Ресей – енді стратегиялық нарық емес

Соғыс пен санкциялар отандық IT-бизнесті қалай өзгертіп жатыр?

Бауыржан Рүстемов
ФОТО: © Данияр Асылбек
Бауыржан Рүстемов

Relog – бес жыл ішінде халықаралық деңгейге шығып, өз жүйесіне ТМД бойынша 150 компанияны қосқан қазақстандық стартап. Ол ұсынған сервис арқылы жеткізу қызметін жеңілдетіп, логистиканы басқаруға болады.

Қазір 10 млн долларға бағаланып отыр. Relog-тың негізін қалаушы Бауыржан Рүстемов өз бизнесі әрі IT саласының қазіргі жағдайы туралы ойын бөлісті. Соғыс пен санкцияның қазақстандық бизнеске қалай әсер етіп жатқанын да түсіндіріп өтті.

– Сіздің стартабыңыз жеткізу қызметін автоматтандырумен айналысады. Бірақ ол ІТ-шешімдер іс жүзінде қалай қолданылады?

– Мәселен, сусын сататын компания қала бойынша мың нүктеге тауар жеткізуі керек делік. Олар тапсырысты кестеге салып немесе жазып алып таситын болса, бұған көп уақыт пен энергия кетеді. Кейде қателесіп кетуі мүмкін. Біз ойлап тапқан бағдарлама жеткізу қызметімен айналысатын дистрибьюторларға және ритейл компанияларға дұрыс маршрут сызып береді. Осылайша, адам жұмысының жартысын жеңілдетеді және транспорттық шығындарды 50%-ға дейін үнемдеуге мүмкіндік бар. Маршрутты жоспарлайтын алгоритмнің арқасында жеткізуге жалдайтын көліктің санын азайтуға болады. Біз бұл ІТ-шешімді жалға береміз, ал жеткізу қызметімен жұмыс істейтін компаниялар біздің қызметті жазылу арқылы қолданады. Алматыда отырып қызметімізді бүкіл әлемге сата аламыз.

– Сіздің жобаңызға белгілі бизнесмен Марғұлан Сейсембай қызығушылық танытқан екен. Ол сіздің кәсібіңізге қандай қолдау көрсетті?

– Иә, ол кісі көмектесті, стартабымызға инвестиция құйды. Жалпы сомасы 500 мың доллар болды. Біз төрт жыл бұрын бірлесе жұмыс істей бастаған едік. Қазір Марғұлан ағамыз – біздің бизнес-серіктесіміз және акционеріміз. Компаниядағы үлесі – 30%. Жалпы жобаға 2 млн доллар көлемінде инвестиция салынды. Өткен жылы Тимур Турлов біздің компанияға 700 мың доллар құйды. Қалғанын басқа миноритарлы инвесторлар қаржыландырды. Олардың қатарында Талғат Исмаилов, Асхат Омаров сияқты инвесторлар бар. Бірақ басқаларын айта алмаймын, себебі өздері туралы айтқанымызды құптамайды.

– Тимур Турловтың қандай шарттармен инвестиция құйғанын нақтылап өтсеңіз.

– Тимур Турлов бізге акционер ретінде 2021 жылдың желтоқсанында кірді. Компанияның бағалауы бойынша, инвестиция құйғаннан кейін ол 10 млн доллар көлемінде табыс алады. Ол былай есептеледі: айталық, компаниямыздың құнын 100 млн долларға жеткізсек, оның үлесі де 8–10 есеге өседі. Венчурлық инвестиция осылай жұмыс істейді.

– Сарапшылар Ресейге салынған санкциялардың салқынын біздің еліміз де сезінеді дейді. Сіздің кәсібіңізге әсері қандай болды?

– Біздің келісімшарттарымыздың 30%-ы ресейлік компаниялар, 65%-ы Қазақстан, өзгелері Украина, Өзбекстан, Тәжікстан болатын. Соғыс басталған алғашқы апталарда рубль бірден құлдырап, 3,5 теңгеге дейін түсті. Бұдан ресейлік келісімшарттардан түсетін ақшамыз азайды. Қазір жағдай тұрақталғандай болды. Ұлттық банк жиі интервенция жүргізіп, теңгені тұралатпаудың амалын істеуде. Бірақ бұл уақытша деп ойлаймын. Ресей экономикасы құлаудың алдында тұр. Сарапшылардың болжауынша, Ресейдің ЖІӨ-і –15% кері кетеді. Бұл Ресейдің соңғы жиырма жылдағы дамуын жоққа шығарады деген сөз. Қазақстан экономикасының Ресейге ЕАЭО арқылы тікелей тәуелді екенін ескерсек, онда біздің елге де оңай соқпайды. Ресеймен тығыз байланысты жұмыс істейтін компаниялардың шығыны 30–40% шамасында өсіп жатыр. Соғыстың кесірінен көптеген ресейлік компаниялар жаңа келісімшарт жасауға ынтасыз. Себебі де түсінікті. Өз еліндегі, экономикадағы жағдай тұрақсыз болғандықтан, кәсібіне оңтайландыру жүргізуде. Біздің ең үлкен нарығымыз және серіктесіміз Ресей болатын, енді одан айырылғалы тұрмыз. Ондағы серіктестеріміздің тауар айналымы бірден қысқарды. Себебі тауар жеткізу тізбегі бұзылды, импорттық өнімдер азайды. Халықтың төлем қабілеті бірден түсті.

– Ресеймен арадағы жаңа келісімшарттардың тоқтап қалғанын айтып қалдыңыз. Енді қиындықтарды еңсеру үшін қандай шараларды қолға алып жатырсыздар?

– Иә, біз стратегиямызды қайта қарап жатырмыз. Бұрын ресейлік компанияларды ірі стратегиялық әріптес деп қарастырсақ, енді қазіргі жағдайға байланысты жаңа нарықтар іздеудеміз. Мысалы, Оңтүстік Америка, Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне шығуды жоспарлап отырмыз.

– «Сбербанк», «Альфабанк» және «ВТБ» секілді ресейлік банктерге АҚШ санкция салды. Visa және Mastercard төлем жүйелері де шектеу қойды. Сіздің кәсібіңіз бұл банктерге қатысты ма? Кедергілер кездесіп жатыр ма?

– Иә, ресейлік серіктестерімізге ақша аударуда қиындықтар кездеседі. Бірақ көп емес. Аударылған ақша тұрып қалған 3–4 жағдай болған. Десе де, ресейлік компаниялардың 90%-ы ақшасын қиындықсыз жіберуде. Мұның себебі Қазақстан мен Ресей арасындағы интеграцияға байланысты деп ойлаймын. Екі ел арасында SWIFT аударымдар жоқ.

ФОТО: © Данияр Асылбек

– Ресей тарапынан еңбек миграциясы басталды. Бізге көптеген ІТ-мамандар қоныс аударып жатыр. Технологиялық компаниялар келуде. Сіздің бұған көзқарасыңыз қалай? Ресейлік экспаттар біздің ІТ-нарыққа қалай әсер етуі мүмкін?

– Ресейден соғыстың бірінші айында-ақ 100 мың ІТ-маман кетіп қалған. Егер оның 500-і Қазақстанға келсе де жаман болмас еді. Бірақ ақшасы бар мықты мамандар Еуропаға кетті. Екінші кезекте және көп жағдайда Түркияға барады. Ауа райы жақсы, өмір сүруге қолайлы. Үшінші ел – Армения. Төртінші ел – Грузия. Қазақстан – бесінші орында. Менің ойымша, ІТ-мамандардың біздің елге қоныс аударуы – нарық үшін жақсы мүмкіндік. InDriver секілді үлкен компаниялардың көшіп келгені біздің экожүйеге оң әсерін тигізеді. Біріншіден, экономикалық әсері болады, яғни олар елімізде ақша табады, оны жаратады, үй алады, салық төлейді, жұмыс орындарын ашады. Түптеп келгенде біздің экономикамыздың өсуіне үлес қосады. InDriver акционерлері – долларлық миллионерлер. Екінші жағынан, Ресей ІТ және инновация жағынан Қазақстаннан алда тұр. Бізге келген кәсіпқойлар жергілікті мамандармен тәжірибе бөліседі. Үшіншіден, енді Ресейге венчурлық инвестиция бармайды. Себебі түсінікті – соғыс және санкциялар. Сәйкесінше инвесторлар басқа нарық іздейді. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстандағы компанияларға инвестиция келуі мүмкін. Осылайша біздегі экожүйе дамып, еліміздің инвестициялық климаты жақсарады, беделі артады.

– Экожүйе демекші, Қазақстанның бизнес климаты, экожүйелері шетелдік инвестиция үшін, жаңа компаниялардың келуі үшін қаншалықты қолайлы?

– Бізде заң жағынан еш кедергі жоқ. Еркін тіркелуге болады. Ең дұрысы, бізге тек қаржылай инвестиция тартып қана қоймай, IT өнім шығаратын, орталықтар ашатын компаниялардың келуіне жол ашуымыз керек. Мысалы, Google компаниясы Беларусь, Украина және Ресейде жаңа өнімдер дайындау орталығын ашты. Онда сауатты, біліктілігі жоғары бағдарламашыларды жұмысқа тартты. Өкінішке орай, олар Қазақстанға келмейді. Себебі біздің ІТ-мамандардың деңгейі украиндар немесе беларустармен салыстырғанда төмен. Ірі халықаралық компаниялар жаңа елге келгенде алдымен бағдарламашылардың деңгейін бағалайды.

– Ал біз қалай ІТ-имиджімізді көтере аламыз?

– Инновация дегеніміз – ғылыми еңбек, интеллектуалдық өнім, түсімі жоғары бизнес. Бізге бұл саланы дамыту үшін ІТ бойынша білім беру саласына көп көңіл бөлуіміз керек. ІТ салада табысты болуымыз үшін мамандарымыз мықты болуы тиіс. Еліміздің ІТ имиджіне Kaspi компаниясы жақсы әсер етті деуге болады. Гарвард университеті Kaspi-ді кейс ретінде оқытады. Бұл керемет, супер жаңалық. Егер бізде осындай кейстер көп болса, басқа ірі халықаралық компаниялардың назарына ілінер едік.

– Сіз сұхбатыңызда «саламатты бизнес» болуды көздейміз деген екенсіз. Саламатты бизнес деген қандай болуы керек, оның анықтамасы қандай?

– Саламатты бизнес дегеніміз – жақсы ақша табатын бизнес. Стартаптың негізгі табыс көзі – қызметке немесе тауарға көңілі толатын клиенттер. Өкінішке орай, стартаптар көп жағдайда ақша таппайды. Ашылмай жатып, шығынға батады. Олардың өсуі қиын, тәуекелі жоғары. Менің көздейтін мақсатым – кәсібімнің үнемі дамып, тұрақты табыс әкелуі.

– Жалпы аға кәсіпкерлер мен стартапшы жастар арасындағы байланыс қандай? Аға буын стартаптарға ақша құйып, инвестор болуға қаншалықты қызығушылық танытады?

– Шындығын айтқанда, аса жақсы емес. ІТ-ді түсінетін адамдар аз. Ақшалы адамдардың көбі дәстүрлі бизнесті қолдайды. Олар бірден табысқа шыққысы келеді. ІТ-бизнесте мұндай мүмкіндік жоқ. Мысалы, бір компанияның бағасы 1 млн доллар болса, венчурлық инвестор 100 мың доллар құйды делік. Стартапшылар компанияны 10 млн долларға немесе 50 млн долларға дейін өсірсе, сәйкесінше инвестордың үлесі де ұлғаяды, 50 есеге дейін өсуі мүмкін. Егер компанияны неғұрлым қымбатқа сатса, табыс та көп болады. Бірақ мұндай ақша бір жылда келмейді. Ал дәстүрлі бизнесті қолдайтын ағаларымыз бүгін құйған ақшасын бір жылдан кейін қайтарып алғысы келеді. Ақшалы адамдар көп, бірақ ІТ-бизнесті түсінетіндер аз. Екіншіден, түсінетін адамдар қазақстандық стартаптарға сенбейді. Соғысқа дейін ресейлік стартаптарға ақша құю тиімдірек болатын. Десе де, Қазақстанда болашағы бар жобалар шынымен аз.

– Сіз ресурстық экономикадан кетіп, ІТ секілді қызметтерді экспорттаудың болашағына сенесіз бе? Ол үшін біздің ІТ-мамандар қандай болуы керек? ІТ-өнімдер мен қызметтерді экспорттау үшін қай елдерге бағыт алуымыз керек?

– Ол үшін инвестиция керек. Біздің ІТ-өнімнің масштабын кеңейтіп, сатуға болады. Қазір елімізде негізі қаланған Arbuz азық-түлікті жеткізуі компаниясы Америкаға барып, Денверде алғашқы тапсырысын жеткізді. Оларға АҚШ нарығына кіріп, инфрақұрылымын енгізіп, базасын ашу үшін 9 ай керек болды. Бұл біздің ел үшін – үлкен жетістік. Осындай жобалар көп болуы керек. Өкінішке орай, бізде мұндай экспортқа бағытталған жобалар аз. Енді бағыттарға келсек, ТМД соғысқа дейін үлкен нарық болатын. Қазір соғыс басталғалы келісімшарттар мен клиенттер азайды. Орта Азияның нарығы кішкентай. Әйгілі Сингапур да үлкен емес. Ол жерде біздің кеңсеміз болған, бірақ бюрократиялық кедергілердің кесірінен жауып тастауға тура келді. Банкте есепшот ашудың өзіне 3–4 ай керек. Цифрлық технологиялар біздегідей жақсы дамымаған. Түркия да мықты нарық, Еуропаға жақын тұрған ел. Алайда, онда мықты ІТ-мамандар көп емес.

ФОТО: © Данияр Асылбек

– Қазақстандағы бизнес-акселераторлардың жұмысы қаншалықты тиімді? Сіздің акселераторлармен жұмыс істеуде тәжірибеңіз бар ма?

– Біз әуел баста TechGarden-нің коворкингінде болдық. Олар бізге инфрақұрылым және кеңсе, интернет берді. Бизнесті сол жерден бастадық. Astana Hub жақсы көтеріліп келе жатыр. Акселераторға идея үшін жұмыс істейтін команда жиналса, нәтижесі біраз уақыт өткен соң көрінеді деп ойлаймын.

– Жас стартапшыларға қандай кеңес берер едіңіз? Стартапты қай кезеңде бастаған дұрыс?

– Қазір! Ең қолайлы кез дейтін уақыт жоқ. Стартап бастауға ішкі дайындықты сезсеңіз, қорықпай бастап кету керек.

– Идея маңызды ма, әлде оны жүзеге асыру барысы ма?

– Әрине жүзеге асыру! Ең алдымен, стартапер тәжірибе жинауы керек. Мен 7 жылдай бағдарламашы боп жұмыс істедім. Шеберлігіңді шыңдап, кәсіби маман боп қалыптасқанда, сен басқалар көрмейтін дүниелерді байқап тұрасың. Қателесу ықтималдығы төмендейді. Сондай деңгейге жеткенде стартап аша аласың. Жетістіктің алгоритмі сондай. Тіпті сәтсіздікпен аяқталса да, тәжірибең болады, команда жинайсың, шыңдаласың. Бірақ кәсібилігіңді шыңдаймын деп ұзақ жылдар жүріп қалмау керек. Комфорт зонасында қалып кетсең, жалынды жастық шағыңды, жасампаз қуатқа толы уақытыңды жіберіп алуың мүмкін.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
11006 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить