Әрбір сөз құнды: Синхронды аудармашыларға деген сұраныс неге артты

14400

Қазақстанда тәжірибелі мамандар неліктен тапшы, ауызша аударма қалай бағаланады?

Қандай аудармашыларға, қандай тілдерге сұраныс басым, олардың табысы қалай белгіленеді, синхронды аудармашыларға қойылатын талап қандай, олар қайда дайындалады? Бұл жайында Forbes.kz тілшісіне бірқатар президенттер мен үкімет басшыларын және жоғары мәртебелі меймандарды аударған және аударып жүрген кәсіпқой әрі тәжірибелі мамандар айтып береді.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі ілеспе аудармашылар пулындағы корей тілінің жалғыз маманы Дәулет Ибраевтың айтуынша ауызша аударманың үш түрі бар: дәйекті аударма, шушутаж және синхронды аударма. Дәйекті аударма – бұл аудармашы спикердің сөз сөйлеуінің бір бөлігін тыңдағаннан кейін естігенді аудара бастау деген сөз.

-Әдетте, бұл уақыт алады және кез келген іс-шараны өткізу уақыты автоматты түрде екі есеге ұзарады. Бұл көп жағдайларда өте ыңғайсыз, әсіресе іс-шара үлкен және оған қатысушылар көп болған кезде. Ондай жиындарда қатысушылардың уақыты өте шектеулі болады. Дәл осындай жағдайларда ілеспе аударма қолданылады, яғни аудармашы арнайы жабдықталған кабинкадан спикердің сөзін тек аз ғана артта қалумен аударады. Залдағы тыңдаушылар үшін бұл аударма құлаққап арқылы естіледі. Синхронды аудармашы ең алдымен шет тілін жоғарғы дәрежеде меңгерген және іс-шарада талқыланатын тақырыпты терең түсіну керек. Ең бастысы аудармашы санаулы секундта көптеген ақпаратты өңдей білуі керек-дейді Ибраев.

Анара Шарыпова Қытайда 8 жылдан астам уақыт тұрған. Көптеген танымал тұлғаларды, Қазақстан және Қытайдың мемлекет және үкімет басшыларын аударған. Оның ойынша синхронды аударма ауызша аударманың ең күрделі түрі болып саналады, өйткені аударма спикердің сөзімен бір мезгілде, небары 2-4 секундта артта қалуымен жүзеге асырылады. Сондықтан, аудармашы спикердің сөздерін сауатты жеткізіп және мәтінді байланыстыра отырып, оның не айтқысы келетінін "болжау" қажет.

- Синхронист айтылғанның мағынасын дәл беруге,жылдам реакцияға, сондай-ақ жақсы дикцияға және сөйлеу қарқынына ие болуы тиіс, бұл да маңызды фактор болып табылады. Өйткені, тіпті грамматикалық дұрыс және дәл аударма кезінде, егер аудармашы дауыстың жағымсыз тембріне ие болса немесе тым жылдам сөйлейтін болса, тыңдаушы құлаққапты алып тастауы мүмкін. Әрине, ең алдымен синхронист Ана тілі мен шет тілін жақсы меңгеруі керек-дейді Шарыпова.

Ануар Бейбітов ағылшын тілінің маманы, өз тәжірибесінде 40-тан астам мемлекет және үкімет басшыларын аударған. Оның айтуынша синхронды аудармада жылдам реакция маңызды. Бұл да спорттың бір түрі сияқты, бокстағыдай шұғыл әрі автоматты түрде әрекет ету керек. Онсыз аударманың мәні кетеді, мағынасы өзгереді. Ал аузша аудармаға деген сұраныс күн санап артып келеді.

-Синхронды аудармаға жалпы сұраныс үлкен, бірақ тілдік жұптарда жағдай әртүрлі. Мысалы, соңғы 10 жылда оның кейбіріне сұраныс азайған. Бұл жұптар өте қажет болғанымен, бұл нарықта ағылшын тілі басым. Екінші сұраныс Қытай тілі болып табылады-дейді Ануар.

Спикерлердің айтуынша қазірде Қазақстан қазірде халықаралық аренада белсенді, елде өткізілетін халықаралық іс-шаралар көбейді, тиісінше синхронды аудармаға деген сұраныс артып келеді. Соңғы жылдары Қазақстан мен Қытай арасындағы іскерлік ынтымақтастықтың тереңдеуіне байланысты қытай тіліне деген сұраныс артты. Алайда, бұл тілдің өзіндік ерекшелігіне байланысты аталған бағытта мамандардың жетіспеуі сезіледі.

-Сұраныс тілдік бағытқа байланысты өте әртүрлі. Мәселен, ағылшын тіліндегі ілеспе аудармашылар жылына 365 күн қажет. Өйткені, Алматы немесе Атырау қалалары туралы айтпағанда, бір ғана Астанада көптеген іс-шаралар өтеді. Сондай – ақ, көптеген ұлттық компанияларда көптеген отырыстарға қатысу үшін ілеспе аударма талап етіледі. Себебі, кейбірінде басқарма мүшелері шетелдіктер. Басқа тілдердегі сұранысқа қатысты жағдай мүлдем басқаша. Мысалы, менің бағытымда,яғни корей тілінің синхронды аудармасын қажет ететін іс-шаралар жиі өткізілмейді. Жылына бұл 5-6 шара болуы мүмкін. Мұндай сұраныс төмен болса, ұсыныс да шектеулі. Корей тілінің синхронист-аудармашылары өте аз, мен олардың барлығын жеке білемін және олардың әрқайсысымен дерлік белгілі бір іс-шарада жұмыс істеп үлгердім-дейді Дәулет Ибраев.

Сұхбат берушілердің айтуынша ауызша аударма нарығы тәуелсіздік алған жылдардан бастап өз бағытымен келеді. Ал сұраныс ұсыныс тудырады. Табысқа келетін болсақ, бұл тілдің ерекшелігіне, әрине, аудармашының біліктілігіне байланысты екен. Тіл неғұрлым сирек болса және біліктілігі жоғары болса, тиісінше, табыс соғұрлым жоғары. Мәселен, бір аудармашының 2-3 күнде тапқан табысы кейде 1 млн теңгеге дейін жетеді, яғни бір жұмыс күнінде $1000 дейін табуы мүмкін.

- Бұл жерде бәрі қарапайым. Мәселен, қандай да бір бағытта мамандар аз болса, аудармашының гонорары соғұрлым көп болады. Мәселен базалық тарификацияны алатын болсақ, корей, жапон және қытай тілінің ілеспе аудармашысына ағылшын тіліндегі аудармашыдан жоғары төленеді. Тілдің сирек болуы бағаға әсер етеді. Айтпақшы, егер жоғары деңгейдегі кәсіби синхронистің айлық табысын алатын болсақ, ол ұлттық компаниялардың орта немесе жоғары буынының министрлерінен немесе басшыларынан көп-дейді Дәулет.

Аудармашылардың айтуынша қазіргі күні қытай-орыс ілеспе аудармасы жас бағыт саналады. Егер орыс-ағылшын, ағылшын-қытай ілеспе аударма көп жылдар бойы дамып, белгілі бір теориялық база құрылған болса, орыс-қытай бағытында барлығы енді ғана басталды. Әрине, Қытай аудармасының мэтрлері бар, бірақ олар санаулы ғана, яғни әлі де жолға қойылмаған.

-Бұған дейін аталған бағыттағы мамандарды тек Сыртқы істер министрлігі, әскери кафедра жанынан дайындаған. Бүгін, аталған тілдік жұпта ілеспе аударма Қытайда да, Ресейде де, Қазақстанда да оқытылады. Бірақ бұл ағылшын бағытындағы сияқты негізде емес. Мен білім беру саласындағы бір іс-шараны аудардым, соңында маған ұйымдастырушылар келіп, менімен қытайлық делегацияны кездестіргісі келетінін айтты,оларға аударма ұнады және олар жеке танысуға тілек білдірді. Делегация құрамында Қытай ілеспе аударма мектебінің оқытушылары болды, олар менің аударма дағдыларым туралы және техникам жайында білгісі келді және ерекше қызығушылық білдірді-деп түсіндірді Анара.

Дәулет Ибраевтың айтуынша көптеген елдерде ілеспе аударма мамандарын дайындайтын бірнеше мамандандырылған жоғарғы оқу орындары бар. Сонымен қатар, ең мықты мамандар шоғыры бар негізгі оқу орны болады. Кореяда бұл қазақ тілі мамандарын дайындайтын шет тілдер университеті. Алайда, олар аудармашылар емес, аймақтанушылар-лингвистер.

-Аударма нарығына келетін болсақ, Кореяда нарық өте дамыған және орыс тілінің мықты аудармашылары бар. Негізінен олар көптеген аударма агенттіктерімен жұмыс істейтін фрилансерлер. Айтпақшы, Қазақстанда бірнеше жоғарғы оқу орнында ғана синхронды аударманы оқытады, өзім солардың бірінде бір семестр сабақ берген болатынмын, - деді Дәулет.

Ауызша аударма саласында да өзге нарықтағыдай бәсеке бар. Бірақ, бұл салада әрбір аудармашының өз орны, өз үлесі бар. Маманның кәсіби деңгейі жоғары болған сайын, оған деген сұраныс жоғары бола бермек. Сонымен қатар бұл саланы тіл білетін кез келген маман алып кете бермейді. Оларды дайындау үшін кем дегенде 3-4 жыл қажет болады екен. Синхронды аулармашылардың санаулы болуы осыдан.

-Қытай тілінің аудармашыларына деген сұраныс арта береді.Себебі, бұл қызмет жоғары бағаланады. Алайда бұл нарыққа талпынып отырғандар көп болғанына қарамастан, бізде кәсіби мамандар әлі де саусақпен санарлық. Синхоронды аудармашы болу үшін, ниет пен теориялық білім жеткізілксіз, бұл үшін ерекше қасиет, ерекше талант қажет. Оның үстіне тілдің ерекшелігін меңгеру керек, олардың менталитетін терең білу маңызды, бұл үшін Қытайда бірнеше жыл тұру керек. Әрине, Қытайда тұратын қазақтардың ішінде тілді жақсы білетіндер көп, бірақ олар қазақ немесе орыс тілін жете меңгермеген. Дегенмен, алдағы уақытта жоғарғы дәрежелі аудамашылар көбейіп, жағдай басқаша сипат алады деген сенімдемін-дейді Анара.

Қазақстандық аудармашыларға шет елдерден талай ұсыныс жасалған. Бірақ, жерлестеріміз түрлі себептерге байланысты Қазақстанда жұмыс істеуді қалаған.

Әрине, алыс-жақын шет елдерге шақырған кездер көп болды әлі де бар. Мен үшін бұл, ең алдымен, хобби, содан кейін жұмыс. Кәсібім өзіме өте ұнайды және мен жақсы көретін іспен айналысамын. Осының бәрі ой-өрісіңді кеңейтеді, жаңа білім береді, тәжірибе жинайсың және жаңа таныстар табуға мүмкіндік береді-дейді Ануар.

Айта кету керек,аудармашылар спортшылар сияқты ерекше күтінеді, денсаулығына айрықша көңіл бөледі, жаттығады, кейде жалғыз әрі үнсіз қалу қажет болады, ауыр жұмыс күндерінен кейін ешкіммен тілдеспеуге тырысады, кезекті күнге дайындалады, ұйқыға мән береді. Олай болмаған жағдайда бұның бәрі аударма сапасына кері әсерін тигізеді екен. Себебі, сан түрлі ақпаратты бірдең өңдеп, сол сәтте әрі сағаттар бойы аудару оңай шаруа емес.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить