Үш облыс туралы шешім саяси есеппен жасалса керек

22348

ФОТО: Акорда

16 наурызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауын мәлім етті. Онда елдің саяси жүйесі мен әкімшілік-аумақтық құрылымын өзгерту туралы ұсыныстармен қатар, оларды жүзеге асыруда Конституцияның 30-дан астам бабына өзгеріс енгізіліп, 20-дан астам заң қабылдау керектігі айтылды. Қоғам іші қызу талқыға салып жатқан Жолдау туралы отандық сарапшылар не дейді?

Шалқар Нұрсейіт, саясаттанушы
 
Шалқар Нұрсейіт, саясаттанушы

- Жолдауда президенттің шексіз билігі туралы нақты ұсыныстар айтылуы керек еді. Қасым-Жомарт Тоқаев суперпрезиденттіктен президенттік жүйеге көшуіміз керек деді. Әдемі айтылды. Алайда президент туралы Конституциялық заңда көрсетілген бірде-бір құзіретінен бас тартпады. Мысалы, Amanat партиясы төрағалығы лауазымын тапсыратынын айтты, бірақ мұндай құзірет Конституциялық заңда жазылмаған. Сондай-ақ, президент әлі күнге дейін Орталық сайлау комиссиясы төрағасының екі орынбасарын, Конституциялық кеңес төрағасының екі орынбасарын, Мәжіліс спикерін өзі тағайындай алады. Премьер-министрді де Мәжілістің келісімімен өзі тағайындайды, облыс әкімдерін де тағайындайды. Сондықтан Президенттің билігін шектеу туралы ұсыныс әншейін сөз күйінде қалайын деп тұр. Егер президент құзіретіне байланысты өзгеріс жоспарланса, ол кеше Жолдауда бірден айтылып, халықтың қолдауына ие болар еді. Сонда залда отырған депутаттар мен шенеуніктер ғана емес, теледидар алдындағы халық та қуана қол соғар еді.

Президент Жолдауына екі күн қалғанда 50 шақты сарапшы бірқатар ұсыныс жария етіп, онда Конституциялық сотты қайтаруды да айттық. Бұл ұсынысты президенттің аузынан естігеніміз қуантарлық жағдай. Бірақ Конституциялық соттың құзіреті сол 1993 жылы қабылданған заңдағыдай кең бола ма, ол жағы белгісіз. Конституциялық сот президентке тәуелді болмауы керек.

Үш облыс құру туралы шешімнің экономикалық емес, саяси есеппен жасалғаны байқалады. Бірінші кезекте, Алматыда, Нұр-Сұлтанда және ірі қалаларда өткен наразылық акцияларын, әсіресе, аймақтардан келген, тұрақты жұмысы, үй-күйі жоқ азаматтар жасайтыны айтылды. Биліктің пайымынша, өңірлердегі жұрттың Алматыға, астанаға, Шымкентке, жалпы, орталық қалаларға келуін тоқтатсақ, онда наразылық көңіл-күйі басылады. Сол себепті бұл шешім «кішігірім жұмыс орындары ашылып, тұрғындар өз өңірінде қалады, ірі қалаларда митингке шығатын адам саны азаяды, қаңтар оқиғасы қайталанбайды» деген оймен жасалса керек.

Екінші түрткі болған себепті Абай, Ұлытау, Жетісу деген атаулары өзі айтып тұр. Қанша дегенмен, қазір электораттың көбі этникалық қазақтар. Меніңше, бұл арада олардың популистік көңіл-күйімен ойнау бар. Қазір Facebook-ті қолданушылар қаңтар оқиғасындағы оқ ату бұйрығы туралы не 20 мың террорист қайдан шықты деген сұрақтардан гөрі, «Абай болуы керек пе, Алтай болуы керек пе, Ұлытау болуы керек пе, Жаңаарқа болуы керек пе?» деп шуылдасып жатыр...

Экономикалық жағына келсек, ондағы тұрғындардың әл-ауқатын көтеретін тетіктер байқалмайды әрі қосымша үш облыс құру республикалық бюджетке ауыр салмақ түсіреді. Сол сияқты, президенттің Петропавл, Павлодар атауын қозғамауы әлі де Кремльдің қабағына жалтақтауын, ал астананың атауын қалдыруы бірінші президенттің саяси мұрасынан бас тарта алмайтынын білдіреді. Бұл мәселе жақын уақытта қозғала қоймайтын секілді, әйтпесе Жолдауда айтылар еді.

Сайлау жүйесіндегі өзгеріс шынымен де елдің сөзін сөйлейтін азаматтарға парламентке сайлануға мүмкіндік беретін шығар, бірақ олардың саны санаулы болады. 30% дегеніміз, әр өңірден кемінде бір-бір адамнан шығады деген сөз. Ал парламентте бір облыстан бір адамның отыруы жеткіліксіз. Мысалы, Түркістан облысында 3,5 млн, Ақтөбе облысында 1 млн шамасында халық бар. 3,5 млн тұрғынды да 1 миллионға жуық адамды да бір-бір депутат қорғаса, бұл – әділетсіз. Сол себеті мажоритарлық жүйе, өкінішке қарай, аралас жүйе деген мәселені шешпейді. Мұндай жүйе Қырғызстан мен Грузияда бар. Бірақ онда да президенттің партиялары басымдыққа ие. Парламенттерін президент әкімшілігіне тәуелсіз деп айтуға келмейді.

Жолдауда менің көңілімнен шыққан тұстары: жергілікті жерлерде мәслихаттардың рөлін күшейу, республикалық бюджеттен тікелей қаржыландыру арқылы әкімдердің тәуелсіздігін арттыру сынды ұсыныстар. Бірақ олар іс жүзінде қалай орындалады? Мәселе осында.

Тілектес Адамбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты
 
Тілектес Адамбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

- Президент өз Жолдауында шешімдерді бір өзі ғана қабылдайтын жүйеден арылып, басқа да билік және қоғам өкілдерін ортаға тартатын модельге келуге шақырды. Осылайша депутаттардың, оның ішінде Мәжіліс депутаттарының рөлі артып, өңірлердегі әріптестеріміздің де билігі күшейе түседі деген үміт бар. Сол сияқты, Конституциялық сот құру туралы маңызды ұсыныс айтылды. Меніңше, бұл кезек күттірмейтін мәселе. Бұл шешім ел ішінде қордаланған тұрмыстық зорлық-зомбылықты азайту жолдарын нақтылап бекітуге үлес қосады деп есептеймін.

Облыс әкімдерін партия филиалының төрағасы лауазымынан босату да өзекті ұсыныс. Неге десеңіз, партия жергілікті биліктің кемшілігін айтып, мәселелерді көтерген кезде облыс әкімінің төраға болуы қайшылық туғызады. Оның үстіне, бір партияның өкілі әкім болса, өзге партия оған бағынышты болып, дәрежесін түсіреді.

Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіру тетіктерін ерекше атап өтер едім. Өңірлердің мәселесін сол аймақтың тұрғындары жақсы біледі. Сол себепті мәслихат депутаттарының құзыретін арттыру – өте орынды. Мәслихат жергілікті биліктің жұмысын қадағалайды, ол әкімге тәуелді болмауы тиіс.

Өзім Қарағанды облысында туып-өскен соң, үш облысты қайта жаңғырту идеясы маған жаңа үміт берді. Депутат ретінде өңірлердегі халықпен кездесулерде жиі айтылған мәселенің бірі – бұрынғы Жезқазған облысын қайта жаңғырту керек деген тұрғыда. Облыс өте үлкен, жер аумағы бойынша кейбір Еуропа елдерінен де асып түседі. Жергілікті тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін облыс орталығында ғана шешуге болатын жағдайлар бар, ал тұрғындар орталықтың жақын болғанын қалайды. Сондықтан да Президенттің бұл шешімі бюджетке салмақ салса да, болашақта тиімді нәтиже береді деп сенемін.

Данияр Медетов, Ұлыбритания PhD докторанттары қауымдастығының президенті
 
Данияр Медетов, Ұлыбритания PhD докторанттары қауымдастығының президенті

- Жалпылай алғанда, Жолдаудан әртүрлі бағыттағы жағымды динамиканы сезіне алдық. Президент әлеуметтік-экономикалық әділдіктің негізі – саяси реформалар деп атап көрсетті. Яғни, саяси реформалар жүзеге аспайынша қаржылық тұрақтылық пен адами капиталды дамыту не бай-қуатты ел туралы сөз қозғаудың өзі артық.
Байқағаным, Жолдаудың 70%-ы жаңа деуден гөрі, соңғы 30 жылда айтылғандардың ептеп жаңартылған нұсқасы іспетті. Мысалы, президенттік өкілеттілікке қатысты және парламент палаталары депутаттарының санын қысқарту туралы ұсыныстар 2000 жылғы жағдайды еске салады. Кезінде, яғни ел тәуелсіздігін алғаннан кейін тоғыз жыл өткенде парламент дәл осындай эволюциялық көзқарас танытқан болатын. Егер биылғы ұсыныс сол ұстанымға сай болса, онда бұл ілгері тартар позитивті push.

Мені таңқалдырған, мен күтпеген ұсыныс – аймақтық аспектідегі өзгерістер, бұл тұрғыда тиісті деңгейде өзіндік сараптама, талдау жасалды деген үміттемін. Ал, мен күткен, бірақ Жолдауда ескерілмеген, қозғалмаған тақырып – адами капитал мәселесі. Меніңше, қоғамды, билікті демократияландыру барысында адами капиталды дамтыу және білім саласын қалыпқа келтіру басымды бағытқа ие болуы тиіс. Сол сияқты, Қазақстан экономикалық тұрақтылыққа қалай, қандай жолмен келуі керек деген сұраққа да толыққанды жауап ала алмадым. Қазір бүкіл әлемде кедейшілік мәселесі өте өзекті, ал макродеңгейдегі оқиғалар микродеңгейдегі адамдардың өмірінешқашан айналып өтпейді.

Ел ішінде қордаланып, шешімін таппай отырған тағы бір түйінді мәселе – жаппай миграция және белгісіздік сезімі. Мәдени, тарихи тұрғыдан алғанда бұл сезім біздің халық үшін таңсық дүние емес, бірақ дәл қазір, геосаяси жағдай мен ішкі өзгерістер аясында бұл сезім үрейге ұласқанын байқауға болады. Қазақстанның саяси құрылымындағы өзгерістерді халықтың жекелеген топтары тәуекел, қауіп деп те қабылдауда. Меніңше, Президенттің кешегі Жолдауында ұлттық қауіпсіздік мәселесі аясында халыққа басу айтып, сабырлыққа шақыратындай бірқатар ой айтылмай қалды. Бұл, өкінішті, әрине. Жалпылай алғанда, Жолдау мейлінше кешенді, түсінікті әрі онда шындық бар.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить