Тұрғын үй нарығындағы баға қалай құбылады?

Жыл басында тұрғын үй бағасы күрт қымбаттады. Мұны ә дегеннен Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорындағы қаржыны тұрғын үй сатып алуға рұқсат берумен байланыстырғандар болды

ФОТО: © READY-STEADY

Құрылыс материалдарының қымбаттауын да бір себепке балағандар бар. Бұл қымбатшылық қоғамды елеңдетіп қойды. Тұрғын үй бағасының алдағы уақытта қалай құбылатыны туралы түрлі болжам айтылып жүр: бірі қымбаттайды, екіншісі баға тұрақталады дейді, ал үшінші тарап пәтер арзандайтынын айтады. Қай болжам шындыққа айналар екен?

Бірінші болжам: тұрғын үй қымбаттайды

Қаржыгер, тұрғын үй нарығы бойынша сарапшы Жасұлан Көшебаевтың пікірінше, Қазақстандағы тұрғын үй нарығына әсер ететін үш негізгі фактор бар: халықтың кірісі, мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары және доллар бағасы.

Біріншіден, зейнетақы қорынан ақша алуға рұқсат беру халықтың белгілі бір тобының табысын арттырды. Ұлттық банк тарапынан зейнетақы қорындағы ақшаның 99%-ы тұрғын үйге жұмсалатыны айтылғанын ескерсек, қысқа мерзімде тұрғын үй бағасы әлі де өседі деген болжам бар. Себебі қор салымшыларының бәрі жинақтаған қаржысының бөлігін алып болған жоқ. Бұл процесс әлі жалғаса береді.

Екіншіден, бізде мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы өте көп. Оның ішінде «Баспана хит», «7-20-25», «Әскери өнім», «Әйелдер ипотекасы» деп кете береді. Жақында «Отбасы банкінің» қор биржасына шығып, капитализация жасап жатқаны туралы ақпарат тарады. Бұл алдағы уақытта мемлекет есебінен субсидияланған ипотекалық несиенің көбейетінін білдіреді. Бұл тұрғын үй бағасының қымбаттауына әсер ететін негізгі фактор, – дейді сарапшы.

Жасұлан Көшебаев алдағы уақытта АҚШ долларының бағасы өседі деген болжам да тұрғын үй бағасын өсіреді деп санайды. Бұған АҚШ президенттігіне Джо Байденнің келуі, оның Ресейге санкция салуы ықпал етеді. Санкция рубльді әлсіретсе, оның Қазақстан теңгесіне әсер ету ықтималдығы басым болмақ. Оның үстіне, пәтер сатушылар заңға сәйкес баспана бағасын жарнамада теңгемен көрсеткенімен, пәтер құнын доллармен белгілейді, доллар қымбаттаса, сәйкесінше үйдің теңгемен көрсетілген бағасы да өзгереді, дұрысы өседі.

БЗЖҚ дерегіне сүйенсек, сәуір айының 16-ына дейін зейнетақы қорындағы қаржының бір бөлігін баспана мәселесін реттеу үшін пайдалану туралы 219 539 өтініші мақұлданып, тұрғын үй нарығына 1 трлн теңгеден (1 096 137 млн теңге) астам қаржы құйылды. Соның ішінде ипотека қарызы бойынша берешегін ішінара немесе толық өтеуге қатысты 63 156 өтініш түсіп, бұл мақсатқа 193 511 млн теңге жұмсалды. Ал 74 835 өтініш ипотекасыз тұрғын үй сатып алу үшін берілді. Оларға аударылған қаржының жалпы сомасы 589 019 млн теңгені, яғни БЗЖҚ-нан босатылған қаржының 53 пайызын құрады

«Бұдан бөлек, мұнай бағасының болашағы белгісіз, себебі COVID-19 туғызған пандемияның салдарынан болған карантинді әлі ешбір ел толық жеңген жоқ, вакцинация жоспардағыдай жүрмей жатыр, кей елдер үшінші толқынға кірді. Яғни, мұнай бағасы болашақта төмендеуі де мүмкін, бұл жағдай ұлттық валютамыздың әлсіреуіне әкеледі. Сәйкесінше АҚШ доллары қымбаттағанда тұрғын үй бағасы көтеріледі. Әрине, құрылысшылар мұны құрылыс материалдарының қымбаттауымен ақтап алады. Сондықтан мен қысқа мерзімде тұрғын үй бағасының қымбаттайтынын болжаймын», – дейді сарапшы.

Тұрғын үй бағасының өсетінін құры-лыс компанияларының басшылары да болжайды. Себебі олар құрылыс материалдарының басым бөлігін шет мемлекеттерден алады. Мысалы, бизнес-класс пен комфорт-класс санатындағы үйлер салатын компаниялар құрылыс материалдарын Түркия, Қытай, Еуропа, соның ішінде Германиядан, Балтық жағалауы елдері мен Ресей, Беларусьтен жеткізеді. Бұл елдерде жыл басталғалы құрылыс материалдары қымбаттаған.

«Металл 30 пайызға қымбаттады, шыны, түсті металл, кабель өнімдерінің де бағасы өсті. Сыртқы әрлеуге пайдаланатын материалдардың бағасы да 5%-дың шамасында өсті, девальвацияның салдарынан 5% да біз үшін әсер етіп отыр. Құрылыс материалдарынан бөлек, құрылыста қолданылатын кран, экскаватор, манипулятор сияқты ауыр техникалар да, біз тұтынатын қызмет түрлері де қымбаттады. Құрылысшылар мен инженерлік құрамның жалақысын көтердік. Соның бәрі тұрғын үйдің өзіндік бағасына ықпал етті. Сондықтан тұрғын үй бағасы жыл соңына дейін 5–6 пайыз өседі деп ойлаймын. Себебі қордағы құрылыс материалдары таусыла бастады, жаңа тұрғын үй кешендеріне жаңа бағамен сатып аламыз», – дейді «Orda Invest» корпорациясының басқарма төрағасы Шалқар Талипов.

Екінші болжам: тұрғын үй бағасы тұрақталады

БЖЗҚ арқылы баспана сатып алу басталғанда үй нарығындағы баға жасанды жолмен қымбаттады. Мұнда нарық заңы сырт қалды. Жылжымайтын мүлік агенттігі өкілдері осы пікірде. Себебі БЗЖҚ салымшылары бастапқы кезде қордағы жинақты баспана мәселесін шешуге пайдалану мүмкіндігі өмірлік бағдарлама екенін білмей қалды. Соны сезген сатушылар қосалқы нарықтағы пәтер бағасын қымбаттатып жіберген.

«Алайда олар күткен бағада үй сатылып жатқан жоқ, себебі БЖЗҚ-ның бір бөлігіне жаңа үйлерден де пәтер сатып алуға мүмкіндік берілген. Сонымен бірге бұған дейін алған ипотекасының бір бөлігін немесе толық көлемде жабуға, жеке тұрғын үй салу үшін жер сатып алуға, емделуге де мүмкіндік туды. Салымшылардың кей бөлігі жинақ ақшаға баспана сатып алуды кейінге қалдырып отыр. Олар БЖЗҚ бағдарламасы аясындағы дүрлікпенің аяқталғанын күтіп жүр. Егер байқасаңыз, үй сатамыз деген жарнамадағы үйдің бағасы бұрынғы қалпына келе бастады. Үй иелері жарнамадағы бағаны өзгертпегенімен, хабарласып, саудаласып, бағасын төмендетіп сатып алып жатқандар көп. Өйткені, сатушылар белгілеген бағамен ол пәтерді ешкім сатып алмайды», – дейді «Метры» жылжымайтын мүлік агенттігінің бас директоры Ғалым Ысқақов.

ФОТО: © READY-STEADY

Ол бұл жерде қосалқы нарықтағы баға туралы айтып отыр. Бұл нарықтағы пәтерлердің бағасына мемлекеттік бағдарламалар да әсер етеді. Есте болса, бастапқыда «7-20-25» бағдарламасымен жаңа пәтер сатып алуға ғана рұқсат етілді. Кейін іс жүзінде жаңа пәтер жетпейтін болған соң, аталған бағдарлама арқылы қосалқы нарықтан да баспана алуға рұқсат берілді. Бұл өз кезегінде қосалқы нарықтағы пәтерлердің қымбаттауына әкеліп соқты.

«Ал жаңа тұрғын үйлер бағасының өсуіне құрылыс материалдарының қымбаттауы, девальвация мен инфляция ықпал етіп отыр. 2015 жылы доллар бағамы күрт өскенде де осындай жағдай тіркелген. Ол кезде, тіпті баспана бағасы екі есе қымбаттап кете ме деген қауіп болған. Бірақ олай болған жоқ. Себебі сұраныс аса көп емес еді. Сұраныс болмаса, үй салушы компания бағаны көтере алмайды, үй сатылып кетпесе, құрылыс тоқтап қалады», – дейді сарапшы.

Ұлттық статистика бюросы осы жылдың бірінші тоқсанында тұрғын үй сатып алу-сатуға қатысты 115 351 мәміле жасалғанын мәлімдеді. Бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 74,2%-ға көп.

Ғалым Ысқақов бұл көрсеткішке БЗЖҚ реформасы емес, былтыр баспана сатып алуды кейінге ысырып қойғандар ықпал еткенін айтады. Яғни, карантинге байланысты пәтер сатып алуды кейінге қалдырғандар да жыл басында шаруаға кіріскен. Себебі олар да БЗЖҚ реформасы тұрғын үй бағасын өсіріп жіберетіні туралы болжамға сенген. Сонымен бірге сатып алу мен сату мәмілесінің күрт көбеюіне пайдалануға берілген тұрғын үйлердің көбеюі де әсер етіп отыр. Өйткені, тұрғын үй кешендері әдетте жылдың басы мен соңында пайдалануға беріледі. Сондықтан жылжымалы мүлік агенттігінің басшысы алдағы уақытта баспана бағасы тұрақталады деген ұстанымда.

Тұрғын үй нарығындағы бағаны тұрақты бақылайтын Krisha.kz порталы да баспана бағасының өсуі баяулайды деп отыр. Егер бір ай бұрын республикада динамикалық көрсеткіш 3,5% болса, қазір ол 2,9% -ға дейін төмендеді. Оның үстіне БЖЗҚ-ға өтініш беру қарқыны бәсеңдей түсті. Бұл қорға ақша аударымына өтінімдердің ең көп ағыны ақпанның алғашқы онкүндігіне сәйкес келді. Осы 10 күн ішінде салымшылардың есепшотына 322 млрд теңгеден астам қаржы аударылды. Бұл науқан басталғаннан бері аударылған соманың үштен бірінен асады.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев та маусым мен шілдеде тұрғын үй бағасы тұрақтанатынына сенімді: «Біз апта сайын жылжымайтын мүлік бағасын бақылап отырамыз. Жаңа бағдарлама (Зейнетақы төлемдерін тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін пайдалану Ережесі – авт.) енгізілгеннен кейін тұрғын үй бағасы көтеріле бастады. Бастап-қы нарықтағы тұрғын үй құны қаңтарда 3 пайызға, қосалқы нарықтағы тұрғын үй 17 пайызға қымбаттады. Наурызда бағаның өсуі тоқтады. Біріншісі 0,5 пайызға, ал екіншісі екі пайызға қымбаттады. Сәуір мен мамыр айларында өсім тоқтайды, ал маусым мен шілдеде баға тұрақтанады деп ойлаймыз».

«Отбасы банкі» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимованың болжауынша, тұрғын үй бағасы мамырдың соңы мен маусымның басында тұрақтанады.

Үшінші болжам: тұрғын үй арзандайды

Тұрғын үй бағасы арзандайды деген болжамды жасаушылардан гөрі, тұрғын үйді қалай арзандатуға болатынын ұсынушылар басым. Қаржыгер Жасұлан Көшебаев сөз басында айтқанындай, қысқа мерзімде баспана қымбаттайтынын болжаған-ды. Ал ұзақ мерзімге жасаған болжамы екі түрлі: тұрғын үй бағасының өсу деңгейі баяулайды, кейде минусқа да кетуі мүмкін.

«Бұған әлемдік экономика шарықтап, мұнайға сұраныс қалпына келіп, теңге күшіне енуі мүмкін. Бұдан бөлек Ұлттық банк 2023 жылдан бастап субсидияланған несие беруді тоқтатамыз деді. Бұл жаңалық тұрғын үй нарығына әсер етеді, яғни тұрғын үйге сұраныс азаяды, себебі халықтың басым бөлігінде мемлекеттік бағдарламасыз ипотека алатын мүмкіндік жоқ. Олар пайызы жоғары банктен ипотека ала алмаған соң, мемлекеттік бағдарламаларға жүгініп жүр. Ал мемлекеттік бағдарлама тоқтар болса, тұрғын үйге сұраныс азайып, баспана арзандауы мүмкін», – дейді сарапшы.

ФОТО: © READY-STEADY

Алайда мемлекет мемлекеттік бағдарламаларды азайтып, бұл нарықтан ығысуға ниетті емес. Керісінше, жаңадан ипотека өнімдерін ұсынып жатыр. Оның барлығы бюджеттен субсидия бөлу арқылы жүзеге асырылатыны белгілі. Ал дамыған елдерде тұрғын үй нарығы таза нарық қатынасына негізделеді. Біздің елде мемлекет экономиканың осы саласына белсене араласып жүр. Мысалы, Үкімет баспана бағасын Қазақстанда шығатын құрылыс материалдарының түрі мен көлемін арттыру есебінен тұрақтандыруды көздеп отыр. Индустрия және инфрақұрылыдық даму министрлігінің мәліметіне сүйенсек, құрылысқа пайдаланылатын шыны, санфаянс, түсқағаз сияқты өнімдер толығымен шетелден жеткізіледі. Егер шетел асып жатқан қара металды шикізат ретінде пайдаланса, арматураны өз елімізде шығаруға мүмкіндік бар көрінеді. Ал шыны мәселесін Қызылордадағы «сақалды» құрылыс – шыны зауытының құрылысын биыл аяқтау арқылы шешпек. Министрлік «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорымен бірігіп, инвестор іздеп, осы зауыттардың құрылысын бастауды жоспарлап отыр. Жылу өткізбейтін материалдардың 62 проценті де импортталады. Оны да биыл басы бүтін өзімізде шығаруды жоспарлапты.
«Сол уақытта ғана үйлердің бағасы арзандайды деген сенім бар», – дейді Қайырбек Өскенбаев.

Бірақ ол материалдарды сатып алуға құрылыс компаниялар дайын ба деген сұрақ туындайды? Бізге пікірін берген «Orda Invest» корпорациясының басқарма төрағасы Шалқар Талипов отандық компаниялардың қазіргі өнімдерін сатып алуға жүрексінетінін жасырмады.

«Біз құрылыс материалдарының 80 пайызын шетелден сатып аламыз. Себебі қазақстандық өнімнің сапасы төмен, оларды жеке сектордағы құрылысқа пайдалануға болатын шығар, ал көпқабатты үйлерге қолдануға болмайды, дұры-сы – қорқамыз. Сапасы төмен және сертификаттаудан өтпеген. Жарайды, ол материалды пайдаландық делік, содан кейін ол үйде тұратын адамдар қауіпсіздігіне кім жауап береді? Оның үстіне, біз компания беделін бірінші орынға қоямыз, бізге сенім білдірген клиенттеріміздің сенімін ақтау үшін сапалы материалды ғана қолданамыз», – дейді.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің дерегінше, тәуелсіздік алған жылдан бері 170 млн м2 астам жаңа тұрғын үй салынып, 1,6 миллионнан астам азамат баспанамен қамтамасыз етілді. Былтыр республика бойынша 15,3 млн м2 тұрғын үй салынды. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 16,8% көп. Тұрғын үй құрылысына инвестиция 2019 жылмен салыстырғанда 33,6%-ға өсіп, 2 трлн теңгені құрады. Мемлекет қаражатының 1 теңгесіне 5 теңге жеке инвестиция тартылды. 38,4 мың отбасына әлеуметтік тұрғын үй және жеңілдетілген қарыздар түрінде мемлекеттік қолдау көрсетілді

Қазақстанда арзан үй алуға мүмкіндік бар ма? Біздің зерттеуіміз бойынша салынып жатқан үйлерден қолжетімді бағада пәтер сатып алуға болады және оған БЗЖҚ-дағы жинақты пайдалануға мүмкіндік бар. Себебі бүгінгі таңда салынып жатқан комфорт класс пен эконом кластағы үйлердің бағасы қосалқы нарықтағы бағадан анағұрлым арзан. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласында сатушылар қосалқы нарықтағы комфорт кластағы үш бөлмелі пәтерді 30 млн теңгеге ұсынса, дәл осы санаттағы үйді салынып жатқан үйден 24–26 млн теңгеге алуға болады. Бұл үйді сатып алу үшін зейнетақы қорындағы жинағыңыздың бір бөлігін пайдалана отырып, «Отбасы банкі» арқылы 7 пайыздық мөлшерлемемен ипотекалық тұрғын үй алуыңызға болады. Бірден айтайық, бұл мүмкіндік мемлекеттік бағдарламаның бәріне қатысты емес. Оны тұрғын үй кешенін салуғы компания менеджерінен нақытлауды ұмытпау керек. Жекелеген құрылыс компаниялары салынып бітпеген үйге ипотекалық қарызды рәсімдеу үшін кепілзат сұрайды. Ол жылжымайтын мүлік немесе көлік болуы мүмкін. Кепілзаттың бағалау қызметі берген бағасы сіз алатын тұрғын үйдің 70 пайызынан кем болмауы қажет. Тұрғын үй пайдалануға берілген кезде сіз кепілге қойған кепілзаттың орнын сатып алып жатқан баспанаңыз алмастырады. Бірақ мұндай тұрғын үй құрылысының аяқталып, пайдалануға берілетін мерзімін күту керек, ол жарты жылдан бір жылға дейін созылуы мүмкін. Бұл әзірге арзан және сапалы баспанаға қол жеткізудің жалғыз мүмкіндігі. Ал әзірге бұл мүмкіндікті алыпсатарлар тиімді пайдаланып жатыр. Олардың өз баспанасы бар, соны кепілзат ретінде ұсынып, БЗЖҚ жинағы арқылы арзан пәтер сатып алып, оны үй салынып біткеннен кейін бастапқы бағасынан қымбатырақ сатуға шығарады. Алыпсатарларды осы кәсібі үшін кінәлап, олардың жұмысына шектеу енгізуді ұсынатындар бар. Ал құрылыс компаниялары ондай ұсынысты қолдамайды.

«Алыпсатарлар құрылыс компаниясына сенім білдіреді, іргесі қаланған сәтте пәтерлерді арзан бағаға сатып алады. Үй салынып біткенше қанша уақыт кетеді, сонша уақыт күтеді, олар салынып бітпеген үйге қаржы құю арқылы белгілі бір деңгейде тәуекелге барады. Үй салынып болған соң ғана сатуға шығарады, үстінен көрген пайдасынан үкіметке салық төлейді. Бұл – нарық реттеп отырған процесс, демек олардың да қызметіне сұраныс бар, сұраныс жоқ болса, ол пәтерді сатып алып екі жыл күтіп отырмайды, – дейді Шалқар Талипов.

Лирикалық шегініс: жиырма жылда баға қалай өзгерді?

Жуырда Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты 2000–2020 жылдар аралығында тұрғын үй құрылысының дамуына зерттеу жасап, соңғы 20 жыл ішінде тұрғын үй бағасының динамикасын түзіп шықты. Құрылыс материалдарының, конструкциялардың, сондай-ақ монтаждау жұмыстарының бағаларына жүргізілген мониторингке 3 мыңға жуық тауар мен қызмет жеткізуші қатысты. Нәтижесінде, 2000 жылы жаңа құрылыстағы тұрғын үйдің 1 м2 орташа есеппен 21 мың теңге, ал қосалқы нарықта – 8 мың теңге болғанын анықтады. Баға 2004 жылдан бастап өсіп, жаңа тұрғын үй кешеніндегі пәтердің 1 м2 70 мың теңгеге, ал қосалқы нарықта 40 мың теңгеге сатылған. 2007 жылы жаңа құрылыстағы баға 1 м2 үшін 161 мың теңгеге дейін көтерілсе, қосалқы нарықта 136 мың теңгеге қымбаттапты.

Тұрғын үй бағасының екінші секірісі 2015 жылы болып, жаңа құрылыста 1 м2 орташа есеппен 258 мың теңге, қосалқы нарықта 190 мың теңге болды. 2016 жылдан 2018 жылға дейін қосалқы нарықта баға біршама төмендеді. Алайда тұрғын үй бағасы 2019 жылы тағы күрт өсті: қосалқы нарықтағы бағалар 1 м2 үшін 200 мың теңгеге дейін, ал жаңа құрылыста 294 мың теңгеге көтерілді. 2021 жылғы қаңтардағы деректер бойынша жаңа үйлердің бағасы 319 мың теңге, ал қосалқы нарықта 245 мың теңгені құрап отыр.

Ал ақпанда 1 шаршы метр үшін жаңа үйдің бағасы 322 968 теңгеге жетті. Бұл қаңтармен салыстырғанда 1,2% артық болғанымен, 2020 жылдың ақпанымен салыстырғанда 8% көп. Қосалқы нарықтағы тұрғын үй бағасы 252 358 теңгені құрады, қаңтар айына қарағанда баға 3,1%-ға, 2020 жылғы ақпанмен салыстырғанда 20,3%-ға өсті.

Осы жылдың алғашқы тоқсанында тұрғын үй құрылысында 2 870 мың м2 баспана салынды. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 108,6%-ды құрады. Елімізде осы кезеңде жалпы 23 663 тұрғын үй тұрғызылды, оның 8 637-сі – жеке үй. Өткен жылмен салыстырғанда баспананы пайдалануға беру көлемі Павлодар облысынан (80,6%) басқа барлық өңірде байқалады. I тоқсанда тұрғын үй құрылысы саласында Қостанай (120%), Қарағанды (112,7%), Батыс Қазақстан (111,6%) облыстары және Шымкент қаласы (590%) көшбасшы болды. Құрылыс қарқыны биылғы жоспарлы жалпы көрсеткіш, яғни 17 млн шаршы метр баспана салуға мүмкіндік жеткілікті екенін көрсетті

Республикалық маңызы бар қалалар арасында ең қымбат баспана Алматыда, 1 м2 бағасы наурызда 488 800 теңгені құрады. Шымкентте баға 3%-ға өсті – 323 460 теңге. Ал Нұр-Сұлтанда өзгеріс жоғары емес, 1 м2 үшін 367 700 теңге сұрайды. Аталған үш қала да тұрғын үй бағасының қымбаттығы бойынша алғашқы үштікте. Петропавл мен Өскемен – сәйкесінше төртінші және бесінші орындарда. Алтыншы орыннан бастап кейбір қалалардың орны өзгерген, мысалы Атырау, Талдықорған, Павлодар, Орал, Ақтау 2021 жылдың қаңтарында баға рейтингінде жоғары көтерілсе, осы позицияда болған Қарағанды, Көкшетау, Семей және Тараз төмендеп қалды. Орал ең арзан жылжымайтын мүлкі бар бес қаланың қатарынан шығып қалды, өйткені, бұл қалада орташа баға екі айда 11%-ға өсті. Қызылорда, Ақтөбе және Қостанайдың рейтингтегі орны өзгерген жоқ.

Ал наурыз айындағы баға мүлдем басқаша сипат алды, ол туралы мәліметті Ұлттық статистика бюросынан алдық. Сол мәліметке сүйенсек, 2021 жылғы наурызда өткен аймен салыстырғанда қосалқы нарықтағы тұрғын үйлердің бағасы – 2%-ға, жаңа тұрғын үйлерді сату 0,5%-ға өсті. Ал жаңа үйлердің бағасы 1 м2 үшін 324 493 теңгені, қосалқы нарықтағы үй бағасы 257 336 теңгені құрады. Бұл айда жаңа үйдің бағасы бойынша Нұр-Сұлтан қаласы топ бастады – 1 м2 үшін 418 935 теңге төленген. Ал қосалқы нарықтағы үйдің бағасы 441 992 теңгеге жеткен. Алматы екінші орынға сырғыды – жаңа үйдің бағасы 370 610 теңге, қосалқы нарықтағы үй бағасы 393 822 теңгені құрады. Үшінші орында әдеттегідей Шымкент қаласы, жаңа үй бағасы 320 326, қосалқы нарықтағы үй 326 022 теңгеге жетті. Көріп отырғанымыздай, республика көлемінде тұрғын үйдің орташа бағасы өсу динамикасын көрсетіп тұр.

Түсінікті болу үшін 40 шаршы метрлі пәтердің қай қалада қанша тұратынын есептеп көрейік: Алматыда шамамен 19,6 млн теңге, Нұр-Сұлтанда 14,7 млн теңге тұрады. Шымкент, Петропавл мен Өскеменде осындай пәтер үшін 13 миллион теңге сұрайды. Атырау мен Қарағандыда мұндай пәтер сәйкесінше 12,5 және 12,3 млн теңгеге бағаланады. Ал Талдықорған, Павлодар, Көкшетау, Қостанай, Орал және Семейден 10–11 млн теңгеге сатып алуға болады. Ақтау мен Таразда 9,8 және 8,9 млн теңгеге сатып алатын осы пәтерге Ақтөбе мен Қызылордада 7,7 және 6,7 млн теңге төлеп кіре аласыз.

Түйін:

Сарапшылар аргументіне сүйене келгенде, тұрғын үй бағасы әлі де жоғары қалпында қалады, бағаның өсуі жыл соңына қарай бірте-бірте тұрақтала бастауы мүмкін деп болжаймыз. Ал баспана арзандайды деген болжамға әлі ерте. Себебі Қазақстандағы тұрғын үй нарығы әлі де болса шетелден келетін құрылыс материалдарының бағасына тәуелді. ИИДМ-нің елімізде өндірілетін құрылыс материалдарының түрі мен көлемін көбейту жоспары биыл жүзеге аса қоймайды. Ол үшін белгілі бір уақыт керек, бюджет нақтылануға тиіс. Ал жыл басынан бері баспана бағасы тек өсу динамикасын ғана көрсетіп тұр. Көңілге демеу болары, бағаның өсу көрсеткіші баяулай бастаған, бірақ одан баға төмендемейтіні белгілі

Қалима Бұқарқызы

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
5354 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Загрузка...
19 сентября родились
Анвар Сайденов
экс-председатель Национального банка РК, независимый директор Хоум Кредит Банка, БЦК, БРК
Самые Интересные

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить