Еңбек нарығындағы қарбалас: отандық ІТ-саласы ресейліктер назарында

25356

Әлем елдерінің антиресейлік санкциялары аясында Қазақстанның еңбек нарығы ресейлік мамандар үшін тартымды бағыттың бірі болып отыр

ФОТО: © pixabay.com

HR-сала өкілдерімен әңгіме барысында Forbes.kz тілшісі ресейлік «еңбек десанты» қай салада белсенді деген сұраққа жауап іздеді.

Санкциялар салдарында Ресей экономикасы 10–12%-ға қысқаруы ықтимал – әлемдік экономиканы талдап, баға беріп отырған сараптамалық танымал ұйымдар қазір осындай болжам жасауда. Санкциялар қаһарына жекелеген азаматтар мен компаниялар да, тұтастай салалар мен сегменттер де ұшырап жатыр. Ашық көздердегі ақпараттарға сүйенсек, бүгінде Ресейден көрші елдерге көшіп жатқандардың басым көпшілігі ІТ саласына маманданған жас жігіттер. 2022 жылдың ақпан–наурыз айларында Ресейден 70 мыңдай ІТ-маман әртүрлі елдерге қоныс аударған, оның ішінде Қазақстан, Грузия, Түркия, Армения бірінші кезекте. Ресейлік сарапшылар «сәуірде бұл көрсеткіш 100 мыңға жетуі мүмкін» деп отыр. Себеп экономикаға ғана тіреліп тұрған жоқ, дейді олар, мәселе – әскер жасына жеткен азаматтарды мобилизациялау ықтималдығынан туындаса керек.

Өз кезегінде қазақстандық HR-сала мамандары, соңғы уақытта желіде талқыға түскен «Қазақстанға ресейлік “еңбек десанты” қоныс аударуда» деген әңгіме негізсіз емес деп отыр. «Қазір Қазақстанның еңбек нарығынан жұмыс іздеген ресейліктердің ішінде әскер жасындағы ер азаматтар аз емес, олардың бірқатары өз беттерімен келіп, жұмысқа орналасуда, енді бірін жұмыс беруші компаниялар көшіруде» дейді рекрут мамандар.

30 наурызда өткен БАҚ өкілдерімен кездесу барысында ҚР вице-министрі, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Ержан Біржанов, Қазақстанда қазіргі таңда 101 мыңнан астам ресейлік азамат бар дегенді айтты. Министрдің ақпаратынша, еліміздегі ресейліктердің 6350-і жұмыс бабымен келгендер. Ресми деректерге сай, биыл жыл басында Қазақстанда уақытша тұруға 9 мыңдай ресейлік азамат рұқсат алған. Былтырғы жылдың сәйкес кезеңінде олардың саны 8700 адамдай болған.

Тілге қатысты талап жоқ...

People management partner компаниясының Eurasian Center for People Management жобаларының жетекшісі Нұргүл Қосан, Алматыдағы рекрутингтік агенттіктердің бірқатар мамандары «ресейліктер тарапынан Қазақстанның еңбек нарығына деген қызығушылық арта түскенін байқап отыр» дейді.

Нұргүл Қосан
Нұргүл Қосан

«Әртүрлі сектордағы халықаралық компаниялар, айталық, фармацевтикалық, аудиторлық, консалтингтік, FMCG секторындағы – өз мамандарын Қазақстанға  көшіріп жатқан жағдайлар бар. Бірақ дәл қазір «жаппай көшіп жатыр» деген әңгіме жоқ, қалай дегенмен, біздің нарық пен ресейлік нарық ауқымы, сыйымдылығы жағынан әртүрлі. Десек те Қазақстанның еңбек нарығы ресейліктер үшін мейлінше тартымды, бұл рас: ЕЭО аясындағы келісімдерге орай жұмысқа орналасу процедуралары біршама жеңілдетілген, атап айтқанда, Ресей Федерациясының азаматы біздің нарықта жұмыс берушінің келісімін алып, еңбек шартын бекітіп, қол қойса – жетіп жатыр», - дейді сарапшы.

Нұргүл Қосанның айтуынша, қазақстандық жұмыс берушілер ресейлік мамандарға айтарлықтай ерекше талап қойып отырған жоқ. Отандық қызметкерлерге қойылатын шарттармен бірдей, кей позициялар бойынша ғана мемлекеттік тілді білу міндетті болуы ықтимал, бірақ мұндай талап өте сирек кездеседі.

«Айталық, Орталық Азия, Орта Азия азаматтары Ресей нарығында жұмысқа орналасқанда міндетті түрде орыс тілінен емтихан тапсырады. Ал бізде мұндай міндет, талап-шарт атымен жоқ. Біздің нарықтағы жұмыс берушілердің міндетті талабы, әр саладағы позицияға орай тиісті білімі, тәжірибесі, икемі болуы шарт дегенмен шектеледі. Негізі, отандық жұмыс берушілер экспаттар үшін көп шығындалады. Бұл арада, әрине, персоналдың мобилизациялық шығындарымен қатар, оларды ел ішінде орналастырып, уақытша болса да баспанамен, медициналық сақтандырумен, әлеуметтік пакетпен қамтамасыз ету деген сияқты біраз жағдай жасау керек. Мұндай шығындар қазақстандық мамандарға қатысты да ескерілуі мүмкін, егер олар жоғары деңгейдегі білікті маман болса», - деп түсіндіреді Нұргүл Қосан.

FMI Professionals агенттігінің директоры, экономика ғылымдарының кандидаты Алма Жандаулетова, бүгінде Қазақстанның еңбек нарығында ресейлік мамандарға тиесілі резюме, яғни түйіндеме мәліметтерді жиі кездестіруге болады, олардың басым бөлігі ІТ саласына қатысты деп отыр: «Бір әріптесім таяуда ресейлік ІТ-мамандардан үш жүзден астам түйіндеме алды, олардың бәрі де Қазақстанға келіп жұмыс істеуге ниетті». Сарапшының айтуынша, Ресейден келіп жатқан «контингент алуан түрлі», әзірше олардың арасында нақты бір жүйелілік байқалмайды. Жүйелілік, керісінше, «қазақстандық жұмыс берушілер тарапынан бар», олар «нақты бір шағын, тар салаға негізделген, білікті де бейінді мамандарға іздеу салуда». Әдетте мұндай мамандар Қазақстанда аз немесе жоқтың қасы.

«Соңғы жылдары ІТ саласы мейлінше маманданған қызметкерлерге зәру, олар бүгінде тек сисадмин іздеумен шектелмейді, оларға, айталық, фронтенд-, бэкенд-әзірлеушілер дегендей мамандар қажет. Мұндай мамандар ресейлік үміткерлердің арасында аз емес. Айтқандай, таяуда маған бір алтын өндіруші компанияның қожайыны хабарласып, геологтарға іздеу салатынын ескертті. Ресейден келіп жатқандардың ішінде геологтар да көп. Бізде қазір ішкі нарықта геологтар, геофизиктер, маркшейдерлер, кен байытушы мамандар жетіспейді. Яғни, осындай мамандарға деген тапшылық қалыптасқан компаниялар ресейлік мамандарды қуана қарсы алады», - дейді Алма Жандаулетова.

Сарапшының айтуынша, отандық жұмыс берушілер ресейлік мамандарға бұрын да екі есе жоғары жалақы төлейтін (жергілікті мамандармен салыстырғанда). Олар қазір де ресейліктерге артығымен төлеуге бар: «Әрине, кез келген бизнесмен жағдайды ескеріп, өз пайдасына шешуге ниетті, бірақ бәрі де ұсыныстан қалыптасады. Бизнес иесі білікті маманға артығымен төлеуге қашанда әзір». 

Кімнің жалақысы жоғары?

Әйтсе де дәл қазір Қазақстаннан жұмыс іздеуші шетелдіктердің басым бөлігі ресейліктер, бұл пікірмен Алма Жандаулетова да келісіп отыр. «Бұдан бірнеше жыл бұрын, яғни майдан кезінде украиндар көптеп келген, қазір негізінен ресейлік жігіттер келіп жатыр, мүмкін бұл әскери мобилизация болады деген үрейден де шығар. Анығын айтқанда, әу баста келген украиндықтар, бүгінгі ресейліктермен салыстырғанда екі есе «арзандау» болатын. 2019–2020 жылдары жұмыс берушілер украиндарға ептеп «төмендеу» жалақы ұсынды, ал 2020 жылдан кейін украиндықтар мен ресейліктердің жалақылары бір деңгейге шықты. Бірақ, мойындау керек, Украинаға қарағанда Ресейде технологиялық процестер дұрыс жолға қойылған, соған сәйкес ресейлік мамандардың тәжірибесі де, біліктілігі де біршама жоғары. Содан да болар, нарық ішінде нақты бір салаға негізделген, тапшылық қалыптасқан мамандықтар туралы сөз қозғалғанда, сұраныс алдымен ресейліктерге түседі», - дейді ол.

Алма Жандаулетова
Алма Жандаулетова

Ресейлік мамандардың Қазақстан бағытындағы «еңбек жорығы» қазақстандықтарды жұмыссыз қалдырмай ма деген сұраққа, сарапшы маман: «Бәрі де жұрттың көші-қон мүмкіндігіне қарай өрбімек, яғни шекара қаншалықты ашық не жабық болатындығында, - дейді. - Бірақ, бұл арада, ресейліктер оңтүстік өңірді емес, солтүстікті таңдауы ықтимал. Нарық ішіне ресейлік ізденушілердің талаптары да әсер етуі мүмкін. Ашығын айтқанда, кейде олардың арасында жергілікті тұрғындарға қатысты снобизм де жоқ емес. Мен мұны белгілі бір стереотиптерге емес, нақты өз тәжірибеме сүйеніп айтып отырмын, әсіресе, соңғы апталардағы жұмыс нәтижесінен кейін. Әдетте бізге жіберген түйіндемеден ізденушінің анау айтқандай керемет маман емес екенін жазбай танимыз, яғни ол өз елінде аса тартымды позицияда болмағаны көрініп тұрады. Бірақ ол өзін жоғары қойып, жұмыс іздейтін өзі емес, бейне бір біз оған тапшы болып отырғандай сарында сөйлеседі. Мұндайлар көбінесе өтініш жасап емес, талап қойып хабарласады».

Сарапшының айтуынша, Қазақстан нарығында алдағы уақытта да ресейлік мамандар жергілікті әріптестерімен салыстырғанда жоғары жалақы алатын болады. «Өйткені оларға алдымен баспана, тұратын жер керек. Негізі, біздің өз халқымыздың арасында да жергілікті қазақтар өзгелермен салыстырғанда біршама төмен жалақы алады. Ең өкініштісі сол, көп жағдайда бұған олар өздері келісіп жатады. Бұл таза әлеуметтік фактор, қазақтар төмен жалақыға жұмыс істеуге әзір, олар өздерін бағалауды білмейді. Мүмкін бұл қанға батқан қарапайымдылық, ұяңдылық та шығар, бірақ кейде олар мансапқа, лауазымға, тұрақтылыққа қызығып, келісе салады. Ал ресейліктер ондай емес, олар мүлдем бөлек. Егер шетелдік азамат осында келіп, жұмыс істеуге әзір тұрса, жалпы, өз өмірін өзгертіп, жедел қимылдауға дайын деген сөз. Мұнда ұнамаса, әрі қарай Қырғызстанға, онда ұнамаса – басқа елге көшуге дайын, ең бастысы, ол өзіне ыңғайлы жағдай, орын іздеуден тартынбайды», - дейді Алма Жандаулетова.

Ал ресейліктердің Қазақстан бағытындағы бүгінгі көші отандық еңбек нарығына қалай, қай жағынан әсер етуі мүмкін деген сауалға, сарапшы мамандар, бүгінгідей жаһандық еңбек нарықтары қалыптасқан кезеңде еңбек миграциясынан секем алудың қажет жоқ деген басу айтады. «Бұл әлем елдерінде белең алған, қатардағы жағдай» дейді олар.

«Өзге елдердің азаматтары қазақстандық компанияларға жұмысқа орналасуға ниетті болса, бұл Қазақстанның еңбек нарығының тартымдылығын көрсететін фактордың бірі. Сонымен қатар, бұл жағдай ішкі нарықта бәсекелестікті қыздыруға дем береді: дәл қазір жергілікті мамандар барынша ойланып, өздерінің қабілет-қарымын, икем-дағдыларын шыңдап, ұштайтын кез. Өйткені таяу арада жұмыс берушілердің арасында жергілікті де, шетелдік те мамандардың ішінен ең лайықтысын таңдауға талас басталады. Нарық ішіндегі адал бәсеке – сапаны көтеріп, дамуға күш беретін мықты мотивация болуы тиіс», - дейді өз кезегінде Нұргүл Қосан.

Айта кетейік, 30 наурыздан бастап Ресей қазақстандық және ресейлік азаматтарға Ресей – Қазақстан шекарасының құрылық учаскесінен әрі-бері өтуге рұқсат берді. Бұл тұрғыдағы шектеулер пандемия аясында енгізілген болатын.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить