Саумал негізінде дайындалған қазақстандық метабиотик әлем нарығына шығарыла бастады

Назарбаев университеті мен «Евразия Инвест LTD» ЖШС компаниясы әзірлеген өнімнің ерекшелігі неде?

Отандық өнім қандай елдерге бағыт алады, өндіріс қалай жолға қойылды, Ғылым қоры қандай қолдау көрсетті, оның адам ағзасына, денсаулығына пайдасы қандай? Бұл туралы Forbes.kz тілшісіне Назарбаев Университетінің «National Laboratory Astana», адам микробиомы және ұзақ өмір сүру зертханасының жетекші ғылыми қызметкері Самат Қожахметов пен «Евразия Инвест LTD» ЖШС директорының орынбасары Ғалымжан Мейрамбеков айтып берді.

2016 жылы Қарағанды облысының Осакаров ауданында құрғақ саумал шығаратын зауыт іске қосылған болатын. Өндіріс неміс технологиясы бойынша жұмыс істейді, сублимация әдісімен әзірленген, яғни кептірілген бие сүті көп ұзамай Қазақстан нарығына жол тартты, тіпті қысқа мерзімде Ресей, Қытай, Гонконг елдеріне экспортқа шығарылып, 2019 жылы Amazon сауда алаңына шығып үлгерді, нәтижесінде отандық өнімге АҚШ және әлем тарапынан сұраныс артты. Ал 2019 жылы сол жылқы шаруашылығының жанынан саумал негізінде метабиотик әзірлеу жолға қойылды. Компания директорының орынбасары Ғалымжан Мейрамбековтың айтуынша бұл өнім Назарбаев университетінің ғалымдарымен және Ғылым қорының қолдауымен дүниеге келді.

- Біз 2017 жылы грант алдық, оны бізге Ғылым қоры бөлді. Қаржы технологияны коммерцияландыру үшін үш жылға берілді, яғни 2017-2020 жылдарға аралығына. Оның негізгі мақсаты-саумал негізінде метобиотик әзірлеу болатын. Яғни, оған қосылатын метабиотикті біз Нұр-Сұлтандағы Ұлттық биотехнология орталығынан аламыз және екі өнімді араластыру арқылы жаңа өнім шығарамыз. Айта кету керек, бұл грант Назарбаев университеті ғалымдарының көмегімен алынды, олар осы формуланы ойлап тапты, әзірледі, - дейді Ғалымжан Мейрамбеков.

Биология ғылымдарының кандидаты, профессор Самат Серікұлының айтуынша метабиотиктер-бұл метаболизм өнімдері немесе пробиотикалық микроорганизмдердің құрылымдық компоненттері бар препараттар. Егер пробиотикалық препараттар құрамында пробиотикалық микроорганизмдердің n-саны болса, ондағы метабиотиктерде тірі бактериялар жоқ, тек метаболизм өнімдері және олардың құрылымдық элементтері кездеседі.

Бие сүтінің негізінде метабиотик әзірлеу идеясы 2015 жылы келді. Сол кезде біз Назарбаев Университетінің Өмір туралы ғылымдар орталығының зертханасында пробиотикалық микроорганизмдерді зерттеп, биологиялық белсенділігі жоғары бактерия таптық. Бұл бактерияның лизаты көптеген қоздырғыштарға қарсы тұрып қомай, сонымен қатар антимутагендік белсенділікке ие болды. Бие сүтін зерттей отырып, оның пайдалы қасиеттері мен ішек микрофлорасына қатысты әсерін көрдік. Біз осы екі өнімді біріктіруді шештік. Алынған биологиялық препарат жоғары биологиялық сипаттамаларды көрсетті. Осылайша метабиотик пайда болған. Ол қазір капсулаланған препарат түрінде әзерленеді, деді Қожахметов.

Назарбаев университеті ғалымының айтуынша бұл зертханада микробиологтар, биотехнологтар, молекулалық биологтар, фармакологтар сияқты әртүрлі саладағы ғалымдар зерттеу жүргізеді. Олардың функционалдық өнімдерді әзірлеуде үлкен тәжірибесі бар. Ал жобаны өндірістік және технологиялық бейімдеу процесі «Евразия Инвест» ЖШС технологтары мен инженерлік қызметінің қатысуымен жүзеге асты.

Саумал және сүт қышқылды бактериялардың белсенді компоненттері негізіндегі метабиотикалық өнім адам ағзасының жасушаларын ішкі және қоршаған орта факторларының жағымсыз әсерінен қорғайды, жеке флораның өсуі мен метаболизмдік белсенділігін көтермелейді, жергілікті иммунитетті көтермелейді, радиотерапиядан және ұзақ аурулардан кейін ағзаның денсаулығын қалпына келтіреді. Сонымен қатар, күйзеліс кезінде ағзаның бейімделу қасиеттерін арттырады, ішектің мотор функциясын жақсартады, формулаға саумал өнімінің қосылуы метабиотиктің әсерін күшейтуге, сондай-ақ уытты гепатотропты заттардың ағзаға тұрақсыздандырушы әсерін төмендетуге, гастроэнтерологиялық, метаболикалық және гепатологиялық бұзылулар кезінде қалпына келтіруге мүмкіндік берді, - деді Ғалым.

Каспулаларды қалай қабылдау керек, ол адам ағзасына қалай әсер етеді? Артықшылығы неде? Ғалымдардың айтуынша капсулаларды қабылдаудың белгіленген мерзімі бар. Соған сәйкес, бұл өнімді күніне 2 капсуладан 3 апта ішінде қабылдау ұсынылады. «SAUMET» метабиотигі өсімдіктен, жануардан және табиғи минералды шикізаттан алынған. Бұл дәрі-дәрмектер мен тамақ өнімдерінің арасында орын алады және ұтымды терапиямен тамаша үйлеседі. Пробиотикалық препараттармен салыстырғанда жаңа өнімнің басты артықшылығы-өнімнің құрамында микроорганизмдердің тірі формалары жоқ, сонымен қатар метаболит қабылдағаннан кейін бірден әрекет етеді, өйткені оның құрамында бактериялардың белсенді метаболиттері бар.Ал оның тиімділігі қалай дәлелденді? Адамдарға сыналды ма? Тәәжірибе кімдерге жасалды және оның нәтижесі қандай?

- «SAUMET» дәрілік емес, бұл ең алдымен диеталық қоспалар және арнайы тамақ өнімдеріне жақын, ішек микрофлорасын жұмсақ түзетуге арналған өнім. Барлық зерттеулер тәжірибелік жануарлардың зертханалық модельдерінде жүргізілді. Бұл зерттеулерде метабиотик жоғары тиімділікті көрсетті. Сондықтан, бүгінгі күні адам ағзасына диеталық қоспалардың қалай ықлап ететінін зерттеудің қажеті жоқ.

Назарбаев университетінен бөлек, өзге институттармен бірлескен жұмыс жүрді ме? Сараптаманы кімдер жасады? Ғалымдардың айтуынша бұл жұмыс толығымен осы зертхана мамандарының күшімен жүргізілді. Ал метиабиотикке қатысты тәуелсіз сараптаманы Қазақ тағамтану академиясы жанындағы мамандандырылған зертхана және Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығының «санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығы» жүргізді. Ал капсула құрамы неден тұрады? Тек бие сүті ме, әлде басқа да қоспалар бар ма? Әлемде саумалдан әзірленген осындай капсулалар немесе осыған ұқсас биологиялық белсенді өнімдер бар ма? Әлде, Қазақстанда алғаш шығып отыр ма?

- «SAUMET» бие сүтінен тұрады, сонымен қатар сүт қышқылы микроорганизмдерінің жасуша қабырғаларын бұзу арқылы алынған «Lactobacillus rhamnosus» белсенді метаболиттер кіреді. Әлемде көптеген түрлі метабиотиктер шығарылады. Біз SAUMET-ті кез-келген өніммен салыстырмаймыз, барлық өнімдердің артықшылықтары мен әлсіз жақтары бар. Біздің өнім ішек микрофлорасына тек бактериологияның классикалық әдістерімен ғана емес, сонымен қатар өнімді тұтыну кезінде не болып жатқанын толық көруге мүмкіндік беретін терең сиквенстеу әдістерімен де зерттелген. Бұл бізге дисбиотикалық бұзылудан кейін микрофлораның қалпына келуін дәлелдеуге және метабиотикті тұтыну кезінде оң метаболикалық белсенді микрофлораның өсуін ынталандыруға мүмкіндік берді, - дейді Қажахметов.

Қазіргі күні бұл отандық өнім де құрғатылған саумал сияқты әлем нарығына шығарыла бастады. Өндірушілердің айтуынша метабитик негізінен экспортқа арналған. Қазір бірқатар елдермен келісімдер жүргізілуде және қазақстандық өнім жуық арада шекара асады.

- Қазір бұл өнім Қазақстан бойынша сатылымда, сонымен қатар Түркиямен келісім жасалуда, егер жуық арада оны елге кіргізетін рұқсат құжаттар әзір болған кезде бұл өнімді сол елге жеткіземіз деген ойдамыз. Сонымен, АҚШ тарапымен жұмыс істеп жатырмыз, Америкада биологиялық белсенді қоспалар нарығы өте жақсы дамыған. Қазір Гонконгпен келісім-шарт жасалып бітті деуге болады, жақында онда алғашқы партияны жөнелтеміз. Бұл негізінен экспотқа арналған өнім болады деп жоспарлап отырмыз. Өндіріске келсек, біз оны өзіміздің құрғақ саумал шығаратын зауытта дайындаудамыз. Барлық технологиялық тізбек, өндірістік кешен сонда, Қарағанды облысында орналасқан, - дейді Ғалымжан Мейрамбеков.

Компания өкілінің айтуынша SAUMET сауда белгісіне деген қызығушылық және сұраныс өте жоғары. Себебі, оны қазіргі құрғақ саумал сияқты ерітіп, ыдысқа құйып ішудің қажеті жоқ, капсуланы қабылдау өте ыңғайлы, бастысы оның ағзаға пайдасы орасан. Әсіресе, бұл дәмге сезімтал, сүтке әуес еместер үшін өте қолайлы. Қазіргі күні оның дүкендегі бағасы, яғни бір қорабы 10 мың теңге. Ал шет ел нарығында шамамен 15 мың теңге көлемінде болады. Компания басшысының орынбасары Ғалымжан Мейрамбековтың айтуынша өндіріс көлемі жылына 8 мың қораптан жоғары болады.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
7600 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:
Загрузка...
10 мая родились
Нуржан Бекшенов
бизнесмен, владелец инвестиционной группы «Позитив»
Есенгали Байменов
бизнесмен, №42 рейтинга «50 самых влиятельных бизнесменов - 2018»
Самые Интересные

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить