Редактордың сөзі

ФОТО: Данияр Асылбек

2020 жылдың аяқталуына санаулы күндер қалды.

Жақында ғана америкалық Merriam-Webster сөздігі «пандемия» сөзін жыл сөзі деп таныды. Мұнымен келісуден басқа амал жоқ сияқты. Расымен де, биыл коронавирус індетіне байланысты пандемия әлемдегі әрбір адамның күнделікті өмірінің бұрынғыдан өзгеше болуына әсер етті. Жақсы ма, жаман ба, жаңа әдеттер қалыптастырды. Басында көпшілік көп ұзамай бұрынғы қалпымызға ораламыз деп болжам айтса, бүгін бұдан былай өміріміз бұрынғыдай болмайды деген сөздерді жиірек еститін болдық. Соған қарағанда, қалыптасқан әдеттеріміздің көбісінің келмеске кеткені рас. Биыл ешкімге де оңай болмады.
Тірі адам тіршілігін жасайды демекші, өмір жалғасын тауып, жоспарланған жобалар жүзеге асып жатыр.

Биыл Forbes Kazakhstan журналы тұңғыш рет қазақ тілінде шықты. Бастапқыда өзімізге қойған максимум тапсырмамыз – 2020 жылы қазақша нұсқасының екі санын шығару болды. Шектеулері көп, нақтылығы аз жыл болса да, біз мұны орындай білдік. Журналдың алғашқы тарихи санының толық таралымы бір апта ішінде толық сатылып кетті. Бұл дегеніміз – қазақша шығару туралы шешіміміздің дұрыс әрі уақытылы болғаны деген сөз.

Пандемияның бизнеске, экономикаға, әлеуметтік салаға тигізген әсерін, бизнесмендердің тәуекелдерді қалай еңсеріп жатқанын, сарапшылардың келесі жылға қандай болжам беріп отырғанын жазуды жөн көрдік. 2021 жылдың алғашқы айында елде парламенттік сайлау өтеді. Пандемия келесі жылы да жалғасын табады. Заң шығарушы орган тәуекелдерге тосқауыл беретіндей шешімдер қабылдауға лайықты болатындай жасақтала ма? Сарапшы мамандар осы туралы да пікірін айтып өтті.

Осы жолы да қолыңызда арнайы шығарылым, өйткені Қазақстанның ең беделді 50 кәсіпкерінің тізімін жариялап отырмыз. Оқырмандарымыз бұл тізімді ерекше қызығушылықпен күтеді.

Биылғы топ-50 рейтингінде жеті бірдей жаңа тұлға бар – аталған рейтинг үшін журналда бұрын-cоңды болмаған рекордтық көрсеткіш. Тағы бір ерекшелігі – осы жолы Қазақстан азаматы болып табылатын бизнесмендерден бөлек елімізде бизнесін жүргізіп жүрген, кеңсесі осында орналасқан шетелдік бизнесмендерді де тізімге қостық.

Осы жолы журналдың бетіне бизнесмен Марғұлан Сейсембайды шығардық. Бұл оның Forbes Kazakhstan басылымының мұқабасында алғаш рет көрінуі. «Ресми миллиардер атанған кезімде Forbes елімізде әлі шыққан жоқ еді», – деп қалжыңдады Марғұлан Сейсембай сұхбат барысында. Биыл оның беделділердің тізімінде жоғары қарай көтерілуі жайдан жай емес: ол бірнеше ай бұрын Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвилидің шақыруымен Киевтегі «Қарапайым шешімдер мен нәтижелер кеңсесіндегі» саясаткердің ресми серіктесі атанып, қоғамдық белсенділіктің жаңа векторын айқындады десе де болады.

Әзірге осы. Аман болайық. Жақсы күндерде жолығайық.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
2197 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:
Загрузка...
11 апреля родились
Именинников сегодня нет
Самые Интересные

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить