Емдік қышқылдар

РНҚ-вакциналар фармацевтика нарығын қалай өзгертіп жатыр?

ФОТО: © Depositphotos.com/kasto

Коронавирусқа қарсы Pfizer/BioNTech және Moderna атты екі РНҚ-вакцинаны жасап шығару бар болғаны бір жыл уақыт алды. Бұл – фармацевтикадағы теңдессіз жетістік. Сондықтан да РНҚ-вакциналар (рибонуклеин қышқылы негізіндегі вакцина) барлығының назарына ілікті. Сала мамандары жақсы біледі: COVID-19 пайда болғанға дейін ғалымдар РНҚ-вакцинаны түрлі аурумен күрес құралы ретінде қарастырған еді. Енді бұл технологияның әлемдік жеңісінен кейін оның потенциалы айқындалды. The Boston Consulting Group (BCG) консалтинг агенттігі сарапшыларының пікірінше, бұл РНҚ-вакциналар сферасына қосымша инвестиция тартуға мүмкіндік береді.

РНҚ-вакцинаның әрекет ету принципінің артықшылығы – оны түрлі спектрдегі патогендермен күресте пайдалануға болады. Мұндай вакциналардың жасалу жолы қымбат, бірақ технологияның дамуына байланысты оның өзіндік құны төмендеуі де мүмкін. BCG сарапшыларының пікірінше, коронавируспен күресте РНҚ-вакцинаның жетістігі бұл сферадағы инвестициялардың өсуіне импульс береді. Қазірдің өзінде ірі фармацевтикалық компаниялар бұл саладағы көшбасшылық үшін күресті бастап кетті.

Ерекше препараттар

Коронавирус пандемиясы басталғанға дейін РНҚ негізіндегі препараттар сирек кездесетін генетикалық ауруларды емдеу үшін қолданылатын. Олардың арасында Ушер синдромы (туғаннан құлағы нашар еститін, көз жанарынан бара-бара айырылатын ауру) және Гурлер синдромы (туа бітті ауру, адам бойында белгілі бір фермент жетіспегендіктен ауыр симптомдары болады) да бар. Енді РНҚ-препаратты қатерлі ісік, жүрек-қан тамырлары жүйесіндегі дерт тәрізді кеңірек таралған аурумен күресте қолданады.

РНҚ-препараттарының ерекшеліктеріне байланысты оларды жиі кездесетін кейбір аурудың ең асқынған кезіндегі терапияға да пайдалануға мүмкіндік береді. Теориялық тұрғыдан бұл препараттар белгілі бір дерттің симптоматикасымен күресіп қана қоймай, одан айықтырып та шығарады, Сондай-ақ науқастың генетикалық және басқа да ерекшеліктерін ескере отырып дайындауға болады. Дәстүрлі дәрілермен салыстырғанда РНҚ-препараттарының кері әсері де аз болады.

РНҚ-препараттарының кемшіліктері де бар. Ғалымдар РНҚ-ның адам ағзасында таралуын, ауру жайлаған тіндерге препаратты жеткізу процесін әлі де бақылап, жетілдіруі керек. РНҚ ағзадан тез шығарылады, мамандар бұған да баса назар салуы керек. Егер аурудың этиологиясы белгісіз болса, РНҚ-препараттарын қолдану мүмкін емес.

РНҚ негізіндегі препараттар өндірудің ең негізгі проблемасы – олардың қымбат екендігінде. РНҚ тұрақты емес, тез таралып кетеді, сондықтан РНҚ-препараттарды ерекше жағдайды сақтау керек. Мысалы, өте төменгі температурада. Бұл РНҚ-препараттарының құнын қалыптастыратын аспектілердің бірі ғана. Бұл дәріні көпшілік елдерде кеңінен қолдану үшін қажетті инфрақұрылым жоқ әрі заңдық нормалары да бекітілмеген.

Барлығына арналмаған болашақ

Фармацевтикалық компаниялар РНҚ-препараттарын дайындау технологиясын қаншалықты енгізе алатындығы бірнеше факторға байланысты. Бастысы – күрделі зерттеулерге және өндірісті жолға қою үшін керек ресурстың болуы. Бүгінде РНҚ-вакцина нарығының көшбасшылары – BioNTech және Moderna. Олар нарықта ұзақ уақыттан бері бар. 2000-жылдары бұл технологияға сенімсіздік бол-ған кезде олар табандылық көрсетіп, зерттеулерін жалғастырды. Нәтижесінде қазір бұл компаниялар әлемнің кез келген елінде танымал.

Бірақ барлық фармкомпаниялар мұндай жетістікке жеткен жоқ. Көпшілігі РНҚ зерттеуімен айналысатын шағын ғылыми-зерттеу орталықтарымен серіктесуді жөн көрді. BCG сарапшыларының пікірінше, мұндай компаниялар көбейіп келеді, пандемия бұл технологияның болашағы бар екенін көрсетті. BioNTech әріптесі болған Pfizer дәл осындай жолмен жүріп өтті, ол коронавирусқа қарсы вакцинаны тез дайындаудан бастап оны өндіріске жіберуге дейінгі барлық процесті жолға қойды. Осы жұмыс нәтижесінде Pfizer көп жаңалық ашты. Pfizer басшысы наурызда Wall Street Journal басылымына берген сұхбатында BioNTech-пен серіктестік оларға үлкен тәжірибе жинауға мүмкіндік бергенін айтты. Компания оны жаңа РНҚ-препараттарды өндіру үшін қолданбақ.

Фармацевтика нарығының барлық қатысушылары РНҚ-препараттарын өндіру технологиясын меңгеруге қатыспайды. Бұл салада стратегиялық қызығушылықтары жоқ компаниялар өз күшін бизнестегі басқа бағыттарға жұмсауды дұрыс көреді. Кейбір компаниялар 2000-жылдары РНҚ-препараттарын өндірмегендіктен бұл технологияға қызығушылығын жоғалтты.

Қалай болғанда да, РНҚ препараттар негізіндегі жаңа препараттар жуық арада пайда болады. Бұл трендті назардан тыс қалдыруға болмайды. Тіпті сіздің фармкомпанияңыз бұл технологияға уақыты мен ақшасын жұмсауды ойламаса да, оның принципін біліп, нарықтағы өзгерістерге дайын болу керек дейді BCG сарапшылары.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
5462 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить