ҚҚҚ: Ипотека нарығы мемлекеттік бюджетке тәуелді

30941

Отандық қаржыгерлер қауымының мәліметінше, биылғы жеті айда республика бойынша берілген ипотекалық кредит ауқымы 1 трлн теңгеден асқан, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда +18% деңгейіндегі көрсеткіш

Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының (ҚҚҚ) талдау орталығы ұсынған кезекті шолу еліміздің ипоткалық нарығына арналған, ондағы мәліметтер 2022 жылдың бірінші жарты жылдығын қамтиды.

ҚҚҚ сарапшыларының айтуынша, «мемлекеттік қаржыландыруға сүйеніп отырған отандық ипотека нарығындағы қарқынды өсім әрі қарай жалғасуда». 2022 жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша елімізде 900 млрд теңге түрінде ипотекалық қарыз берілген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19,5%-ға немесе 147 млрд теңгеге жоғары көрсеткіш.

«Баспана Хит» сынды бағдарламаның жабылуына қарамастан, мұндай өсім динамикасына, ҚҚҚ сарапшыларының айтуынша, Отбасы Банк тарапынан кредит беруді жеделдету барысы ықпал еткен (+165 млрд теңге).

«Отбасы Банкі кредиттерінің елеулі бөлігі (94%) үш жылдық жинақтауды қажет етпейтін кредиттерден тұрады», - деп көрсетеді өз зерттеуінде ҚҚҚ сарапшылары.

Олар, сондай-ақ 2023 жылға белгіленген алдын ала және аралық тұрғын үй қарыздары бойынша 20 млрд теңге бюджеттік кредиттеу сомасы көзделгенін алға тартады.

Сол сияқты, сыйлықақы төлеуде мемлекеттік бюджетке жүктелетін ауқым айтарлықтай өссе керек. ҚҚҚ сарапшылары бұл көрсеткішті «жылдық орташа өсім қарқыны +29%» деп көрсетеді. Ал мемлекеттің бұл тұрғыдағы былтырғы шығыны 62 млрд теңгені құраған.

«Портфель сапасы жоғары деңгейде қалуда және де бұл портфель ауқымының өсуі мен қарыз алушыға бастапқы жарна бойынша қойылатын қатаң талаптарға байланысты» деген ҚҚҚ сарапшылары, ипотекалық кредит портфелінде жеңілдігі бар бірқатар бағдарламалар көрсеткіші төмендей түскеніне алаңдаушылық танытуда.

«Тұрмыстық жағдайды жақсарту мақсатында БЖЗҚ шотынан алынған ірі көлемдегі қаражат «стероид қолданғандай» әсер берді: нарықтағы белсенділік те, бағалар да азаматтардың табысы сынды фундаменталды факторлардан қалыс қалуда. Өз кезегінде, тұрғын үй бағасының адымдап өсуі оған деген сұранысты төмендетіп, азаматтардың баспанаға деген қолжетімділігін шектеп отыр», - дейді ҚҚҚ талдау орталығының мамандары.

ҚҚҚ сарапшыларының түйіні

  • Отбасы Банктің бағдарламаларымен қатар, 2018 жылы қолданысқа түскен жеңілдігі бар қосымша бағдарламалар отандық баспана нарығындағы коммерциялық ипотеканы ығыстырып шығаруда. Осылайша, қазір еліміздегі ипотка нарығы мемлекеттік қаржыландыруға барынша тәуелді.
  • Мемлекеттік қаржыландыру болмаса аталған нарық тұралап қалады. Бұл, ең алдымен, бірінші деңгейдегі нарыққа қатысты, яғни «7–20–25» бағдарламасы жоспарға сай жабылғанда, ел ішінде салынып жатқан тұрғын үйге деген тиімді, қабілетті сұраныс төмендей түспек (мысалға, «Бәйтерек» ҰБХ болжамынша, мұндай төмендеу 2023 жылы 500 млрд теңгені құрауы ықтимал).
  • Айтқандай, Отбасы Банкі салымдары бойынша сыйлықақы шығындарының өсу көрсеткіші ағымдағы деңгейде қалса, алдағы жылы бұл ауқым 100 млрд теңгеден асып түсуі әбден мүмкін. Орта мерзімді перспективада шығындардың бұлайша өсуін әрі қарай қолдау қажеттілігі бар ма, жоқ па –бұл сұрақ әзірше жауапсыз. Бір анығы – жеңілдігі бар бағдарламалар таяу келешекте тек табыс деңгейі төмен азаматтар мен әлеуметтік тұрғыда осал топтар үшін ғана қолжетімді болуы керек, бұл нарықтық бағдарламаларды «еңсере алмаған» жандарға баспана жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.
  • Ал азаматтардың барлық басқа санаттары үшін – нақты кірісті арттыру, жалақының құнсыздануын тежеу және коммерциялық ипотекаға назар аудару прагматикалық шешім болуы мүмкін.
  • Сұраныс аясында, сондай-ақ баспананы жалға беру нарығын салық салу базасына қосу, бір жыл меншікте болған баспананы сату барысында әділ жолмен салық салу сынды мәселелерді талқыға салған маңызды. Мұндай қадамдар тұрғын үй нарығындағы дисбалансқа және баспананың қымбаттауына жол бермеуге септік етеді.
   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить