Қоғам назарында еңбек қауіпсіздігі мәселесі

24509

Жұмыс орнындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету – жұмыс берушінің негізгі міндетінің бірі

ФОТО: © Depositphotos/macor

Қарашаның басында Қарағанды облысының Шахтинск қаласындағы «АрселлорМиттал Теміртау» шахталарының бірінде болған кезекті апат салдарында бес кенші көз жұмып, төртеуі жарақат алды.

Ресми деректерге жүгінсек, осы компанияға тиесілі Қазақстандағы өндіріс ошақтарында 2006 жылдан бері 20-дан астам апат орын алып, 100-ге жуық жұмыскердің өмірін қиған. Таяуда мәжілісмен Юрий Жулин премьер-министр Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында аталған компанияға қатысты тиісті шара қолдану қажеттігін баса айтты.

Бүгінде қоғам ішінде отандық өнеркәсіпте, өндіріс ошақтарында, жалпы, еңбек орындарында қауіпсіздік мәселесін арттырып, күшейту қажеттілігі төңірегінде әртүрлі пікірталас жүріп жатыр.

Сарапшы мамандардың айтуынша, құқықтық сауат аясында алғанда, бұл оң талпыныс, бірақ қоғамдық санаға ықпал етуші негізгі фактор қайғылы оқиға екендігін де естен шығармаған жөн...

Жұмыс беруші мен жұмыскердің арасындағы еңбек шартын жасасу барысында қандай мәселелерді ескеру керек, еңбек орындарында қызметкерді қорғаудың басты шарттары қандай? Forbes.kz тілшісі осы және өзге де сұрақтар төңірегінде еңбек құқығы саласының маманы Бибігүл Нұрашева ханымды әңгімеге тартты.

Сарапшының айтуынша, бүгінде отандық кәсіпкер қауымның, яғни еңбек нарығындағы әлеуетті жұмыс берушінің құқықтық білімін арттыруға түпкілікті мән берген дұрыс. «Заңда көзделген талаптарды білмеген кәсіпкер заң нормаларын аяққа басумен қатар, адамның еңбек құқығын бұзуға жол беріп, оның өмірі мен денсаулығына қауіп тигізеді», - дейді ол.

Бибігүл ханым, «еңбек нарығындағы қауіпсіздік» ұғымына не кіреді?

Бибігүл Нұрашева
Бибігүл Нұрашева

– Еңбек кодексінің 1 бабының 23 тармағына сәйкес еңбек қауіпсіздігі дегеніміз – еңбек қызметі аясында жұмыскерге қатысты зиянды және қауіпті өндірістік факторларға жол берілмейтін, осындай факторлардың әсерін болғызбайтын іс-шаралар кешенімен қамтамасыз етілген жұмыскердің қорғалу жағдайының жай-күйі.

Еңбек кодексінің 23 бабына сәйкес жұмыс беруші әр қызметкерге еңбек жағдайын жасап, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті. Яғни, жұмыскер еңбек міндеттерін орындаған кезде, ол үшін еңбек процесі мен өндірістік орта қауіпсіз болып, еңбекті қорғау талаптары толығымен ескерілуі тиіс.

Былайша айтқанда, еңбек қатынасына түскен әр адам қандай жағдайда жұмыс істейтінін және бұл жұмыс оның денсаулығына қалай әсер ететінін алдын ала білуге құқылы.

Жұмысқа тұру үшін еңбек шартына қол қоярда жұмыс беруші мен жұмыскер бұл тұрғыда нені ескергені дұрыс?

Еңбек шартын жасасқан кезде жұмыскер өз еңбек функциясын қандай еңбек жағдайында атқаратыны және бұл жұмыс оның денсаулығына, өміріне қандай зиян тигізетіні туралы толық мәлімет алып, жұмыс орнында қауіпсіздік талаптарына қатысты жүргізілген аттестация қорытындысымен толық танысуға құқылы.

Ал жұмыс беруші болса – адамның өмірі мен денсаулығын басты позицияға қойып, қауіпсіз еңбек жағдайын жасауға міндетті. Ауыр, қауіпті, зиянды салдары бар жұмыс атқарғаны үшін соған сәйкес жалақы төлеп, жыл сайынғы қосымша демалыс ұсынып, жұмыскерді сақтандыруға міндетті.

Жұмыскер еңбек шартын жасасқан кезде жұмыс берушіге қандай талап қоя алады?

- Жұмыскер мен жұмыс беруші еңбек шартын жасасқан кезде екі тарап та өзара келісу негізіндегі диспозитивтік әдісті қолдана алады. Жұмыс беруші нақты өз талаптарына сәйкес келетін жұмыскерді қабылдауға құқылы, ал жұмыскер көрсеткен қызметі үшін өзіне тиімді еңбекақы төлеуді талап етуге құқылы. Егер екі тарап осы тұрғыдағы талаптар бойынша өзара келісімге келіп жатса, онда екеуінің арасында шарт жасалып, еңбек қатынастары қалыптасады.

Жұмыскердің құқы мен міндеттері туралы Еңбек кодексінде ерекше талап бар ма?

– Жұмыскердің құқықтары мен міндеттері Еңбек кодесінің 22 бабында ескерілген. Еңбек қатынастарына түскен әр адам осы заңды мұқият оқып шықса, өзіне жақсы.

Сол сияқты, жұмыс берушімен арадағы еңбек шартын оқып, оның мазмұнын түсіну өте маңызды. Әдетте жұмыс берушінің жұмыс барысына қатысты қандай да бір өзіндік талабы дәл осы шартта ескеріледі. Өйткені осы шарттың негізінде өзара құқықтар мен міндеттер көрсетіліп, бекітіледі. Алдағы уақытта, айталық, еңбек дауы туындап жатса, осы шарттағы талаптардың орындалғанын немесе орындалмағанын тиісті органдар дәл осы құжатқа қарап, нақты шешім шығара алады.

Еңбек қауіпсіздігі тұрғысында жұмыскерге қандай талап жүктелген?

- Жоғарыда айтқанымдай, Еңбек кодексінің 22 бабына сәйкес жұмыскер еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау талаптарына сәйкес жабдықталған жұмыс орнында еңбек етіп, жұмыс орнындағы қауіпсіздік талаптары мен шаралары туралы мәлімет, ақпарат алуға құқылы. Әрине, ол жұмыс беруші тарапынан мәлім етілген сол ақпаратты еңбек процесі барысында ұстанып, қолдануға, еңбек қауіпсіздігіне қатысты талап, тәртіптерді орындауға міндетті.

Өз кезегінде, жұмыс беруші жұмыскерін, қызметкерін еңбек қауіпсіздігі бойынша талап, шаралармен таныстырып, түсіндіріп, сол талаптардың орындалуын қадағалап отыруы тиіс. Ол, сондай-ақ еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша ішкі бақылауды жүзеге асырып, егер жұмысты жалғастыру аясында жұмыскердің және өзге де адамдардың өміріне, денсаулығына қауіп төнетін жағдай туындап жатса, онда жұмысты тоқтатуы керек. Сол сияқты, жұмыскер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан сақтандыруға, жұмыскердің еңбек (қызметтік) міндеттерін орындауы кезінде оның өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды ҚР Еңбек кодексі мен өзге де заңдарына сәйкес өтеуге міндетті.

Сіздіңше, еңбек қауіпсіздігі, еңбекті қорғау тұрғысында Еңбек кодексіне қазір қандай өзгеріс керек?

– Менің ойымша, біздің елдегі Еңбек кодексі айтарлықтай жетілдірілген, ендігі мәселе сол заңның дұрыс әрі толыққанды орындалуында. Заңды қасақана немесе абайсызда бұзуға жол беріліп жатса, Қылмыстық кодексте, Әкімшілік кодексінде көзделген жұмыс берушінің жауапкершілігін күшейту керек деп есептеймін.

Еңбек нарығында өндіріс және өнеркәсіп саласы ғана қауіпті ме, тағы қай салада еңбек қауіпсіздігі бірінші орында болуы тиіс?

– Еңбек қауіпсіздігі барлық деңгейдегі бизнес өкілдері үшін өзекті де маңызды болуы тиіс. Мәселен, менің тәжірибемде шағын бизнеске қатысты мынадай оқиға болған. Шымкентте тамақтану орындарының бірінде кәсіпкер еңбек заңнамасын білмегендіктен, 18 жасқа толмаған қыз баланы материалдық жауапкершілікті көздейтін кассир қызметіне жұмысқа қабылдаған. Сол бір ғана әрекет арқылы жұмыс беруші ҚР Еңбек кодексін бірнеше рет бұзған. Біріншіден, Қазақстанда 18 жасқа толмаған жасөспірімді, жалпы, материалдық жауапкершілікті көздейтін жұмысқа қабылдауға тыйым салынған.

Екінші мәселе – кәсіпкер кәмелетке толмаған жұмыскермен арада еңбек шартын жасамаған. Заңға сай, жұмыс беруші 16 жасқа толмаған баланы жұмысқа қабылдаған кезде оның ата-анасының біреуінен жазбаша келісім алуға міндетті. Мұндай рұқсат болмаған. Бұл оқиға отандық БАҚ-та кеңінен талқыланды. Естеріңізде болса, 15 жастағы жасөспірім қыз бала жұмыс орнында еден сүртіп жүріп, қайтыс болды...  

Шағын, орта және ірі бизнес болсын әрқашан ойда ұстайтын маңызды мәселе – жұмыс беруші өз жұмыскерін еңбек қауіпсіздігі шараларымен толыққанды таныстырып, осы шарттардың орындалуын қадағалауға міндетті. Себебі еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету – жұмыс берушінің негізгі міндетінің бірі. Ал бұл міндетті ескермеу – адам өміріне, денсаулығына әсер ететін қауіпті салдарларға әкеп соғуы ықтимал.  

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить