Отандық еңбек нарығы: өзгерістер, жаңалықтар, трендтер

16207

Әлжуаз топтар – жастар?

Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕЭО) статистика департаменті мәлім еткен деректерде Қазақстан ЕЭО аясында жұмыссыздық бойынша жылдық өсімі күрт өскен елдердің қатарында тұр. Ресми мәліметтерге жүгінсек, 2020 жылдың қыркүйек айында Қазақстанның жұмыспен қамту мекемелерінде 227,9 мың адам жұмыссыз ретінде тіркелген, бұл экономикалық белсенді халықтың 2,5%-на сай көрсеткіш. 2019 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда, биыл қыркүйекте елімізде жұмыссыздар деңгейі 34% жоғары болған. Негізгі себеп, әрине – коронавирус пандемиясы. ЕЭО деректерінде 2020 жылдың тамыз айында одақ аясындағы елдерде тіркелген жұмыссыздардың жалпы саны 2019 жылмен салыстырғанда 3,8 есе жоғары болғаны айтылады. Оның ішінде, әсіресе, Қазақстан мен Ресейде жұмыссыздар саны күрт өскен. Дегенмен, сарапшы мамандар бұл – уақытша жағдай деген басу айтады.

Экономист Мақсат Халық пандемия кезінде жұмыссыздықтың белең алуы уақытша көрініс, бірақ одақ аясында экономикалық белсенділікті қалыпқа келтіруге бәрібір уақыт керек деген пікірде. «Егер мемлекеттер дағдарысқа қарсы тиімді бағдарлама қабылдап, жұмыспен қамту жобалары нәтиже берсе, жұмыссыздық деңгейі кем дегенде 1–2 жылда қалыпқа келеді», – деген сенімде сарапшы. Ол, сондай-ақ, Қазақстандағы бүгінгі жағдайды, Еуропаның бірқатар елдерімен салыстырған болсақ, «біздің экономика айтарлықтай зардап шеккен жоқ» деп отыр.

ҚР Еңбек және жұмыспен қамту министрлігі биыл қарашада, елімізде жұмыспен қамтудың 2020–2021 жылдарға арналған жол картасы жоспарын жүзеге асыру шаралары басталды деп мәлім етті. 2020 жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша, Жол картасындағы 6,7 мыңнан астам жоба аясында 207 мың адам жұмыспен қамтылған. Оның ішінде халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы 112 мың адам жұмысқа орналасқан. Министрлік өз ақпаратында аталған жобалар бойынша орташа жалақы 130 мың теңгені құрайды деп көрсетеді. Сол сияқты, министрлік мәліметтерінше, аталған бағдарламаға қатысушылардың жартысы ауыл тұрғындары, 40%-ы – жастар, 7%-ы – табысы аз азаматтар.

Ал Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ) биыл маусымда жария еткен есебінде, 2020 жылдың екінші жарты жылдығында әлем бойынша жұмыс сағатының көрсеткіші 14%-ға қысқарғаны туралы айтылады. ХЕҰ мамандары, бұл – 400 млн жұмыс орны жабылумен тең көрсеткіш деп ескертті өз есебінде. Айтқандай, Халықаралық еңбек ұйымының «COVID-19 және дүниежүзі еңбегі» атты зерттеуіне сай, еңбек нарықтарында жұмыссыздықтың қарқындап өсуінен көптеген елдерде ең алдымен жас мамандар зардап шегуде. Пандемия басталғалы алты жас маманның біреуі жұмысынан айырылған. «Бұл әзірше үрейлі көрсеткіш емес, бірақ жағдай тұрақталғанда жұмыссыз жастар санының артуы еңбек нарығының қалыпқа келуіне кедергі келтіруі ықтимал», – дейді ХЕҰ мамандары.

ХЕҰ зерттеуінде, сондай-ақ жұмыссыздар саны, әсіресе, әйелдер арасында белең алғаны мысал етіледі. Бүгінде жаһандық жұмыспен қамту нарығында әйелдердің үлесі 39% шамасында. Оның ішінде тұрғын үй және тамақтану саласындағы жастардың 51%-ын, көтерме және бөлшек сауда қызметкерлерінің 41,7%-ын, жылжымайтын мүлік және басқа да қызметтер саласындағы мамандардың 43,8%-ын жас әйелдер құрайды екен. Әлем бойынша пандемияға қарсы күрестің алдыңғы қатарында денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау саласында жұмыс істейтін 11,8 млн жас жүрсе, олардың 74%-ға жуығы әйелдер көрінеді.

Дүниежүзілік банк болжамынша, COVID-19 пандемиясы салдарында әлемдік экономика 5,2%-ға дейін құлдырауы мүмкін. Бұл екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең терең құлдырау көрсеткіші деуге тұрарлық. Халықаралық ұйым дамыған елдердегі экономикалық белсенділік 7%-ға төмендейді деген де болжам айтады.

Бизнесті құтқару маңызды

Қазақстанның 60-тан астам шағын, орта және ірі бизнес басшылары мен бірқатар банктердің, даму институттары мен бизнес-қауымдастық өкілдерінің арасында сауалнама жүргізген KPMG Kazakhstan аудиторлық компаниясы елімізде төтенше жағдай режимі мен карантин шаралары аясында 300 мыңға жуық кәсіпкерлік субъектісі өз қызметін тоқтатты деген қорытындыға келген. Пандемия салдарында 1 млн кәсіпкерлік субъектісі зардап шеккен. Олардың дені қызмет көрсету және сауда саласының өкілдері. Отандық бизнес саласы 1,6 млн шамасындағы адамды ақысыз демалысқа жіберген. 14–15 мыңға жуық кәсіпкерлік субъектісі екінші деңгейдегі банктердегі борыштарын өтеу мерзімін ұзартуға мәжбүр болған. Сауалнамаға қатысқандардың 86%-ға жуығы дағдарыс салдары 2021 жылы да сейіле қоймайды деген пікірде.

KPMG сауалнамасына қатысқан отандық бизнес өкілдерінің бірқатары, мемлекеттің пандемияға қатысты бизнесті қолдау шаралары аясында үкіметтен салық жеңілдігін (оның ішінде экспортқа бағдарланған кәсіпорындар мен авиация секторындағы компанияларға ҚҚС қайтару бойынша), шығысының бір бөлігін өтеуін және жеңілдетілген несие беруін күтетінін жасырмаған. Сарапшылардың айтуынша, биылдан бастап еліміздегі барлық сала кәсіпорындарының екінші деңгейдегі банктерден жеңілдетілген несие алу мүмкіндігі бар, бірақ банктердің талабы қатты. Банктер кәсіпкерлік субъектісінің төлем қабілетіне, белгілі бір уақыт кезеңіндегі табыс көрсеткішіне, кепілдікке қоятын мүлкінің болуына мән береді. Ал пандемиядан зардап шеккен кәсіпкерлік субъектілерінің біразы бұл талаптарға әзірше сәйкес емес. Отандық сарапшылар, шағын және орта бизнеске жеңілдетілген несие беруде мемлекеттің өзі кепіл болғаны жөн деп отыр.

«Дағдарыс кезінде мемлекет, ең алдымен, жеке тұлғалардың емес, заңды тұлғалардың жағдайын ойлауы керек. Бизнесті құтқарсақ, мемлекет бюджетіне салық уақытында түсіп, жұмыс орындары сақталады. Жұмыс орындары – халықтың табыс көзі. Салық уақытында түссе, бюджетте ақша болады, тиісінше, елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарады. Жеке тұлғалардың жағдайы маңызды, әрине, бірақ стратегиялық тұрғыда дәл қазір бизнесті сақтап қалу біздің ел үшін өте маңызды», – дейді сарапшы-экономист Жалғасбек Ақболат.

Тәжірибең болса, қам болма

Еліміздің еңбек нарығына тән тағы бір өзіндік жаңалық: бүгінде қазақстандық жұмыс берушілер әлеуетті қызметкердің мамандығына не кәсіби біліміне емес, оның жұмыс тәжірибесіне, қабілет-дағдысына барынша мән беруде. Жұмысқа қабылдауда жұмыс берушілер үшін маңызды көрсеткіштер қатарында: қызметкердің шешім қабылдау, талдау жасау, клиентпен жұмыс істеу, мәселені жан-жақты шеше білу қабілеттерімен қатар, процесті автоматтандыру, экологиялық негізде ойлау, эмоциялы интеллект сынды дағдылық талаптар да жоқ емес.

«Пандемия кезінде компаниялар жаңа онлайн-өнімдерді белсенді түрде дамыта бастады, педагогтар қашықтан оқыту бағдарламаларын игеруге кірісті, мейрамхана бизнесі байланыссыз тағам жеткізу қызметіне көшті, фитнес-жаттықтырушылар бейне-жаттығулар ұсына бастады. Пандемия салдарында еңбек нарығында кез келген өзгерістерге оңай әрі тез бейімделе алатын «икем дағдысы» бар, жаңа технологияларды меңгерген мамандарға деген сұраныс өсіп отыр», – дейді HeadHunter компаниясының маманы Дана Қасымова.

Еңбек ресурстарын дамыту орталығының зерттеуінше, 2020 жылдың I тоқсанында қазақстандық жұмыс берушілердің жартысына жуығы білікті қызметкерлерді іздеген болса, ІІІ тоқсанда кәсіби жұмысшы мамандықтарына деген сұраныс артқан. Әсіресе, өнеркәсіп, құрылыс, көлік және басқа да ұқсас салаларда. Бұл мамандықтарға электронды еңбек биржасында I тоқсанда 19,5 мың бос жұмыс орны жарияланса, II тоқсанда сұраныс көрсеткіші 50 мыңға дейін артқан.

Электронды еңбек биржасындағы деректер бойынша, 2020 жылдың ІІІ тоқсандағы сұранысқа ие мамандықтар қатарында: жол қызметкерлері, күзетшілер, жүк тиеушілер, елді мекенді абаттандырушы жұмысшылар, бастауыш сынып мұғалімдері, әлеуметтік қызметкерлер мен аула сыпырушылар бар. Орталық мамандарының айтуынша, пандемияға дейін отандық еңбек нарығында: есепші, күзетші, инкассатор, дүкен сатушысы және олардың көмекшісі, автокөлік жүргізушісі, кеңсе қызметкері (жалпы профиль) сынды қызмет түрлеріне сұраныс басым болған. Ал пандемия аясында оффлайн негізде жұмыс істейтін сатушылар мен кеңсе қызметкеріне сұраныс азайған.

HR сарапшысы Аида Егембердиеваның айтуынша, қазіргі таңда онлайн негізде жұмыс істеуге тәжірибелік қабілеті мол қызметкерлерге сұраныс жоғары, бірақ пандемиядан кейін онлайн тапсырыс беру қызметіне сұраныс ептеп басылады. Дегенмен, ел азаматтары уақытын, энергиясын, қаражатын үнемдеуге үйреніп қалғанын ескерсек, онлайн қызмет заман талабына сай маңызды сала ретінде қала бермек.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить