Онлайн формат машақаты

Қашықтан оқыту білім сапасына кері әсер етуде

ФОТО: © Shutterstock

Биыл 1 қыркүйекте Қазақстан мектептері мен университет-колледждерінде 3,4 млн оқушы дәріс ала бастады, оның ішінде 2,6 млн бала қашықтан оқыту форматында. Еліміз бойынша 2825 мектеп штатты режимде жұмыс істеп жатыр: бұларда оқушылар саны 180 адамнан аспайды. Сонымен қатар, биыл ата-аналардың өтініші бойынша бастауыш сыныптарға (1–4) арналған «кезекші сыныптар» іске қосылды, оларда оқушылар саны 15-тен аспауы тиіс. Жалпылай алғанда, еліміз бойынша 514 бала «кезекші сыныптарда» білім алуда.

Бүгінде қашықтан оқыту Қазақстан ғана емес, әлем бойынша көптеген елдер қолданып отырған мәжбүрлі формат. Бұл әдіс негізінен білім саласы жақсы дамыған елдерде тиімді нәтиже беруде. Ал білім беру технологиялары кенжелеп жатқан елдерде онлайн форматта білім берудің өзіндік проблемалары жетіп асады. Қазақстанда, бұл тұрғыда, әсіресе, бастауыш және орта сынып оқушыларының атааналары барынша кейіс білдіруде.

«Қашықтан оқыту қиын да күрделі процесс. Бұл арада оқытушы мен оқушы арасында тікелей байланыс жоқ. Оның сыртында, мұндай әдіске оқушы да, педагог та бұрын-соңды арнайы әзірленіп, бейімделген емес. Оқытушы оффлайн форматта сабағын тәп-тәуір жүргізетін де шығар, бірақ ол өз жұмысын дәл солай онлайн негізде ұйымдастыра ала ма? Бұл үшін арнайы икем-қабілет керек. Оның сыртында оқушы бала да өз үйін, өз бөлмесін сабақ орны деп қабылдай бермейді. Өйткені бала мектепке келгенде: «сабақ басталды» деген сигнал алады, үзіліс қоңырауын естігенде: «сабақ бітті» деп қабылдайды. Ал үйде отырып ол дәл осылай бейімделе ала ма?» – деп сауалдайды СПбМУ Менеджмент жоғары мектебінің MBA және Executive МВА оқытушысы, психология ғылымдарының докторы Оксана Пикулева.

Әлбетте, қашықтан оқыту форматына тән түйінді мәселе тек оқытушы мен оқушы арасындағы байланыспен ғана шектелмейді. Негізгі мәселе оқытушы мен оқушының цифрлық технологияларды игеру деңгейі, қолдану мүмкіндігі дегенге келіп тіреледі. Биыл жаңа оқу жылы басталғанда елімізде қашықтан оқытуға арналған 8 білім платформасы іске қосылды. Олар онлайн режимде оқытумен қатар, дайын оқу материалдарын да ұсынып отыр. Атап айтсақ: Күнделік, WhatsApp, Google meet, Zoom, EDU (Zoom тәрізді), Сфера, bilimland.kz, daryn.online. Өкініштісі сол, бұл платформаларды қолдану барысында да өзіндік қиындықтар жоқ емес. Ата-аналардың айтуынша, кей платформалардың сапасы өте төмен, оқытушының дауысы естілмейтін кездер болады. Ал кей платформалардың қолдану тетіктері тым қиын: балалар бірден түсінбей, сабақ барысына ілесе алмай жатады. Содан да кей сыныптар бір емес, бірнеше платформа ауыстырып, оған қайта бейімделіп, уақыт кетіруге мәжбүр. Оның сыртында, жұмыста жүрген ата-ана үйде отырған баланың сабағын барынша бақылап, қадағалай да бермейді.

Оксана Пикулеваның айтуынша, бастауыш және орта сынып оқушылары үшін топтасып оқу дегеніміз әншейін бос сөз емес. «Баланың оқып, білім алу мотивациясы әдетте топ ішінде қалыптасады. Бұл бала психикасына тән ерекшелік, – дейді ол. – Топтық динамика деген түсінік бар, мұнда психологиялық ынталандыру факторлары ерекше тәсілмен жұмыс істейді. Айталық, балалар бір-бірімен жарысуы мүмкін немесе олар сыныптастарының алдында мейлінше ақылды, қызықты болып көрінгісі келеді. Содан да топ алдында, көпшілік алдында тырысып бағу деген ұмтылыс пайда болады».

Психолог ғалым, сондай-ақ оқу барысында қозғалыс, қимыл-әрекет, әлеуметтік белсенділік те өте маңызды деп ескертеді. Бір-бірімен қарым-қатынас жасай отырып, балалар өз бойындағы ақпаратты қабылдау, игеру тетіктерін күшейте түседі. Бұл фактор оқушы бала үшін ғана емес, ересектер үшін де маңызды, дейді психолог маман. «Тіпті, онлайн формат оқытушы үшін де, оқушы үшін де қатардағы жағдай деңгейіне жеткен күннің өзінде, ұдайы қашықтан оқыту әдісі бала психикасы үшін бәрібір ауыр тиеді», – дейді ол.

Оқытушының цифрлық икемі, оқушының функционалдық сауаты сынды базалық мүмкіндіктерді ескермей, қашықтан оқыту процесін ұзарта берудің еш қажеті жоқ. Қазақстандық ата-аналардың басым бөлігі осындай талап қоюда. Білім және ғылым министрлігі 1–5 сынып оқушыларын оффлайн форматқа көшіруге қарсы еместігін анық мәлім етті. Алайда соңғы сөз бәрібір санитарлық дәрігерлер мен жергілікті билік өкілдерінің еншісінде...

Карантиннен кейінгі ой

Анығын айтқанда, қашықтан оқытуға көшу барысында Қазақстан қоғамы бұрын-соңды тиісті деңгейде талқыға шығармаған, бірақ ел болашағы үшін аса маңызды тақырыпқа шындап көңіл бөлді деуге болады. Мәселе – орта және жоғары білімнің сапасы дегенге келіп тіреледі. Ілгері дамыған 30 елдің қатарына кіруді мақсат еткен Қазақстан үшін білім саласы әу бастан маңызды саналуы тиіс-тін. Өкінішке қарай, отандық білім деңгейі жыл өткен сайын төмен қарай құлдырап барады деп дабыл қағуда сарапшы мамандар.

Мектеп оқушыларының функционалдық сауатын тестілеу көрсеткіші болып табылатын PISA халықаралық тестілеу нәтижесі бойынша, 2018 жылы Қазақстан 78 елдің ішінде 69-шы орыннан ғана көріне алған. Бұл соңғы жылдар бойынша алғанда ең төмен көрсеткіш деуге тұратын меже (төмендегі кестеден қараңыз).

Тағы бір халықаралық рейтинг нәтижесіне көңіл бөлейік. Мысалға, The world’s largest ranking of countries and regions by English skills, яғни ағылшын тілін меңгеру деңгейі жөніндегі ең ауқымды рейтинг. Мұнда Қазақстан 100 елдің ішінде 93-ші орында тұр.

«15 жасқа толған қазақстандық оқушылардың шамамен 59%-ы оқығанын түсініп, талдау жасау дегенді білмейді. OECD шкаласы бойынша олар «функционалдық тұрғыда сауатсыз» деп танылады. Оқушылардың басым бөлігі математика және жаратылыстану ғылымдары бойынша алған білімдерінің ең аз бөлігін де қолдана алмайды. Өкініштісі сол, бүгінде Қазақстанда сауаттылық деңгейі бес және алты балл дейтіндей жоғары көрсеткішке ие оқушылар саны өте аз. Оқу бойынша жоғары көрсеткішке жеткен оқушылар саны 0,4%, математикадан – 0,6%, жаратылыстану ғылымдары бойынша – 0,2% шамасында. Ал, мысалға, Ресейде жоғары баллға ие оқушылар саны 3 және 4 процент аралығында. Дарынды оқушылар саны жетіспей жатқанда, елімізде әлемдік дәрежедегі жоғары оқу орнын ашып, білім және зерттеу сапаларына кепілдік  беру айтарлықтай қиындық туғызады», – делінген Білім министрлігінің 2018 жылы жария етілген есебінде. Ойланатын жағдай.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
1266 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Загрузка...
23 июля родились
Сержан Жумашов
основатель и мажоритарный владелец Capital Partners
Самые Интересные

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить