Forbes Kazakhstan журналының қазақ тіліндегі нұсқасы жарық көрді

10221

Жаңа шығарылымды оның бас редакторы Бақытжан Бұқарбай ұсынады

Бақытжан Бұқарбай
ФОТО: © Андрей Лунин
Бақытжан Бұқарбай

Forbes Kazakhstan журналының алғашқы санының жарық көргеніне биыл он жыл толады.

Уақыт бір орында тұрған жоқ. Кешегі «ең беделді бизнесмендердің» тізімінде жүрген кәсіпкерлер бүгін «ең дәулеттілердің» қатарына қосылып жатыр. Пандемия басталған кезде әлемді «бәріміз өлеміз» деген ой жайлағанына қарамастан, содан бері өткен бір жыл ішінде миллиардерлердің қатары рекордтық қарқынмен толыққанының куәгері болдық. Әлемдік рейтингке жаңадан 493 миллиардер қосылды, басқаша айтқанда, әр 17 сағат сайын жер бетінде миллиардтаған дәулеттің жаңа бір иесі тіркеліп тұрды.

Біз де осы жолы «Қазақстанның ең дәулетті 50 бизнесмені» рейтингін ұсынып отырмыз. Бұл тізімде әлемдік миллиардерлер қатарына енгендер де бар. Солардың бірі – 33 жасар Тимур Турлов. Freedom Holding Corp. басшысы және негізін қалаушысы әлемнің 2755 миллиардерлерінің ішінде 1517-орынға жайғасты, оның жеке капиталы 2 миллиардтан асып отыр. Forbes Kazakhstan жас кәсіпкермен сұхбаттасып, қор нарығы, Қазақстанда бизнес жүргізу және ақшаның қызметі тақырыбын көтерді.

Соңғы бір жыл ішінде санамызда өзгерістің болғаны рас. Біз «ковидке дейінгі» және «ковидтен кейінгі» кезеңді түйсікпен ажырата алатындай күйге жеттік. Адамдардың да өзгерістерге еті үйренді, жоспардың тұрақты еместігін, құндылықтардың ауысатынын, жағдайдың кез келген уақытта басқа арнаға бет бұратынын алаңсыз қабылдай беретін болдық.

Журналымыздың осы санында дәстүрлі түрде жарық көретін рейтингтен бөлек басқа да өзекті бірнеше тақырыпты қозғап өттік.

Атап айтсақ, білім беру саласы. Дүниежүзілік банктің болжамына сай, пандемияның зиянын білім беру саласы әлі ондаған жыл тартады екен. Бұл салада Орта Азияда ғана шығын көлемі 44 млрд долларды құрап отыр. «Қазақстандағы бір мәселе одан әрі екіншісі, үшіншісіне жалғасып жатыр. Енді қатенің бар екенін мойындап, бәрін ақ парақтан бастайтын кез жетті», – дейді сарапшылар.

Тұрғын үй мәселесі де өзекті болып отыр. Жыл басында елімізде жылжымайтын мүліктің бағасы күрт қымбаттады. Forbes Kazakhstan сарапшылар арасында сауалнама жүргізді, дегенмен олардың жауабы бір жақты болмай тұр, болжам көп.

Цифрландыру саласында да түбегейлі өзгерістер бар. Мамандардың айтуынша, қазір big data, яғни үлкен ақпараттың заманы. Жасанды интеллект, автоматтандыру бизнес-процестермен біте қайнасып кеткен, бірақ неғұрлым ақпаратпен жиі жұмыс істеген сайын қауіпсіздік мәселесін ұмытпау керек. Кез келген компания, бизнес иесі үшін ақпарат заңды әрі қауіпсіз болуы өте маңызды дейді big data саласының мамандары. Солардың бірі – Элисар Нұрмағамбетов. Америкалық Forbes-тің Next 1000 рейтингіне, яғни болашақта миллиардер атануы ықтимал көшбасшылар тізіміне енген жас қазақстандық қазір АҚШ-тың үкіметімен жұмыс істеп, пандемия кезінде халыққа бөлінген триллиондаған доллардың транзакцияларының ашықтығын қамтамасыз етуге атсалысып жүр.

Бұл жолғы санымыз әдеттегіден қалыңырақ болып шықты: мұны пандемия кезінде процестердің қарқынының бәсеңдемей, бизнестегі белсенділіктің кемімегенінің дәлелі деп жорыдық.

Аман болайық!

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить