Зейнетақы жүйесі модернизация қарсаңында

Біріккен ұлттар ұйымы (БҰҰ) соңғы үш-төрт жылда жария еткен болжамдар бойынша, 2050 жылға қарай әлем халқының саны 9 млрд адамнан асуы мүмкін

ФОТО: © pixabay.com

Осы кезеңде Жер шары тұрғындарының басым бөлігі қалаларда қоныстанып, әлем елдерінде бес жасқа дейінгі балалардың саны 65 жастан асқандар санынан анағұрлым аз шығуы ықтимал.

2018 жылы дүние жүзінде алғаш рет – егде тартқан кісілер саны (65+) бес жасқа дейінгі балалар санынан асып түскені байқалды. 2050 жылға қарай бұл санаттағы кісілер саны 15–24 жас аралығындағы жасөспірімдер мен жастар санынан асып түседі деген де болжам бар. Бұл мәліметтер: өмір сүру ұзақтығы өскен сайын, егде жастағы кісілер қоғам мен экономикада елеулі рөл атқарады дегенді меңзесе керек. Дамыған елдердің бірқатарында жүріп жатқан зейнетақы жүйесін реформалау қажеттілігі осының бір көрінісі.

БҰҰ болжамынша, 2050 жылға қарай әлем бойынша зейнеткерлер саны 3 млн адамнан асуы мүмкін. Осы тұста бір зейнеткерге, шамамен, еңбекке қабілетті үш адамнан келуі ықтимал. ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі келтірген деректерге жүгінсек, бүгінгі таңда Қазақстанда зейнеткер жасындағы 2,2 млн адам бар. Соңғы есептеулер бойынша, қазір біздің елімізде бір зейнеткерге жеті адамнан келеді деуге болады.

Айта кетейік, Қазақстанда зейнетақы жүйесін әрі қарай реформалау шаралары қолға алынуда. Бұл тұрғыда ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (ЕХӘҚМ) Зейнетақы жүйесін модернизациялаудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына толықтырулар мен өзгерістер енгізу жұмыстарын жалғастыруда. Жүйені дамыту тәсілдері мемлекеттік органдар деңгейінде және тәуелсіз сарапшылар арасында талқыланып, қоғамдық тыңдау рәсімінен өтті. Тұжырымдамаға енгізілетін өзгерістер жобасының шығын нормалары республикалық бюджет комиссиясының қарауында. Зейнетақы жүйесін жаңарту аясындағы негізгі ұстаным – ең төменгі кепілдік беру жүйесін жетілдіру керек дегенге саяды.

ЕХӘҚМ мәліметінше, жыл сайын республикалық бюджет шығысының төрттен бірі зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруға бөлінеді. 2022 жылға белгіленген зейнетақы төлемдерінің ауқымын, министрлік 2,9 трлн теңге деп көрсетті, үстіміздегі жылдың наурызында. Еліміздегі орташа зейнетақы мөлшері 105 538 теңгені құрайды. Оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері 72 914 теңге, базалық зейнетақы – 32 624 теңге.

Зейнетақы жүйесін әрі қарай модернизациялау тұжырымдамасын толықтыру аясында үкімет ұсынған айтулы өзгерістің бірі – 2028 жылдан бастап базалық зейнетақы төлемінен – кепілдендірілген ең төменгі зейнетақыға көшу тұрғысында.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәліметтерінше, кепілдендірілген ең төменгі зейнетақы мөлшерін тағайындау тетіктері қазір әлі де пысықталуда. ЕХӘҚМ-нің Әлеуметтік сақтандыру, базалық әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру саясаты департаментінің директоры Виктория Шегайдың айтуынша, бұл тұрғыда көзделген өзекті шаралардың қатарында: ең төменгі зейнетақы мөлшерін ең төменгі күнкөріс деңгейінің бүгінгі 54%-нан (18 500 теңге) 70%-на (24 мың теңгеге) дейін ұлғайту; зейнетақы жүйесіне қатысу­дың ең аз шегін бүгінгі 10 жылдық жұмыс өтілінен 5 жылға дейін азайту; зейнетақы мөлшерінің ең жоғары шектеуін алып тастау сынды мәселелер де бар.

Сол сияқты, тұжырымдама бойынша, зейнет жасына жеткен азаматтар зейнетке шығу уақытын өз қалауымен кейінге қалдыра алады. «Бұл олар­­ға болашақта кепілден­ді­ріл­ген ең төменгі зейнетақыны жоғарғы көлемде алуға мүмкіндік береді. Өйткені зей­нет­кер жасына жеткеннен кейінгі еңбек жылдары зейнетақы мөлшерін анықтау кезінде ескеріледі», - деп түсіндіреді Виктория Шегай.

Айта кету керек, қазірге дейін, егер айрықша жағдай болмаса, жұмыс беруші зейнет жасына жеткен қызметкерді жұмыстан босатуға мәжбүр. Тұжырымдамаға енгізуге ұсынылған өзгеріс қабылданып жатса, үкімет кей өңірлерде көрініс берген маман тапшылығын осылайша шешуге үмітті.

Өз кезегінде, отандық танымал экономист Олжас Құдайберген, бұл ұсыныс зейнетақы шотында жинағы аз азаматтар үшін пайдалы деп отыр. «Егер бұл өзгеріс енгізілсе, онда зейнеткерлік жинақ шотындағы қаражаты жеткіліксіз зейнеткер, зейнетақысыз қалмайды», - дейді ол.

Зейнетақы жүйесін модернизациялау аясында ұсынылған «атышулы» шара – 2023 жылдан бастап айлық жалақының 5%-ы көлеміндегі міндетті зейнетақы жарналарын енгізу. Жарнаны қамтамасыз ететін жұмыс беруші. Бұл шара қолданыстағы тұжырымдамада ескерілген. Ел үкіметі осы арқылы азаматтардың зейнетақысын одан әрі көбейтуді көздейді. Алайда, экономист Олжас Құдайбергеннің пікірінше, міндетті зейнетақы жарнасын 5%-ға (10%-дан 15%-ға) көтеру «оңтайлы шешім емес».

«Зейнетақы жүйесінің авторлары осы арқылы отандық зейнетақы жүйесінің кемшіліктерін жабуға тырысып бағуда. Жарнаны қанша көтерсе де, олар жалпы жүйенің мәселесін шеше алмайды. Бұл арада жүйенің өзін түбегейлі өзгерту керек», - деп есептейді сарапшы.

Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылдың 1 қаңтарынан қолданысқа енгізіледі деп көзделген – жұмыс беруші төлеуі тиіс 5% көлеміндегі міндетті зейнетақы жарнасы туралы талап 2015 жылдың 2 тамызындағы «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң негізінде қабылданды. Бірақ кейін бұл талапты орындау кезеңі 2020 жылға ауыстырылып, артынша, 2019 жылы заңға енгізілген түзетулер негізінде 2023 жылдың еншісіне қалдырылды.

Жоғарыда айтылғандай, «қосымша 5% жарна» әдеттегідей жалақыдан емес, кәсіпорын-компанияның есебінен төленеді. Кезінде бұл ұсынысқа кәсіпкерлер қарсы шықты. Олардың айтуынша, аталған жарна жұмыс берушілердің қалтасына қосымша ауыртпалық түсіреді. Кейін олардың сөзі ескеріліп, жұмыс берушіге 5% көлеміндегі міндетті зейнетақы жарнасын салықтан шегеруге рұқсат етілді. Яғни, жұмыс берушінің бюджетке төлеп жүрген салығы әдеттегіден азайып, жұмысшылардың зейнетақы жинағы толығады деген пайыммен. Министрліктің жоспарынша, осыдан кейін еңбек қатынасын заңдастырғысы келетін азаматтар саны көбеюі тиіс.

Дегенмен, Олжас Құдайбергеннің айтуынша, 5% жарнаны салықтан шегерген күннің өзінде, бұл арада ұтылатын бәрібір қарапайым жұмыскер. «Мұндай норма бұрыннан бар. Мысалы, жалақыңыз 100 мың теңге делік, оның 10%-ы зейнетақы жарнасына алынады, сонда табыс салығы қалған 90 мыңнан алынады. Ал 15%-ға дейін көтерілсе, онда табыс салығы қалған 85 мың теңгеден алынады. Мұндай жағдайда республика бюджетіне табыс салығынан түсетін қаржы ептеп азаюы мүмкін. Бірақ жыл сайынғы инфляция аясында, номиналды түрде табыс салығынан түсетін ақша азаймайды», - дейді экономист.

Айта кетейік, «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңның 11-бабы бойынша, елімізде әйелдер үшін зейнетке шығу жасы – 2027 жылға дейін 10 жыл ішінде жыл сайын 6 айға көтеріліп отырады. Биыл 1 қаңтардан бастап  60 жастан асқан (60,5) әйелдер зейнетке шығады. Ал ерлерге белгіленген зейнеткер жасы 63 жас. 

ҚР Ұлттық Банкінің төрағасы Ғалымжан Пірматов келтірген деректерге сүйенсек, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері 2022 жылдың сәуір айында 12,9 трлн теңгені құраған.

«Жыл басынан бері инвестициялық кіріс, шамамен, 136,5 млрд теңгені, зейнетақы жарналары – 524 млрд теңгені, зейнетақы төлемдері – 89,6 млрд теңгені көрсетті. Соңғы 12 айда зейнетақы активтерінің кірістілігі 8%-ды құрады. Жинақтаушы зейнетақы жүйесінің орнықтылығы тұрғысынан алғанда, бұл арада кіріс және инфляция көрсеткіштерін ұзаққа негізделген өлшемде қарастырған жөн. Мәселен, соңғы 3 және 5 жылда инфляцияның, сәйкесінше, 8,96% және 7,64% мәнінде зейнетақы активтерінің кірісі 9,25% және 9,44%-ды құрады», - деді Ұлттық Банк төрағасы 12 мамырда өткен үкімет отырысында.

Ұлттық Банк мәліметінше, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық қоржынындағы негізгі үлес – ҚР мемлекеттік бағалы қағаздары мен ҚР эмитенттерінің мемлекеттік емес құнды қағаздарына тиесілі: зейнетақы активтерінің – сәйкесінше 40,7%-ы және 22,6%-ы.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
16081 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить
Dream Team House переезжает в Казахстан? Смотреть на Youtube