Еуропа қазақ мұнайын сұрауда

29105

Бірақ шұрасы Кремльдің қолында

ФОТО: © Анатолий Негода

«Үшінші тәулік қатарынан қатты ызғырық жел соғып тұр. Бора, немесе норд-ост – екпіні қатты тылсым жел, ол Новороссийск маңындағы жидіген, жалтыр таулар маңайында пайда болып, дөңгелек айлаққа соғып, әбден сергелдеңге салады... Оның күші соншалық, жүк тиелген тауар вагондарын рельстен аударып тастайды, телеграф бағандарын жұлып түсіреді, жаңа ғана кірпіші қаланған қабырғаларды қиратып, жалғыз кетіп бара жатқан адамдарды жерге алып ұрады». 1909 жылы орыс жазушысы Александр Куприн новороссийск ызғырығын осылай сипаттаған.

2022 жылдың наурызының соңында зұлым бора Теңіз – Новороссийск мұнай құбырының жиырма жылдан асатын тарихында алғаш рет өндіріс нысандарының жұмысын тоқтатты. 22 наурызда мұнай құбыры иесі-нің – Каспий құбыр консорциумының (КҚК) баспасөз қызметі Новороссийск порты аумағында болған сұрапыл дауылға байланысты шығарғыш айлақша құрылғысы (ШАҚ) кешені қатты зақымданғанын мәлімдеді. Ол – айлақта орналасқан сорғылар мен құбыршектер жүйесі, сол арқылы жағалаудағы резервуарларда сақтаулы шикі мұнай дайын тұрған танкерлерге құйылады.

«Кезектен тыс инспекцияның қорытындысы бойынша, ШАҚ-3 кешеніндегі қалқымалы құбыршектердің біріндегі күштік қаңқаның жылжып кетіп зақымдалғаны анықталды. Осыған байланысты аталған ШАҚ-ты шайып, жөндеу үшін пайдаланудан уақытша алып тастау туралы шешім қабылданды. Сүңгуірлік зерттеу нәтижесі бойынша, ШАҚ-2 ішкі жеңіндегі 9 және 13 нөмірлі құбыршектердің бүлінгені белгілі болды. Аталған зақымдар өте күрделі әрі құрылғыны қауіпсіз пайдалануға жол бермейді. Осыған байланысты КҚК аталған ШАҚ-ты пайдалануды тоқтата тұруға мәжбүр», – делінген еді консорциум хабарламасында. Осылайша үш айдау құрылғысының тек біреуі ғана жұмысқа жарамды болып қалды.

Баспасөз қызметі КҚК-да қажетті құбыршектердің апатты жиынтығының барын, бірақ ауа-райының нашар болуына және шаю үшін қажет арнайы танкерлерді күту керектігіне байланысты жөндеу жұмыстары ұзаққа созылуы мүмкін екенін мәлімдеді: «Бұл жағдайда консорциум басшылығы алдағы уақытқа мұнай тасымалдау көлемі жүк жіберушілердің тапсырысына қарағанда үш есе аз болатынын хабарлауға мәжбүр». Бұл жерде негізгі жүк жіберушілер – ресейліктер емес, Қазақстандағы экспортқа шығарушы компаниялар екенін атап өту маңызды. Консорциум мәліметінше, 2001 жылдан бастап 2022 жылдың 9 қаңтарына дейін Теңіз – Новороссийск мұнай құбыры жүйесі арқылы әлемдік нарыққа 766,97 миллион тонна мұнай шығарылған. Оның ішінде 668,96 миллион тонна мұнай Қазақстанда өндірілген. Сондықтан өндіру көлемін шектеу ең алдымен қазақстандық мұнай өндірушілерге соққы болды.

ШАҚ-3 жөндеу жұмысы тек бір айдан кейін 23 сәуірде аяқталды. Тек сонда ғана КҚК арқылы мұнай экспорты толығымен қалпына келіп, Қазақстан тәулігіне өндіру бойынша жоспарлы көлемге қайта оралды. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің мәлімдеуінше, ШАҚ-3 жұмысы тоқтап тұрғанда, елдегі мұнай өндіру орта есеппен 14%-ға төмендеген.

Ресей Федерациясы акциялар пакетінің 24%-ын иеленетін әрі сол елдің өкілі КҚК-ны басқаратын консорциум басшылығының апат туралы жасаған мәлімдемесі Еуропаның Ресейге қатысты жаңа санкциялар пакетін талқылаған кезімен тұспа-тұс келгенін тәуелсіз сарапшылар байқап қалды. Атап айтқанда, Еуроодақ елдері Ресейден келетін мұнай экспортын толығымен тоқтату туралы көзқарасты келісіп жатқан еді.

Шілдеде КҚК консорциумы тағы да мұнай айдау бойынша міндеттемені толығымен орындай алмайтынын жеткізді. Осы жолы бұған порт акваториясында Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі жарылмаған миналар мен снарядтардың табылуы себеп болған. Минаны залалсыздандыру жұмыстары үшін порт жабылып, мұнай тиеу тек бір ШАҚ арқылы өтетін болады деп мәлімдеді консорциум.

Тағы да сәйкестік. Оған дейін бір ай бұрын мамырда ресейлік газеттер мен телеграм-каналдарда Кремль КҚК арқылы тасымалданатын мұнайдан өндірілген жанармай ары қарай соғысып жатқан Украинаның Әскери күштеріне жеткізілетініне наразы деген ақпарат пайда болды.

Ал тамызда КҚК бойынша қазақстандық экспорт тағы да шектелді. Бұл жолы үш шығарғыш айлақша құрылғысының екеуінде бекіту түйінінде сызат пайда болып, жұмыс тоқтады. Ресейлік «КоммерсантЪ» басылымының мәліметінше, «мердігерді таңдау бойынша қажетті процедуралар мен жақында дауыл маусымының басталатынына байланысты қалпына келтіру жұмыстары көктемге дейін созылуы мүмкін. Олай болса, КҚК арқылы әлемдік нарыққа жеткізілетін қазақстандық мұнайдың көлемі 15 миллион тоннаға дейін күрт азаюы мүмкін».

Шілденің басында президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметпен елдің көлік-транзит әлеуетін дамыту жөніндегі кеңесте мұнай тасымалдау желілерін әртараптандыру мәселесінің маңызына тоқталды

Қазақстан үшін бұл жағдай әзірге сыни емес деп айтуға тек жалғыз себеп бар: тамыздың басынан бері апаттан кейін онсыз да Қашаған теңіз кен орнындағы мұнай өндірісі төмендеді, ал қыркүйекте Қарашығанақтағы күрделі жөндеу жұмыстары басталғаннан кейін өндіру көлемі азаяды деп күтіліп отыр. Бұл қазақ бюджетінің негізгі доноры – Теңіз кен орнындағы өндірісті қазіргі деңгейде сақтап тұруға мүмкіндік береді. Бірақ 21 жыл апатсыз жұмыс істеп келіп, жарты жыл ішінде Теңіз - Новороссийск құбырындағы техногенді апаттардың бірнеше рет қайталануы өз мұнайының 97%-ын Ресей аумағы арқылы экспорттайтын Қазақстан жағдайының әлсіз екенін анық байқатты.

Кезінде Новороссийскіге дейінгі экспорт маршрутын қазақстандық билік ең жылдам әрі ең арзаны деп таңдаған еді. Оның үстіне 1998 жылы, КҚК консорциумын рәсімдеудің заңгерлік процедуралары аяқталғаннан кейін Қазақстан мен Ресей президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Борис Ельцин екі ел арасындағы мәңгілік достық пен одақтастық туралы Декларацияға қол қойған. 2022 жылдың ақпанына дейін алаңдайтындай аса бір себеп жоқ сияқты көрінетін.

Қазір жағдай түбегейлі өзгерді. S&P Global Ratings рейтинг агенттігі 4 қыркүйекте мұнай экспортының жалғыз ресейлік бағытына байланудың тәуекелдерін анық сілтеген болатын. Ол Қазақстан Республикасының тәуелсіз несие рейтингтері бойынша болжамын «тұрақтыдан» «жағымсызға» өзгертті. «Біз Қазақстан мұнайының 80%-ға жуығын экспорттайтын Каспий құбыр консорциумының (КҚК) жұмысындағы ықтимал үзілістерге осал болып қала бе-реді деп ойлаймыз. КҚК өткізу қабілеті ұзақ уақытқа төмендеген жағдайда бұл елдің сыртқы экономикалық және фискалдық көрсеткіштеріне кері әсер етуі мүмкін. Ішкі қаржыландыруға тәуелділіктің артуы және қарыз алу шығындарының жоғарылауы қарызға қызмет көрсету және өтеу шығындарын ұлғайтып, фискалдық көрсеткіштерді нашарлатуы мүмкін. Нәтижесінде біз Қазақстан Республикасының рейтингтері бойынша болжамды «тұрақты-дан» «жағымсызға» қайта қарадық және тәуелсіз рейтингтерді ВВВ–/А-3 деңгейінде растадық», – делінген S&P мәлімдемесінде.

Теорияда ресейлік бағыттың баламасы бар – қазақстандық мұнайды Ақтау порты арқылы танкерлермен Бакуге жеткізіп, ары қарай Баку – Тбилиси – Жейхан (БТЖ) немесе Баку – Супса мұнай құбыры арқылы жөнелтуге болады. Қазақстан – Қытай мұнай құбыры да бар. Ол арқылы қазір аспан асты еліне негізінен ресейлік мұнай жеткізіледі. Алайда аталған бағыттарды іске қосу тез бітетін әрі арзанға түсетін шаруа емес. Теңіз – Новороссийск бағытындағы қазақстандық жүк жіберушілеріне қойылған тариф – бір тоннаға $38. Ал Әзірбайжан арқылы бағытының арифметикасы мынадай: Атыраудан Ақтауға дейін айдау – тоннасына 30 доллар, теңіздегі жүк тасу ақысы – тоннасына $19, Бакуға дейін ауыстырып құю – $8 және БТЖ тарифі – тоннасына тағы $32. Нәтижесінде $90-ға барып қалады, бұл ресейлік бағытпен салыстырғанда екі жарым есе қымбат. Оның үстіне Ақтау портындағы инфрақұрылымды алдын ала жаңартып, мұнайды ауыстырып құю үшін танкерлер сатып алу керек. Каспийдің таяздануына байланысты олардың әрқайсысы бір бағытта 10 000 тоннадан артық таси алмайды, ал Новороссийскіде бір кемеге 100 000 тонна мұнайға дейін құйылады.

Шілденің басында президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметпен елдің көлік-транзит әлеуетін дамыту жөніндегі кеңесте мұнай тасымалдау желілерін әртараптандыру мәселесінің маңызына тоқталды. Транскаспий бағдары басым бағыт деп аталды. «ҚазМұнайГазға» оны жүзеге асырудың оңтайлы нұсқасын, соның ішінде Теңіз жобасының инвесторларын тарту мүмкіндігін пысықтауды тапсырамын. Үкімет «Самұрық-Қазынамен» бірлесіп, Атырау – Кеңқияқ және Кеңқияқ – Құмкөл мұнай құбырларының қуатын арттыру жөнінде шаралар қабылдауы қажет», – деп мәлімдеді мемлекет басшысы.

Бүгін Қазақстан – Қытай мұнай құбырының қуаты 20 миллион тоннаны құрайды, бірақ оның он миллион тоннасын Ресей он жылға өзіне сақтап қойған. Демек, онда қазақстандық мұнайға жылына он миллион тонна қуат қана қалып отыр. Былтыр ол көлемнің тек бір миллион тоннасы ғана пайдаланылған. Батыс Қазақстан кен орындарының мұнайын Қытайға жөнелту үшін мұнай құбырының «тар ауыздарын» кеңейту керек. Ол маршрут Атырау – Кеңқия қ– Құмкөл – Атасу – Алашаңқоу бағыты бойынша жүреді, бастапқы нүктеде құбырдың қуаты максимум 6 миллион тоннаны құрайды, ары қарай Атасу – Алашаңқоу аумағында 20 миллион тоннаға дейін бірте-бірте көбейе береді. Сондықтан Қытайға көбірек мұнай тасымалдау үшін құбырдың дәл сол аумағын кеңейту керек деп тапсырды президент.

ФОТО: © Shutterstock.com

«Теңізшевройлдың» Каспий құбыр консорциумының негізгі жүк жөнелтушісі екенін әрі оған деген қызығушылығы басқаларға қарағанда жоғары екенін ескерсек, қазақстандық мұнайдың экспорты үшін балама маршруттар салуда «Шевронның» позициясы негізгі болады. Теңізді игеру бойынша келісімшарт 2033 жылы аяқталады, қазақ үкіметі тарапынан келісімшартқа қайта қол қойылатынына кепілдік берілгенде ғана жоба акционерлері жаңа мұнай құбырының құрылысына үлкен инвестициялар салуға келісетіні анық.

Экспортқа мұнай айдау мәселелері мен ірі кен орындарындағы жөндеу жұмыстары Энергетика министрлігін 2022 жылға арналған мұнай өндіру болжамын төмендетуге мәжбүрледі. Егер жыл басында министр Қазақстан осы жылы 87,5 миллион тонна мұнай өндіреді деп уәде берсе, тамызда Атырау облысына жұмыс сапары барысында халықпен кездескен Болат Ақшолақов 85,5 миллион тоннадан артық мұнай өндірілмейтінін нақтылаған болатын. Екі миллион тоннаға азаю қазақстандық бюджеттің табысына айтарлықтай әсер ете қоймайтыны анық. Себебі Украинадағы әскери қимылдар мен санкция соғыстары салдарынан энергия ресурстарының бағасы күрт өсіп кетті, сондықтан Қазақстан аз өндіріп, аз сатса да, көбірек пайда табады.

«Осы жылдың алты айында энергия ресурстарының бағасының көтерілуінен соңғы бес жыл ішінде шоғырландырылған бюджетке рекордтық салық түсімдері келді», – деп жазылған Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының Талдау орталығының қыркүйек айындағы есебінде. Сарапшылардың мәліметінше, 2022 жылдың алғашқы жартыжылдығында мұнай бағасы көтеріліп жатқанда (29%-ға өсім) және экономикалық өсім жылдамдағанда (2022 жылы 6 айда 3,4% болса, 2021 жылы 6 айда 2,2% еді) Қазақстанның шоғырландырылған бюджетіне келетін салық түсімдері әлдеқайда өскен (+77%). Ұлттық қорға баратын салық түсімдері алғашқы жартыжылдықта өткен жылдағы дәл сол мерзіммен салыстырғанда екі еседен артық болды.

Әлемдегі геосаяси жағдайдың өзгеруінен болған тағы бір нәтиже – Қазақстанда өндірілген мұнайға сұраныс артты. Осыған дейін Қазақстаннан шығатын мұнайдың дәстүрлі сатып алушылары Италия (Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2022 жылдың қаңтар-наурызындағы барлық мұнай экспортының 27,6%-ы), Нидерланд және Оңтүстік Корея болса, ақпаннан кейін Қазақстаннан еуропалық елдер де сатып ала бастады. Маусымда Еуропалық комиссия Ресейге қарсы бағытталған санкциялардың алтыншы пакетін бекітті, оның ішінде ресейлік мұнай мен мұнай өнімдерінің импортына тыйым салу да бар.

Польша Ресей мұнайынан оған дейін өз еркімен бас тартқан, поляк мемлекеттік Orlen мұнай-газ концерні Сауд Арабиясының Saudi Aramco компаниясымен концерннің Польша, Литва және Чехияда орналасқан зауыттарында қайта өңдеу үшін 10–17 миллион тонна шикі мұнай сатып алу туралы келісімге қол қойды. 30 мамырда астанамызда концерннің бас атқарушы директоры Даниел Обайтек «ҚазМұнайГаздың» басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиевпен осы тақырыпта келіссөздер жүргізді. Ал шілденің соңында Германия экономика министрлігі Шведт қаласындағы мұнай өңдеу зауытын жүктеу үшін Қазақстан мұнайын сатып алу мүмкіндігін қарастырып жатқаны белгілі болды. Осыған дейін ол зауыт «Роснефть» сатқан мұнайды пайдаланған еді.

Қазақстандық мұнайды санкция қаупінен толығымен алыстату үшін оны жеке сұрып ретінде таңбалай бастады. «СNPС-Ақтөбемұнайгаз» өндіруші компаниясының өкілі Reuters агенттігіне жасаған мәлімдемесінде 6 маусымнан бастап Ақтөбе облысындағы кен орырндарында өндірілетін мұнай ілеспе құжаттамада Urals деп емес, KEBCO (Kazakhstan Export Blend Crude Oil) деп таңбаланатынын айтты. «Бұл біздің мұнайымыз санкцияға ілінбес үшін қолға алынған қажетті шара, оның атауында өндіруші ел нақты жазылған», – деді қазақстандық мұнайды ресейлік порттар арқылы тасымалдаумен айналысатын трейдер Reuters-ке. Дереккөздердің сөзінше, қазақстандық мұнай өндірушілер, егер құжаттарда оның Ресейде өндірілмегені нақ-ты көрсетілген болса, өз мұнайы үшін бағаны көтеріп, сату жолдарын жеңілдетеміз деген үмітте.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить