«Теңізшевройл» жоғары деңгейлі маман атануға көмектеседі

8727

«Теңізшевройл» ЖШС әлеуметтік және корпоративтік жауапкершілік бағдарламасы шеңберінде Атырау және Маңғыстау облыстарының жұмыссыз тұрғындарына әлемдік еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқудан өтуге мүмкіндік береді

Жаңа мамандық алғысы келетіндер немесе өз мамандығын «жетілдіргісі келетіндер» Атырау қаласындағы «WestWayService» ЖШС-нің APEC PetroTechnic Жоғары колледжіне (APEC) және Ақтау оқу орталығына (АОО) жіберіледі. Бұл орталықтарды тәмәмдаған түлектер халықаралық стандарттарға сәйкес өз саласында кәсіпқой ғана болмайды, сонымен қатар облыстық және әлемдік еңбек нарығында шындап бәсекеге түсе алатын жоғары білікті маман болып шығады.

Курстардың ұзақтығы 2-3 ай , жыл сайын жеті жүзге жуық адам электр монтаждаушы, БӨА монтаждаушы, металл конструкцияларын дәнекерлеуші, құбыр монтаждаушы,металл конструкцияларын монтаждаушы, құрылыс сатыларын құрастырушы, құрылысшы мамандықтары бойынша оқудан өтуге мүмкіндік алады.

Оқу бағдарламасы теориялық білім мен практикалық дағдылардың үйлесімді жиынтығынан құралған модульдік оқыту форматынан тұрады. Қазіргі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, студенттер оқуға түсер алдында ПТР сынамасын тапсырады, ал оқу барысында олар оқшауланған жатақханамен, күніне үш мезгіл тамақпен және жеке қорғаныс құралдарымен тегін қамтамасыз етіледі.

Қала сондай-ақ екі облыс аудандары тұрғындары аталғанбағдарламаға қосыла алады: іріктеу іс-шаралары Атырау облысының Жылыой, Исатай, Құрманғазы, Мақат, Қызылқоға, Махамбет және Индер аудандарында, Маңғыстау облысының Жаңаөзен, Мұнайлы, Қарақия, Бейнеу, Түпқараған аудандарында өткізіледі.

Комиссия құрамына аталған оқу орталықтарының мамандары, сондай-ақ Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің өкілдері кіреді.

ККЖ-ҰЕҚБЖ қазірдің өзінде аймақ экономикасына оң әсерін тигізгенін атап өткен жөн: жаңа инфрақұрылым мен әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді, мыңдаған адамдарға оқу және ғаламдық жобада жұмыс істеу мүмкіндігі ұсынылды.

«Біз ТШО-лықтар білікті және жемісті жұмыс күші экономика мен қоғамға пайда әкелетініне сенімдіміз. Жұмыссыздар санының көбею қаупін азайту үшін біз қазірден бастап адами ресурстарға қаражат салып, күш-жігерімізді сол бағытқа жұмсаудамыз. Бұл біздің болашақта жоғары білікті мамандардың облыстағы және елдегі басқа жобаларда пайда әкелулеріне ықпал ететін ерікті корпоративті жауапкершілігіміз. Қазақстандықтар халықаралық стандарттарға сәйкес жұмыс жасаудың бірегей тәжірибесін және басқа елдердегі осындай ауқымдағы жобаларда жұмыс істеу үшін қажетті дағдылар мен құзыреттерді жинақтады. ККЖ-ҰЕҚБЖ жобасын іске асыру барысында ТШО есебінен 15 мыңнан астам адам оқытылғанын атап өткім келеді», - деп түсіндірді ТШО-ның үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Рзабек Артығалиев.

Қазіргі білім беру бағдарламасына келетін болсақ, 2019 жылға келіп түскен бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша 144 адам жұмыспен қамтылды, оның 51-і Атырау қаласында, 24-і Құлсары қаласында.Сұранысқа иемамандық электр монтаждаушы болып шықты.

Екінші кезеңде Атырау қаласының 184 тұрғыны пандемия салдарынан тоқтатылған оқуларына оралып, оқу курсын аяқтап, сертификаттарын алды.

Ал үшінші кезеңде, коронавирус індетінің қазіргі жағдайын ескере отырып, оқу орталықтарындағы оқыту студенттерді топтарға бөле отырып, кезең-кезеңімен өткізіледі деген шешім қабылданды. Бірінші кезеңге қатысушылар курсты аяқтап, сертификаттарын алды - барлығы 94 Атырау облысының тұрғыны. Екінші кезең- қалған 112 оқушы - білімдерін жалғастыруда.

Маңғыстау облысы бойынша да 2019-2020 жылдарға арналған оқыту бағдарламасы үш кезеңнен тұрды. Мысалға, 2019 жылы 224 адам сертификат иегері атанды. Әсіресе электр монтаждаушы және жүк ілуші мамандықтары үлкен сұранысқа ие болды, осы кезеңнің түлектері арасында 162 адам, яғни оқудан өткендердің жалпы санының 70% -дан астамы тұрақты жұмысқа орналасты.

Қазіргі таңда алдыңғы жылы қабылданған 77 тыңдаушы оқуын жалғастыруда. Олардың басым таңдаулары - металл конструкцияларын дәнекерлеуші және, бұл жерде де, электр монтаждаушы.

Айта кету керек, өзара келісім-шарттарына сәйкес, ТШО бағдарлама түлектерін жұмыспен қамтамасыз етпейді. Алайда ККЖ-ҰЕҚБЖ кәсіптік-техникалық мамандықтарға оқыту бөлімі оларға белсенді түрде көмектесуде, ТШО-ның құрылыс алаңдарындағы бизнес-серіктестерге түлектер туралы хабар береді және егер қажет болса, оларға жұмыс іздеушілердің профильдерін ұсынады.

Өз бетінше жұмыс тапқан немесе өз кәсібін ашқан түлектердің үлесі де жоғары. Жалпы, осы уақытқа дейін бағдарлама түлектерінің шамамен 73%-ы әлдеқашан жұмысқа орналасқан.

Солардың бірі - Арман Спанов. Қызылқоға ауданының тұрғыны, 42 жастағы ер адам «West Way Service» оқу орталығында құбыр монтаждаушы мамандығын алды. 2019 жылдың желтоқсан айында оқуын аяқтап, 2020 жылдың қаңтар айында алған мамандығы бойынша жұмысқа орналасты.

Тастанов Бағытжан да осы оқу орталығында оқып, 2019 жылы электр монтаждаушы мамандығын алды.

«Алынған практикалық дағдылардың арқасында мен Ресейдің Амур қаласындағы компанияға жұмысқа тұрдым. Пандемия салдарынан, қайтадан елге оралуға мәжбүр болдым. Дәл сол кезде менің әкем де осы курсты оқып, бірге бизнес ашамыз деп шешім қабылдағанмын.Бәрі ойдағыдай болды, біз қазір өз қаламызда электр монтаждау жұмыстарымен айналысудамыз. Осы үшін де оқытушыларымызға және ТШО басшылығына алғыс айтамыз», - дейді Бағытжан.

Осындай мүмкіндікке деген ризашылығын Асланбек Жансариев те білдірді.

«Белгілі бір себептермен мен жұмыссыз қалдым. Мен бос отыра алмаймын, бірден Атырау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру департаментіне құжаттарымды тапсырдым. Енді міне, 3 айдан бері APEC оқу орталығында дәнекерлеуші мамандығына оқудамын. Таңдау кездейсоқ жасалған емес: дәнекерлеуші үй тұрмысында да пайдаға асады, дәнекерлеу жұмыстарына деген сұраныс қашан дажоғары. Оқуды бітірген соң жұмыс табамын деген үміттемін», - деді ол.

Оқу орталықтары өз тарапынан барлық жағдайды жасауға дайын.

«Біздің орталықтың мақсаты - азаматтарды барлық озық және заманауи стандарттарға сәйкес оқыту ғана емес, сонымен қатар оларғакәсіптерін өзгертуге және техникалық мамандықтарға қайта оқуға мүмкіндік беру. Мен жұмыссыз қалғандардың барлығын Атырау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру департаментіне хабарласуға және оқудан өтуге шақырғым келеді», - деп атап өтті «WestWayService» оқу орталығының директоры Тамара Рошка.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить