Етсіз ет

Неге дүкен сөрелерінде балама ақуыздар тұратын күн алыс емес?

ФОТО: © Depositphotos.com/firn

Aдамдар ақуызды тағамды жақсы көреді. 2020 жылы әлемде 574 млн тонна ет, теңіз өнімдері, сүт өнімдері мен жұмыртқа желінген. Бір адам басына шаққанда 75 келіден келеді. Сарапшылар мен белсенділердің мазасызданғанына қарамастан, жыл сайын дамушы елдерде ақуыз өнімдерін пайдалану артып жатыр. Ақуыз өнімдерін жиі пайдаланудың қоршаған ортаға салдары қандай? Өзі етін жейтін жануарға адамдар қандай қарым-қатынаста болуы керек? Ақуызды жиі пайдаланудан денсаулыққа зиян бар ма? Бұл – бүгінде ең өзекті сұрақтардың бірі.

Дәмді әрі пайдалы

The Boston Consulting Group (BCG) агенттігі сарапшыларының болжамынша, қарапайым ақуызға қарағанда балама ақуыз тағамдарына да сұраныс артады. Балама ақуыз дегеніміз жануарлар ақуызының дәмі мен құрылымына ұқсас өсімдік негізінде дайындалған өнімдер. Қазір балама ет ірі мейрамханалардың мәзірінде пайда болып үлгерді. BCG мамандары ең танымал он тағамның тоғызын қымбат емес балама ақуыздарды пайдаланып жасауға болады дейді. 2035 жылы ақуызды өнім, яғни ет, теңіз өнімдері, жұмыртқа және сүттің 11%-ы балама ақуыздан жасалады.

Балама ақуыздар пайдалы ғана емес, олар климат өзгеруімен күресте көмектесе алады. Жаппай балама ақуызды енгізу арқылы 2035-ке қарай жыл сайын Жапония атмосфераға лақтыратын көмірқышқыл газының көлеміне тең газды үнемдеуге болады. Бұл биоалуантүрлілікті сақтап, су ресурстарының жағдайын жақсартып, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға көмектеседі.

Кедергілерді жою

Америка, Ұлыбритания және Германияда жүргізген BCG сауалнамасына сүйенсек, үш елдегі тұтынушылардың 11%-ы балама ақуызға қызығушылық танытады, 66%-ы орта деңгейде немесе индифферентті, ал 23%-ы мүлде қызықпайды.

Соңғылардың балама ақуыздан жасалған тағамдарға деген көзқарасын өзгертуге бірнеше фактор себеп болады. Біріншіден, ондай тағамдар толығымен ет, теңіз өнімдері, сүт өнімдері мен жұмыртқаның дәмін беруі керек. Екіншіден, олар құрылымы жағынан да ұқсас болуы керек. Мәселен, жасанды ет талшықты, балықтар қабыршақты, ал сыр иілгіш, жұмсақ деген сияқты. Үшіншіден, балама ақуыздан жасалған өнімдер арзандауы керек, сонда адамдардың оны сатып алуға стимулы пайда болады.

Технологиялы тамақтану

Жоғарыда аталғандар алдағы 10–15 жылда қол жеткізуге бола ма? BCG сарапшылары оптимистік болжам айтады. Олардың сөзінше, 2032 жылға қарай ғалымдар барлық кедергілерді жойып, жануардікінен айнымайтын жасанды ақуыз дайындап шығара алады. Ал балама ақуыздың нарықтағы жетістігі тұтынушы қабілетіне және мемлекеттік ұйымдардың өндірушілермен қаншалықты бірлесе жұмыс істейтініне байланысты.

Балама ақуыздардың дамуында инвесторлардың да рөлі жоғары. Бұл өнім 2035 жылға қарай нарықтың оннан бір үлесін алу үшін 1 млрд долларға жуық қаржы керек. Ал нарықтың бестен бір үлесіне ие болу үшін балама ақуызға кем дегенде 28 млрд доллар салу керек.

Бүгінде инвесторлар толық циклден өтетін балама ақуыздардың өніміне қызығушылық танытады. Болашақта олардың көзқарасы өндіріс циклындағы белгілі бір проблемаға қатысты нақты шешім ұсынатын компанияларға қарай өзгеруі мүмкін. Мәселен, ақуызды өнімдердің дәміне имитация жасай алатын технология ұсынатын стартаптар балама өнімдерді шығаруда орталық буынға айналады. Басқа компаниялар ет құрылымын модельдеу технологиясын өндіруге көшеді. Үшіншілері балама ақуыздан жасалған өнімдердің құнын төмендетуге тырысады.Мұндай бизнес түрлері инвесторлардың да қызығушылығына ие болады.

Үлкен табыс

Балама ақуыздардың артықшылықтары бәріне таныс. Бордақыланып, сойылатын жануарлар санының азаюы, электроэнергия мен басқа да ресурстарды үнемдеу – осының бәрі инвесторларды балама азық-түлік тағамдарын өндіруге итермелейді. Жасанды ет бургерлері тәрізді кейбір тағамдар әлемдік нарыққа шығып та үлгерді. Ал кейбірі әлі тұтынушыларға таныс емес. Жасанды тауық еті дәмі мен құрылымы жағынан табиғиға өте жақын, бірақ өндірісі тым қымбат болғандықтан 2023 жылға дейін жаппай сатылымға шыға қоюы екіталай.

Балама ақуыздар нарығының даму жылдамдығы көбінде ғалымдар мен фермерлерге байланысты деп есептейді сарапшылар. Азық-түлік өндірушілері де өндіріс құнын арзандату, нарыққа балама өнім шығару туралы жиі ойланады. Инвесторлардың көпшілігі осы сегментке қызығушылық танытып отыр. Аталған топтардың жұмыла жұмысқа кірісуінен тұтынушының қаншалықты балама өнімдерді жиі пайдаланатындығы көрінеді. Ерте ме, кеш пе – бұл нарық жұмысын бастайды, себебі 290 млрд доллар бәске тігілген. BCG сарапшылары балама ақуыздан жасалған тағамдар нарығын осынша сомаға бағалап отыр. Бұл қаржы үшін бәсекеге түсетіндер де аз бола қоймасы анық.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
4858 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:
Загрузка...
19 июня родились
Именинников сегодня нет
Самые Интересные

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить
Оксана Чусовитина: Любое поражение – это первый шаг к победе Смотреть на Youtube