Адами капитал: мұқият ойланатын кез келді

Егер қаржы капиталын «ақша әкелетін ақша» дейтін болсақ, адами капитал – «жаңадан қосылған құндылық» қалыптастырушы байлық көзі

 Мәселен, ата-ана баласын сурет студиясына алып келді дейік. Онда бала сурет салу шеберлігін үйренеді. Былайша айтқанда, ата-ана баласының болашағына инвестиция салып отыр деген сөз (мемлекеттің қандай да бір салаға дотация құятыны іспетті). Кім біледі, ертеңгі күні бұл бала дәл осы сурет студиясындағы дәріс-білімінің арқасында талантты суретші, не танымал сәулетші атанып, ата-анасының жағдайын жасап берер...

«Өмір жолында адам неғұрлым көп еңбектеніп, тірлік етсе, соғұрлым ол өзі үшін де, қоғам үшін де айтулы пайда әкеле алады, – дейді ұйымдастырушылық даму жөніндегі сарапшы, Fulbright  ғалымы Ақмарал Алталиева. – Әлбетте, бұл үшін оның өмір жасы ұзақ, денсаулығы мықты болуы шарт. Яғни, адами капиталды нығайтып, күшейтеміз десек, біз бұл капиталға ауқымды инвестиция құюды ескеруіміз керек. Ал адами капиталды инвестициялауда бастапқы және негізгі бағыт – білім және медицина».

Сарапшының пікірінше, Қазақстан қоғамының таяу келешектегі болашағы «біршама тұманды». Тіпті, кей бағыттар бойынша үміттен гөрі күдік көп.

«Ал біздің елдің әлеует мүмкіндігі өте зор: жеріміз табиғи ресурстарға бай, игерусіз жатқан ауқымды жер аумағына иеміз. Халқымыз сауатты, басым көпшілігінің көзі ашық, көкірегі ояу. Көшпелі елге тән бейімділік қасиетін жақсы меңгергенбіз. Мәдени алуандылықты түсініп, қабылдай алатын қабілетіміз тағы бар, өйткені қонақжай да ашық-жарқын елдің ұрпағымыз», – дейді ғалым.

Бәсеке алаңында мінсіз артықшылық деп танылатын осынау мүмкіндіктерді елдің игілігі үшін біз неге дұрыс пайдалана алмай отырмыз? Бұл келер ұрпақтың, болашақ қазақстандықтардың қолынан келе ме? Ақмарал Алталиеваның пікірінше, осы тұрғыдағы сұрақтардың жауабын адами капитал мәселесін зерттей отырып табуға болады.

Адами капитал концепциясы әу баста әйгілі Адам Смиттің еңбектерінде көрініс тапты: «... оқу, білім жолында... дарын, талантқа қол жеткізу... нақты шығын шығаруды қажет етеді, ал бұл дегеніміз адамға салынған инвестиция. Бұл таланттар – адам байлығының және қоғам байлығының бір бөлігі» деп жазған-ды экономикалық теорияның негізін қалаған ойшыл экономист (1776 ж.).

Әрине, бүгінде адами капиталды дамыту факторлары кеңауқымды.

«Қарқындап дамуға дем беретін ақпараттық инфрақұрылымнан бастап, өзінің ой-санасын сезіне білу мәдениетіне дейін, – деп түсіндіреді Алталиева ханым. – Өз-өзін, өз мүмкіндігін, қарым-қабілетін түйсініп, сезіне білу баршамыз үшін өте маңызды. Әсіресе күйзеліс, дағдарыс өршіген кезеңдерде. Бұл сезім адамға психологиялық денсаулығын сақтай отырып, қоғамға пайда келтіретін жұмыспен айналысуға мүмкіндік береді. Адам үшін өзі өмір сүретін ортаның тартымды әрі ыңғайлы болуы өте маңызды. Мұндай орта талантты, дарынды жандарға өз төңірегінде жоғары интеллектуалды және инновациялық кеңістік  қалыптастыруға жол ашады».

Зерттеушінің пікірін қорытып айтар болсақ, өз бойындағы қарым-қабілетті түйсіне білген жандар дағдарыс кезеңдерінде жаңа жұмыс орындарын ашып, жаңа индустрия, жаңа нарықтарды қалыптастырушы негізгі күш, негізгі капитал дегенге саяды. Күйзеліс өршіген кезеңдерде қаржы капиталына қарағанда адами капиталға деген сұраныс жоғары болады. Қаржы капиталы экономикалық ахуалға тәуелді, ал адами капитал экономика қарқыны бәсеңсіп қалған кездерде де тұрақты өсім береді.

«Себебі адами капиталдың іргетасы білім және денсаулық, ал оның ықпалы ұзақ мерзімге негізделген. Дағдарыстан шығар жол таңдауда адам баласына серпінді шешім керек. Ал бұл шешімді ақыл-ойға, шеберлікке, кәсіпқойлыққа, біліктілікке сүйене отырып табуға болады. Мұндай қасиеттерді білімді, өмір ағымында өз орнын таба білген, өз күшіне сенімді және инновациялық дамуға негізделген салада жұмыс істейтін адамның бойынан таба аласыз», – дейді Ақмарал Алталиева.

Адами капиталды дамытуды индекстеуге негізделген Дүние-жүзілік банк статистикасында рейтинг басындағы көшбасшы елдердің басым бөлігінің экономикасы табысты болып табылады. Дүниежүзілік экономикалық форумның 2017 жылғы  есебінде 130 елдің ішінде Қазақстан 29-шы орында тұрды (ТМД бойынша Ресей мен Украинадан кейін). Ал Дүниежүзілік банктің 2018 жылы жария етілген адами капитал индексінде 157 елдің ішінде 31-ші орыннан көрінді. Сол сияқты, 2019 жылы БҰҰ-ның адами капиталды дамыту индексі тізімінде 189 елдің ішінде Қазақстан 50-ші орынға тұрақтады.

Халықаралық есептерді мұқият саралаған Ақмарал Алталиева, бұл арада «бізге ой салуы тиіс көптеген маңызды ескертулер жатыр» дегенді айтады. Мысалға, біздің елде бастауыш, орта және жоғары біліммен қамту көрсеткіші айтарлықтай жоғары. Алайда жастардың (25–34 жас) кәсіби тұрғыдағы икем-дағдылары аға ұрпақпен (55–65 жас) салыстырғанда біршама төмен. Сол сияқты, бүгінгі таңда өзекті саналатын «сыни тұрғыдан ойлау» қабілетін дамытуда біз алдыңғы қатарлы 30 елден шамамен екі жыл көлемінде қалыс қалып отырмыз.

«Яғни, адами капиталды оқытып, дамытуға ауқымды салым салдық десек те, әлемдік деңгейдегі көшбасшы елдер қол жеткізген нәтижелерге жақындай алмадық», – дейді зерттеуші ғалым.

ҚР Бірінші Президенті Қоры сарапшыларының адами капиталды дамыту туралы есебінде (2020 ж. мамыры), еңбек нарығындағы көрсеткіштер бойынша Қазақстан БҰҰ рейтингіндегі алдыңғы қатарлы 30 елге ұқсас болғанымен, сапа бойынша олардан әлдеқайда артта қалғаны мысал етіледі. Біздің елде өнімділік көрсеткіші төмен саналатын секторларда (ауыл шаруашылығы не мемлекет белсене қатысатын салалар) және білікті жұмыс күшін талап етпейтін нарықтарда (ауыл шаруашылығы) жұмыспен қамту деңгейі біршама жоғары. Алталиеваның пікірінше, бұл елімізде адами капиталды дамытудың ұзаққа негізделген болжамына жігер қосатындай көрсеткіш емес.

«Тиімділігі төмен еңбек мәдениеті және арзан жұмыс күшінің көптігі біліктілікті дамытуға, шеберлер мен таланттар қорын құруға ықпал ете алмайды», – дейді ол.

Қазақстанда адами капиталды дамытуға не кедергі дегенге келсек, зерттеуші ғалым, бұл арада бірқатар мәселе төңірегінде мұқият ойлану керек деп отыр. Айталық, халықтың еңбек мәдениетінің төмендігі, азаматтық қоғамның әлсіздігі, жемқорлық мәселесі, экологиялық жағдай, тіпті бүгінде ескіріп кеткен ұлттық дәстүрлер мен ұлттық идеяны дамыту траекториясы да адами капиталды дамыту жолындағы жағымсыз факторлардың бірі, дейді ол.

«Бүгінгі таңда Қазақстан адами капиталды дамыту мәселесімен қатар, бұл капиталды сақтап қалу дегенге де барынша көңіл бөлуі тиіс. Жыл өткен сайын жоғары білімді эмигранттар саны артып барады. Мысалға, 2013 жылы Қазақстаннан қоныс аударғандардың 30%-ы жоғары білімді болса, 2017 жылы 40%-ды құраған. Осы кезең аралығында елімізден сыртқа кеткен техникалық мамандар саны 1,5 есе өскен», – дейді Ақмарал Алталиева.

 

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
5751 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Загрузка...
3 марта родились
Багдат Мусин
министр цифрового развития, инноваций и аэрокосмической промышленности Республики Казахстан
Садуохас Мералиев
главный операционный директор KazMunayGas International
Самые Интересные

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить