Редактордың сөзі

5558

Бақытжан Бұқарбай
Бақытжан Бұқарбай
ФОТО: © Данияр Асылбек

Forbes Kazakhstan журналының қазақ нұсқасы жылына екі рет жарық көреді және екеуінің де бас тақырыбы рейтингке байлаулы – мамыр айында шығатын санында елдегі ең дәулетті елу бизнесменнің тізімі жарияланса, қазан айында «ең беделділер» рейтингін ұсынамыз. Соған қарамастан әр санында қосымша тақырып аясында бірқатар сұрақтардың жауабын іздеуге тырысамыз. Қолыңыздағы журналдың қосалқы тақырыбы – Украинадағы соғыс Қазақстанға қалай әсер етті?

Ақпанда басталған қанды қақтығыстар әлі аяқтамалды. Оның салдарын бүкіл дүние жүзі, оның ішінде Қазақстан да сезініп жатыр. Көптеген сарапшылар әлем енді бұрынғыдай болмайды десе, кейбіреулері тіпті өткен ғасырдағы «қырғи қабақ соғысы» кезіндегідей екі блокқа бөлінеді деген батыл тұжырым жасап жатыр. Әлем әлі толығымен екіге бөліне қойған жоқ, қалай болатынын алдағы уақыт көрсете жатар, десе де оның бұрынғыдай болмайтынымен келісуге болады. Тіпті журналымыздың шеңберінде сөйлейтін болсақ, қазір еліміз Forbes Kazakhstan басылымы орыс тілінде жарық көретін әлемдегі жалғыз мемлекет болып отыр. Бұған дейін дүние жүзіне танымал бренд орыс тілінде үш елде жарық көретін, бізден басқа Ресей мен Украинада да шығатын. Алдымен франшиза Украинада шықпайтын болды, енді ол елде орыс тілінде ешқашан жарық көрмейтін де шығар. Сосын көптеген халықаралық брендтер ресейлік басылымға жарнама беруді тоқтатты, бұл жағдайда журнал шығару тиімсіз болған соң, Ресейде оның жұмысы тоқтады. Кеше ғана біреу журналдың орысша нұсқасы әлем бойынша тек Қазақстанда ғана жарық көретін болады десе, бұл адам сенгісіз нәрсе еді. Енді бұл сюр болып көрінсе де, қалыптасқан шынайылық.

Жыл ішінде еліміздің мұнайының басым бөлігін тасымалдайтын Каспий құбыр консорциумы бірнеше рет жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Мұны Украина мәселесінде Қазақстанның ресми ұстанымы көрші Ресейге жақпағанымен байланыстыруға болады. Мұнай саласындағы тәуекелдер туралы сарапшы Олег Червинскийдің мақаласын ұсынып отырмыз.

Сонымен қатар санкциялардың банк секторындағы салдарын қозғап өттік. Тақырыпқа тұздық ретінде тамызда Киевке барып қайтып, соғыстың салдарын өз көзімен көріп келген қоғам белсендісі Арман Шораевтың әсерлерін «Сарапшы тұғыры» айдарында жарияладық.

Елімізде жаңалықтарға тоқталсақ, биылғы күздің ең негізгі тақырыбы – қарашада өтетін кезектен тыс президенттік сайлау. Досым Сәтбаев президент Тоқаев саяси жүйені реформаламай, оны өзіне бейімдеуге тырысатынын жазады. Саясаттанушының Тоқаевтың президенттігінің қорытындысы негізгі үш сұраққа жауап беруі тиіс дейді – бұл туралы толығырақ автордың материалында оқи аласыз.

Қандай заман болмасын, ағартушылықтың мәні зор болып қала бермек. Біз осы жолы елімізде баспа саласына еңбегін сіңіріп жүрген заманауи ағартушыларымыз туралы сөз қозғауды жөн көрдік. Біріншісі биылдың өзінде оқырманға қазақ тілінде 92 кітапты шет тілдерінен аударып ұсынған Mazmundama баспа үйі болса, екіншісі балалар әдебиетін қазақша сөйлетіп жүрген Steppe & World баспасының жетекшісі Раиса Қадыр. Өз мақаласында ол «әлем әдебиетін қазақша оқу неге керек?» деген сұрақтың жауабын іздейді.

Ал енді осы санның басты тақырыбына оралайық. «Қазақстандағы ең беделді 50 бизнесмен» тізімі – оқырман аса қызығушылықпен күтетін рейтинг. Осы жолғы тізімде бірқатар өзгерістер бар, бірнеше кәсіпкер жаңадан қосылды. Солардың бірі – Halliburton трансұлттық корпорациясының Қазақстандағы кен байыту зауытының жалғыз серіктесі, бизнесі арқылы елімізге 100 миллион доллар инвестиция тартқан кәсіпкер Жұмабек Жанықұлов. Сұхбат барысында геосаяси дүрбелеңде бизнесін қалай жүргізіп жатқанын анықтап, еліміздің қазіргі инвестициялық әлеуеті мен әсіресе биыл көбейіп отырған еңбек дауларын шешуде жаңа көзқарас туралы сұрап білдік.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить