Қосу, өшіру

Bolt-тың негізін қалаушыларының бірі Райан Бреслоу миллиондаған тәуелсіз онлайн-ретейлерлерге Amazon стилінде жылдам чекаут жасауға уәде бере отырып, өзінің финтех-стартабының құнын стратосфераға дейін шарықтатып жібере алды. Қазір жаңа миллиардер даңқын асқақтатып қоймай, қауіпті дұшпандарының қарасын да көбейтті, өйткені tech-индустрияның қалыптасқан мәдениеті мен этикасына күмәнмен қарайды. Bolt-қа сенімсіздікпен қарайтындардың болжамына қарамас-тан, бүгін ол $11 млрд-қа бағаланып отыр. Бреслоу өзінің табысы кездейсоқтық болмағанын дәлелдеуге ниетті

«Жалғыздықта болу күш береді. Мен өз ойларыммен бірге бола аламын. Бұл бізге бизнес ретінде көптеген жаңа жолдарды табуға көмектесті», – дейді Бреслоу. Ол ауласында күн сайын йогамен шұғылданады.
ФОТО: © Аарон Котовски
«Жалғыздықта болу күш береді. Мен өз ойларыммен бірге бола аламын. Бұл бізге бизнес ретінде көптеген жаңа жолдарды табуға көмектесті», – дейді Бреслоу. Ол ауласында күн сайын йогамен шұғылданады.

Саут-Бичтегі шулы кештер мен Бискейн шығанағының дуалмен қоршалған сәнді жекежайларынан алыста, Кіші Гаитидің шетінде орналасқан шағын бунгалода Райан Бреслоу өзіне мекен тапты. Ол – Майамидің ең бай тұрғындарының бірі әрі 27 жасында әлемдегі ең жас миллиардерлердің де бірі. Бреслоу уақытының көп бөлігін жалғыз өткізеді. Ол үйінің ауласындағы қолдан жасалған газонда диско-хаус музыкасына би билейді. Кондиционердің бірқалыпты гуілін тыңдап отырып, буддалардың мүсіндерінің арасында, пальмалардың жанында медитация жасайды.

Бреслоу өзінің Bolt деп аталатын стартабын еденде орналасқан терезесі бар, жұмыс үстелі мен жүгіруге арналған жолағы тұрған бөлмеден басқарады. Бұл компания $11 млрд бағаланады, штаты 700 қызметшіден тұрады. Ол миллиондаған онлайн-дүкендерді Amazon сияқты бір шертумен үздіксіз төлем жүйесімен қамтамасыз етуге ынталы.

«Мен монах сияқты өмір сүремін. Ештеңеге алаңдамасаң, көп нәрсе жасап үлгеретінің таңғалдырады», – дейді Бреслоу. Ол жаңажылдық шартылдақ сияқты киінген: Bolt комикстарының кейіпкерлері бейнеленген футболка, кемпірқосақ түстерінен тұратын спорттық шорты және Nike-тың психоделикалық топтамасынан ұлтаны жанатын кроссовкалар.

Zoom-кездесулер мен йога жаттығуларының арасындағы үзілісте Bolt-тағы үлесі $2 млрд деп бағаланатын Бреслоу жалғыздық пен тыныштық күйінде вегандарға арналған ланч жейді. Ол жергілікті фермаларда өсірілген өнімдерден даярланған. Ол еттен, глютеннен, кофеин мен алкогольдан бас тартқан. Тамақ қосымшалары мен тыйым салынған заттарды да қабылдамайды. Бұл қатаң режимді Бреслоу «арыстандай жұмыс істеу» үшін қажет деп табады. Бұл дегеніміз – ірі мысықтар аң аулағандағыдай шамадан тыс ден қоюдың қызу аралықтары.

«Жұмыста көзбояушылық жиі болып тұрады, адамдар жұмыс істеп жатқандай сыңай танытады», – дейді Бреслоу. Жақында ол Bolt-та төрт күндік жұмыс аптасын енгізді. «Маған сіздердің денсаулықтарыңды күтіп, отбасыларыңа көңіл бөлгендерің маңыздырақ. Ал жұмысқа келгенде тек оған ден қойғандарың дұрыс», – дейді ол өз қызметшілеріне.

Күн батқан соң бизнесмен электр жарығын қоспауға және ұйқыны бұзбау үшін экрандарға жоламауға тырысады. Оның орнына майшам жағып, демалу үшін енеке терісінен жасалған барабанында ойнайды (жергілікті үндіс тайпасының өкілдерінің көмегімен оны өз қолымен жасап шыққан).

«Байыған адамдардың көбісі элитаның бір бөлігі болғысы келеді. Мен болсам онымен болғым келмейді. Бәлкім, мен осылай ойлайтын жалғыз миллиардер шығармын, – дейді Бреслоу күлкісін жасырмай. – Мен олардың клубтарында, ортасында, кештерінде болғым келмейді».

Үйден шықпай жалғыз тұратын, Кремний алқабының сыртқы сәнін менсінбейтінін жасырмайтын Бреслоу өзіне көп назар аударады. Қазір ол туралы барлық жерде айтатын сияқты көрінеді. Оның стартабы $1 млрд астам венчурлық инвестицияларды тарта алды. Бұл соманың $873 млн-ы 2020 жылдан кейін General Atlantic, BlackRock, West-Cap және H.I.G. Growth сияқты қорлардан алынды. Bolt-ты күрт $11 млрд-қа дейін бағалай бастады. Стартаптың 2021 жылдағы сатылымдары небәрі $40 млн болғанын ескерсек, бұл сома көптеген инвесторлар үшін мүмкін емес сияқты көрінеді. Bolt-тың бағдарламалық шешімдерін тұтынатын сатып алушылар саны 2020 жылдың басындағы 800 мыңнан қазіргі 12 млн-нан асатын көрсеткішке дейін қарқынды өсті. Бреслоу Adobe, Forever 21 және Fanatics-пен мәмілеге отырды. Инсайдерлердің айтуы бойынша, жақында Bolt ірі әлеуметтік желімен және америкалық ірі сауда желісінің бірімен мәмілеге келгенін хабарлайды. Бұған қоса Бреслоу екі кітабын шығарды («Фандрейзинг» және «Рекрутинг»), сонымен қатар екі коммерциялық емес ұйымның негізін қалады: Conscious.org «арыстандай жұмыс істе» философиясын насихаттаса, Movement Майами, Лос-Анджелесе және Нью-Йоркте тегін би сабақтарын өткізеді.

Бреслоу сонымен бірге tech-индустрияны састыратын шешімдер қабылдайды. Биылғы жылдың қаңтарында ол Bolt атқарушы директоры қызметінен кетіп, басқарма төрағасы қызметіне кірісті. Жақында ғана $355 млн-ға инвестиция раундын жапқан жас кәсіпкер үшін бұл өте маңызды қадам болды. Ол қызметшілерге опциондар енгізу бойынша талас туғызатын жоспарды ашық түрде қолдайды. Неше түрлі шайқаста піскен интернет 1.0 ардагерлері мұны ессіздік дейді. Ал жуырда Бреслоу өзінің туиттерінде Кремний алқабының бірнеше ірі ойыншысына қарсы шықты.

Қаңтарда Бреслоу туиттерде ұзын тредке бастау берді, ол жерде $95 млрд-қа бағаланатын әрі төлем қабылдайтын платформа ретінде инвесторлар мақтайтын Stripe және Y Combinator – элиталық стартаптардың акселераторы екеулеп нарықтан финтех саласындағы бәсекелестерін ығыстыратын «мафиозиға» айналды деп мәлімдеді. Бұған бизнес-мүдделері мен жеке реніштері түрткі болды. Stripe оның бәсекелесі болса, Y Combinator кезінде оған қолдау көрсетуден бас тартқан еді. Бреслоу ақпанда $90 млрд тұратын, шағын бизнеске жоғары технологиялық шешімдерді ұсынатын электрондық коммерцияның алпауыты Shopify өзінің тақырыптарының экожүйесіне қасақылық істейтінін, өзінің әзірлеушілер қауымдастығынан үздік идеяларды ұрлайтынын жазды. Stripe та, Shopify да олардың миллиардер директорлары Патрик Коллисон және Тобиас Люткенің аузымен көпшілік алдында бұл арандатушылыққа ешқалай жауап бермеді.

Мен билігі бар адамдардан қорықпаймын. Кремний алқабының күмәнді тұстарын мен айтпасам, кім айтады?

«Мен билігі бар адамдарға тиісуден қорықпаймын. Кремний алқабының күмәнді тұстарын мен айтпасам, кім айтады?» – дейді Бреслоу. – Білімді ғана емес, қиындықтарды да ашық бөлісу керек деп санаймын, өйткені Кремний алқабындағы ең жек көретін нәрсем – барлығының Күлбике туралы ертекті қайта-қайта айта беруі».

Әрине, қиындықты бөлісу тәуір маркетингтік стратегия болуы мүмкін. Сатып алу төлемдеріне арналған стартап-шешім болатын Bolt-тың мықты бренді әлі қалыптаспаған. Ол миллиондаған жаңа қолданушыларды тарту керек, ертерек болса, тіптен жақсы. Керек кезде туиттерде танымал бәсекелестеріне қарсы айтылған сыни сөздер – бұл елді өзіңе назар аудартып, өзің туралы талқылауға итерудің арзан жолы. Бреслоу өзінің туиттердегі әшкерелеулерін Трамп-тың түнде жазған ашулы сөздері деп қабылдаудың керегі жоқ дейді. Туиттерін жарияламас бұрын Бреслоу олардың тақырыбын ойланып, медитация жасап, командасының пікірін тыңдайды екен. Оған Amazon, Twitter және Pinterest-тің бұрынғы білікті басқарушылары кіреді. Менеджерлері, инвесторлары және клиенттері оның шынайы үні оларды еш мазаламайтынын айтады.

«Бұл Райан. Ол қалыптасқан жағдайға көңілі толмайтын зумерлер буынының кәсіпкері. Ол оны өзгерткісі келеді, – дейді Bolt бас директоры Маджу Курувилла. Бұған дейін ол Amazon-да жоғары лауазымға ие еді әрі жаһандық логистиканы және Prime тапсырыстарын жеткізуді басқарды. – Табысқа жеткендердің көбісі басқалардың жобасына араласпауды жөн көреді. Райан болса олардан батылырақ».

BigCommerce бас директоры Брент Беллм 60 мың-нан астам онлайн-дүкенге IT-шешім ұсынатын Bolt-тың клиенті, ол таңданысын жасырмайды: «Адамдардың тізесі шыққан сөздер мен саяси тұрғыдан дұрыс мәлімдемелердің орнына әлдебір арандатушылық әрі қызық бірдеңе айту үшін сөз бостандығын пайдаланғаны ұнайды. Бұл керемет қой».

Bolt-тың мақсаты қарапайым – миллиондаған сатушылар мен жүз миллиондаған сатып алушыларға тауарларға бір шерту арқылы интернет-төлем жасау мүмкіндігін беру. Amazon бұл технологияны бірнеше жыл қолданып келе жатыр. Азық-түлік дүкендерінің аймақтағы желілері, орта деңгейдегі ретейлерлер мен автошеберхана желілері неліктен бұлай жасай алмайды? Bolt орта бизнестің орасан зор аудиториясы үшін шешім ұсынады.

«Олар өте үлкен нарыққа шықты, олардың алдында өте үлкен мүмкіндіктер ашылуда. Бес жыл мен он жыл арасында олар ретейлдің 20%-на өз шешімдерін ұсына алады», – дейді Bolt-қа «E» раундында инвестиция құйған CE Innovation Capital қорының негізін қалаушы Деннис Конг.

2021 жылы Amazon $600 млрд астам сомаға тауар сатты. Миллионнан астам дүкенді біріктірген Shopify $175 млрд жиынтық айналымды қамтамасыз ете алды. Bolt болса барлық қалған сатушыларды өзіне алғысы келеді. Statista есептеуі бойынша, олар 2021 жылдың өзінде интернетте $4,9 трлн сомаға тауар сатыпты. Bolt сатып алушылары онлайн-үлгі толтыру, карта нөмірін енгізу, кезекті кілтсөзді есте сақтау қажеттілігінен босатылған. Сіз бірдеңе сатып алсаңыз, серіктес интернет-дүкенде төлем жасай аласыз, ол үшін жалғыз белгі қойсаңыз жеткілікті. Кейін Bolt технологиясын қолданатын сайтқа әр кезде кіргенде, тек логинді көрсетіп, телефонға немесе поштаға жіберілетін кодты енгізіп, сатып алу үшін бір шерту арқылы төлем жасай аласыз.

Сатушылар үшін процедураның жеңілдеуі сатып алудың көп болатынын білдіреді. Бүгін сатып алушылардың 70%-ы тауарларды себетке салады, бірақ сатып алу кезеңіне дейін жетпейді. Bolt комиссиясы әрбір аяқталған сатып алудың шамамен 2%-ын құрайды. Shopify өзінің ішкі төлем жүйесін қолданбайтын сатушылардан осымен шамалас соманы алады. Amazon бүкіл транзакцияларды өткізіп, логистиканы толық қамтамасыз етеді, бірақ қызметі үшін сатушылардан бөлшек бағадан 8%-дан 45%-ға дейін ұстап қалады. Bolt-пен жұмыс істейтін дүкендер жеткізу шығыны мен банк комиссиясын өз мойнына алады.

Алғаш қарағанда, интернет-дүкенде тапсырысты рәсімдеу қарапайым әрі іш пыстыратын процесс сияқты, бірақ шын мәнінде оның артында технологиялар тұр. Оларға реттегіштер жоғары талап қояды. Сатушының сайты төлемдерді өңдеу, ҚҚС пен жеткізу құнын есептеу, тауар қалдығын санау, мекен-жай мен промокодтарды сақтауды қамтамасыз етуі тиіс. Алаяқтықтан жіті қорғаныс шарты да сақталу керек. «Интеграцияның отыз нұсқасын әзірлеуге мәжбүр болдым, содан кейін барып қана бір транзакцияны өткіздім. Бұл шешімдер барынша ден қоюды талап етеді. Хакерлер бір мезетте бірнеше электрондық коммерция жүйесіне шабуыл жасайды, – дейді Бреслоу. – Сол үшін көптеген сайттардағы тапсырысты рәсімдеу он жыл бұрын әзірленгендей көрінеді. Біз болсақ бұдан күрделірек әзірлемені жасап шығып, кез келген сайтқа интеграцияланатын платформаны құруымыз керек болды».

ФОТО: © Аарон Котовски

Moody’s агенттігіндегі қаржы технологияларының аға талдаушысы Питер Круковски былай да тым көп салмақ түсетін бұл секторда клиенттерді тарту үшін тек жылдамдық жеткіліксіз дейді. Amazon-ның масштабы, сенімділігі мен тегін жеткізуі бар. Төлемдерді өңдеу жүйесінің атасы PayPal Американың ең ірі 500 сайтының 80%-ында орнатылған әрі алаяқтықтан қорғанысты, тікелей төлемдер мен карта бойынша төлемдерді ұсынады. Американың өзінде 110 млн-нан астам iPhone-да орнатылған Apple Pay App Store мен сіздің сүйікті кофеханаңызда сатып алуға бірдей тез жылдамдықпен төлем жасауға мүмкіндік береді. Affirm, Afterpay және Klarna финтех-компаниялары қолданушыларға лезде қарыз береді. Тіптен ең қарапайым браузерлердің өзі сатып алуларға тез төлем жасау үшін мекен-жай мен карта нөмірлерін автотолтыруды қамтиды.

Ірі ойыншылардың көбісі бұл бағытта жеңіліске ұшырады. Visa, Chase, American Express, Google, Samsung және Walmart өздерінің «қазір сатып ал» жеке батырмаларын енгізуге тырысты, бірақ олар кең қолданыс таппады. Тіптен бір шерту арқылы сатып алу технологиясын алғаш қосқан Amazon-ның өзі сатып алудың сары батырмасын сыртқы сайттарға тарату талпыныстарын тоқтата тұрды. «Бұл үлкен мола сияқты, – дейді Moffett-Nathanson зерттеу агенттігінің аға басқарушы директоры Лиза Эллис. – Ондаған компаниялар бастапқы кезеңнен өтіп, сатушылардың 10%-ын өзінің жазылманы қылды, бірақ кейін өлді, өйткені ешқашан өздеріне жететіндей клиент тарта алмады».

Бреслоу Bolt «өлімді алдай» алады, «сатып алу» батырмасынан бөлек нәрселерді ұсына отырып, көпіршікке ұқсайтын $11 млрд бағасын ақтай алады деп санайды. Кімнің батырмасы тәуір екенін басқа компаниялар анықтай берсін. Bolt болса кадрдан тыс барлық транзакцияларды қамсыздандыратын жалғастырғыш бөлшек болуға ниетті. Ретейл үшін Intel inside қандай болса, ол да шамамен сондай болғысы келеді. Бір-бірімен күресетін тараптарға бөлінген финтех әлемінде бұл жаңа үлгіге айналуы мүмкін. Bolt Швейцария болғысы келеді. Оның платформасы төлем өңдейтін кез келген жүйемен, бағдарламалаудың кез келген тілімен, кредит не дебет картасы болсын, Apple Pay, Google Pay, PayPal, «қазір сатып ал – кейін төле», криптовалюта болсын, сатып алудың кез келген түрімен үйлесе береді. Ешбір картаға, банкке, телекомға, әлеуметтік желі не ретейлерге байланбаған соң, Bolt бәрімен жұмыс істей береді.

Инвесторлар әзірше дым емес $40 млн жылдық айналымға мән бермеуге дайын, өйткені, бір жағынан, Bolt-тың жаңа ірі серіктестеріне (олардың саны көп) өз сайттарында жүйені қосу үшін бірнеше ай керек. 2022 жылдың екінші жартысында табыс та, қолданушылар саны да күрт өседі деп күтілуде. «Бізге стартапта керек тіркесімнің болғаны маңызды: көрнекті негізін қалаушы мен команда, дұрыс таңдалған бағыт, өнімге деген қызығушылық һәм клиенттер тарапынан енгізудің жоғары қарқыны. Bolt-та мұның бәрі бар, – дейді Liontree қорының инвесторы Говард Хан. – Корпоративті мәмілелерде құжаттарға қол қою мен өнімді ендіру аралығындағы ұзаққа созылатын кезең бар. Ең алдымен біз сатудың толық тізбегіне қараймыз: өнімді кім тұтынады, қандай жаңа клиенттер келіп жатыр».

Инвесторларды ақша салуға итермелеген потенциалды масштабтар, инвестициялар компанияның бағалануын $10 млрд асырып жіберді. «Иә, соңғы жылда бағасы сұмдық қарқынмен өсті, – дейді Untitled Investments негізін қалаушысы әрі Tiger Global-дың бұрынғы серіктесі Нираж Чандра. – Бірақ Bolt жылына жүз миллиондаған долларға транзакцияларды қамтамасыз ете алатын сатушыларды жазылғызады. Бұл біз үшін ең маңызды көрсеткіш».

Бреслоу миллиардтық дәулетіне деген жолды компьютерлік класта емес, гольфқа арналған жаттығу алаңында бастаған. Ол Майами-Бичтің солтүстік ауданында шағын бизнесі бар отбасыда туып-өскен. Оның атасы джинсы сататын дүкенге, бухгалтерлік қызмет көрсететін шағын фирмаға, теңіз өнімдерін саудалайтын базарға иелік етті. Оның әке-шешесі Aqua Golf гольфқа арналған алаңның иесі болды, ол жерде енді үйреніп бастап жатқан ойыншылар алысқа соққы жасауды қуана жаттығып, допты әрдайым көлге түсіріп тұрған. 1990-жылдардың соңында Aqua Golf қысқа аралықта жергілікті көрікті орынға айналады, өйткені осында ағайынды Фареллилер «Кое-что о Мэри» фильмінің бірнеше көрінісін түсіреді.

Жасөспірім кезінде Бреслоу сырғытпа таяқтарды тазалап, кассада тұрып, көлге түсіп кеткен доптарды тордың көмегімен шығарумен айналысып жүреді. «13 жаста болсам да, бизнеске түгел қарап жүре алатын едім, – дейді ол. – Әкем жастайымнан ақшаны басқаруды үйретті».

Жоғары сыныптарда Бреслоу Dr. Michael Krop мемлекеттік мектебінде оқыды, ол жерде білім алатын 2500 cтуденттің жартысынан астамы қатты кедейшілікте өмір сүретін отбасылардан болатын. Ол білімге ден қойды, күшейтілген бағдарлама бойынша көбірек пәндер таңдап, интернетте курстардан өтті. YouTube-тағы оқыту видеоларын қарап, бағдарламалауды үйренді. Мектепте жүрген кезде-ақ Memory Foam Doctor деп аталатын матрас сататын интернет-дүкенді іске қосты, бұған қоса Леброн Джеймс инвестиция құйған киім маркалары Bal Harbour және UNKNWN премиум санатындағы сауда орталықтарына сайт әзірлеп берді. «Мен әр жобаға $1000 жуық алдым, иә, көп емес, бірақ достарыммен салыстырғанда көбірек табатын едім», – деп еске алады Бреслоу.

Бүкіл әлемнің бөлек жоспары болғандай көрінді. Мен «бәрі құрып кетсінші» дедім де, өзімнің компанияммен айналысу үшін Стэнфордты тастадым

Оқудағы үлгерімі мен кәсіпкерліктегі алғашқы табыстары оған 2012 жылы Стэнфордқа түсуге мүмкіндік берді. Пало-Альто ол үшін мәдени шок болды. Гольфқа арналған жаттығу алаңының кассирі енді қала сыртындағы клубтардың привилегиялы мүшелерімен бірге оқыды. «Мен бұған дейін бай жігіттерді кездестірмеген болатынмын. Олардың ата-аналары корпорациялардың негізін қалаушылар әрі директорлары болды, – дейді Бреслоу. – Олар бағдарламалауды 12 жастан бастап арнайы мектептерде оқыған». Өзін ыңғайсыз сезінсе, мұны ешқашан білдірмеуге тырысқан. Ол компьютерлік ғылымдар факультетін таңдап, брейк-данспен әуестенді, Alpha Epsilon Pi деп аталатын студенттік бауырластықтың (кәсіпкерлердің басын қосқан еврейлердің ұйымы) жергілікті бөлімшесін қайта іске қосып, Стэнфордтың биткоин-клубының негізін қалаушылардың бірі болды. Бреслоу екінші курста оқып жүргенде курстасымен бірге цифрлық әмиан әзірлей бастайды, оның көмегімен күнделікті жүріп-тұрғанға биткоиндардың шағын бөлігін сатып алуға болады. Кремний алқабының ардагері оларға инвестиция салуды уәде етеді, сөйтіп олар жұмысқа кіріседі. Көп ұзамай серіктесі бұған қызығушылықты жоғалтады, бұдан кейін инвестор боламын деген кісі оларды қолдаудан бас тартады. Осы кезде Бреслоудың атасы қайтыс болады, ол оны өзінің ең жақын досы көретін, ал анасында қатерлі ісіктің бары анықталады. «Бүкіл әлемнің бөлек жоспары болғандай көрінді. Мен «бәрі құрып кетсінші» дедім де, өзімнің компанияммен айналысу үшін Стэнфордты тастадым», – деп мойындайды Бреслоу.

Бреслоу оқуын тастаса да, кілттің көшірмесін жасап, жатақханада тұрып жүре береді. Сол семестрде оның университеттегі досы Эрик Фельдман жобаға негізін қалаушының бірі есебінде кіргісі келеді. Сосын 2014 жылы ақпанда, қазір Human Capital венчурлық қорын басқаратын Армаан Али деген тағы бір курстасы инвестиция болсын деп оларға азғантай чек жазып береді. Кәсіпкер әрі Стэнфорд университетінің оқытушысы Джей Боренштейн ірірек чек жазып беріп, Бреслоу пәтер жалдай алады.

Ол Фельдманмен бірге бір жылын қаржылық реттеу заңдарын, қаржылық операцияларды қамсыздандыру стандарттарын, алаяқтықтың әрі ақшаның ізін жасырудың алдын алу бойынша шараларды зерттеуге арнайды. Осының алдында олар ірі мәселеге тап болады: биткоин күнделікті сатып алуларға жарамсыз еді. Транзакциялар баяу жүретін, комиссия үлкен болатын, ал ретейлерлер болса бір сағатта екі есе құнсызданып кете алатын валютаға жолағысы келмеді. Бреслоу стартабы дереу бағытын өзгертуі керек болды. «Бір күні мен түсіндім. Amazon 1999 жылдан бері бір шерту арқылы сатып алуды ұсынады, ал қалғандары мұны жасамайды, – дейді ол. – Осы мәселені терең зерттеген сайын бұл нарықтың ауқымы қаншалықты кең бола алатынын жақсы түсіндім».

Ол әлі көп адамды осыған сендіруі керек еді. Бреслоудың туиттері IT-саласының көшбасшылары мен венчурлық инвесторлардың ызалы пікірлеріне толы, олар Бреслоудың Кремний алқабын сынға алатынын, қызметшілерге қалай төлем жасайтынын әрі Bolt-тың бағасының өсіп жатқанын жақтырмайды. Бірақ Бреслоу қам жемейді. Ол Stripe және Shopify-ді қатаң сынға алуын жалғастыруда. Сосын опциондарға қарыз беру бойынша жаңа бағдарламадан да бас тартатын ойы жоқ, ол Bolt қызметшілеріне компанияның акцияларын сатып алуға мүмкіндік береді. Бреслоу бұл стратегияны «бұзып кіру» және «қызметшілерге арналған ұсыныстардың ішіндегі ең тиімдісі» деп атайды. Бұл идея мүлде жаңа емес әрі ең жақсы идея да болмауы мүмкін, бірақ бұл екінші мәселе. Қызметшілерге табысты арттыру жолы ретінде опциондарды сатып алуға қарыз беру тәжірибесі 1990-жылдары қолданыста болды, нәтижесінде үлкен қиындықтарға алып келді. Доткомдардың алғашқы көпіршігі жарылғанда опциондар құнсызданып, адамдар жұмыстарынан айырылды, ал қарыздарды өтеуді жалғастыра беру керек еді.

Бреслоу жағдайды әдемірек суреттеу үшін асыра сілтеуден немесе кейде тіпті фактілерді бұрмалаудан да тайынбайды. Ақпанда Forbes-қа Сэнд-Хилл-роудтан (Кремний алқабының ең ірі венчурлық қорлары осы жинақтама атаумен танымал) ешқашан бір тиын да алмаған аутсайдермін деп мақтанды. Алайда оның инвесторларының қатарында осы аймақта жұмыс істейтін Tribe Capital, Soma Capital, Ridge Ventures және Sand Hill Angels бар. Bolt-тың бұрынғы қызметкерлерінің бірі алғашқы күндері команданың кейбір мүшелері көбірек комиссия алу үшін табыстары мен транзакция көлемін асырып айтқанын баяндап берді. Бреслоу мұны мойындайды: «Кейбір сатушылар мәліметтерді бұрмалады. Біз мұны бірден тоқтаттық, тексерілмеген есеп беру мүмкіндігін алып тастадық, аудиттеу комитетін құрдық. Біз акционерлеріміз бен потенциалды инвесторларымызға ешқашан жалған ақпарат берген емеспіз».

Шын мәнінде Бреслоу бұл индустриядағы көп адам ұстанған «табысты болып көрін, сонда саған да табыс келеді» дегенді насихаттайтын стратегия бойынша әрекет етеді. Бұл салада эпатаж мәлімдемелер, оғаш сенімдер, біртүрлі әдеттер мен жеке басқа табынушылық жиі кездеседі. Түптің түбінде осы сала ғана биохакинг, микродозалау, полиамория мен Burning Man фестивалін танымал ете алды. Саладағы көптеген әріптестерімен салыстырғанда Бреслоуды іс жүзіндегі аскет деуге болады.

Bolt-тағы операциялық міндеттер жаңа бас директордың мойнына жүктелген қазіргі уақытта Бреслоу ірі мәмілелерге ден қоя алады. Дереккөздің айтуы бойынша, қазір ол жаңа инвестицияларды тартуда, олар компанияны $14 млрд-қа бағалауға жол ашады. Сонымен бірге ол үздік бағдарламалаушыларды жалдап, бөспе мәлімдеме жасауды доғаратын түрі жоқ. «Егер сізге менің шындықты айтатыным жақпаса, не істеу керегін айтайын ба? Мен бұдан артық айта бастаймын, бәлкім, сізге маған инвестиция жасаудың да қажеті жоқ болар», – дейді ол.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
499 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить