек басатын туристік өңірлерге саяхаттау мүмкіндігін қарастыруда.

Туризм өндірісінің бір қанаты іспетті жұмысшы мәселесін де шешу қажет. Ішкі туристерге жақсы даяшылық жасау мәдениетін қалыптастыру ол ұжымға үлкен артықшылықтар береді. Олар ысылып, тәжірибе жинақтай келе сырттан келуші туристерге сапалы қызмет көрсете алатын болады. Бұл салада «басқалардан бір қадам озық қызмет көрсетсең – табыстың тең жарымына жеткенің». Ол үшін әр жұмысшының жалақысын нарық бағасымен ұштастыру, кәсіби сабақтарға қатыстырып, біліктілігін арттыру, жұмыс картасын түсінікті етіп жасап, әр жұмысшыны ынталандыра отырып жұмыс істеу керек. Себебі, туристермен бетпе-бет кездесіп, тікелей қатынасатын жұмысшы – ұжымның ең үлкен қазынасы.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить